Оқырман сауалдары
Исраилдіктер шөл далада манна мен бөденеден басқа ештеңе жемеген бе?
Шөл даланы қырық жыл бойы кезіп жүргенде исраилдіктердің негізгі тамағы манна болды (Мұс. 2-ж. 16:35). Сондай-ақ екі рет олар Ехоба жіберген бөдененің етін жеді (Мұс. 2-ж. 16:12, 13; Мұс. 4-ж. 11:31). Дегенмен олар шөл далада азық еткен басқа да нәрселер болды.
Мысалы, кейде Ехоба оларды “тынығатын жерлерге” жетелеген. Ондай жерлерде азық болатын өсімдіктер мен су болған (Мұс. 4-ж. 10:33). Солардың бірі — шөлдегі Елим деген жасыл алқап. Онда “12 бұлақ пен 70 құрма пальмасы” болған (Мұс. 2-ж. 15:27). “Киелі кітапта аталған өсімдіктер” деген кітапта айтылғандай, “құрма пальмасы өте көп жерлерде өседі, әрі ол — шөл даладағы негізгі азықтың көзі. Миллиондаған адам оның жемісін азық қылып, майын пайдасына жаратып, саясын паналайды” (“Plants of the Bible”).
Исраилдіктер қазір Фаран оазисі деп аталатын үлкен жасыл алқапқа да аялдаған болуы мүмкін. Бұл оазис үлкен Фаран аңғарына кіреді. Киелі кітапта аталған жерлер туралы бір еңбекте “130 шақырымға созылған бұл өзен аңғарының Синай түбегіндегі ең ұзын, ең танымал әрі ең сұлу аңғар” екені айтылған. “Ал бұл аңғардың суға құятын жерінен 45 шақырымдай жерде Фаран оазисі орналасқан. Көздің жауын алатын, пальмасы бітік өскен бұл оазистің ұзындығы 4,8 шақырым әрі теңіз деңгейінен 610 метрдей жоғарыда орналасқан. Ол Синай түбегіндегі “Едем бағы” аталып кеткен. Осындағы мыңдаған құрма пальмасы үшін адамдар ежелден бері осы оазиске ағылып келеді” (“Discovering the World of the Bible”).
Мысырдан шыққан сәтте исраилдіктер өздерімен қамыр және оны илейтін ыдыстарын алып шыққан. Сонымен қатар біраз дәнді дақыл мен май алып алған болса керек. Бірақ бұл тамақ ұзаққа жеткен жоқ, әрине. Олардың “ірілі-ұсақты малы да қыруар көп еді” (Мұс. 2-ж. 12:34—39). Бірақ шөл даладағы қолайсыз ауа райынан олардың көбісі қырылып қалған тәрізді. Біраз малды исраилдіктер өздеріне азық қылса, кейбірін құрбандыққа, тіпті жалған құдайларға шалып жіберді a (Ел. іс. 7:39—43). Сонда да исраилдіктердің азды-көпті малы қалған. Өйткені мойынсұнбай, сенімнен жұрдай екенін көрсеткенде Ехоба оларға: “Ұлдарың 40 жыл бойы малды шөл далада бағады”,— деген (Мұс. 4-ж. 14:33). Демек, олар малының сүтін ішіп, арасында етін жеген болуы мүмкін. Бірақ бұл тамақ 40 жыл бойы 3 миллионға жуық адамға жетпегені даусыз b.
Ал олардың малы қайдан шөп жеп, қайдан су ішкен c? Ол кезде шөл далада жауын көбірек жауғандықтан, көк шүйгін де мол болған. “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясында айтылғандай, исраилдіктер сол өңірде жүрген уақытта “жауын-шашын қазірге қарағанда мол түсетін. Өйткені бұл жақтағы қазір құрғап жатқан терең аңғарларға қарағанда, бір кездері мұнда өте көп жауын жауып, өзендер аққан”. Бірақ шөлдің аты шөл болғандықтан, жалпы, ол өңір негізінен қуаң әрі қорқынышты болған (Мұс. 5-ж. 8:14—16). Сондықтан Ехоба ғажайып түрде су бермегенде, исраилдіктердің өздері де, малы да қырылып қалар еді (Мұс. 2-ж. 15:22—25; 17:1—6; Мұс. 4-ж. 20:2, 11).
Мұса исраилдіктерге Ехоба оларды неліктен маннамен тамақтандырғанын айтып: “Адам тек нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүретінін білулерің үшін”,— деді (Мұс. 5-ж. 8:3).
a Исраилдіктердің шөл далада Ехобаға мал құрбандығын ұсынғаны жайлы Киелі кітапта екі оқиға бар: діни қызмет енгізілгенде және Құтқарылу мейрамында. Екеуі де б.з.б. 1512 жылы, яғни исраилдіктердің Мысырдан шыққанынан бір жылдай өткенде болды (Мұс. 3-ж. 8:14—9:24; Мұс. 4-ж. 9:1—5).
b Шөл далада өткен 40 жылдың соңына таман исраилдіктер соғыстан өте көп мыңдаған малды олжа етті (Мұс. 4-ж. 31:32—34). Бірақ сонда да олар Уәде етілген жерге кіргенше манна жеп жүрді (Ешуа 5:10—12).
c Жануарлар маннаны жемегенге ұқсайды. Себебі Ехоба маннаны “әрбір адам қанша жей алса, сонша жинап алсын” деп бұйырған, ал мал туралы айтпаған (Мұс. 2-ж. 16:15, 16).