Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

41-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шынайы бақыттың сыры

Шынайы бақыттың сыры

“Ехобадан қорқатын, Оның жолдарымен жүретін адам бақытты” (ЗӘБ. 128:1).

110-ӘН Ехоба сыйлаған қуаныш

АҢДАТПА a

1. Неге “Құдайды танып-білу” бізді бақытты ете алады?

 ШЫНАЙЫ бақыт — келіп-кетер бір сәттік шаттық сезімі емес. Ол адамның бүкіл ғұмыр бойына созылады. Осындай бақыт жайлы Иса Таудағы уағызында: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты”,— деген (Мат. 5:3). Иса біздің Жаратушымыз — Ехоба Құдайды танып-білуге және оған ғибадат етуге деген күшті қалаумен жаратылғанымызды жақсы білген. Ал Ехоба “бақытты Құдай” болғандықтан, оған ғибадат ететіндер де бақытты бола алады (Тім. 1-х. 1:11).

“Әділдік үшін қудаланып жүргендер бақытты” (Мат. 5:10) (2, 3-абзацтарды қараңыз) d

2, 3. а) Иса тағы қандай адам бақытты бола алатындығын айтқан? ә) Осы мақалада не қарастырамыз және бұл неліктен маңызды?

2 Қалай ойлайсыз, көйлегі көк, уайымы жоқ адамдар ғана бақытты бола ала ма? Жоқ. Иса Таудағы уағызында бір таңғалдырарлық сөздерді айтты. “Қайғырғандар бақытты”,— деді ол. Демек, күнәнің салдарынан опық жеп жүрген не өмірдің тауқыметін тартқан адамдар да бақытты бола алады. Иса “әділдік үшін қудаланып жүргендер” мен шәкірті болғандары үшін “қорлық” көргендер де бақытты екенін айтқан (Мат. 5:4, 10, 11). Мұндай қиын жағдайларда шынайы бақытты болу мүмкін бе?

3 Иса шынайы бақыт уайым-қайғысыз, жайбарақат өмірден емес, Құдайды танып-біліп, оған жақындаудан келетінін түсіндірген (Жақ. 4:8). Ендеше, Құдайды танып-біліп, оған жақындауға көмектесетін үш қадамды қарастырайық.

РУХАНИ АС-СУДАН НӘР АЛЫҢЫЗ

4. Шын бақытқа жетелейтін алғашқы қадам қандай? (Зәбүр 1:1—3)

4 1-ҚАДАМ: рухани ас-судан нәр алыңыз. Кәдімгі тамақ адамдарға да, жануарларға да қажет. Бірақ адамдарға рухани тамақ та қажет. Сондықтан да Иса: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деген (Мат. 4:4). Ендеше, Құдайдың асыл Сөзі Киелі кітаптан нәр алмай, бірде-бір күніміз өтпесін. Зәбүр жыршысы: “Ехобаның заңынан қуаныш табатын, Оның заңын күні-түні күбірлеп оқитын адам неткен бақытты!”— деп бекер айтпаған (Зәбүр 1:1—3 оқыңыз).

5, 6. а) Біз Киелі кітаптан не туралы білдік? ә) Киелі кітап бізге қалай көмектесе алады?

5 Ехоба бізді сүйгендіктен, өзінің Сөзінде бақытты өмір сүрудің жолын көрсеткен. Біз Киелі кітаптан Құдай бізді не үшін жаратқанын білдік, онымен қалай дос бола алатынымызды және кешіріміне қалай ие болатынымызды түсіндік. Сондай-ақ жарқын болашаққа деген үмітіміз пайда болды (Ерм. 29:11). Көзімізді ашып жатқан осы бағалы шындықтар жүрегімізді шаттыққа толтырады!

6 Киелі кітапты күнделікті өмірге қажетті ақыл-кеңестердің кені десек те болады. Сол кеңестерге құлақ ассақ, бақыт табатынымыз сөзсіз. Әсіресе, өмірдің түрлі тауқыметін тартқан кезде Ехобаның Сөзін оқып, ой жүгіртуге көбірек уақыт бөліңіз. Өйткені Иса: “Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— деген (Лұқа 11:28).

7. Құдай Сөзін оқудың бар пайдасын көруге не көмектеседі?

7 Құдай Сөзін оқығанда асықпаңыз. Оны жанға азық болатындай етіп, рақат алып оқыңыз. Мысалға, сүйікті тамағыңызды алайықшы. Сіз оны бір жаққа асығып тұрғанда не ойыңыз мүлдем басқа жақта жүргенде, асап-асап жеген кезіңіз болған ба? Сол кезде тамақтың дәмін сезбей, не жеп, не қойғаныңызды білмей қалдыңыз, солай емес пе?! Сосын: “Неге оның әрбір қасығын асықпай шайнап, дәмінен ләззат алып жемедім екен?”— деп өкініп қалған боларсыз. Сол сияқты Киелі кітапты да жылдам көз жүгіртіп оқып, онда айтылғандарды ой елегінен өткізбеген кезіңіз болған ба? Ендеше, Құдай Сөзін сүйіп оқуды қаласаңыз, еш асықпаңыз. Оқып жатқандарыңызға жан бітіріп, оқиғаның ішіне сүңгіп кетіңіз, дыбыстарына дейін елестетуге тырысыңыз. Арасында кідіріп, оқығандарыңыз жайлы ой жүгіртіп отырыңыз. Бұл әрекеттердің бәрі бақытыңызды еселейтін болады.

8. “Адал да ақылды құл” өз рөлін қалай атқарып жүр? (Сілтемені де қараңыз.)

8 Иса “адал да ақылды құлды” біздің рухани ас-суымызды уақытылы беріп тұруға тағайындаған b (Мат. 24:45). Олар осы міндеттерін жақсы атқарып, алдымызға мол рухани дастарқан жаяды (Сал. 1-х. 2:13). Бұл дастарқандағы әрбір астың негізгі құрамы Киелі Жазбалар болып табылады. Соның арқасында біз Ехоба Құдайдың Киелі кітапта ашылған ой қалпын тани аламыз. Осы себептен де біз “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын және jw.org сайтындағы мақалаларды оқимыз, апта сайынғы қауым кездесулеріне дайындаламыз және қолжетімді болса, ай сайын шығатын JW Broadcasting® бағдарламасын көреміз. Осындай бай дастарқаннан тамақтанып жүргеннің арқасында біз шынайы бақытқа жетелейтін екінші қадамды жасай аламыз. Қазір сол туралы көбірек білейік.

ЕХОБАНЫҢ ТАЛАПТАРЫМЕН ӨМІР СҮРІҢІЗ

9. Шынайы бақытқа жетелейтін екінші қадам қандай?

9 2-ҚАДАМ: Ехобаның талаптарымен өмір сүріңіз. Зәбүр жыршысы: “Ехобадан қорқатын, Оның жолдарымен жүретін адам бақытты”,— деген (Зәб. 128:1). Ехобадан қорқу деген — оны қатты сыйлап, құрметтегендіктен, ол ұнатпайтын істердің бәрінен аулақ болуды білдіреді (Нақ. с. 16:6). Сондықтан да біз Құдайдың Киелі кітап беттерінде айтылған жақсы мен жаманға қатысты талаптарына сай болуға барынша ұмтыла береміз (Қор. 2-х. 7:1). Ехоба жақсы көретінге асық болып, ал жек көретіннен қашық болсақ, тек бақыт табарымыз сөзсіз (Зәб. 37:27; 97:10; Рим. 12:9).

10. Римдіктерге 12:2-ге сай, Ехобаның талаптарын білумен қатар не істеуіміз керек?

10 Римдіктерге 12:2 оқыңыз. Адам Ехобаның біз үшін не жақсы, не жаман екенін шешуге құқылы екенін білуі мүмкін, бірақ мойындамауы мүмкін. Мысалы, жүргізуші үкіметтің жолдағы жылдамдыққа шектеу қоюға құқылы екенін білетін шығар. Бірақ ол бұл ережелерді мойындамағандықтан, өзі қалаған жылдамдыққа басып айдауы мүмкін. Алайда біз Ехобаның талаптарымен өмір сүруден асқан жақсы шешім жоқ екеніне сенімдіміз әрі мұны жүріс-тұрысымызбен де көрсетеміз (Нақ. с. 12:28). Кезінде Дәуіт патшаның да осыған көзі жеткендіктен, ол Ехобаға былай деген: “Сен маған өмір жолын білдірдің, Алдыңда зор қуанышқа кенелттің. Оң жағыңда болу мәңгілік бақытқа бөлейді” (Зәб. 16:11).

11, 12. а) Уайым меңдеп, көңіліміз түскенде неден абай болғанымыз жөн? ә) Ойын-сауықтың дұрыс түрін таңдауға Філіпіліктерге 4:8 қалай көмектеседі?

11 Уайым меңдеп, көңіліміз түскенде, басқа нәрсеге алаңдап, қиындығымызды ұмытқымыз келетін кездер болатын шығар. Бұл түсінікті жайт. Алайда абай болмасақ, Ехоба жек көретін нәрсеге шырмалып, от басып қалуымыз мүмкін (Ефес. 5:10—12, 15—17).

12 Філіпіліктерге жазған хатында елші Пауыл мәсіхшілерді “әділ де таза, сүйіспеншілік оятатын” және “игі нәрселер жөнінде үнемі ойлануға” шақырған (Філіпіліктерге 4:8 оқыңыз). Пауыл мұнда нақты ойын-сауық тақырыбында айтып тұрмағанымен, оның сөздері қалай көңіл көтеретінімізге әсер етуі керек. Бұл үшін, тармақты оқығанда “нәрселер” деген сөздің орнына “әндер”, “фильмдер”, “романдар” не “видео ойындар” деген сөздерді қойып оқып көріңіз. Сонда Құдайға қайсысы ұнамды, қайсысы ұнамсыз екенін бірден анықтай аласыз. Өйткені біз жүріс-тұрысымыздың Ехобаның асқақ талаптарына сай болғанын қалаймыз (Зәб. 119:1—3). Сонда шынайы бақытқа жетелейтін келесі қадамды таза ар-ұжданмен жасай аламыз (Ел. іс. 23:1).

ҒИБАДАТ ӨМІРІҢІЗДІҢ ТӨРІНДЕ ТҰРСЫН

13. Шынайы бақытқа жетелейтін үшінші қадам қандай? (Жохан 4:23, 24)

13 3-ҚАДАМ: Ехобаға деген ғибадат өміріңіздің төрінде тұрсын. Ехоба Жаратушымыз болғандықтан, ғибадатымызға әбден лайық (Аян 4:11; 14:6, 7). Сондықтан біз үшін өмірде ең басты нәрсе — Ехобаға ұнамды жолмен, яғни “киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат ету” болуы керек (Жохан 4:23, 24 оқыңыз). Ғибадатымыз Киелі кітаптағы шындықтарға сай болу үшін, бізді Құдайдың киелі рухы бағыттағанын қалаймыз. Тіпті ісімізге тыйым салынған не шектеу қойылған жерде де ғибадатымыз өміріміздің төрінде тұруы керек. Бүгінде Ехоба куәгері болғаны үшін түрмеде отырған 100-ден астам бауырлас бар c. Осыған қарамастан олардың жүректері қуанышқа толы. Өйткені олар дұға ету үшін, зерттеу үшін және басқаларға Құдай мен оның Патшалығы туралы айту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жүр. Расында да, біз қорлық көрсек те, қудалансақ та бақытты бола аламыз, өйткені Ехоба қасымызда болатынын және адалдығымыз үшін сый беретінін білеміз (Жақ. 1:12; Пет. 1-х. 4:14).

ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН

14. Тәжікстандағы жас ер бауырласпен қандай жағдай болды және неліктен?

14 Айтылып кеткен үш қадамды жасасақ, жағдайымыз қандай болса да шын бақытты бола алатынымызды көрсететін оқиғалар бар. Солардың бірі — Тәжікстанда тұратын 19 жасар Джовидон Бободжонов бауырласпен болған жағдай. Әскерге барудан бас тартқаны үшін оны 2019 жылдың 4 қазанында үйінен күштеп әкетіп, бірнеше ай бойы қамауда ұстайды, оған тура бір қылмыскерге қарағандай қарайды. Бұл әділетсіздік басқа елдердің де назарына ілігеді. Джовидонға әскери ант беруге және әскери киім киюге күш көрсетіліп, соққының астына да алынған екен. Кейін сот оны айыпты деп тауып, түрмеге жабады. Ақырында ол президенттің кешірімімен бостандыққа шығады. Осы сынақтың басынан аяғына дейін Джовидон мінсіздігінен де, бақытынан да айырылмады. Қалай дейсіз бе? Ол ешқашан рухани мұқтаждығын елеусіз қалдырған емес.

Джовидон рухани астан нәр алды, Құдайдың талаптарымен өмір сүрді және ғибадатын өмірінің төрінде ұстады (15—17 абзацтарды қараңыз)

15. Түрмеде отырғанда Джовидон қалай рухани астан қол үзбеді?

15 Түрмеде отырғанда Джовидонның Киелі кітабы мен бірде-бір әдебиеті болмаса да, ол рухани астан қол үзбеді. Қалайша? Жергілікті бауырластар азық-түлік алып келген пакетке күнделікті тармақты жазып отырды. Осының арқасында Джовидон Киелі кітапты күнде оқып, үстінен ой жүгірте алды. Түрмеден шыққаннан кейін ол әлі ешқандай ауыр сынаққа кезікпеген бауырластарға былай деп кеңес берді: “Қазіргі бостандығыңның әрбір сәтін құр жіберме. Яғни Ехобаның Сөзін, оның әдебиеттерін оқып, рухани біліміңді барынша тереңдете бер”.

16. Джовидон бауырлас не нәрсеге назар аударды?

16 Джовидон Ехобаның талаптарымен өмір сүрді. Ол жаман ойларға беріліп, жаман іске ұрынбады. Қайта, Ехобаға және оған бағалы нәрселерге назар аударды. Ол Құдайдың жаратылыстарының сұлулығын тамашалағанды жақсы көрді. Күнде таңертең құстардың шықылықтаған даусымен оянып, ал түнде ай мен жымыңдаған жұлдыздарға тамсана қарады. “Ехобаның осы сыйлары мені бақытқа бөлеп, күш беретін”,— дейді Джовидон. Ехобаның осындай әрі рухани да сыйларын Джовидон сияқты ризашылықпен қабыл алсақ, жүрегімізде қуаныш болады. Бұл қуаныш бізге сынақта төзімділік береді.

17. Джовидондікіндей жағдайға тап болғанда төзімділік танытсақ, қандай жемісін көреміз? (Петірдің 1-хаты 1:6, 7)

17 Джовидон Ехобаға деген ғибадатын бірінші орынға қойды. Ол мінсіздік сақтаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Өйткені Иса: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет!”— деген (Лұқа 4:8). Офицерлер мен сарбаздар Джовидонды дінінен бас тартқызуға тырысып-бақты. Бірақ ол күндіз-түні Ехобаға жалбарынып, “қысымға беріліп қалмайыншы, сенімімді сақтап қалайыншы” деп дұға етумен болды. Қанша әділетсіздік көрсетсе де, Джовидон оларға көнбей, сенімін сақтап қалды. Джовидон үйден күштеп әкетіліп, соққыға жығылып, түрмеде отырғанына өкіне ме? Жоқ. Өйткені қазір ол бұрын-соңды болмаған нәрсеге — мықты да сыналған сенімге ие. Бұл сенім оны орасан зор қуанышқа бөлейді (Петірдің 1-хаты 1:6, 7 оқыңыз).

18. Бақытты болып қалуға не көмектеседі?

18 Бақытты болуымыздың сырын Ехобадан артық ешкім білмейді. Осы мақалада талқыланған шын бақытқа жеткізетін үш қадамды жасасақ, небір ауыр жағдайлардың өзінде де бақытты бола аламыз. Сонда біз де: “Қай халықтың Құдайы Ехоба болса, сол халық бақытты!”— дейтін боламыз (Зәб. 144:15).

89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел

a Бүгінде көп адам ләззат-ермекке батсам, шалқып өмір сүрсем, атақты болсам, қолымда билік болса, бақытты боламын деп ойлайды. Бірақ шыны керек, олар өздерін бақытты сезінбейді. Ал Иса бізге шын бақыттың сырын ашқан. Осы мақалада біз бақытқа жетудің үш жолына тоқталамыз.

b 2014 жыл, 15 тамыздағы “Күзет мұнарасының” “Сен уақтылы берілетін ас-суды қабылдап жүрсің бе?” деген мақаласын қараңыз.

c Толығырақ білу үшін орыс тіліндегі jw.org сайтынан “В тюрьме за веру” деп іздеңіз.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бұл қойылымда сенімдері бір Куәгерлер тұтқындалған әрі сотқа апарыла жатқан ер бауырласты қолдап-қолпаштап тұр.