1924. Жүз жыл бұрын
“ЖЫЛДЫҢ БАСЫ — бағышталған әрбір мәсіхші үшін Ехобаға көбірек қызмет етемін деп мақсат қоюға тамаша кез”. Бұл 1924 жылғы қаңтар айындағы “Бюллетенде” a жазылған сөздер. Сол жылы Киелі кітап зерттеушілері осы кеңеске құлақ асып, батылдықпен уағыздады және қызметте жаңа тәсілдерді қолданды.
БАТЫЛ БАСТАМА
Бетелдегі бауырластар Статен-Айлендте (Нью-Йорк) WBBR радиостанциясын соғу үшін бір жылдан аса уақыт бойы еңбектенді. Алдымен олар жерді тазалап, дайындап алды. Кейін жұмысшыларға арналған үлкен үй салды және студия мен жабдықтар тұратын бөлек ғимарат соқты. Бұл жұмыстар біткен соң, бауырластар “әуе толқынына” шығу үшін жан-жақтан жабдықтарды жинауға кірісті. Бірақ алда оларды біраз қиындықтар күтіп тұрды.
Бауырластар үшін негізгі антеннаны орнату оңай болған жоқ. Олар 91 метрлік антеннаны 61 метрлік екі ағаш бағананың арасына ілу керек болды. Басында қанша тырысса да, бұдан түк шықпады. Бірақ ақыры Ехобаның көмегімен бәрі ойдағыдай болды. Осы іске қатысқан Кэлвин Проссер бауырлас былай дейді: “Бәрі бір дегеннен бола қалғанда, біз “қараңдаршы біздің не істегенімізді” деп кеуде керіп кетер ме едік”. Бауырластар бұның бәрін тек Ехобаның арқасында ғана істей алғандарын мойындады. Алайда қиындықтар мұнымен біткен жоқ.
Сол кездері радио арқылы хабар тарату енді-енді дамып келе жатқан еді, әрі радиоға қажетті жабдықтар сатуға шығарыла бермейтін. Сондықтан бауырластар жақын маңнан бұрын қолданыста болған үлкен 500 ваттық трансмиттер алған. Сондай-ақ олар радиоға арналған микрофонның орнына кәдімгі телефонның микрофонын қолданған. Сөйтіп, ақпанның бір кешінде бауырластар өздері қолдан жасаған радионы тексеріп көруді шешкен. Бұл үшін олар Патшалық әндерін шырқап көреді. Эрнест Ло бауырлас сол кезде болған бір қызық жайтты айтып берді. Бауырластар ән айтып жатқанда, оларға b хабарласыпты. Ол 25 шақырымдай жердегі Бруклиннен радио арқылы бауырластардың дауыстарын естіген екен.
Рутерфорд бауырласРутерфорд бауырлас: “Ұлыған иттей шуламай, мыналарыңы өшіріңдерші!”— деп әзілдеп, төтесінен айтыпты. Сонда бауырластар кішкене ыңғайсызданып, бірден трансмиттерді өшіріп тастайды. Бірақ олар радионың жақсы істеп тұрғанын және эфирге дайын екенін түсінеді.
1924 жылдың 24 ақпанында алғашқы ресми эфир кезінде Рутерфорд бауырлас бұл радиостанция “Мәсіхтің Патшалығының ісі үшін бағышталатынын” айтты. Ол бұл радиостанцияның мақсаты “осы ерекше кезеңде барлық адамға Киелі кітап шындықтарын түсінуге көмектесу” екенін айтты.
Осылай алғашқы радиотрансляциямыз сәтті өтті. Ұйымымыздың бағдарламалары 33 жыл бойы осы WBBR радиостанциясы арқылы трансляцияланып отырды.
ДІНБАСЫЛАРДЫ АЙЫПТАЙТЫН ҚҰЖАТ
1924 жылдың шілде айында Киелі кітап зерттеушілері Колумбуста (Огайо штаты) конгресс өткізді. Дүниенің шартарабынан келген делегаттар баяндамаларды араб, ағылшын, француз, неміс, грек, венгр, итальян, поляк, орыс, украин және скандинав тілдерінде тыңдады. Бағдарламаның кейбір бөліктері радио арқылы трансляцияланды. Сондай-ақ жергілікті газетте (“Ohio State Journal”) конгресс бағдарламасы жайлы мақалалар күндегісін күнде шығып отырды.
24 шілде, бейсенбі күні конгреске келген 5000-нан аса бауырлас уағызға шықты. Олар 30 000-ға жуық кітап таратып, мыңдаған Киелі кітап зерттеу сабақтарын бастады. “Күзет мұнарасында” осы күн “Конгрестің ең қуанышты күні” деп аталды.
Конгрестің келесі күні де айтулы күн болды. Өйткені 25 шілде, жұма күні Рутерфорд бауырлас дінбасыларды айыптап жазылған бір құжат оқып берді. Заңды құжат түрінде жасалған бұл парақшада саяси, діни және коммерциялық лидерлер “адамдардан Құдай жайлы шындықты жасырып, оларды оның баталарынан айырып жатқаны үшін айыпталды”. Сондай-ақ онда бұл адамдардың “Ұлттар Лигасын қолдап, оны Құдай Патшалығының жердегі көрінісі деп жариялағаны дұрыс емес екені” ашық айтылды. Енді осы
хабарды өзгелерге жеткізу үшін Киелі кітап зерттеушілеріне батылдық қажет еді.Сол конгресті қорытындылап, “Күзет мұнарасында” мынадай сөздер жазылды: “Колумбустағы конгрестен кейін сенімдері нығайған Иеміздің кішігірім әскері. . . жаудың қарсылығына да, олардың жаудыратын отты жебелеріне де қарсы тұруға нық бекінді”. Сол конгреске қатысқан Лео Клаус бауырлас былай деп еске алды: “Конгрестен кейін құлшынысымыз асып-тасыған біздер дінбасыларды айыптайтын парақшаларды аумағымызда таратқанша асықтық”.
Рутерфорд бауырлас конгресте оқыған дінбасыларды айыптайтын буклетті Киелі кітап зерттеушілері қазан айында миллиондап тарата бастады. Оклахома штатының Кливленд деген шағын қаласында Франк Джонсон бауырлас осы буклеттерді таратып жүреді. Ол буклеттерді таратып болған соң, бауырластарды күтіп тұрады. Бірақ олармен кездесуге келіскен уақытқа дейін әлі 20 минут бар еді. Оның уағыздап жүргеніне кейбір ер адамдар ашуланып, соңына түскендіктен, ол бауырластарды ашық жерде күтіп тұра алмады. Сондықтан ол жақын маңдағы шіркеуге барып тығылуды ұйғарады. Шіркеуге кірсе, ішінде ешкім жоқ екен. Осыны пайдаланып, ол шіркеуде уағыздайтын дінбасының Киелі кітабының ішіне және әр орындыққа бір-бір буклеттен қойып шығады. Кейін тез арада шіркеуден кетіп қалады. Әлі де уақыты болғандықтан, ол тағы екі шіркеуде дәл осылай буклеттерді қойып шығады.
Сөйтіп, Франк бауырлас кездесеміз деген жерге тездетіп қайтып келеді. Бірақ ол жанармай құятын бекеттің артына барып тығылып тұрады. Аңдып жүрген кісілер оны көрмей, көлікпен қасынан өтіп кетеді. Артынша жақын маңда уағыздап жүрген бауырластар келіскен уақытта көлікпен келіп, Франк бауырласты алып кетеді.
Сол бауырластардың бірі былай деді: “Қаладан шығып бара жатқанымызда, біз әлгі үш шіркеудің қасынан өттік. Әр шіркеудің алдында 50 шақты адам тұрды. Біреулері буклетті оқып тұрса, басқалары оны дінбасыға көрсетіп жатты. Біз жағдай ушықпай тұрып, дер кезінде кетіп үлгеріппіз. Ехобаға бізді қорғағаны үшін, Патшалықтың жауларынан айламызды асырып кетуге даналық бергені үшін рақмет айттық”.
БАСҚА ЕЛДЕРДЕГІ БАУЫРЛАСТАРДЫҢ БАТЫЛДЫҒЫ
Киелі кітап зерттеушілері басқа елдерде де батылдықпен уағыздап жүрді. Мысалы, солтүстік Францияда Джозеф Кретт бауырлас Польшадан келген шахта жұмысшыларына уағыздайтын. Бірде ол “Марқұмдар жақында қайта тіріледі” деген баяндама айтуды жоспарлайды. Бауырластар осы баяндамаға шақыру қағаздарын таратады. Ал жергілікті дінбасы қала тұрғындарын бұл баяндамаға бармауды ескертеді. Бірақ бұл ескерту, керісінше, адамдардың қызығушылығын оятады. Сөйтіп, баяндаманы тыңдауға 5000-нан аса адам келеді, арасында әлгі дінбасының өзі де бар. Кретт бауырлас дінбасын өз сенімін қорғап сөйлеуге шақырады, бірақ ол бас тартады. Адамдардың рухани аш екенін байқаған Кретт бауырлас баяндамадан кейін өзінде бар әдебиеттердің бәрін таратып шығады (Амос 8:11).
Клауд Браун бауырлас Африканың Алтын жағалау (қазір Гана) деген еліне барып, ізгі хабарды уағыздай бастайды. Оның айтқан баяндамалары мен таратқан әдебиеттері осы елде шындықтың тез таралуына үлкен септігін тигізеді. Фармацевт мамандығына оқып жүрген Джон Бланксон деген жігіт Браун бауырластың бір баяндамасын тыңдап, бірден шындықты тапқанын түсінеді. “Шындықты тапқаныма қуанғаным
сонша, мен білгендерім жайлы оқуымдағы адамдардың бәріне айтып жүрдім”,— деп еске алды Джон бауырлас.Киелі кітаптан үштік ілімінің дұрыс емес екенін түсінген кезде Джон бауырлас англикан шіркеуіне барып, дінбасыға сол ілім жайлы сұрақтар қояды. Сонда ашуланып кеткен дінбасы: “Сен мәсіхші емессің, Ібілістің баласысың! Жоғал бұл жерден!”— деп айқайлап, оны қуып шығады.
Үйіне барғаннан кейін Джон бауырлас дінбасыға хат жазып, үштік ілімін жұрт алдында тұрып қорғап сөйлеуге шақырады. Осы үшін Джон директордың алдынан бір-ақ шығады. Директор одан: “Дінбасыға хат жазған сен бе?”— деп сұрайды.
— Иә, мен,— дейді Джон.
Директор Джонға дінбасыға хат жазып, кешірім сұрауды бұйырады. Сол кезде Джон былай деп хат жазады:
— Мырза, мұғалімім сізден кешірім сұрап хат жазуды талап етті. Бірақ сіз жалған ілімдерге үйретіп жүргеніңізді мойындасаңыз ғана, сізден кешірім сұраймын.
Бұны көріп, көзі шарасынан шыққан директор: “Джон, сен осы жазғаныңды дінбасыға жіберейін деп тұрсың ба?”— дейді.
— Иә, ағай, жазсам, тек осылай ғана жазам.
— Онда сен оқудан шығасың! Үкіметтің шіркеуіне қарсы сөйлеп, қалай ғана сол үкіметтің оқуында оқимын деп тұрсың!?
— Бірақ, ағай, сіздің сабағыңызда бір нәрсені түсінбей қалсақ, сұрақ қоямыз ғой.
— Иә.
— Бұл да тұра солай ғой. Ол кісі Киелі кітаптан тәлім беріп жатқанда, мен оған сұрақ қойдым. Сұрағыма жауап бере алмағаны үшін одан не үшін кешірім сұрауым керек?
Джон Бланксон оқудан шығарылған жоқ, ешқандай кешірім хатын да жазбады.
АЛДАҒЫ УАҚЫТ
1924 жылдың қорытындысы шығарылып, “Күзет мұнарасында” былай делінді: “Біз де Дәуіт сияқты: “Сен маған шайқасуға күш сыйлайсың”,— деп ауыз толтырып айта аламыз (Зәб. 18:39). Осы жыл жігерге толы жыл болды. Өйткені біз Иеміздің қолын көрдік. . . Оған шын бағышталған жандар ол жайлы қуана куәлік беріп жүр”.
Жылдың соңына таман бауырластар радио арқылы уағыздаудың аясын кеңейтуді шешті. Сөйтіп, Чикагоның маңында жаңа радиостанцияның құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл жаңа радиостанция WORD, яғни “СӨЗ” деп аталды, себебі осы радиостанция арқылы Құдай Сөзі уағыздалмақ еді. 5000 ваттық трансмиттері бар бұл WORD радиостанциясы Патшалық жайлы хабарды жүздеген шақырым жерге, тіпті Канаданың солтүстігіне дейін жеткізбек еді.
Ал алдағы 1925 жылы рухани жарық жарқырай түсіп, Киелі кітап зерттеушілері Аян кітабының 12-тарауына қатысты шындықтарды анығырақ түсінді. Бұл айқындалған шындықтар кейбіреулер үшін сүріндіретін тас болды. Бірақ көбісі көкте орын алған оқиғаны және оның жердегі Құдай халқына қалай әсер еткенін жақсырақ түсінгендеріне қуанды.
a Қазіргі атауы — “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері.
b Сол кездері Киелі кітап зерттеушілерінің арасында жетекшілік еткен Рутерфорд бауырлас “Рутерфорд судья” деген атпен танымал болған. Себебі ол бетелде қызмет еткенге дейін ара-тұра Миссуридің сегізінші округінің сотында судья болып жүрген.