Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

45-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Рухани ғибадатханада құлшылық ету мәртебесін бағалайық

Рухани ғибадатханада құлшылық ету мәртебесін бағалайық

“Көк пен жерді. . . жаратқан Құдайға ғибадат етіңдер!” (АЯН 14:7).

93-ӘН Кездесуімізге батаңды бере көр

АҢДАТПА a

1. Періште не деп шақырып жатыр және оның сөздері бізге қалай әсер ету керек?

 ЕГЕР сізге періште келіп бір нәрсе айтып жатса, оны мұқият тыңдар едіңіз, солай емес пе? Бүгінде бір періштенің “әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа” айтар хабары бар. Ол: “Құдайдан қорқып, оны дәріптеңдер,.. көк пен жерді жаратқан Құдайға ғибадат етіңдер!”— деп жатыр (Аян 14: 6, 7). Демек, әрбір адам жалғыз шынайы Құдай Ехобаға ғана ғибадат етуі керек. Ехоба бізге өзінің ұлы ғибадатханасында құлшылық етуімізге мүмкіндік беріп отыр. Осындай мәртебелі сыйға біз шексіз ризамыз!

2. Ехобаның рухани ғибадатханасы дегеніміз не? (“ Нені білдірмейді?” деген қоршауды да қараңыз.)

2 Рухани ғибадатхана дегеніміз не және ол туралы қайдан көбірек мағлұмат ала аламыз? Ол — кәдімгі ғимарат емес. Рухани ғибадатхана дегеніміз — Ехобаның оған ұнамды ғибадат етуіміз үшін жасаған шарасы. Бұл шара Исаның төлем құрбандығына негізделген. Елші Пауыл осы шара жайында І ғасырдағы Яһудеядағы еврей мәсіхшілерге егжей-тегжейлі жазып кеткен b.

3, 4. Пауыл Яһудеядағы еврей мәсіхшілерді не үшін уайымдады және оларға қалай көмектесті?

3 Жалпы, Пауыл Яһудеядағы еврей мәсіхшілерге не себепті хат жазды? Бұған екі себеп болуы мүмкін. Біріншіден, Пауыл олардың жігерін қайрағысы келді. Олардың көбі туылғаннан иудаизмді ұстанған. Ал енді, мәсіхші болғандары үшін бұрынғы діни жетекшілері оларды келеке-мазақ еткен шығар. Өйткені мәсіхшілердің Құдайға құлшылық ететін зәулім ғибадатханасы, құрбандық шалатын ошағы, діни қызметкерлері де болған жоқ. Осы үшін кейбір мәсіхшілердің еңселері түсіп, тіпті сенімдері әлсіреп кетуі мүмкін еді (Евр. 2:1; 3:12, 14). Өздерінің бастапқы дініне оралғысы келгендер де болған шығар.

4 Екіншіден, Пауыл еврей мәсіхшілердің “қатты тағамды”, яғни жаңа және терең шындықтарды түсінуге күш салмай жүргендерін ескертті (Евр. 5:11—14). Араларындағы кейбірі әлі күнге дейін Мұса Заңынан ажырай алмай жүрген көрінеді. Бірақ Пауыл оларға бұл Заңның күші жойылғанын айтты, өйткені Заң бойынша ұсынатын құрбандықтар оларды күнәларынан толық тазарта алмайтын. Әрі қарай Пауыл оларға терең шындықтардың кейбірін түсіндіріп кетті. Мәсіхтің құрбандығының арқасында енді оларда “әлдеқайда жақсы үміт” бар екенін, сол үміттің арқасында “Құдайға жақындай” алатындарын еске салды (Евр. 7:18, 19).

5. Еврейлерге жазылған хаттан біз нені түсініп алуымыз керек және неге?

5 Пауыл еврей бауырластарға мәсіхшілердің ғибадаты бұрынғы ғибадаттан әлдеқайда асып түсетінін түсіндірді. Яһудилердің бұрынғы ғибадат ету тәртібі “келуі керек нәрселердің көлеңкесі еді. Ал көлеңкені түсіріп тұрған дене — Мәсіх” (Қол. 2:17). Көлеңкеден біз дененің жалпы сұлбасын ғана көре аламыз. Сол сияқты яһудилердің ғибадаты болашақта болатын нағыз ғибадаттың көлеңкесі ғана болған. Ехоба жасаған осы шараның, яғни рухани ғибадатхананың арқасында күнәларымыз кешіріліп, Құдайға ұнамды ғибадат ете аламыз. Сондықтан оны жақсылап түсініп алуымыз керек. Ендеше, Еврейлерге жазылған хатты қарастыра отырып, “көлеңкені” (яһудилердің бұрынғы ғибадатын), оны түсіріп тұрған “денемен” (мәсіхшілердің ғибадатымен) салыстырайық. Сонда рухани ғибадатхананың қыр-сырын және оның бізге қандай қатысы бар екенін толығырақ түсінеміз.

КИЕЛІ ШАТЫР

6. Исраилдіктер киелі шатырды не үшін қолданды?

6 Яһудилердің ғибадаты. Пауыл рухани ғибадатхана жайлы айтқанда, б.з.б. 1512 жылы Мұса тұрғызған киелі шатырды тілге тиек етті (“Яһудилердің ғибадаты, мәсіхшілердің ғибадаты” деген кестені қараңыз). Исраилдіктер киелі шатырды көшіп-қонып жүргенде өздерімен алып жүретін. Олар оны 500 жылдай Иерусалимде үлкен ғибадатхана тұрғызылғанға дейін пайдаланды (Мұс. 2-ж. 25:8, 9; Мұс. 4-ж. 9:22). “Кездесу шатыры” деп те аталатын бұл жерге халық келіп, Ехобаға ғибадат ететін және құрбандықтар ұсынатын. Мұнымен қоса, киелі шатыр мәсіхшілер заманында пайда болған одан да зор нәрсенің бейнесі болған.

7. Рухани ғибадатхана қашан пайда болды?

7 Мәсіхшілердің ғибадаты. Ежелгі киелі шатыр “көктегінің көлеңкесі” болған. Пауыл “бұл шатыр — қазір болып жатқан жайттардың”, яғни Ехобаның ұлы ғибадатханасының бейнесі екенін айтқан (Евр. 8:5; 9:9). Демек, Пауыл осы сөздерді айтқан кезде осы рухани ғибадатхана пайда болып қойған. Дәлірек айтқанда, ол б.з. 29 жылы Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, киелі рухпен майланғанда пайда болды. Сол кезде Иса рухани ғибадатханада “ұлы бас діни қызметкер” ретінде қызметін бастады c (Евр. 4:14; Ел. іс. 10:37, 38).

БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕР

8, 9. Еврейлерге 7:23—27 тармақтарға сай, ұлы Бас діни қызметкер Иса Мәсіхтің қандай үлкен айырмашылығы бар?

8 Яһудилердің ғибадаты. Бас діни қызметкер Құдай алдында халықтың өкілі болған. Ең алғашқы бас діни қызметкер Харонды Ехобаның өзі киелі шатыр бағышталған кезде тағайындады. Алайда Пауыл айтқандай, көп адам “бірінің орнына бірі діни қызметкер болды, себебі өлім оларға қызметін жалғастыруға жол бермеді” d (Еврейлерге 7:23—27 оқыңыз). Сондай-ақ бас діни қызметкерлер кемелсіз болғандықтан, өз күнәлары үшін де құрбандық ұсынулары керек еді. Осы жағынан ұлы Бас діни қызметкер Иса Мәсіх ежелгі Исраилдің бас діни қызметкерлеріне мүлдем ұқсамайды.

9 Мәсіхшілердің ғибадаты. Біздің Бас діни қызметкеріміз Иса Мәсіх “адам баласы емес, Ехоба тұрғызған шынайы шатырда” қызмет етеді (Евр. 8:1, 2). Иса “мәңгі өмір сүретіндіктен”, Пауыл оның “діни қызметкер ретіндегі қызметі ешкімге өтпейтінін” айтқан. Сондай-ақ ол Исаның “кіршіксіз екенін, күнәкарларға ұқсамайтынын” әрі оған Исраилдің бас діни қызметкерлері сияқты алдымен “өз күнәлары үшін құрбандық шалудың қажеті жоқ” екенін айтты. Ал қазір яһудилердің ғибадаты мен мәсіхшілердің ғибадатындағы құрбандық ошағы мен құрбандықтарды салыстырайық.

ҚҰРБАНДЫҚ ОШАҒЫ МЕН ҚҰРБАНДЫҚТАР

10. Мыс құрбандық ошағында шалынатын құрбандықтар нені көрсеткен?

10 Яһудилердің ғибадаты. Киелі шатырдың алдыңғы жағында мыспен қапталған құрбандық ошағы тұрған. Ол жерде Ехобаға малдарды құрбандыққа шалатын (Мұс. 2-ж. 27:1, 2; 40:29). Бірақ бұл құрбандықтар арқылы халықтың күнәлары толық кешіріліп, тазармайтын (Евр. 10:1—4). Киелі шатырда қайта-қайта шалына беретін мал құрбандықтары болашақта адамзаттың күнәсін толық өтейтін бір құрбандық шалынатынын көрсеткен.

11. Иса өзін қандай құрбандық ошағында құрбан етті? (Еврейлерге 10:5—7, 10)

11 Мәсіхшілердің ғибадаты. Иса Ехоба оны жерге адамзат үшін жанын қиып, төлем құрбандығын ұсынуға жібергенін жақсы білді (Мат. 20:28). Сөйтіп, шомылдыру рәсімінен өткенде, ол Ехобаның қалауын орындауға дайын екенін көрсетті (Жох. 6:38; Ғал. 1:4). Иса өзін құрбандыққа ұсынған ошақ тікелей мағынадағы ошақты емес, Құдайдың “еркін” білдірген. Ал Құдайдың “еркі” Ұлының кемелді өмірін адамзат үшін құрбан етуі еді. Иса өзіне сенетін адамдардың күнәларын “біржола” өтеу үшін өмірін қиды (Еврейлерге 10:5—7, 10 оқыңыз). Енді, киелі шатырдың үстіндегі нәрселердің мән-мағынасына үңілейік.

ҚАСИЕТТІ ЖӘНЕ ЕҢ ҚАСИЕТТІ БӨЛМЕ

12. Киелі шатырдың екі бөлмесіне кімдер кіре алған?

12 Яһудилердің ғибадаты. Киелі шатырдың да, кейіннен Иерусалимде тұрғызылған ғибадатхананың да ішкі жобасы бірдей болған. Олардың ішінде екі бөлме — “Қасиетті бөлме” мен “Ең қасиетті бөлме” — болған. Олардың арасын кестеленген перде бөліп тұрған (Евр. 9:2—5; Мұс. 2-ж. 26:31—33). Қасиетті бөлменің ішінде алтын шамдал, хош иісті зат түтететін құрбандық үстелі және нан тартуы тұратын үстел болған. Қасиетті бөлмеге тек “діни қызметке тағайындалғандар” ғана кіріп, міндеттерін атқаратын (Мұс. 4-ж. 3:3, 7, 10). Ал Ең қасиетті бөлменің ішінде Ехобаның сол жерде екенін бейнелейтін алтын келісім сандығы тұрған (Мұс. 2-ж. 25:21, 22). Шымылдықтың ар жағындағы сол бөлмеге жылына бір рет Күнәні өтейтін күні бас діни қызметкер ғана кіре алатын (Мұс. 3-ж. 16:2, 17). Ол өзінің және бүкіл халықтың күнәсін өтеу үшін жыл сайын сол бөлмеге малдың қанын алып кіретін. Уақыт өте Ехоба киелі рухы арқылы киелі шатырдың осы бөліктері нені бейнелейтінін ашты e (Евр. 9:6—8).

13. Қасиетті бөлме мен Ең қасиетті бөлме нені бейнелейді?

13 Мәсіхшілердің ғибадаты. Исаның шәкірттерінің 144 000-ы киелі рухпен майланған. Олар Ехобамен ерекше қарым-қатынасқа ие. Көкте олар Исамен бірге діни қызметкер болып қызмет етеді (Аян 1:6; 14:1). Жерде болғанда оларды Ехоба киелі рухымен майлап, өзінің балалары етеді (Рим. 8:15—17). Қасиетті бөлме олардың Ехобамен осы ерекше қарым-қатынастарын білдіреді. Ең қасиетті бөлме болса, Ехоба мекендейтін көкті бейнелейді. Қасиетті бөлме мен Ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған “шымылдық” Исаның жердегі тәнін білдіреді. Өйткені тәні оған көктегі рухани ғибадатханаға ұлы бас діни қызметкер ретінде кіруге кедергі жасады. Ол осы денесін бүкіл адамзат үшін құрбан еткенде, барлық майланған мәсіхшілер үшін көктегі өмірге жол ашылды. Көктегі сыйларын алу үшін, майланғандар да жердегі тәндерімен қош айтысулары керек (Евр. 10:19, 20; Қор. 1-х. 15:50). Иса қайта тірілгеннен кейін рухани ғибадатхананың Ең қасиетті бөлмесіне кірді. Түбінде барлық майланған мәсіхшілер оның қасына жиналады.

14. Еврейлерге 9:12, 24—26 тармақтарда айтылғандай, қазіргі ғибадат ету шарасы бұрынғысынан несімен үстем?

14 Исаның төлем құрбандығын және діни қызметін негізге ала отырып, Ехобаның таза ғибадат үшін жасаған шарасы бәрінен де үстем екенін көрдік. Исраилдің бас діни қызметкері адам қолымен жасалған Ең қасиетті бөлмеге малдың қанын алып кірген. Ал Иса “көктің өзіне”, бәрінен де қасиетті жерге кіріп, Ехобаның алдында тұрған. Ол өзінің “құрбандығы арқылы күнәні жоқ қылу үшін” кемелді адам ретіндегі өмірінің құнын Құдайға ұсынды (Еврейлерге 9:12, 24—26 оқыңыз). Исаның құрбандығы бізді күнәларымыздан толықтай әрі мәңгілікке тазарта алады. Ендігі білеріміз — көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік, барлығымыз да Ехобаның рухани ғибадатханасында құлшылық ете аламыз.

АУЛАЛАР

15. Киелі шатырдың ауласында кімдер қызмет еткен?

15 Яһудилердің ғибадаты. Киелі шатырдың ауласы қоршалған, ашық жер болған. Ол жерде діни қызметкерлер өз міндеттерін атқарған. Сондай-ақ онда түгел өртелетін құрбандықтарға арналған үлкен мыс ошақ пен суы бар үлкен мыс қазан тұрған. Сол мыс қазандағы суға діни қызметкерлер қасиетті қызметтеріне кіріспес бұрын жуынған (Мұс. 2-ж. 30:17—20; 40:6—8). Кейін соғылған ғибадатхананың сыртқы ауласы да болды. Ол жерде діни қызмет атқармайтын басқа адамдар Құдайға ғибадат ете алатын.

16. Рухани ғибадатхананың ішкі және сыртқы ауласында кімдер қызмет етеді?

16 Мәсіхшілердің ғибадаты. Көкке барып, Исаның қасында діни қызметкер болмас бұрын, жердегі майланған мәсіхшілер рухани ғибадатхананың ішкі ауласында адал қызмет етеді. Киелі шатырдағы су құйылған үлкен мыс қазан болса, оларға да, барлық мәсіхшілерге де рухани және моральдық тазалық сақтаудың маңыздылығын еске салады. Ал Мәсіхтің майланған бауырларын адал қолдап жүрген “ұлы жамағат” қайда қызмет етеді? Елші Жохан олардың “тақтың алдында” тұрғанын көрген. Бұл рухани ғибадатхананың сыртқы ауласына сәйкес келеді. Онда олар “Құдайға күні-түні қасиетті қызмет атқарады” (Аян 7:9, 13—15). Біз Ехобаның таза ғибадат үшін жасаған шарасындағы өз орнымызды шын жүректен бағалаймыз!

ЕХОБАҒА ҒИБАДАТ ЕТУ — АСҚАН МӘРТЕБЕ

17. Біз Ехобаға қандай құрбандықтар ұсына аламыз?

17 Бүгінде барлық мәсіхшілерде Ехобаға құрбандық ұсыну мәртебесі бар. Бұған біздің Құдай Патшалығы үшін арнайтын уақытымыз, күшіміз, дүние-мүлкіміз жатады. Елші Пауыл айтқандай, біз Құдайдың “есімін жариялап, аузымыздан шыққан сөзімізбен оны мадақтап”, оған “ұдайы мадақтау құрбандығын” ұсына аламыз (Евр. 13:15). Ең жақсы құрбандығымызды ұсыну арқылы біз Құдайға қызмет ету мәртебесін бағалайтынымызды көрсетеміз.

18. Еврейлерге 10:22—25 тармақтарға сай, қандай істерді үздіксіз атқара беруіміз қажет және нені ұмытпағанымыз жөн?

18 Еврейлерге 10:22—25 оқыңыз. Еврейлерге арналған хатының соңында Пауыл Құдайға деген ғибадатымызға кіретін істерді үздіксіз атқаруға шақырады. Олар: Ехобаға дұға ету, үмітімізді жұртқа жариялау, қауым кездесулеріне бару және Ехобаның “күні жақын қалғанын білгендіктен”, бауырластарды “бұрынғыдан да көбірек” жігерлендіру. Аян кітабының соңғы жақтарында Ехобаның періштесі екпін түсіру үшін: “Құдайға ғибадат ет!”— деп екі рет айтқан (Аян 19:10; 22:9). Олай болса, Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасы жайлы терең шындықты еш ұмытпай, ұлы Құдайымызға ғибадат ету мәртебесін бағалайық!

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

a Құдай Сөзіндегі терең шындықтардың бірі Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасы туралы. Ол қандай ғибадатхана? Оның қыр-сырын Еврейлерге арналған хаттан білеміз. Ондағы ойлар сізді Ехобаға ғибадат ету мәртебесін бағалай түсуге талпындырады.

b jw.org сайтындағы “Еврейлерге арналған хатқа шолу” бейнеролигін көріп, осы кітап жайлы жалпы мағлұмат алыңыз.

c Мәсіхшілердің грек жазбаларында тек осы Еврейлерге арналған хатта ғана Иса бас діни қызметкер деп аталған.

d Бір еңбекке сай, б.з. 70 жылы Иерусалимдегі ғибадатхана жойылған уақытқа дейін Исраилде 84 бас діни қызметкер қызмет еткен көрінеді.

e Күнәні өтейтін күні бас діни қызметкердің жасаған әрекеттері нені бейнелегенін білу үшін jw.org сайтындағы “Киелі шатыр” (ор.) деген бейнероликті көріңіз.

g 2010 жыл, 15 шілде санындағы “Күзет мұнарасының” 22-бетіндегі “Киелі рухтың көмегімен рухани ғибадатхананың мәні қалай ашылды?” деген қоршауды қараңыз.