Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Сүлеймен соққан ғибадатхананың кіреберісінің биіктігі қанша болған?

Ежелде ғибадатхананың Қасиетті бөлмесіне кіреберіс арқылы кіретін. Ағылшын тіліндегі “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” 2023 жылғы нұсқасына дейінгі аудармаларда былай делінген: “Кіреберістің ұзындығы үйдің еніне тең, яғни 20 шынтақ, биіктігі 120 шынтақ” (Шеж. 2-ж. 3:4). Кіреберістің биіктігі “120 шынтақ” болғаны басқа да аудармаларда айтылған. Демек, соларға сай, оның биіктігі 53 метр болған!

Алайда ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасының” 2023 жылғы нұсқасында Сүлеймен соққан ғибадатхананың кіреберісінің биіктігі “20 шынтақ”, яғни шамамен 9 метр болғаны жазылған a. Осындай өзгеріс жасауға не себеп болғанын көрейік.

Патшалар 1-жазба 6:3-те кіреберістің биіктігі жайлы айтылмаған. Бұл тармақта Еремия кіреберістің ені мен ұзындығы жайлы айтқанмен, оның биіктігі жайлы ештеңе айтпаған. Ал келесі тарауда ол ғибадатхананың басқа бөліктерін бүге-шігесіне дейін сипаттайды. Мысалы, “Теңіз” деп аталатын тайқазан, 10 кебеже арба мен кіреберістің алдында тұрған екі мыс бағана туралы көп мәлімет айтады (Пат. 1-ж. 7:15—37). Кіреберістің биіктігі шынымен де 50 метрден асып, ғибадатхананың басқа бөліктерінен биік тұрса, Еремия бұл жайлы айтар еді ғой! Ғасырлар өте яһуди тарихшылары да ғибадатхананың кіреберісі оның басқа бөліктерінен биік болмағаны жайлы жазған.

Ғибадатхана кіреберісінің биіктігі 120 шынтақ болғанына ғалымдардың күмәні бар. Ежелдегі тас пен кірпіштен соғылған биік ғимараттардың іргетасы өте енді болған, ал биіктеген сайын тарыла түскен. Мысалы, Мысырдағы ғибадатхана қақпалары солай соғылған. Бірақ Сүлейменнің ғибадатханасы басқаша болған. Ғалымдардың айтуынша, оның кіреберіс қабырғаларының ені шамамен 6 шынтақ, яғни 2,7 метр болған. Сәулет тарихшысы Теодор Бусинг келесідей тұжырым жасады: “Ғибадатхананың кіреберіс қабырғасының соншалықты жуан болмағанын ескерсек, оның биіктігі 120 шынтақ болуы мүмкін емес”.

Шежірелер 2-жазба 3:4-ті көшіргенде, қате кеткен болуы мүмкін. Кейбір ежелгі қолжазбаларда осы тармақта “120” деп жазылса, басқа беделді көшірмелерде, мысалы, V ғасырдағы “Александрия кодексі” мен VI ғасырдағы “Амбросиан кодексінде” “20 шынтақ” деп жазылған. Көшірмеші неге “120” деп жазған болуы мүмкін? Еврейше “жүз” және “шынтақ” деген сөздердің жазылуы ұқсас болған. Сондықтан көшірмеші қателесіп, “шынтақ” деп жазудың орнына “жүз” деп жазған болуы мүмкін.

Әрине, біз Сүлеймен соққан ғибадатхананың қандай болғанын егжей-тегжейлі біліп, оны дұрыс бейнелеуге тырысамыз. Бірақ одан бұрын оның нені білдіретініне көбірек назар аударамыз. Сүлейменнің ғибадатханасы ұлы рухани ғибадатхананы бейнелейді. Ехоба барлығымызды осы ғибадатханада оған ғибадат етуге шақырып жатқаны тамаша емес пе?! (Евр. 9:11—14; Аян 3:12; 7:9—17).

a Осы тармаққа берілген сілтемеде былай делінген: “Ежелгі шиыршықтардың кейбірінде “120” делінсе, басқаларында және кей аудармаларда “20 шынтақ” делінген”.