Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

44-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Құдай Сөзінің “ұзындығы мен еніне, биіктігі мен тереңдігіне” бойлаңыз

Құдай Сөзінің “ұзындығы мен еніне, биіктігі мен тереңдігіне” бойлаңыз

“Шындықтың ұзындығы мен енін, биіктігі мен тереңдігін толық ұға аласыңдар” (ЕФЕС. 3:18).

95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде

АҢДАТПА a

1, 2. Киелі кітапты оқып-зерттеудің ең керемет жолы қандай? Мысал келтіріңіз.

 СІЗ үй сатып алғалы жатырсыз делік. Оны алдынан түсірілген суретіне қарап ала салмайсыз ғой. Алдымен сол үйге өзіңіз барып, көріп алуыңыз керек. Үйдің іші-сыртын, барлық бөлмелерін тексеріп шығасыз. Іргетасынан бастап шатырына дейін мұқият қарайсыз. Тіпті үйдің қалай соғылғанын білу үшін, сызбасын да сұрарсыз. Осылай болашақ үйіңіздің түкпір-түкпірін түгел көріп-білесіз.

2 Киелі кітапты оқып зерттегенде де осылай істейміз. Бір жазушы Киелі кітапты “зәулім мұнаралары бар, іргетасы терең үлкен ғимаратқа теңеген”. Ендеше Киелі кітаптың “ішін аралап”, танысып шығу үшін не істесек болады? Егер оны зырылдатып оқитын болсаңыз, “Құдайдың қасиетті Сөзіндегі бастапқы ілімдерді” ғана білесіз (Евр. 5:12). Сондықтан үй туралы мысалдағыдай, асықпай Киелі кітаптың “ішіне” кіріп, қыр-сырын мұқият зерттеңіз. Жазбаларды зерттеудің бір керемет жолы: бір жерінде жазылған сөздердің басқа жерде жазылғандармен қалай байланысатынын көру. Сондай-ақ қандай шындықтарға сенетініңізді ғана емес, не үшін сенетініңізді түсінуге тырысыңыз.

3. Елші Пауыл бауырластарын не істеуге шақырған және неге? (Ефестіктерге 3:14—19)

3 Киелі кітаптың қыр-сырын толықтай түсіну үшін ондағы терең шындықтарды зерттеуіміз қажет. Елші Пауыл бауырластарын шындықтың ұзындығы мен енін, биіктігі мен тереңдігін толық ұға алу үшін”, Құдай Сөзін жіті зерттеуге шақырған. Осылай етер болсақ, біз “сенімге терең тамыр жайып, негізімізде берік тұра аламыз” (Ефестіктерге 3:14—19 оқыңыз). Олай болса, мазмұнға бай, мағынасы терең Құдай Сөзін өзімізге қалай жан-жақты аша алатынымызды көрейік.

ТЕРЕҢ ШЫНДЫҚТАРДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ БІЛІҢІЗ

4. Ехобаға жақындай түсу үшін не істесек болады? Мысалдар келтіріңіз.

4 Біз Киелі кітаптың тек негізгі ілімдерін біліп, таяз түсінікпен шектеліп қалғымыз келмейді. Киелі рухтың көмегімен “Құдайдың терең даналығын да зерттеуіміз” қажет (Қор. 1-х. 2:9, 10). Мәселен, Ехобаға жақындай түсуге көмектесетін тақырыптарда жеке зерттеу жүргізсеңіз болады. Бұл үшін, мысалы, “Ехоба ежелдегі қызметшілеріне қалай сүйіспеншілік танытқан? Оның мені де сүйетінін бұл қалай дәлелдейді?” деген сұрақтар бойынша ізденсеңіз болады. Я болмаса “ежелгі Исраилде Ехобаға ғибадат ету үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырылған? Бұл іс-шаралардың қазіргі таңдағы біздің ғибадатымызбен қандай ұқсастығы бар?” деген сұрақтар жайлы оқып-зерттеңіз. Немесе Иса жерде өмір сүріп, қызмет еткенде қандай пайғамбарлықтар орындалғанын егжей-тегжейлі қарастырыңыз.

5. Жеке зерттеуде қай тақырыпты қарастырғыңыз келер еді?

5 Киелі кітапты ынты-шынтысымен зерттейтін кейбір бауырластар “Құдай Сөзіндегі қай тақырыптар жайында тереңірек зерттегіңіз келер еді?” деген сұраққа жауап берді. Олардың жауаптары “ Жеке зерттеуге арналған тақырыптар” деген қоршауда келтірілген. “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” және “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралының” көмегімен осы тақырыптарды тереңірек қазсаңыз, мол қызығына батасыз. Сондай-ақ сеніміңіз тастай берік болады әрі “Құдай туралы білімді” табасыз (Нақ. с. 2:4, 5). Ендеше, қандай терең шындықтардың қыр-сырын өзіміз үшін аша алатынымызды қарастырып кетейік.

ҚҰДАЙДЫҢ НИЕТІНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАҢЫЗ

6. а) Жоспар мен ниеттің айырмашылығы қандай? ә) Ехобаның жер мен адамзатқа қатысты ниеті неге “мәңгілік ниет” деп аталған? (Ефестіктерге 3:11)

6 Киелі кітапта Құдайдың ниеті жайлы не айтылғанын білейік. Негізінде, ниеттің жоспардан айырмашылығы өте үлкен. Жоспар деп нақты бір жерге жеткізетін жолды айтсақ болады. Жолдан бір кедергі шығып қалса, онда жоспарыңыздың күлі көкке ұшты деген сөз. Ал ниетті сол діттеген жеріміздің өзіне теңесек болады. Біз қай жерге баруымыз керектігін нақты білеміз, бірақ ол жерге түрлі жолмен жете аламыз. Бір жерде жол жабылып қалса, айналып басқа жолмен кете береміз. Тура сол сияқты, Ехобаның жер мен адамзатқа қатысты ниетіне еш нәрсе кедергі бола алмайды. Өйткені ол бәрін де “ниеті жүзеге асатындай етіп жасайды” (Нақ. с. 16:4). Киелі кітапта Ехобаның ниеті “мәңгілік ниет” деп те аталған (Ефес. 3:11). Себебі өзінің ниеті толықтай ашылғанша Ехоба ұзақ уақыттың өтуіне жол берді. Сонымен қатар Ехобаның еркінің орындалуының нәтижесі мәңгілік бойы сүйіндіреді. Ал Ехобаның ниеті қандай, әрі оған жету үшін ол қандай өзгерістер жасады?

7. Алғашқы жұп бүлік шығарған соң, Ехоба өз ниетін орындаудың қандай жолын ойластырды? (Матай 25:34)

7 Құдай өзінің адамдарға қатысты ниеті қандай екенін алғашқы жұпқа айтты. Олар “өсіп-өніп көбейіп, ұрпақтары жайылып, жер бетін толтырып,.. барлық жануарларға иелік ету керек еді” (Мұс. 1-ж. 1:28). Адам мен Хауа Құдайға қарсы шығып, бүкіл адамзатты күнәға батырғанда, бұл Ехобаның ниетіне еш тосқауыл болған жоқ. Ол өз ниетіне жетудің жолын өзгертіп жіберді. Сөйтіп, ол бірден өзінің жер мен адамзатқа қатысты ниетін жүзеге асыратын Патшалық құруды ұйғарды (Матай 25:34 оқыңыз). Өз уақыты келгенде сүйіспеншілігі мол Құдайымыз жерге өзінің тұңғыш Ұлын жіберді. Ол жұртқа көктегі Құдай Патшалығы жайлы тәлім берді және бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін жанын төлем ретінде берді. Кейін Ехоба оны қайта тірілтіп алды да, көктегі Құдай Патшалығының Патшасы етіп қойды. Бұдан да тереңірек үңілсек, Құдайдың ниетінің қыр-сыры одан бетер ашыла түседі.

Көк пен жердегі саналы жаратылыстардың бәрі бірігіп, Ехобаға адал болатын кезін елестетіңізші! (8-абзацты қараңыз)

8. а) Киелі кітаптың тақырыбы не жайында? ә) Ефестіктерге 1:8—11 тармақтарда айтылғандай, Ехобаның түпкі ниеті қандай? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

8 Құдай Мәсіхтің қол астындағы Патшалық арқылы өзінің жерге қатысты ниетін іске асырғанда, оның есімі ақталады. Киелі кітаптың негізгі тақырыбы — осы. Ехобаның ниетін ештеңе де өзгерте алмайды. Өйткені оны іске асыратынына өзі кепілдік беріп қойған (Ишая 46:10, 11; Евр. 6:17, 18). Өз уағында жер беті жұмаққа айналып, онда Адам мен Хауаның кемелді де әділ ұрпақтары “мәңгілік бойы өмірдің рақатын көреді” (Зәб. 22:26). Алайда Ехобаның бұдан да зор ниеті бар. Оның түпкі ниеті — өзінің көктегі және жердегі бүкіл саналы жаратылыстарын біріктіру. Сонда бүкіл ғалам Ехобаға Әмірші ретінде бір кісідей бағынады (Ефестіктерге 1:8—11 оқыңыз). Расында да, Ехоба өз ниетін таңғажайып жолмен іске асырады. Бұл бізді қайран қалдырады емес пе?!

БОЛАШАҒЫҢЫЗ ЖАЙЛЫ ОЙЛАҢЫЗ

9. Киелі кітапты оқығанда болашақты қаншалықты алыс көре аламыз?

9 Ехоба Едем бағында қандай пайғамбарлық айтқанын қарастырайықшы. Ол Мұсаның 1-жазбасы 3:15-те жазылған b. Бұл пайғамбарлықта Ехобаның еркі орындалуы үшін қандай оқиғалардың болатыны айтылды. Бірақ бұл мыңдаған жылдарға созылатын оқиғалар еді. Мысалы, Ыбырайымның әулетінен шыққан бір ұрпақ Мәсіх болу керек еді (Мұс. 1-ж. 22:15—18). Ал кейін б.з. 33 жылы, осы пайғамбарлықта айтылғандай, Исаның өкшесі шағылды (Ел. іс. 3:13—15). Ал соңғы бөлігі мыңнан аса жылдан соң орындалады, яғни Шайтанның басы мыжылады (Аян 20:7—10). Сондай-ақ Шайтанның жүйесі мен Ехобаның ұйымының арасындағы өштестік шарықтау шегіне жеткенде, қандай оқиғалардың болатыны Киелі кітапта жан-жақты ашылады.

10. а) Алда қандай оқиғалар болады? ә) Осы оқиғаларға санамыз бен жүрегімізді қалай дайындасақ болады? (Сілтемені қараңыз.)

10 Киелі кітапта айтылып кеткендей, жақында жер бетін дүр сілкіндіретін оқиғалар болады. Алдымен, халықтар “бейбітшілік пен қауіпсіздік” деп жар салады (Сал. 1-х. 5:2, 3). Сонда халықтар барлық жалған діндерге тап береді де, “кенеттен” зор алапат басталып кетеді (Аян 17:16). Сосын, “Адам Ұлының құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлттарда келе жатқаны” таңғажайып түрде көрінуі мүмкін (Мат. 24:30). Сонда Иса адамдарды соттап, қой мен серкеге бөледі (Мат. 25:31—33, 46). Шайтан да қарап отырмайды, әрине. Ол бар қаһарына мініп, Магог жеріндегі Гог деп аталатын одақтасқан халықтарды Құдайдың таза ғибадат ететін халқына айдап салады (Езек. 38:2, 10, 11). Зор алапат кезінде жердегі қалған майланғандар көкке жиналып, Мәсіхтің әскеріне қосылады. Сөйтіп, көктегі әскерімен бірге Мәсіх Армагеддонда шайқасады да, зор алапат аяқталады c (Мат. 24:31; Аян 16:14, 16). Кейін жерде Исаның мыңжылдық билігі басталады (Аян 20:6).

Ехобаны миллиард жыл бойы таныған соң, оған қаншалықты жақын боласыз? (11-абзацты қараңыз)

11. Мәңгі өмір сүргенде, қандай мүмкіндіктер ашылады? (Суретті де қараңыз.)

11 Мың жылдан кейінгі болашағымызға көз жіберейікші. Киелі кітап Жаратушымыз біздің “жүрегімізге мәңгілікті салғанын” айтады (Уағ. 3:11). Ойлап көріңізші, біз мәңгі жасасақ, Ехобамен қарым-қатынасымыз бен өміріміз қандай болады? “Ехобаға жақында” кітабының 319-бетінде, бізді болашақтағы өмірге қатты қызықтырып жіберетін мынадай сөздер айтылған еді: “Жүздеген, мыңдаған, миллиондаған тіпті миллиардтаған жыл өмір сүргеннен кейін, біздің Ехоба Құдай туралы білімімізді қазіргімен салыстыруға да келмейтін болады. Соған қарамастан әлі де білуіміз керек нәрсе сансыз көп болады. . . Мәңгілік өмір сондай мағыналы әрі танып білетін нәрселер көп болады. Ал Ехобаға жақындау мәңгілік бойы ерекше бақыт пен қанағат сезіміне бөлей береді”. Сол уақыт келгенше Құдай Сөзін оқып-зерттей жүріп, өзімізге тағы қандай жаңа нәрсені аша аламыз?

КӨККЕ КӨЗ ЖІБЕРІҢІЗ

12. Қалай біз көкке көз жібере аламыз? Мысал келтіріңіз.

12 Құдай Сөзі Ехобаның “заңғар көктегі мекені” қандай екенін бізге кішкене болса да ашып береді (Ишая 33:5). Киелі кітаптағы Ехобаның және оның көктегі бөлігінің сипаттамасынан таңғажайып жайттарды білеміз (Ишая 6:1—4; Дан. 7:9, 10; Аян 4:1—6). Мысалы, Езекиелдің “көк ашылып, Құдайдан аян алғанда”, аң-таң қалдыратын көріністер көргенін оқи аламыз (Езек. 1:1).

13. Еврейлерге 4:14—16 тармақтарға сай, Исаның көктен атқарып жатқан қандай істерін бағалайсыз?

13 Сондай-ақ Патшамыз әрі жанашыр Бас діни қызметкеріміз Исаның қазір көкте біз үшін не істеп жатқанын да ойлаңыз. Біз Иса арқылы “рақымын төгетін Құдайдың тағына” жақындап, дұға ете аламыз және көмекке “мұқтаж кезімізде” оның мейірімділігі мен рақымын сұрай аламыз (Еврейлерге 4:14—16 оқыңыз). Ехоба мен Исаның бізге осы уақытқа дейін жасаған және қазір жасап жатқан жақсылығы жайлы ойланбайтын күніміз болмасын. Олардың бізге деген сүйіспеншілігі жүрегімізді қозғап, қызметімізді құлшына атқаруға талпындырсын (Қор. 2-х. 5:14, 15).

Адамдарға Ехобаның Куәгері, ал Исаның шәкірті болуға көмектескенімізге жұмақта қалай қуанатынымызды елестетіңізші! (14-абзацты қараңыз)

14. Ехоба мен Исаға ризашылық білдірудің ең жақсы жолы қандай? (Суретті де қараңыз.)

14 Құдай мен оның Ұлына ризашылық білдірудің ең жақсы жолы — адамдарға Ехобаның Куәгері болуға және Исаның шәкірті болуға көмектесу (Мат. 28:19, 20). Елші Пауыл да ризашылығын осылай көрсеткен. Ол Ехобаның еркі “әртүрлі адамдардың құтқарылғаны және шындық жайлы тура білім алғаны” екенін білген (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сондықтан ол “ең болмаса, кейбіреуін құтқару үшін” бар өнерін салып, қызметте көп адамға көмектесуге тырысқан (Қор. 1-х. 9:22, 23).

ҚҰДАЙ СӨЗІН ТЕРЕҢ ҚАЗҒАННАН ҚУАНЫШ ТАБЫҢЫЗ

15. Зәбүр 1:2-ге сай, біз неден бақыт табамыз?

15 Зәбүр жыршысы “Ехобаның заңынан қуаныш табатын”, оның “заңы жөнінде күні-түні ой-жүгіртетін” адамды бақытты, табысты адам деп тура сипаттаған (Зәб. 1:1—3, сілт.). Джозеф Ротергам есімді Киелі кітап аудармашысы өзінің “Зәбүр кітаптарын зерттеу” деген еңбегінде осы тармаққа қатысты мынадай пікір білдірді: “Адам Құдайдың басшылығын білгісі келетіні сонша — оны іздеп, зерттеп, ой жүгіртуге көп уақыт жұмсауы керек. Егер бір күн Құдай Сөзінен сусындамасақ, сол күннің босқа өткені”. Ендеше Құдай Сөзінің неше түрлі қызықты да маңызды тұстарына мән беріп, білгендеріңізді өзара байланыстырсаңыз, зерттеуден нағыз қуаныш табасыз. Құдай Сөзінің түкпір-түкпіріне дейін кіріп, қыр-сырын ашу неткен бақыт!

16. Келесі мақалада не жайлы қарастырамыз?

16 Құдайдың өз Сөзі арқылы ашып жатқан әсем шындықтары түсіне алмайтындай қиын емес. Келесі мақалада сол терең шындықтардың бірін қарастырамыз. Ол — Пауыл Еврейлерге жазған хатында айтып кеткен Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасы. Осы тақырыпты жан-жақты зерттеп, одан зор қуаныш тапқайсыз!

94-ӘН Құдай Сөзі үшін ризашылық

a Киелі кітапты зерттеу — ғұмыр бойы қуаныш сыйлайтын әрі Ехобаға жақындататын іс. Осы мақалада Құдай Сөзіне терең үңіліп, “ұзындығы мен еніне, биіктігі мен тереңдігіне” бойлауды үйренеміз.

b 2022 жыл, шілде айындағы “Күзет мұнарасының” “Ең алғашқы пайғамбарлықтың әрқайсысымыз үшін маңызы” деген мақаласын қараңыз.

c Жуық арада болатын осы ерекше оқиғаларға қалай дайындала алатыныңызды “Құдай Патшалығы билік етуде!” кітабының 230-бетінен біле аласыз.