Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1923. Жүз жыл бұрын

1923. Жүз жыл бұрын

1923 жыл, 1 қаңтарда шыққан “Күзет мұнарасында” мынадай сөздер айтылды: “Алдағы 1923 жылдан игі өзгерістер күтеміз. Еңселері езілген адамдарға жарқын болашақ жайлы айту — біз үшін асқан мәртебе”. Расымен де, сол жылы Киелі кітап зерттеушілері ғибадат пен уағыз ісіне қатысты біраз жаңашылдықтар енгізді. Нәтижесінде олардың ынтымақ-бірлігі одан сайын жарасты.

БІРЛІККЕ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН КЕЗДЕСУЛЕР

Тармақтар мен әндердің нөмірі жазылған күнтізбе

Сол жылы ұйымда Киелі кітап зерттеушілерінің бірлігін нығайтқан біраз жақсы өзгерістер болды. Мысалы, “Күзет мұнарасында” Киелі кітап тармақтарының түсіндірмесі шығатын болды. Бұл тармақтар апта сайын өтетін “Дұға және мадақ айту” жиынында талқыланатын. Сондай-ақ тармақтар мен әндердің нөмірлері келтірілген арнайы күнтізбе шығарыла бастады. Әр аптаға берілген тармақтар кездесуде талқыланатын, ал әр күнге берілген әнді олар отбасылық ғибадатта не жеке зерттеуде шырқайтын.

Киелі кітап зерттеушілері кездесулерінде арнайы түсініктемелер беретін. Бұл түсініктемеде олар қызметте болған оқиғаларын, Ехобаға не үшін риза екендерін айтатын, ән шырқайтын не тіпті дұға ететін. 1923 жылы 15 жасында шомылдыру рәсімінен өткен Ева Барней бауырлас былай деді: “Түсініктеме айтар алдында орнымыздан тұрып: —Мен бар жақсылығы үшін Иемізге ризамын,— деп бастайтынбыз”. Кейбір бауырластар осындай түсініктеме айтқанды қатты ұнататын. “Аяулы қарт бауырласымыз Гадвин Иемізге ризашылық білдіргенде, тоқтай алмай қалатын. Бір кезде жүргізуші бауырластың тыпырши бастағанын байқаған әйелі оны пиджагының етегінен тартып, отырғызып қоятын”,— дейді Ева бауырлас.

“Дұға және мадақ айту” жиыны айына бір рет ерекше өтетін. 1923 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 сәуірдегі санында осы кездесу жайлы былай делінген: “Бағдарламаның жартысы толықтай қызметте болған оқиғалар мен уағыздаушыларды қызметке талпындыратын түсініктемелерден тұру керек. Осы шараның арқасында бауырластар бір-біріне жақындай түседі деген үміттеміз”.

Сол кезде 19 жаста болған Чарлз Мартин есімді ванкуверлік (Канада) бауырлас осы кездесулердің көп пайдасын көрген екен. Кейінірек ол былай деді: “Үйме-үй уағыздауды алғаш рет мен осы кездесуден үйрендім. Бауырластар жиі үйден-үйге уағыздағанда болған оқиғаларды айтып беретін. Соның арқасында адамға не айту керектігін, қарсы пікірге қалай жауап беру керектігін үйрендім”.

БІРЛІККЕ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН УАҒЫЗ

1923 жыл, 1 мамырдағы “Бюллетень”

“Уағыз күндері” де бауырластардың басын біріктіре түсті. Сол жылдың 1 сәуіріндегі “Күзет мұнарасында” былай деп хабарланды: “Бәріміз бірауыздан уағызға атсалысу үшін, келе жатқан 1 мамыр, сейсенбі күні баршаға арналған “уағыз күні” деп белгіленді. Бұдан былай әр айдың алғашқы сейсенбісі “уағыз күні” болады. Қауымдағы әрбір жариялаушы осы күнгі қызметке кішігірім болса да үлесін қосу керек”.

Тіпті жас Киелі кітап зерттеушілері де уағыз ісіне белсене атсалысты. Сол кездері 16 жаста болған Хейзел Барфорд бауырлас былай деп есіне алды: “Бюллетень” басылымында шығатын ұсыныс үлгілерін біз жаттап алатынбыз a. Мен атаммен бірге ынты-шынтыммен уағызға шығып жүретінмін”. Бірақ Хейзел бауырлас күтпеген бір жағдайға кезікті. “Қауымдағы бір қарт ер бауырлас менің адамдармен сөйлесіп, уағыздап жүргеніме қарсы болды. Өйткені сол кездегі кейбір бауырластар барлық Киелі кітап зерттеушілерінің, “жас жігіттер мен қыздардың да”, Ұлы Жаратушыны мадақтап уағызға шыға алатынын онша түсіне бермейтін”,— деді Хейзел бауырлас (Зәб. 148:12, 13). Бірақ бұл қыз бауырласымыз еш нәрсеге қарамай уағыздай берді. Кейін ол Ғалақат мектебінің 2-сыныбында оқып, Панамада миссионер болып қызмет етті. Келе-келе әлгі бауырластар жастар да қызметке атсалыса алатынын түсініп, ойларын өзгертті.

БІРЛІККЕ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН КОНГРЕСТЕР

Конгрестер де бауырластардың бірлігін нығайтты. Конгрестердің көбінде бір күн уағыздауға арналатын. Мысалы, Канададағы Виннипег қаласында өткен конгресте бүкіл делегаттар 31 наурыз күні қызметке шығуға шақырылды. Осындай уағыз күндері ұйымдастырылғанның арқасында үлкен өсім болды. Мысалы, сол Виннипегте 5 тамыз күні өткен келесі конгреске 7000-дай адам қатысты. Бұл Канададағы сол кездегі ең жоғарғы көрсеткіш болды.

1923 жыл, 18—26 тамыз аралығында Лос-Анджелесте (Калифорния штаты) өткен конгресс ең есте қалған конгресс болды. Конгрестің қарсаңында бірнеше апта бойы осы жиын жайлы газеттерде жарияға жар салынды. Бұған қоса, Киелі кітап зерттеушілері 500000-нан астам шақыру қағазын таратты. Жолаушы таситын көліктер мен жекеменшік көліктерге жарнамалар жапсырылды.

Киелі кітап зерттеушілерінің 1923 жылы Лос-Анджелесте өткен конгресі

Сенбі күні, 25 тамызда Рутерфорд бауырлас “Қойлар мен серкелер” атты баяндамасын айтты. Ол “қойлардың” жерде жұмақта өмір сүретін, мәңгі өмірге ыңғай танытқан адамдар екенін айтты. Содан кейін “Ескерту” деп аталатын қарарды оқыды. Бұл қарарда мәсіхшілер әлемі айыпталып, ақжүрек адамдар “Ұлы Бабылдан” шығуға шақырылды (Аян 18:2, 4). Кейін Киелі кітап зерттеушілері құлшыныспен осы қарарды жер бетіндегі миллиондаған адамға тарқатты.

“Осы шараның арқасында бауырластар бір-біріне жақындай түседі деген үміттеміз”

Конгрестің соңғы күні Рутерфорд бауырластың “Барлық ұлттар Армагеддонға таяп келеді, бірақ қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деген баяндамасын 30 000-нан аса адам тыңдады. Бауырластар конгреске өте көп адам келеді деп күткендіктен, Лос-Анджелестегі жаңадан соғылған үлкен стадионды жалға алды. Баяндамалар жақсы естілу үшін бауырластар стадионның соңғы үлгідегі дыбыс құрылғыларын пайдаланды. Сондай-ақ конгресс бағдарламасын қалың жұрт радио арқылы да тыңдай алды.

БАСҚА ЕЛДЕРДЕГІ ӨСІМ

1923 жылы уағыз ісі Африка, Еуропа, Үндістан және Оңтүстік Америкада құлашын кең жайды. Үндістандағы Адавиманнату Джозеф бауырлас әйелі мен алты бала-шағасының қамын жасай жүріп, әдебиеттеріміздің хинди, тамил, телугу және урду тілдерінде шығуына көмектесті.

Уильям Браун отбасымен

Сьерра-Леонедегі Альфред Джозеф пен Леонард Блэкмэн есімді Киелі кітап зерттеушілері Бруклиндегі (Нью-Йорк штаты) бас басқармадан көмек сұрап хат жазады. 1923 жылдың 14 сәуірінде олар хатына жауап алды. Сенбінің кешінде Альфред бауырласқа біреу телефон шалды. Тұтқаның арғы жағынан бір ер кісі зор дауыспен: “Күзет мұнарасы қоғамына бізге уағыздаушылар керек деп хат жазған сіздер ме?”— депті. “Иә, біз”,— дейді Альфред бауырлас. “Олар сіздерге мені жіберді”,— деді әлгі ер бауырлас. Бұл Уильям Браун бауырлас еді. Ол сол күні ғана әйелі Антониямен, Луиза және Люси есімді кішкентай қыздарымен бірге Кариб аралдарынан келіпті. Осылай көп күтпей-ақ бауырластарға жаңа көмекшілер келді.

Альфред былай деп сөзін жалғады: “Ертесіне таңертең біз Леонард екеуміз апта сайынғы Киелі кітапты зерттеу кездесуін өткізіп жатқанбыз. Бір кезде еңселі Уильям Браун бауырлас есіктен кіріп келді. Уильям бауырластың шындыққа деген құлшынысы жалындап тұрғаны сонша — ертесіне-ақ көпшілікке арналған баяндама айтуға дайын болды”. Бір айға жетпей, Уильям бауырлас өзімен әкелген әдебиеттердің бірін қалдырмай таратып тастады. Кейін ол тағы 5000-дай кітап алдыртты, бірақ көп ұзамай ол да жетпей қалды. Қанша кітап таратса да, адамдар оны кітап сатушы емес, “Байбл Браун”, яғни Киелі кітапшы Браун деп танитын. Өйткені ұзақ жылдар бойы Ехобаға зор ынтамен қызмет еткен Уильям бауырлас баяндамаларында үнемі Жазбаларға жүгінетін.

Магдебургтегі Бетел (1920 жылдар)

Сол кездері Германияның Бармен қаласындағы филиал бауырластарға тарлық ете бастады. Оның үстіне, бұл қаланы көрші жатқан Франция басып алмақшы болып, қауіп төндіріп тұрды. Содан бауырластар Магдебург қаласынан баспа ісіне өте қолайлы ғимараттар кешенін тапты. 19 маусым күні Магдебургтағы жаңа Бетелге баспа құрылғылары мен жиҺаздарды толық көшіріп бітті. Бауырластар бас басқармаға “бәрін көшіріп біттік” деген хабар жіберген күннің дәл ертесіне газетте Франция Бармен қаласын жаулап алды деген жаңалық тарады. Осылай бауырластар Ехобаның өзі оларға жар болып, аман сақтап қалғанына көздері жетті.

Джордж Янг, Сара Фергусон (оң жақта) және әпкесі

Ізгі хабарды айту үшін түрлі жерде қызмет еткен Джордж Янг бауырлас сонау Бразилияға барып, филиал құрады және “Күзет мұнарасын” португал тілінде шығара бастайды. Ол санаулы-ақ ай ішінде 7000-нан астам әдебиетті жұртқа үлестіреді. Оның Бразилияға келгені Сара Фергусон бауырлас үшін де бата болды. Өйткені ол сонау 1899 жылдан бері “Күзет мұнарасын” оқып келсе де, осы уақытқа дейін бағышталғанының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өте алмаған екен. Бірнеше айдан кейін Сара бауырлас төрт баласымен бірге осы маңызды қадамды жасады.

“ҚУАНЫШПЕН ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ БЕКІНЕЙІК”

Сол жылдың соңында, 15 желтоқсандағы “Күзет мұнарасында”, жасалған өзгерістердің жемісі жайлы айтылды: “Қазір қауымдардың рухани күйі едәуір жақсарғаны байқалады. Енді, осы жалындаған рухымызбен алдағы 1924 жылы одан да көп құлшыныспен, қуанышпен қызмет етуге бекінейік”.

Келесі жыл да Киелі кітап зерттеушілері үшін атаулы жыл болды. Бетелдегі бауырластар Бруклиндегі бас басқармаға жақын жердегі Статен-Айлендте бірнеше ай бойы құрылыс жұмыстарын жүргізді. 1924 жылдың басында-ақ бұл ғимараттар соғылып бітті. Бұл бауырластардың бірлігіне үлес қосқан әрі ізгі хабардың тарихта болмаған жолмен таралуында рөл атқарған ғимарат болды.

Статен-Айлендтегі құрылысшылар

a Қазіргі атауы — “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері.