Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобадан сізді еш нәрсе ажыратпасын

Ехобадан сізді еш нәрсе ажыратпасын

“Мен, уа, Ехоба, өзіңе арқа сүйеймін” (ЗӘБ. 31:14).

122-ӘН Берік те мығым бол!

АҢДАТПА a

1. Ехоба бізге жақын болғысы келетінін қайдан білеміз?

 ЕХОБА бізді өзіне жақын болуға шақырады (Жақ. 4:8). Ол біздің Құдайымыз, Әкеміз және Досымыз болғысы келеді. Мысалы, біздің дұғамызға жауап беріп, қиын шақта қасымыздан табылады. Сондай-ақ ұйымы арқылы бізге тәлім-тәрбие береді әрі қорғайды. Оған жақын болуымыз үшін біз өз тарапымыздан не істеуіміз керек?

2. Біз Ехобаға қалай жақындай аламыз?

2 Ехобаға жақындай түсу үшін, оған дұға етуіміз, Сөзін оқып, үстінен ой жүгіртуіміз керек. Сонда жүрегімізді Ехобаға деген сүйіспеншілік пен ризашылық кернеп, оған мойынсұнуға және мадақтауға талпынамыз. Ал ол бұған әбден лайық емес пе?! (Аян 4:11). Осылай Ехобаны жақыннан таныған сайын, оның өзіне де және біздің қамымыз үшін берген ұйымына да көбірек сенім арта бастаймыз.

3. Ібіліс қалай бізді Ехобадан алшақтатқысы келеді, бірақ Ехобаны да, оның ұйымын да тастап кетпеуге не көмектеседі? (Зәбүр 31:13, 14)

3 Алайда Ібіліс тыныш жатсын ба! Ол бізді, әсіресе қиналған кезімізде, Ехобадан алшақтатып жібергісі келеді. Бұл үшін ол ақырындап Ехобаға және оның ұйымына деген сенімімізді жоюға тырысады. Бірақ біз Ехобаға деген сеніміміз бен сенімділігімізді берік сақтасақ, Ібілістің айла-амалдарына қарсы тұрып, Құдайды да, оның ұйымын да ешқашан тастап кетпейтін боламыз (Зәбүр 31:13, 14 оқыңыз).

4. Осы мақалада не туралы қарастырамыз?

4 Осы мақалада қауымның сыртынан төнетін үш қиындық жайлы қарастырамыз. Олардың әрқайсысы Ехобаға және оның ұйымына деген сенімімізді шайқалтуы әбден мүмкін. Бұл қиындықтар бізді Ехобадан қалай алып кетуі мүмкін? Шайтанның шабуылдарына қалай тойтарыс бере аламыз?

ҚИЫНДЫҚҚА КЕЗІККЕНДЕ

5. Қиындықтар Ехобаға және оның ұйымына деген сенімімізді қалай сындыруы мүмкін?

5 Кейде туыстарымыз бізді Ехоба куәгері болғанымыз үшін жек көріп, қарсы шығып жатады. Ал кейде нан тауып жүрген жұмысымыздан айырылып қаламыз. Осындай қиындықтар Ехобаның ұйымына деген сенімімізді шайқалтып, одан алшақтатып жіберуі мүмкін. Қалайша? Қандай да бір қиындық ұзақтан бері жауыр болып келе жатса, өзімізді шарасыз сезініп, рухымыз күйреуі мүмкін. Шайтан осы сәтті пайдаланып, “Ехоба мені жақсы көрмейтін шығар” деген ойды ұялатуға тырысады. Ол “Ехобаның және оның ұйымының кесірінен осындай қиыншылық көріп жатырмын” деп ойлағанымызды қалайды. Кезінде Мысырда жүрген исраилдіктер осылай ойлады. Алғашында олар Мұса мен Харонды Ехоба тағайындағанына және екеуі оларды құлдықтан алып шығатынына сенімді болды (Мұс. 2-ж. 4:29—31). Бірақ кейінірек перғауын өмірлерін қиындатып жіберген кезде, олар Мұса мен Харонды жазғырып шыға келді. Олар екеуіне: “Перғауын мен оның қызметшілеріне бізді жеккөрінішті етіп, көзімізді құрту үшін қолдарына семсер бердіңдер”,— деді (Мұс. 2-ж. 5:19—21). Қандай өкінішті! Исраилдіктер Құдайдың адал қызметшілеріне кінә тақты. Егер сізді бір қиындық ұзақтан бері мазалап жүрсе, Ехоба мен оның ұйымына деген сеніміңізді сындырмауға не көмектеседі?

6. Абақұқ пайғамбардан қиындықпен күресуге қатысты не үйренеміз? (Абақұқ 3:17—19)

6 Дұғада сезімдеріңізді ашық айтып, Ехобадан көмек іздеңіз. Абақұқ пайғамбар өмірінде көп қиындық көрген. Бірде ол тіпті “менің күйім Ехобаны қызықтыра ма өзі” деген ойға беріледі. Сөйтіп, ойлары мен сезімдерін еш бүкпей: “Уа, Ехоба, қашанғы көмек сұраймын, Ал сен құлақ салар емессің? Неге қысымшылыққа шыдап отырсың?”— деп дұға етеді (Абқ. 1:2, 3). Адал қызметшісінің жүректен шыққан осы дұғасына Ехоба жауап берді (Абқ. 2:2, 3) Абақұқ Ехобаның өз халқын құтқарған кездерін еске түсіріп, айырылып қалған қуанышын қайта тапты. Ехоба оның қамын ойлап келгеніне және кез келген қиындықты жеңуге көмектесетініне оның көзі жетті (Абақұқ 3:17—19 оқыңыз). Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Қиындыққа кезіккенде Ехобаға барлық сезімдеріңіз бен уайымыңызды ашық айтыңыз. Сосын одан көмек іздеңіз. Осылай әрекет еткен кезіңізде Ехобаның сізге төтеп беруге күш беретініне сенімді болыңыз. Сонда оның қолдап-қуаттағанын сезінгенде, сеніміңіз қатая түседі.

7. Ширлейдің туыстары оны не нәрсеге сендіруге тырысты, бірақ Ехобаға деген сенімін жоғалтпауға оған не көмектесті?

7 Рухани әдетіңізден айнымаңыз. Бұл кеңес Папуа – Жаңа Гвинеяда тұратын Ширлей деген бауырласқа қиындыққа кезіккенде қалай көмектескенін қарастырып көрейік b. Оның отбасы кедей тұратын, тіпті жейтін тамақты табудың өзі қиынға соғатын. Ширлейдің бір туысы оның Ехобаға деген сенімін күйреткісі келіп былай дейді: “Сен Құдайдың рухы бізге көмектесіп жатыр дейсің, көмектескені қайда? Отбасыңның жағдайы анау, ал өзің болсаң уағыз-уағыз деп уақытыңды текке кетіріп жүрсің”. Ширлей былай дейді: “Сонда мен Ехоба шынымен қамымызды ойлайтынына күмәнданып қалдым. Бірақ Ехобаға бірден дұға етіп, ойымның бәрін ашық айттым. Сондай-ақ Киелі кітап пен әдебиеттерімізді оқуды жалғастыра бердім. Қызметке шығуды, қауым кездесулеріне баруды да үзбедім”. Кейін Ширлей Ехоба оның қамын ойлап жүргеніне көз жеткізе бастады. Мысалы, оның отбасының аш қалған кезі болмаған еді әрі олар бақытты еді. “Ехоба менің дұғаларыма жауап беріп жатқанын сездім”,— дейді Ширлей (Тім. 1-х. 6:6—8). Сіз де рухани әдетіңізден жаңылмайтын болсаңыз, бірде-бір қиындық та, күмән да сізді Ехобадан ажырата алмайды.

ЖАУАПТЫ ЕР БАУЫРЛАСТАР ӘДІЛЕТСІЗДІК КӨРГЕНДЕ

8. Ехобаның ұйымындағы жауапты ер бауырластар қандай жағдайға кезігуі мүмкін?

8 Жауларымыз бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет арқылы Ехобаның ұйымындағы жауапты ер бауырластар туралы жалған не бұрмаланған ақпараттар таратады (Зәб. 31:13). Осы ер бауырластардың кейбірі қамауға алынып, қылмыскер деген атпен сотталып жатыр. Бірінші ғасырда елші Пауыл да жалған айыппен қамауға алынған. Сол кезде басқа мәсіхшілер не істеді?

9. Елші Пауыл түрмеге қамалғанда кейбір мәсіхшілер не істеді?

9 Елші Пауыл Римдегі түрмеге қамалғанда, мәсіхшілердің кейбірі одан теріс айналып кетті (Тім. 2-х. 1:8, 15). Олар неге бұлай етті? Жұрт Пауылды қылмыскер деп санағандықтан, оған көмектесуге намыстанды ма, әлде “енді бізді де қудалайтын болды” деп қорықты ма? (Тім. 2-х. 2:8, 9). Бұның себебі қандай болмасын, сол кезде елші Пауыл не сезінгенін ойлап көріңізші. Ол сол бауырластары үшін көптеген қиындыққа төзіп, тіпті өмірін қатерге тіккен еді ғой! (Ел. іс. 20:18—21; Қор. 2-х. 1:8). Көмекке аса мұқтаж кезінде Пауылдан теріс айналып кеткен сол мәсіхшілерге ешқашан ұқсамайық. Ендеше, жауапты ер бауырластар қуғын-сүргінге ұшырағанда нені есте ұстауымыз керек?

10. Жауапты бауырластар қудаланғанда нені есте ұстауымыз керек және неге?

10 Не үшін қудаланып жатқаныңызды және оның артында кім тұрғанын ұмытпаңыз. Тімөтеге 2-хат 3:12-де: “Мәсіх Исаның шәкірті ретінде Құдайға шын беріліп өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалады”,— делінген. Сондықтан біз неге Шайтанның жауапты ер бауырластарды нысанаға алып, оларға шабуылдап жатқанына таңғалмаймыз. Оның мақсаты — оларды мінсіздіктерінен тайдыру, ал бізді қорқытып-үркіту (Пет. 1-х. 5:8).

Пауыл түрмеде отырса да, Онисипор батылдық танытып, оған қолдау көрсетті. Суреттен көрінетіндей, бүгінде де бауырластар түрмедегі бауырластарына қолдау көрсетеді (11, 12-абзацтарды қараңыз)

11. Біз Онисипордан қандай үлгі аламыз? (Тімөтеге 2-хат 1:16—18)

11 Бауырластарымызды әрқашан қолдап, олардан ажырамаңыз (Тімөтеге 2-хат 1:16—18 оқыңыз). Пауылды тастап кеткен мәсіхшілермен салыстырғанда Онисипор мүлдем басқаша әрекет етті. Ол Пауылдың түрмеде отырғанынан еш ұялмады, қайта, оны іздеп тауып, тіпті басын қатерге тігуге тура келсе де, Пауылға қолдау көрсетудің амалдарын іздестірді. Осы жағдайдан қандай сабақ аламыз? Адамдардан қорқып, қуғынға кезіккен бауырластарға қолдау көрсетуден тартынып жүрмейік. Қайта, оларды қорғауға және қолымыздан келгенше жәрдемдесуге дайын болайық (Нақ. с. 17:17). Оларға біздің сүйіспеншілігіміз бен қолдауымыз ауадай қажет.

12. Ресейдегі бауырластар бізге қандай үлгі көрсетеді?

12 Ресейдегі бауырластар түрмеде отырған бауырластарын қалай қолдап жатқандарына назар аударайықшы. Бауырластар сот отырысына ағылып келіп, айыпталып жатқан бауырласпен бірге екендерін көрсетіп жүр. Бұл біз үшін керемет үлгі! Жауапты ер бауырластарымызға жала жабылып, оларды тұтқындап, қудалап жатса, қорқынышқа бой алдырмайық. Олар үшін дұға айтайық, отбасындағы адамдарына көңіл бөлейік және басқа да жолдармен жәрдемдесудің амалын іздестірейік (Ел. іс. 12:5; Қор. 2-х. 1:10, 11).

КЕЛЕКЕ-МАЗАҚҚА ҚАЛҒАНДА

13. Келеке-мазақ Ехоба мен оның ұйымына деген сеніміңізді қалай күйретуі мүмкін?

13 Сенбейтін туыстарымыз, әріптестеріміз бен сыныптастарымыз біздің уағыз ісімізді және Ехобаның жоғары моральдық нормаларын ұстанатынымызды жақтырмай, бізді келеке-мазақ етуі мүмкін (Пет. 1-х. 4:4). Олар: “Сен жап-жақсы-ақ адамсың, бірақ мына дінің сені тым шектеп тастапты, баяғы заманда қалып кетіпсің”,— дейтін шығар. Ал өзгелері болса қауымнан шығару шарасын айыптап: “Бұл не деген тасжүректік, мейірімдерің қайда?!”— деуі мүмкін. Осындай сөздердің барлығы санамызға тарайтын у сияқты. Біз: “Ехоба менен тым көп талап етіп жатқан жоқ па? Оның ұйымы тым қатал емес пе?”— деп ойлай бастауымыз мүмкін. Осындай жағдайға кезіксеңіз, Ехоба мен оның ұйымынан ажырап кетпеуге не көмектеседі?

Әйүп доссымақтарының өтірігіне алданбай, Ехобаға адал болып қалуға бекінді (14-абзацты қараңыз)

14. Ехобаның талаптарын ұстанғанымыз үшін біреулер мазақтаса, қалай әрекет еткен дұрыс? (Зәбүр 119:50—52)

14 Ехобаның талаптарын берік ұстануға бекініңіз. Келеке-мазаққа ұшыраса да, Әйүп Ехобаның талаптарын берік ұстанған (Әйүп 4:17, 18; 22:3). Оның бір доссымағы “Құдайдың талаптарымен өмір сүріп, мінсіз жүргеніңнен оған келіп-кетер пайда жоқ” деген ой салады. Бірақ бұндай қып-қызыл өтірікке Әйүп еш иланбады. Ол Ехобаның жақсы мен жаманға қатысты талаптарының дұрыстығына сенімді болды және оларды нық ұстануға бекінген еді. Әйүп өз мінсіздігін ешкімге таптатпады (Әйүп 27:5, 6). Біз одан қандай үлгі аламыз? Адамдардың келеке-мазағына сеніп, Ехобаның талаптарына күмәнданып жүрмеңіз. Өз өміріңіз жайлы ойланып көріңізші. Ехобаның тілін алып, оның талаптарын орындағанның арқасында өміріңізде көп жақсылық көрдіңіз, солай емес пе? Ендеше, сол талаптарды ұстанатын ұйымда әрі қарай да қалуға нық бекініңіз, сонда ешқандай келеке-мазақ сізді бір еліге де Ехобадан ажырата алмайды (Зәбүр 119:50—52 оқыңыз).

15. Бриджит қандай қиындыққа кезікті?

15 Туысқандарының келеке-мазағына ұшыраған Бриджит деген үндістандық әйел бауырластың жағдайын алайықшы. Ол 1997 жылы шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп ұзамай оның Куәгер емес күйеуі жұмысынан айырылады. Сөйтіп, күйеуі Бриджит пен қыздарын алып, басқа қалада тұратын ата-анасының үйіне көшіп барады. Бірақ бұл жағдай Бриджиттың өмірін одан сайын қиындатып жібереді. Күйеуі жұмыссыз қалғандықтан, Бриджитке отбасын асырау үшін таң атқаннан қара кешке дейін жұмыс істеуге тура келеді. Ал ең жақын деген қауымға бару үшін оған кем дегенде 350 километр жол жүру керек болады. Оның үстіне, күйеуінің отбасы Бриджиттің мәсіхші болғандығын мүлдем жақтырмай, қатты қарсылық көрсетеді. Қарсылық күшейіп кеткендіктен, олар қайтадан көшуге мәжбүр болады. Сосын ешкім күтпеген жерден күйеуі қайтыс болады. Артынша небәрі 12 жасар қызы қатерлі ісіктен көз жұмады. Жығылғанға жұдырық болып, осы қасіреттің бәріне туысқандары Бриджитті кінәлай бастайды. Олар: ”Осының барлығы сенің дініңнің кесірінен болып жатыр”,— деп жазғырады. Бірақ Бриджит әрі қарай да Ехобаға сенім артып, оның ұйымынан еш ажырамайды.

16. Ехобадан және оның ұйымынан ажырамағаны үшін Бриджит қалай жарылқанды?

16 Бриджит қауымнан жырақта тұрғандықтан, аудандық бақылаушы оған өзінің тұратын жерінде уағыздап, қауым кездесулерін өз үйінде өткізуді тапсырады. Бұл тапсырма жүк болып көрінсе де, Бриджит оған мойынсұнды. Ол өз аумағында ізгі хабарды уағыздап, үйінде қауым кездесулерін өткізе бастады. Қыздарымен отбасылық ғибадатты өткізуге де уақыт тапты. Оның еңбегі қандай жеміс әкелді? Бриджит көп Киелі кітап зерттеу сабағын бастады және олардың көбісі шомылдыру рәсімінен өтті. Ал 2005 жылы ол тұрақты ізашар болып тағайындалды. Оның Ехобаға деген сенімі және оның ұйымына деген адалдығы молынан жарылқанды. Қазір Бриджиттің қыздары Ехобаға адалдықпен қызмет етіп жүр және сол аумақта енді екі қауым бар. Бриджит өмірдің тауқыметі мен туысқандарының қарсылықтарына тек Ехобаның арқасында ғана төтеп бере алғанына сенімді.

ЕХОБА МЕН ОНЫҢ ҰЙЫМЫНА АДАЛ БОЛЫП ҚАЛЫҢЫЗ

17. Сіз не нәрсеге бекінуіңіз керек?

17 Қиындыққа кезіккенімізде Шайтан “Ехоба бізді тастап кетеді, оның ұйымында жүргеніміз өмірімізді қиындатып жібереді” деп ойлағанымызды қалайды. Ал жауапты ер бауырластарымыз жала жабылып, қуғындалып, түрмеге түсіп жатса, Шайтан бізді үрейге бой алдырып, қорқып қалса екен дейді. Бұған қоса, келеке-мазақты қолданып, Ехобаның талаптары мен ұйымына деген сенімімізді сындырғысы келеді. Бірақ біз оның айла-амалдарын жақсы білгендіктен, оған алданбаймыз (Қор. 2-х. 2:11). Қайта, Шайтанның өтіріктеріне тойтарыс беріп, Ехоба мен оның ұйымына адал болып қалуға бекінеміз. Есіңізде болсын, Ехоба сізді ешқашан тастап кетпейді (Зәб. 28:7). Ендеше, ешкімге де, еш нәрсеге де сізді Ехобадан ажыратып әкетуіне жол бермеңіз (Рим. 8:35—39).

18. Келесі мақалада не талқыланады?

18 Осы мақалада біз қауымнан емес, сырттан болатын қиындықтар жайлы талқыладық. Бірақ қауымның ішіндегі қиындықтар да Ехобаға және оның ұйымына деген сенімімізді сынға алып жатады. Сондайда не істей аламыз? Бұл жайлы келесі мақаладан көреміз.

118-ӘН “Сенімімізді нығайта көр”

a Соңғы күндерден адалдық сақтап өту үшін, Ехоба мен оның ұйымына деген сенімімізді жоғалтпауымыз керек. Ібіліс осы сенімімізді күйреткісі келеді. Ол мұны қандай үш жолмен істейді және біз оған қалай қарсы тұра аламыз? Осы мақалада сол жайында білеміз.

b Кейбір есімдер өзгертілген.