41-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық
Исаның тәлімге толы жердегі соңғы 40 күні
“Оларға 40 күн бойы көрініп, Құдай Патшалығы жайлы айтып жүрді” (ЕЛ. ІС. 1:3).
НЕГІЗГІ ОЙ
Жерде өткізген соңғы 40 күнде Иса қандай үлгі қалдырғанын және оған қалай еліктей алатынымызды көреміз.
1, 2. Еммаусқа бара жатқанда Исаның екі шәкіртімен не болды?
Б. З. 33 жылының 16 нисаны. Исаның шәкірттері қайғыдан қабырғалары қайысып, жан ұшыра қорқып қалған. Екі шәкірті Иерусалимнен шығып, 11 шақырым қашықтықта орналасқан Еммаус ауылына жолға шығады. Көңілдері құлазыған бұл шәкірттер жақында ғана өздерінің сүйікті ұстаздары Исадан айырылып қалған. Олардың Мәсіх келіп керемет істер атқарады деген үміттері сөніп жатты. Бірақ қызықтың бәрі әлі алда еді.
2 Жолда бір бейтаныс кісі оларға ере бастайды. Шәкірттері оған ұстаздары Исамен қандай сұмдық жағдай болғанын айтып береді. Сонда бейтаныс кісі шәкірттердің тұла бойын қозғап жіберетін әңгіме бастайды. Ол “Мұса мен бүкіл пайғамбарлардан бастап” неліктен Мәсіхтің азап шегіп өлуі керек болғанын түсіндіріп береді. Үшеуі Еммаусқа жеткенде, бейтаныс кісі өзінің кім екенін ашады. Сөйтсе, бұл қайта тірілген Исаның өзі болып шығады! Елестетіңізші, олар Мәсіхтің тірі екенін түсінгенде, қуаныштан жүректері жарылып кете жаздады! (Лұқа 24:13—35).
3, 4. Исаның шәкірттерімен не болды және бұл мақалада не қарастырамыз? (Елшілердің істері 1:3)
3 Иса жерде өткізген соңғы 40 күнде шәкірттеріне көп рет көрінеді (Елшілердің істері 1:3 оқыңыз). Исаның қайғырып, қорқып жүрген шәкірттері сол 40 күн ішінде танымастай өзгерді. Енді олар Патшалықтың қуанышты, сенімді, батыл уағыздаушылары мен тәлімгерлеріне айналды a.
4 Расында да, біз Исаның сол 40 күн ішінде атқарған істерінен көп тағылым ала аламыз. Иса жердегі соңғы күндерін тиімді пайдаланды. Атап айтсақ, 1) ол шәкірттерін жігерлендірді, 2) Жазбаларға деген түсініктерін арттырды, 3) көбірек жауапкершілік алуды үйретті. Осы салаларда біз Исаға қалай еліктей аламыз? Келіңіздер, бұл мақалада осы жайлы көбірек білейік.
ӨЗГЕЛЕРДІ ЖІГЕРЛЕНДІРІҢІЗ
5. Неліктен Исаның шәкірттері жігерге мұқтаж болды?
5 Исаның шәкірттері жігерге мұқтаж болды. Неге? Өйткені олар көп құрбандықтарға барған еді. Мысалы, кейбірі Исаның соңынан үнемі еріп жүру үшін, өздерінің үйлерін, отбасыларын, кәсіптерін тастады (Мат. 19:27). Ал басқалары болса Исаның шәкірті болғаны үшін қоғам тарапынан жәбір көрді (Жох. 9:22). Олар Исаның уәде етілген Мәсіх екеніне сенгендіктен осындай құрбандықтарға барды (Мат. 16:16). Ал енді сенім артқан ұстаздары Иса өлімге кесілгенде, үміттері сөніп, жігерлері құм болды.
6. Иса қайта тірілген соң не істеді?
6 Иса шәкірттерінің қайғысына рухани әлсіздіктің белгісі деп қарады ма? Жоқ. Ол жақын адамын жоғалтқанда адамның қайғыратыны табиғи жайт екенін түсінді. Сол үшін қайта тірілген күні-ақ ол достарын жұбатып, жігерлендіре бастады. Мысалы, ол қабірдің қасында жылап тұрған мағдалалық Мәриямға көрінді (Жох. 20:11, 16). Сондай-ақ мақаланың басында сөз етілген екі шәкіртке, кейін Петірге көрінді (Лұқа 24:34). Исаның бұл әрекетінен қандай сабақ аламыз? Қазір ол мағдалалық Мәриямға көрінгенде не болғанын қарастырып көрейік.
7. Жохан 20:11—16 тармақтарға сай, Иса Мәриямның қандай әрекетін байқады және ол үшін не істеді? (Суретті де қараңыз.)
7 Жохан 20:11—16 оқыңыз. 16 нисан, таңғы уақыт. Бір топ адал әйел Исаның қабіріне келеді (Лұқа 24:1, 10). Олардың арасында мағдалалық Мәриям да бар еді. Мәриям қабірге келгенде, оның бос тұрғанын көреді. Содан ол Петір мен Жоханға барып, болған жайтты айтып береді де, үшеуі қайтадан сол жерге келеді. Қабірдің бос екеніне көзі жеткен Петір мен Жохан үйлеріне қайтып кетеді. Ал Мәриям болса сонда қалып, жылап тұрады. Сол кезде Иса бәрін көріп тұрғанын ол қайдан білсін?! Иса бұл адал әйелдің көз жасын көріп, жаны ашып кетеді. Сондықтан Иса Мәриямды жігерлендіру үшін оған көрініп, онымен сөйлеседі. Сөйтіп, Иса оған өте маңызды тапсырма береді: Мәриям Исаның қайта тірілгенін шәкірттеріне жеткізді (Жох. 20:17, 18).
8. Біз Исаға қалай еліктей аламыз?
8 Біз Исаға қалай еліктей аламыз? Біз бауырластарымызды Ехобаға қызмет етуге талпындыра бергіміз келсе, Иса сияқты олардың қиыншылықтарынан хабардар болып, жанашырлықпен сөйлесе білуіміз керек. Бұлай етудің қаншалықты маңызды екенін Джоселин деген бауырластың оқиғасынан білеміз. Оның сіңлісі оқыс оқиғадан қайтыс болған екен. “Қанша ай өтсе де, мен бұл қайғыдан еңсемді еш көтере алмадым”,— дейді Джоселин. Бірақ мұны байқаған бір ерлі-зайыпты оны үйіне шақырып, мұқият тыңдап, Ехобаның алдында ол қаншалықты бағалы екеніне сендіреді. “Сол кездері мен өзімді тура бір қараңғы, буырқанған теңізге батып бара жатқандай күй кешіп жүрген едім. Бірақ сол бауырластарым арқылы Ехоба мені теңізден тартып шығарды. Олар Ехобаға қызмет етуге деген ықыласымды қайта оятты”,— дейді Джоселин. Егер біз де өзгелерге сезімдерін ақтарып айтуға жағдай жасасақ және мұқият тыңдасақ, оларды жігерлендіріп, жұбата аламыз, әрі Ехобаға құлшыныспен қызмет ете берулеріне көмектесе аламыз (Рим. 12:15).
ЖАЗБАЛАРДЫҢ МӘНІН ТҮСІНУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ
9. Шәкірттерге не қиын болды және Иса оларға қалай көмектесті?
9 Исаның шәкірттері Құдай Сөзін оқып, ондағы ақыл-кеңестерді өмірлерінде қолдануға барынша тырысып жүрді (Жох. 17:6). Десе де шәкірттеріне Исаның не себепті қылмыскер ретінде өлтірілгенін түсіну қиын болды. Иса олардың сенімі аз болғандықтан емес, Жазбаларды толық түсінбегендіктен осындай ойда болғандарын жақсы білді (Лұқа 9:44, 45; Жох. 20:9). Сондықтан Иса шәкірттеріне Жазбалардың мәнін түсіндірді. Бұны қалай істегенін Еммаусқа барар жолдағы екі шәкіртінің оқиғасынан көрейік.
10. Иса өзінің расында да уәде етілген Мәсіх екенін шәкірттеріне қалай түсіндірді? (Лұқа 24:18—27)
10 Лұқа 24:18—27 оқыңыз. Байқасақ, Еммаусқа барар жолда шәкірттеріне көрінгенде, Иса өзінің кім екенін бірден ашпай, оларға сұрақтар қойды. Неге? Бәлкім, ол шәкірттерінің қандай ойда екенін білгісі келген болар. Иса күткендей-ақ олар ішіндегісін ақтарып, Иса Исраил халқын римдіктердің езгісінен құтқарып алады деп үміттенгендерін айтады. Осылай ойларын сарқып алған соң, Иса Жазбалардың көмегімен болған жағдайлардың мәнін түсіндіріп береді b. Сондай-ақ дәл сол күні кешке ол басқа шәкірттеріне де бұл пайғамбарлықтардың мәнін ашады (Лұқа 24:33—48). Бұл жағдайдан біз не үйрене аламыз?
11, 12. а) Исаның басқаларға Киелі кітаптан тәлім бергенінен біз не үйрене аламыз? (Суреттерді де қараңыз.) ә) Тәлімгері Нортиға қалай көмектесті?
11 Біз Исаға қалай еліктей аламыз? Ең алдымен, зерттеушіңіздің ойында, жүрегінде не бар екенін сарқып алу үшін орынды сұрақтар қойыңыз (Нақ. с. 20:5). Ойын білген соң, оның жағдайына сай келеді-ау деген тармақтарды табуға көмектесіңіз. Бірақ зерттеушіңіз үшін шешім қабылдамаңыз. Қайта, оған Киелі жазбалар жайлы ой жүгіртіп, ондағы принциптерді өмірінде қалай қолдана алатынын көрсетіңіз. Осы орайда Ганадағы Норти деген ер бауырластың оқиғасын қарастырайық.
12 Норти 16 жасында Киелі кітапты зерттей бастайды. Кейін ол отбасының тарапынан қарсылыққа кезігеді. Бірақ соған қарамастан оған табанды болып қалуға не көмектесті? Онымен зерттеу сабағын өткен бауырлас Матай 10-тарауды қолданып, шынайы мәсіхшілердің барлығы қуғындалатынын түсіндірген екен. “Қарсылыққа кезіккенім шындықты тапқаныма одан сайын көзімді жеткізді”,— дейді Норти. Сондай-ақ оның тәлімгері Матай 10:16-дағы сөздер жайлы ой жүгіртуге көмектесіпті. Соның арқасында ол діни тақырыпқа келгенде, үйдегілермен абайлап, құрметпен сөйлесу керектігін түсінеді. Ол шомылдыру рәсімінен өте сала ізашар болғысы келеді. Бірақ әкесі оның жоғарғы оқу орнына түскенін қалайды. Сол кезде тәлімгері не істеу керектігін айта салмай, оған сұрақтар қойып, Жазбалардағы принциптердің негізінде ой жүгіртуге көмектеседі. Мұның нәтижесі қандай болды? Әкесі үйден қуып жіберсе де, Норти толық уақытты қызметті бастайды. “Мен дұрыс шешім қабылдағаныма сенімдімін”,— дейді ол. Біз де басқаларға Жазбалардың негізінде ой жүгіртуге көмектессек, оларға толысқан мәсіхші болуға көмектесеміз (Ефес. 3:16—19).
ЕР БАУЫРЛАСТАРҒА “СЫЙ РЕТІНДЕГІ АДАМ” БОЛУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ
13. Әкесі тапсырған іс жалғаса беру үшін Иса не істеді? (Ефестіктерге 4:8)
13 Жерде болған кезінде Иса Әкесі сеніп тапсырған істі бұлжытпай орындады (Жох. 17:4). Бірақ Иса Ехоба тапсырған істі тек мен ғана дұрыс атқара аламын деген ойда болмады. Өзінің үш жарым жылғы қызметінде ол уағыздауды басқаларға да үйретті. Көкке оралмас бұрын, Иса шәкірттеріне Ехобаның бағалы қойларын бағуды және уағыздау мен тәлім беру ісінде жетекшілік етуді тапсырды (Ефестіктерге 4:8 оқыңыз). Жауапкершілік алған кейбір шәкірттерінің жасы жиырмаларда болған көрінеді. Осы бағышталған адал, еңбексүйгіш шәкірттері “сый ретіндегі адамдар” болу үшін, Иса жерде өткізген соңғы 40 күнде оларға қалай көмектесті?
14. Иса жердегі соңғы 40 күнінде шәкірттеріне не үйретті? (Суретті де қараңыз.)
14 Иса шәкірттеріне тіке, десе де сүйіспеншілікпен кеңес берген. Мысалы, шәкірттерінің кейбірі күмәндануға бейім екенін байқағанда, Иса оларды түзеткен (Лұқа 24:25—27; Жох. 20:27). Ол табыс табуға емес, Ехобаның халқын бағуға көбірек назар аудару керектігін түсіндірген (Жох. 21:15). Сондай-ақ өздерінің қызметін өзгелердікімен салыстырудың қажеті жоқ екенін естеріне салған (Жох. 21:20—22). Бұған қоса, олардың Патшалыққа қатысты кейбір қате пікірлерін түзеткен және бар назарларын ізгі хабарды жариялау ісіне аударуға көмектескен (Ел. іс. 1:6—8). Ақсақалдар Исаға қалай еліктей алады?
15, 16. а) Ақсақалдар Исаға қалай еліктей алады? Түсіндіріңіз. ә) Патрик кеңестің қандай пайдасын көрді?
15 Ақсақалдар Исаға қалай еліктей алады? Олар ер бауырластарға, соның ішінде жастарға да, көбірек жауапкершілік алуға көмектесіп, оларды үйрету керек c. Бірақ ақсақалдар олар бәрін бірден үйреніп кетеді деп күтпейді. Ақсақалдар сүйіспеншілікпен кеңес беретін болса, ер бауырластар көбірек тәжірибе жинап, кішіпейіл, адал болуды үйренеді әрі өзгелерге қызмет етуге дайын болады (Тім. 1-х. 3:1; Тім. 2-х. 2:2; Пет. 1-х. 5:5).
16 Патрик бауырлас өзіне берілген кеңестің қандай игілігін көргенін қарастырайық. Ол бала кезінде өзгелерге, тіпті әйел бауырластарға да қатты сөйлеп, дөрекілік танытқан екен. Мұны рухани толысқан бір ақсақал байқап, оған мейіріммен, десе де тіке кеңес береді. Патрик былай дейді: “Сол кезде маған кеңес берілгеніне қуанамын. Мен қалаған қызметке басқалар тағайындалғанда көңілім қатты түсетін. Бірақ әлгі ақсақалдың кеңесінің арқасында мен бірінші кезекте қауымда жауапкершілік алуды емес, кішіпейіл болып, бауырластарға көбірек қызмет етуді ойлауым керектігін түсіндім”. Көзқарасын өзгерткеннің арқасында Патрик 23 жасында ақсақал болып тағайындалды (Нақ. с. 27:9).
17. Иса шәкірттеріне сенетінін қалай көрсетті?
17 Иса шәкірттеріне тек уағыздау емес, тәлім беру ісін де тапсырған (Мат. 28:20). Кейде шәкірттері бұл істі атқаруға өздерін лайықсыз сезінсе керек. Алайда Иса бұл тапсырманы атқару олардың қолынан келетініне еш күмәнданбады. Иса оларға толықтай сенім артатынын көрсетіп былай деді: “Әкемнің мені осы дүниеге жібергеніндей, мен де сендерді осы дүниеге жіберіп отырмын” (Жох. 20:21).
18. Ақсақалдар Исадан не үйрене алады?
18 Ақсақалдар Исаға қалай еліктей алады? Тәжірибелі ақсақалдар жауапкершіліктерін өзгелермен бөліседі (Філіп. 2:19—22). Мысалы, олар жастарды Патшалық сарайын тазалауға, жөндеуге жұмылдырса болады. Ақсақалдар өзгелерге қандай да бір іс тапсырған соң, істі қалай атқару керектігін үйретсе және тапсырманы дұрыс атқаратынына күмәнданбайтын болса, оларға сенім артатындарын көрсетеді. Жаңадан ақсақал болып тағайындалған Мэтью қауымның істерін қалай атқару керектігін үйретіп, оған толық сенім артқан тәжірибелі ақсақалдарға риза екенін айтып, былай деді: “Мен қателесіп, қандай да бір істі дұрыс жасамағанда, ақсақалдар бұны үйренудің, жақсарудың мүмкіндігі деп түсіндіретін” d.
19. Біз не істеуге бекінуіміз керек?
19 Көргеніміздей, Иса жердегі соңғы 40 күнін текке өткізбеді. Ол басқаларды жігерлендірді, тәлім берді, үйретті (Пет. 1-х. 2:21). Ендеше, біз де оның үлгісіне еліктеуге барынша күш салайық. Оның өзі бізге көмектесетінін айтып былай деп уәде берген: “Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін” (Мат. 28:20).
15-ӘН Ехобаның Тұңғышын мадақтаңдар!
a Ізгі хабарлардан және Киелі кітаптың басқа да кітаптарынан білетініміздей, Иса қайта тірілген соң көп адамға көрінген. Мысалы, мағдалалық Мәриямға (Жох. 20:11—18); өзге әйелдерге (Мат. 28:8—10; Лұқа 24:8—11); екі шәкіртіне (Лұқа 24:13—15); Петірге (Лұқа 24:34); араларында Тома болмаған кезде, елшілеріне (Жох. 20:19—24); араларында Тома болған кезде, елшілеріне (Жох. 20:26); жеті шәкіртіне (Жох. 21:1, 2); 500-ден аса шәкіртіне (Мат. 28:16; Қор. 1-х. 15:6); інісі Жақыпқа (Қор. 1-х. 15:7); елшілердің бәріне (Ел. іс. 1:4); Бетанияның қасында елшілеріне (Лұқа 24:50—52). Бұдан басқа кездері де Иса көрінген болуы мүмкін, бірақ бұл жайлы Жазбаларда айтылмайды (Жох. 21:25).
b jw.org сайтына кіріп, “Мәсіх жайлы пайғамбарлықтар Исаның Мәсіх болғанын дәлелдей ме?” деген мақаладан Мәсіх жайлы пайғамбарлықтардың тізімін қараңыз.
c Кейбір жас ақсақалдар 25-30 жасында да аудандық бақылаушы болып тағайындалуы мүмкін. Бірақ алдымен олар ақсақал ретінде тәжірибе жинау керек.
d Жас ер бауырластарға көбірек жауапкершілік алуға қалай көмектесуге болатынын көру үшін келесі мәлімет көздерін қараңыз: “Күзет мұнарасы” 2018 жыл, тамыз, 13, 14-б., 15—17 абз., сондай-ақ “Күзет мұнарасы” 2015 жыл, сәуір, 3—13 б.
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жазбалардың мәнін түсінген соң, зерттеуші шырша әшекейлерін лақтырып жатыр.