Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Адалдығыңыз сыналғанда байыппен ойланыңыз

Адалдығыңыз сыналғанда байыппен ойланыңыз

“Байыппен ойланыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 4:7).

123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық

АҢДАТПА a

1. “Байыппен ойлануға” не жатады? (Петірдің 1-хаты 4:7)

 КЕЙБІР қиындықтар Ехобаға деген және оның ұйымына деген адалдығымызды шайқалтуы мүмкін. Бұған жол бермес үшін не істеуіміз керек? Сенімімізді берік сақтау үшін байыппен ойланып, сергектік сақтауымыз қажет (Петірдің 1-хаты 4:7 оқыңыз). Ал байыппен ойлану деп сабырлық сақтап, анық ойлануды және жағдайға Ехобаның көзімен қарауды айтамыз. Сонда ой-санамызды сақтап, сезімнің жетегінде кетпейміз.

2. Бұл мақала не жайында?

2 Алдыңғы мақалада Ехобаға деген адалдығымызды сынға алатын қауымның сыртынан төнетін үш қиындық жайлы қарастырдық. Ал бұл мақалада қауымның ішінде болатын үш қиындық жайлы қарастырамыз: 1) бауырлас бізге жамандық жасады деп ойлағанда, 2) жөнге салынғанда, 3) ұйымдағы өзгерістерге бейімделуге қиналғанда. Осы үш жағдайда байыппен ойланып, Ехоба мен оның ұйымына тас кенедей жабысып алуға не көмектеседі?

БАУЫРЛАС БІЗГЕ ЖАМАНДЫҚ ЖАСАДЫ ДЕП ОЙЛАҒАНДА

3. Бауырлас бізге жамандық жасағандай көрінгенде не істей бастауымыз мүмкін?

3 Қандай да бір бауырлас, бәлкім, жауапты ер бауырлас сізге жамандық жасағандай сезінген кезіңіз болған ба? Мүмкін ол сізді әдейі ренжітпеген шығар (Рим. 3:23; Жақ. 3:2). Бірақ оның әрекеті ауыр тигені соншалық, ойыңыздан кетпей, тіпті түн ұйқыңыздан айырылған шығарсыз. Сіз сол бауырластың ісінен кейін, “мен өзі шынымен Құдайдың ұйымында жүрмін бе?” деп күмәндана бастауыңыз мүмкін. Бұлай ойланғаныңыз тек Шайтанға ғана керек (Қор. 2-х. 2:11). Бұндай ойлар сізге у сияқты әсер етіп, Ехоба мен оның ұйымынан алып кетуі мүмкін. Ендеше, бауырласымыз бізді ренжіткендей көрінгенде, улы ойлардан аулақ болып, байыппен ойлануға не көмектеседі?

4. Өзгелерден жапа шеккенде Жүсіп қалай байыппен ойланды және біз одан қандай үлгі аламыз? (Мұсаның 1-жазбасы 50:19—21)

4 Ашынбаңыз. Жүсіп жасөспірім кезінде ағаларынан жапа шегіп, әділетсіздік көрді. Олар оны өлердей жек көрді, кейбірі тіпті көзін құртқысы келді (Мұс. 1-ж. 37:4, 18—22). Ақыр соңында ағалары Жүсіпті құлдыққа сатып тынды. Соның кесірінен байғұс бала 13 жылдай уақыт бойы қиындық көрді. Ол “Ехоба мені жақсы көрмейді, ең зәру кезімде мені тастап кетті” деп ойлап, ашынып кетсе болар еді. Бірақ Жүсіп сабыр сақтап, байыппен ойланды. Тіпті ағаларынан кек алудың сәті туып тұрса да, оларға сүйіспеншілік көрсетіп, кешірді (Мұс. 1-ж. 45:4, 5). Анық ойланғанның арқасында Жүсіп жамандыққа жақсылықпен қайтарды. Ол қиындықтарын ғана ойлай бермей, жағдайға әлдеқайда кеңірек қарады, яғни Ехобаның мақсатына назар аударды (Мұсаның 1-жазбасы 50:19—21 оқыңыз). Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Егер біреуден әділетсіздік көрсеңіз, Ехобаға ашуланып, ол мені тастап кетті деп ойламаңыз. Керісінше, Ехоба сізді сол қиындықтан қалай алып өтіп жатқаны туралы ойланыңыз. Сондай-ақ сізді ренжіткен адамның кемелсіздігін сүйіспеншілікпен жабуға тырысыңыз (Пет. 1-х. 4:8).

5. Микеяс байыппен ойланатынын қалай көрсетті?

5 Оңтүстік Америкада тұратын Микеяс b деген ақсақалдың мысалын алайықшы. Ол кезінде кейбір жауапты ер бауырластардың мейірімсіз әрекетінен қатты жапа шеккен екен. Микеяс былай дейді: “Мен өмірімде мұншалықты стреске түспеппін. Әбден мазам қашып, түнімен ұйықтамай шығатынмын. Менде жылаудан басқа еш шара қалмады”. Десе де Микеяс байыппен ойланып, сезімдерін барынша тізгіндеді. Ол Ехобаға қайта-қайта дұға етіп, одан киелі рухы мен күшін сұраумен болды. Сондай-ақ әдебиеттерден ізденіс жасап, өзіне көмек болар ойларды тапты. Біз одан қандай үлгі аламыз? Егер қандай да бір бауырлас сізге жамандық жасағандай сезінсеңіз, сабырлық сақтап, жағымсыз сезімдеріңізді жүгендеуге тырысыңыз. Ол адам неге олай дегенін, неге олай әрекет еткенін сіз толық білмеуіңіз мүмкін. Сондықтан Ехобаға дұға етіп, жағдайға сол адамның көзімен қарауға көмектесші деп сұраңыз. Сонда “ол әдейі істемеген шығар” деген тұжырымға келіп, оны кешіре аласыз (Нақ. с. 19:11). Ехоба төбеде бәрін көріп тұрғанын ұмытпаңыз, ол сізге төтеп беруге қажетті күш береді (Шеж. 2-ж. 16:9; Уағ. 5:8).

ЖӨНГЕ САЛЫНҒАНДА

6. Жөнге салудың артында сүйіспеншілік тұрғанын көру неге маңызды? (Еврейлерге 12:5, 6, 11)

6 Ехоба жөнге салғанда, басында бұл кім-кімге де ауыр тиеді. Осындайда сезімімізді ғана ойлап кетсек, берілген түзету әділетсіз я қатал болды деп ойлай бастауымыз мүмкін. Нәтижесінде ең маңызды нәрсені, яғни Ехобаның сүйіспеншілігін көрмей қаламыз (Еврейлерге 12:5, 6, 11 оқыңыз). Осылай сезімнің жетегінде кетсек, Шайтан бұны пайдаланып, отқа май құя бастайды. Ол бізді Ехобаның жөнге салуынан бас тартса екен, ал одан да сорақысы, Ехобаны да, қауымды да тастап кетсе екен дейді. Егер сізді де жөнге салған болса, байыппен ойлану үшін не істей аласыз?

Петір берілген кеңес пен түзетуді кішіпейілділікпен қабылдағандықтан, Ехобаның қолында жақсы құрал бола алды (7-абзацты қараңыз)

7. а) Суреттен көретініміздей, Петір түзетуге құлақ асқан соң, Ехоба оны қалай қолданды? ә) Біз Петірден қандай үлгі аламыз?

7 Жөнге салынғанда көніп, жақсара беріңіз. Иса Петірді басқа елшілердің көзінше бір емес, бірнеше рет түзеткен (Мар. 8:33; Лұқа 22:31—34). Сол кезде Петір қатты ұялып, ыңғайсызданып қалса керек. Бірақ ол түзетуді қабыл алып, өз қателіктерінен үйреніп, Исаға адалдық сақтап қалды. Ехоба Петірдің адалдығына батасын беріп, қауымда үлкен жауапкершіліктерді сеніп тапсырды (Жох. 21:15—17; Ел. іс. 10:24—33; Пет. 1-х. 1:1). Осы орайда Петірге қалай еліктей аламыз? “Жөнге салынып, әбден ұятқа қалдым” деп көп уайымдай бермей, түзетуді қабылдасақ және қажетті өзгерістерді жасасақ, мұның пайдасын өзіміз де, өзгелер де көреді. Осылай Ехобаға және бауырластарымызға бұрынғыдан да жақсы қызмет ететін боламыз.

8, 9. Бернардо жөнге салынғанда алғашында не сезінді, бірақ көзқарасын түзетуге не көмектесті?

8 Мозамбикте тұратын Бернардо деген ер бауырлас ақсақалдық қызметінен айырылып қалады. Алғашында өзін қалай сезінгені жайлы ол былай дейді: “Мені бұлай жөнге салғандары маған мүлдем ұнамады, тіпті әбден ызам келді”. Бұған қоса ол “енді қауымдағы бауырластар не ойлайды” деп қатты уайымдап кетті. Бернардо: “Жағдайға дұрыс қарауға және Ехоба мен оның ұйымына қайта сенім артуға маған бірнеше ай кетті”,— дейді. Оған көзқарасын өзгертуге не көмектесті?

9 Ол былай дейді: “Ақсақал болып қызмет еткенімде бауырластар Ехобаның түзетуін дұрыс қабылдау үшін, оларға Еврейлерге 12:7-ні оқып беретінмін. Бірақ кейін мен бұл тармақтың оларға ғана емес, Ехобаның барлық қызметшілеріне, соның ішінде маған да қатысты екенін түсіндім”. Ехобаға және оның ұйымына қайта сенім арта бастау үшін Бернардо тағы басқа қадамдарды жасады. Мысалы, Киелі кітапты оқып, терең ой жүгіртуге көбірек уақыт арнайтын болды. Сондай-ақ бауырластар мен жайлы не ойлады деп уайымдаса да, олармен қызметке шықты және қауым кездесулеріне де атсалысып жүрді. Уақыт өте Бернардо қайтадан ақсақал болып тағайындалды. Сізді де Бернардо сияқты жөнге салған болса, басқалардың алдында ұят болды деп көп уайымдамай, берілген кеңеске құлақ асыңыз, қажетті өзгерістерді жасап, жақсарыңыз c (Нақ. с. 8:33; 22:4). Сонда Ехоба сізді оған және өзінің ұйымына адал болып қалғаныңыз үшін жарылқайтынына сенімді болыңыз.

ҰЙЫМДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БЕЙІМДЕЛУ ҚИЫН БОЛҒАНДА

10. Құдай халқындағы қандай өзгеріс кейбір исраилдік ер кісілердің адалдығын сынға алған болуы мүмкін?

10 Ұйымдағы өзгерістер де адалдығымызды сынға алуы, абай болмасақ, тіпті Ехобадан ажыратып әкетуі мүмкін. Мысалы, кезінде Мұса Заңы әкелген өзгерістер кейбір исраилдіктерге қалай әсер еткенін алайық. Оған дейін Исраилде діни қызметкердің рөлін әулетбасылар атқаратын. Олар құрбандық орындарын тұрғызып, әулеттерінің атынан Ехобаға құрбандық шалатын (Мұс. 1-ж. 8:20, 21; 12:7; 26:25; 35:1, 6, 7; Әйүп 1:5). Бірақ Мұса Заңы күшіне енгенде, әулетбасылар бұдан былай бұл мәртебелі қызметті атқара алмайтын болды, өйткені Ехоба оны тек Харонның әулетіне тапсырды. Бұдан былай Харонның ұрпағына жатпайтын қандай да бір әулетбасы діни қызметкердің рөлін атқарып, құрбандық шалса, өлімге кесілетін болды d (Мұс. 3-ж. 17:3—6, 8, 9). Мұса мен Харонның билігіне қарсы шыққан Қорах, Датан, Әбирам және 250 басшы есіңізде ме? Олардың бүлік шығаруына түрткі болған себептердің бірі осы өзгеріс болуы мүмкін бе? (Мұс. 4-ж. 16:1—3). Қалай болған күнде де, Қорах пен оның қасындағылар Ехобаға адалдық сақтамады. Егер ұйымдағы өзгерістер сіздің де адалдығыңызға соққы болып жатса, не істесеңіз болады?

Қахат ұрпақтарының қызметі өзгергенде, олар ән айтуға, қақпаны күзетуге, қоймаларда жұмыс істеуге дайын болды (11-абзацты қараңыз)

11. Қахаттың ұрпақтарынан қандай үлгі аламыз?

11 Ұйымдағы өзгерістерді барынша қолдаңыз. Шөл далада жүргендерінде Қахаттан тараған леуіліктердің ерекше тапсырмалары болатын. Исраилдіктердің қосы көшкен сайын Қахаттың ұрпақтарының кейбірі бүкіл халықтың алдында келісім сандығын көтеріп жүретін (Мұс. 4-ж. 3:29, 31; 10:33; Ешуа 3:2—4). Бұл өте мәртебелі қызмет болатын! Бірақ Уәде етілген жерге кірген соң, бәрі өзгеріп кетті. Енді келісім сандығын көтеріп, көшіп жүрудің қажеті болмады. Сүлеймен патшаның тұсында Қахат ұрпақтарының кейбірі ән айтуға, қақпаны күзетуге, ал кейбірі қоймаларға жауапты болуға тағайындалды (Шеж. 1-ж. 6:31—33; 26:1, 24). Киелі кітаптың еш жерінен олардың “бізді беделді қызметімізден түсіріп тастадыңдар” деп немесе “жақсырақ қызметті беріңдер” деп күңкілдегенін оқымаймыз. Осы орайда олардан қандай үлгі аламыз? Ехобаның ұйымындағы өзгерістерді, соның ішінде сіздің тағайындалуыңызға да әсер ететін кез келген өзгерісті бар жүрегіңізбен қолдаңыз. Қандай тапсырма жүктелсе де, содан қуаныш табыңыз. Есіңізде болсын, Ехоба үшін сізді бағалы ететін нәрсе тағайындалуыңыз емес. Ол үшін мойынсұну кез келген тағайындалудан артық (Сам. 1-ж. 15:22).

12. Бетелден танапқа тағайындалғаны Заинаға қалай әсер етті?

12 Таяу Шығыста тұратын Заина деген әйел бауырластың оқиғасын алайық. Ол 23 жылдай уақыт бойы сүйіп атқарған бетелдік қызметін тоқтатып, танапқа тағайындалады. Заина былай дейді: “Бұл өзгеріс маған өте ауыр тиді. Өзімді керексіз сезініп, қай жерден қателестім деген ой маған маза бермеді”. Бұл аздай, қауымдағы кейбір бауырластар оған: “Қызметіңді дұрыс атқарсаң, ұйым сені жібермес еді ғой”,— деп, жарасына тұз септі. Жаны жараланғаны сонша — Заина түнімен жылап шығатын. “Бірақ мен ұйым мен Ехобаның сүйіспеншілігіне бір сәтке де күмәнданған емеспін”,— дейді ол. Заинаға байыппен ойлануға не көмектесті?

13. Заина бауырлас жағымсыз сезімдерін қалай бағындырды?

13 Заина жағымсыз сезімдерін бағындыра алды. Бұл үшін ол әдебиеттеріміздегі өзінің жағдайына сай келетін мақалаларды оқыды. Оған әсіресе 2001 жыл, 1 ақпандағы “Күзет мұнарасының” “Мұңды жеңе біл” (ор.) деген мақаласы көп көмектесті. Ол жерде Киелі кітап жазушысы Марқаның қызметі ауысқанда, Заинанікіндей сезімдер кешкені айтылған. “Марқаның оқиғасы жаныма шипа болды. Ол маған мұңнан арылуға көмектесті”,— дейді Заина. Сондай-ақ Заина достарымен қарым-қатынасын үзбей, оларға жақын болып қалды. Ол бауырластарынан оқшауланбады, өзін тым аяп та кетпеді. Бұған қоса, ол Ехобаның ұйымын киелі рухы жетелеп отырғанын және жауапты ер бауырластар оның қамын ойлайтынын түсінді. Ол: “Ехобаның ісі алға басу үшін, ұйым ең жақсы шешімді қабылдауы керек қой”,— дейді.

14. Владо бауырласқа қандай өзгеріске бейімделу қиын болды, бірақ оған не көмектесті?

14 Енді Словенияда тұратын 73 жасар Владо деген ақсақалдың оқиғасын алайық. Оның қауымы басқа бір қауыммен біріктіріліп, ол барып жүрген Патшалық сарайы жабылып қалады. Владо бауырлас былай дейді: “Мен сондай әдемі Патшалық сарайымыздың не үшін жабылып қалғанын еш түсінбедім. Оны біз жақында ғана жөндеп шыққан едік. Ұста болғандықтан, кейбір жиһаздарын өз қолыммен жасаған едім. Екі қауымның біріккені де мен сияқты үлкен жастағы жариялаушыларға оңайға соқпады”. Осы өзгерісті қолдауға Владо бауырласқа не көмектесті? “Ехобаның ұйымындағы өзгерістерге бейімделгенің тек жақсылық әкеледі. Бұлар бізді алда болатын одан да үлкен өзгерістерге дайындайды”,— дейді ол. Сіздің де қауымыңыз басқа қауымға қосылғандықтан не тағайындалуыңыз өзгергендіктен қиналып жүрсіз бе? Ехоба сіздің сезімдеріңізді жақсы түсінеді, бұған еш күмәніңіз болмасын. Болып жатқан өзгерістерді қабылдап, Ехоба мен оның ұйымына адал болып қалсаңыз, міндетті түрде батаға кенелесіз (Зәб. 18:25).

БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДА БАЙЫППЕН ОЙЛАНЫҢЫЗ

15. Қауымның ішінде қиындықтар туындағанда байыппен ойлану үшін не істесеңіз болады?

15 Осы дүниенің соңы жақындаған сайын, қауымның ішінде қиындықтар болып тұратыны қалыпты жайт. Олар Ехобаға деген адалдығымызды сынауы мүмкін болғандықтан, ой-санамызды сақтап, байыппен ойланайық. Мысалы, сізге бір бауырлас әділетсіздік жасағандай болса, ашынып кетпеңіз. Ал егер сізді жөнге салған болса, әбден ұятқа қалдым деп уайымдай бермей, кеңесті қабылдап, қажетті өзгерістер жасаңыз. Сондай-ақ Ехобаның ұйымы сізге тікелей әсер ететін өзгерістер жасаса, соны бар жүрегіңізбен қолдап, басшылыққа мойынсұныңыз.

16. Ехоба мен оның ұйымына деген сеніміңізді қалай берік сақтай аласыз?

16 Адалдығыңыз сынға алынғанда, сіз Ехобаға және оның ұйымына деген сеніміңізді берік сақтай аласыз. Ол үшін байыппен ойланыңыз, яғни сабырлық сақтап, анық ойланып, жағдайға Ехобаның көзімен қарауға тырысыңыз. Сондай-ақ сіздікіндей жағдайға кезіккен Киелі кітаптағы адамдар жайлы зерттеп, ой жүгіртіңіз. Ехобаға дұға етіп, одан көмек сұраңыз. Қауымнан да оқшауланып кетпеңіз. Сонда қандай жағдай болмасын, Шайтан сізді Ехобадан да, оның ұйымынан да бір еліге де ажырата алмайды (Жақ. 4:7).

126-ӘН Сақ жүріп, аяғыңды нық бас

a Ехобаға және оның ұйымына деген адалдығымызды, әсіресе, қауымның ішінде болатын қиындықтар сынауы мүмкін. Бұл мақалада сол қиындықтардың үшеуіне тоқталамыз және Ехоба мен оның ұйымына қалай адал болып қала алатынымызды қарастырамыз.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c 2009 жылдың 15 тамызындағы “Күзет мұнарасының” 30-бетіндегі “Жауапты қызметке қайта орала аласың ба?” деген мақалада біраз пайдалы кеңестер бар.

d Мұса Заңына сай, үй жануарын сойып, етін жегісі келген әулетбасылар малды киелі орынға әкелуге міндетті еді. Тек өте алыс жерде тұратын әулетбасыларға ғана малды тұрып жатқан жерлерінде союға рұқсат берілетін (Мұс. 5-ж. 12:21).