Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

43-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

Күмәнмен жүре бермей, одан арылыңыз

Күмәнмен жүре бермей, одан арылыңыз

“Бәрін тексеріңдер” (САЛ. 1-Х. 5:21).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаға қызмет етуге кедергі келтіретін күмән-күдіктерден арылуды үйренеміз.

1, 2. а) Ехобаның кейбір қызметшілерінде қандай күмән болуы мүмкін? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

 ҚАНША жаста болмайық, кейде бәріміздің де көңілімізге күмән a кіреді. Мысалы, кейбір жас қыз-жігіттер Ехоба менің өміріме қызыға ма өзі деп ойлануы мүмкін. Сол үшін де шомылдыру рәсімінен өтейін бе, жоқ па деп екіойлы болулары мүмкін. Я болмаса жас кезінде мансап қумай, Патшалықты бірінші орынға қойған орта жастағы бауырластарды алайық. Ақшадан тарыққан шақтарында олар кезінде дұрыс шешім қабылдағандарына күмәндануы мүмкін. Ал бойынан күш-қайраты кеткен қарт бауырластарымыз бұрынғыдай көп істей алмайтындарына қынжылатын шығар. Сізде де мынадай сезікті ойлар туындаған ба: “Ехоба мені байқай ма өзі? Ехобаға қызмет ету үшін кей нәрселерден бас тартқаным дұрыс болды ма? Мен Ехобаға әлі де керекпін бе?”

2 Осындай сұрақтарды жауапсыз қалдырар болсақ, ғибадатымызға кесірін тигізуі мүмкін. Бұл мақалада 1) Ехоба менің қамымды ойламайды, 2) кезінде жасаған таңдауым дұрыс болмапты немесе 3) менің Ехобаға еш пайдам жоқ деген күмәнді ойлар келгенде Киелі кітап қалай көмектесетінін көреміз.

КҮМӘННАН ҚАЛАЙ АРЫЛУҒА БОЛАДЫ?

3. Күмәннан арылудың бір жолы қандай?

3 Күмән-күдіктен арылудың бір жолы — бізді мазалайтын сұрақтардың жауабын Құдай Сөзінен іздеу. Солай етсек, біз нығайып, рухани өсіп, “сенімде нық тұра” аламыз (Қор. 1-х. 16:13).

4. “Бәрін тексеру” үшін не істеуіміз керек? (Салоникалықтарға 1-хат 5:21)

4 Салоникалықтарға 1-хат 5:21 оқыңыз. Байқасаңыз, Киелі кітап бізді “бәрін тексеруге” шақырады. Бұны қалай істесек болады? Егер біз бір нәрсеге күмәндансақ, ол туралы Киелі кітапта не айтылатынын қарауымыз керек. Мәселен, “Құдай мені бағалай ма екен” деп күмәнданып жүрген жас бауырласты алайық. Оның осылай ойлап жүре бергені дұрыс па? Жоқ. Оның Киелі кітапты зерттеп, бәрін тексеріп, Ехобаның шын мәнінде оған қалай қарайтынына көз жеткізгені маңызды.

5. Ехобаның сұрақтарымызға берген жауабын қалай “ести” аламыз?

5 Киелі кітапты оқығанда біз Ехобаның дауысын “естиміз”. Бірақ нақты бір мәселе мазалаған кезде, Ехобаның ойын білу үшін күш салуымыз қажет. Біз Киелі кітаптан мазалаған сұрақтарымызға қатысты тармақтарды табуға тырысуымыз керек. Бұл ретте Ехобаның ұйымы беріп жатқан ізденіс құралдарының пайдасы зор (Нақ. с. 2:3—6). Ізденіс жасар алдында Құдайға дұға етіңіз. Сонда Ехоба сұрақтарыңыздың жауабын табуға, сізді мазалайтын мәселеге қатысты өзінің ойын түсінуге көмектеседі. Сосын жағдайыңызға сай келетін Киелі кітап принциптерін іздеңіз. Сондай-ақ сіздікіндей қиындыққа кезіккен Құдайдың қызметшілері жайлы оқысаңыз болады.

6. Күмәннан арылуға қауым кездесулері қалай көмектеседі?

6 Біз Ехобаның дауысын қауым кездесулерінде де “естиміз”. Қауымға үзбей баратын болсақ, баяндамадан не бауырластардың түсініктемелерінен күмәнімізді сейілтуге көмектесетін ойлар естуіміз мүмкін (Нақ. с. 27:17). Ал қазір көкейімізде туындайтын кейбір күмәнді ойларға тоқталып өтейік.

ЕХОБА МАҒАН НАЗАР АУДАРА МА ДЕП КҮМӘНДАНҒАНДА

7. Кейбіреулерді қандай сұрақ мазалайды?

7 “Ехоба мені байқай ма?” деген сұрақ сізді де мазалаған ба? Егер сіз өзіңізді маңызсыз сезініп жүрсеңіз, онда бүкіл ғаламды жаратқан Құдаймен дос болу мүмкін емес деп ойлайтын шығарсыз. Мұндай ой Дәуіт патшада да болған. Ол Ехобаның бізді байқайтынына таңғалып, былай деген: “Уа, Ехоба, сен байқайтындай адам баласы кім? Сен назар аударатындай жұмыр басты пенде кім?” (Зәб. 144:3). Сонымен, “Құдай жеке мені байқай ма?” деген сұрақтың жауабы қандай?

8. Самуилдің 1-жазбасы 16:6, 7, 10—12 тармақтарға сай, Ехоба адамның бойынан нені байқайды?

8 Киелі кітаптан көретініміздей, басқалар аса елей қоймаған адамдарға Ехоба назар аударған. Бірде Ехоба болашақ патшаны тағайындау үшін Самуил пайғамбарды Есейдің үйіне жібереді. Сонда Есей сегіз ұлының жетеуін шақырып, кенжесі Дәуітті елеусіз қалдырады b. Бірақ Ехоба таңдаған адам Дәуіт болатын (Самуилдің 1-жазбасы 16:6, 7, 10—12 оқыңыз). Өйткені Ехоба Дәуіттің қандай адам екенін жақсы білді. Ол рухани нәрселерді бағалайтын жігіт еді.

9. Ехоба үшін бағалы екеніңізге неге сенімді болсаңыз болады? (Суретті де қараңыз.)

9 Ехоба сізге назарын салып келгенін осыған дейін қалай көрсетіп келді? Сол туралы ойлап көріңізші. Ол дәл сізге қажет болып тұрған кеңестерді береді (Зәб. 32:8). Егер ол сізді жақсы танымаса, осылай етер ме еді? (Зәб. 139:1). Ехобаның берген ақылына құлақ асып, оның пайдасын көргенде, өзіңіздің Ехоба үшін өте бағалы екеніңізді түсінесіз (Шеж. 1-ж. 28:9; Ел. іс. 17:26, 27). Оған қызмет ету үшін қаншалықты күш салып жүргеніңізді Ехоба жақсы біледі. Ол бойыңыздағы жақсы қасиеттерді байқайды және ол сізбен дос болғысы келеді (Ерм. 17:10). Ол сіздің де онымен дос болғаныңызды қатты қалайды (Жох. 1-х. 4:19).

“Егер [Ехобаны] іздейтін болсаң, ол өзін табуыңа мүмкіндік береді” (Шеж. 1-ж. 28:9) (9-абзацты қараңыз) c


КЕЗІНДЕ ЖАСАҒАН ТАҢДАУЫМ ДҰРЫС БОЛДЫ МА ДЕП КҮМӘНДАНҒАНДА

10. Бұрын жасаған таңдауларыңыз туралы ойланғанда қандай күмән тууы мүмкін?

10 Орта жасқа келгенде кейбіреулер кезінде жасаған шешімім дұрыс болды ма екен деп ойлауы мүмкін. Бәлкім, олар Ехобаға көбірек қызмет ету үшін мансап қуудан, табысты бизнестен бас тартқан шығар. Біраз жылдан кейін олар таныстарының жетістікке жетіп, жалғанды жалпағынан басып жүргенін байқайтын шығар. Сондай кездері олар: “Ехобаға қызмет ету үшін сонша көп құрбандыққа бармай-ақ қоюым керек пе еді? Кезінде көбірек ақша тапқанымда, қазір жақсырақ өмір сүрер ме едім?” деп ойлануы мүмкін.

11. 73-інші Зәбүр жырының жазушысын не мазалады?

11 Сіздің көңіліңізге осындай күмән ұяласа, 73-інші Зәбүр жырының жазушысы туралы ойланыңыз. Ол денсаулықтары мықты, еш уайым-қайғысыз шалқып өмір сүріп жүрген адамдарға қызыға бастады (Зәб. 73:3—5, 12). Олардың жетістіктерін көргенде, “Ехобаға қызмет етуді таңдағаным дұрыс болды ма” деп күмәнданып қалады. Осылай ойлары маза бермей, ол “күні бойы қиналады” (Зәб. 73:13, 14). Ішіндегі бұл сезімдермен ол қалай күресті?

12. Зәбүр 73:16—18 тармақтарға сай, зәбүр жыршысы күмәнін қалай сейілтті?

12 Зәбүр 73:16—18 оқыңыз. Зәбүр жыршысы Ехобаның ғибадатханасына барып, тыныш жерде асықпай ойлана алды. Соның арқасында қаннен-қаперсіз өмір сүріп жатқандай көрінген сол адамдардың шын мәнінде болашағы жоқ екенін түсінді. Сол кезде оның көңілі орнығып, Ехобаға қызмет етуді таңдағаны ең дұрыс шешім болғанына көзі жетті. Сөйтіп, ол Ехобаға әрі қарай да қызмет ете беруге нық бекінді (Зәб. 73:23—28).

13. Кезінде дұрыс таңдау жасадым ба деп күмәнданғанда не істесеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)

13 Зәбүр жыршысы сияқты сіз де көңіліңізге ұялаған күдіктен Құдай Сөзінің көмегімен арыла аласыз. Қалай? Өзіңізде бар бағалы нәрселеріңіз жайлы, мысалы көктегі қазынаңыз жайлы ойлаңыз. Ал осы дүниелік адамдарда осы дүние ұсына алатын нәрселер ғана бар. Болашаққа ешқандай үміттері болмағандықтан, олар қазіргі жетістіктеріне ғана мәз. Ал Ехоба сізге тіпті ойыңызға кіріп шықпаған керемет өмір сыйлаймын деп уәде етіп отыр (Зәб. 145:16). Мына жайлы да ойланып көріңіз: кезінде басқаша шешім қабылдағанда, қазір шалқып өмір сүрер ме едіңіз, сүрмес пе едіңіз — оны нақты білмейсіз ғой. Бірақ сенімді болыңыз, жасаған таңдауыңыз Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілікке негізделсе, онда сіз ешқашан игі сыйлардан құр қалмайсыз.

Ехобаның уәделерін ойыңызда ұстаңыз (13-абзацты қараңыз) d


ЕХОБАҒА ПАЙДАМ БАР МА ДЕП КҮМӘНДАНҒАНДА

14. Кейбіреулер не нәрсеге күмәнданады?

14 Ехобаның кейбір қызметшілері қарттықтың, аурудың немесе мүгедектіктің салдарынан өздері қалағандай көп қызмет ете алмайды. Сондықтан олар Ехоба үшін бағалы екендеріне күмәнданып, “менің Ехобаға түк пайдам жоқ” деп ойлауы мүмкін.

15. 71-інші Зәбүр жырының жазушысы не нәрсеге сенімді болды?

15 Мұндай ойлар 71-інші Зәбүр жырының жазушысын да мазалаған. Ол Құдайға дұға етіп: “Бойымнан қауқарым кеткенде тастамашы”,— деп сұраған (Зәб. 71:9, 18). Бірақ ол адал болып қалса, Ехоба оған көмектесетініне, қолдайтынына деген сенімділігін жоғалтпады. Біз де зәбүр жыршысы сияқты ұлғайған жасымызға не нашар денсаулығымызға қарамастан қолдан келгеннің бәрін істей берсек, Ехобаны қуанышқа бөлейміз (Зәб. 37:23—25).

16. Қарт бауырластар қалай Ехобаның қолында құрал бола алады? (Зәбүр 92:12—15)

16 Ардақты қарт бауырластар, өздеріңізге Ехоба сияқты қараңыздар. Бойларыңыздан қуат кетсе де, адалдықпен қызмет ете берулеріңізге Ехоба жәрдем береді (Зәбүр 92:12—15 оқыңыз). Істей алмайтын емес, істей алатын нәрселеріңізге көбірек мән беріңіздер. Мысалы, жақсы үлгі көрсетіп, жеке көңіл бөліп өзгелерді нығайта аласыздар. Оларға Ехобаның сізге қалай көмектесіп келгенін, оның қай уәделерінің орындалғанын асыға күтіп жүргеніңізді айтып беріңіздер. Өзгелер үшін айтатын дұғаларыңыздың күші қаншалықты зор екенін де ұмытпаңыздар (Пет. 1-х. 3:12). Жағдайымыз қандай болмасын, бәріміздің де Ехобаға және өзгелерге береріміз бар.

17. Неге біз өзімізді өзгелермен салыстырмауымыз керек?

17 Ехобаға көбірек бере алмай жүргеніңізге қынжылсаңыз, ол кез келген еңбегіңізді бағалайтынына шүбәңіз болмасын. Бәлкім, басқалардың не істеп жатқанына қарап, өзіңізді солармен салыстыратын шығарсыз. Бірақ олай етпеңіз! Себебі Ехобаның өзі біреуді біреумен салыстырмайды (Ғал. 6:4). Есіңізде болса, Мәриям өте қымбат таза нард иісмайын Исадан аяған жоқ (Жох. 12:3—5). Ал жесір әйел құны өте төмен ұсақ екі тиынды садақа етті (Лұқа 21:1—4). Бірақ Иса бұл екі әйелді бір-бірімен салыстырған жоқ. Ол екеуінің де сеніміне тәнті болды. Ехобаның да көзқарасы тура сондай. Өзіңізге қанша мардымсыз болып көрінсе де, Ехоба қолыңыздан келіп тұрған кез келген ісіңізді қатты бағалайды. Өйткені сіз мұның бәрін Ехобаға сенгендіктен әрі оны жақсы көргендіктен істеп жүрсіз.

18. Күмән-күдіктен арылуға бізге не көмектеседі? ( “Құдай Сөзі күмәнді сейілтеді” деген қоршауды да қараңыз.)

18 Күмәнданатын кез бәрімізде болып тұрады. Бірақ осы мақаладан көргеніміздей, күмәнді Құдай Сөзінің күшімен жеңуге болады. Сондықтан күмәннан арылу үшін әрекет етіңіз, сонда күмәннің орнын сенім басады. Ехоба жеке сізге назарын салып жүр. Ехоба ол үшін жасаған құрбандықтарыңызды бағалайды және сол үшін сізге сый береді. Сенімді болыңыз, Ехоба сүйіспеншілігі мен ықыласын ешбір қызметшісінен аямайды.

111-ӘН Қуануға себеп көп

a СӨЗ МӘНІ: Бұл мақалада мен Ехоба үшін бағалымын ба, бұрын жасаған таңдауым дұрыс болды ма деген сияқты күмәндар туралы қарастырамыз. Бұл Ехобаға және оның уәделеріне деген сенімнің жетіспеушілігін көрсететін күмәндар емес.

b Ехоба патша етіп таңдағанда Дәуіттің нешеде болғаны Киелі кітапта айтылмайды, ол жасөспірім болған болса керек. 2016 жылғы “Күзет мұнарасының” № 5 санынан 9-бетті қараңыз.

c СУРЕТ: Жас куәгер Ехобаның ой қалпын білу үшін Жазбалардан оның ақыл-кеңесін іздеп отыр.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас терезе жуып жатып, өзінің жұмақта жүргенін елестетіп тұр.