Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

46-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба қиындыққа қуанышпен төтеп беруге көмектеседі

Ехоба қиындыққа қуанышпен төтеп беруге көмектеседі

“Ехоба сендерге ықыласын түсіру үшін шыдаммен күтіп отыр. Ол сендерге мейірім таныту үшін түрегеледі” (ИШАЯ 30:18).

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

АҢДАТПА a

1, 2. а) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз? ә) Ехоба бізге көмектесуге асық екенін қайдан білеміз?

 ЕХОБА өмірдің тауқыметін бөлісе көтеріседі әрі қасиетті қызметімізден қуаныш табуға көмектеседі. Бұл көмекті Ехоба қандай жолдармен көрсетеді? Оның көмегінің бар пайдасын көру үшін не істесек болады? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап аламыз. Бірақ алдымен Ехоба бізге шынымен көмектескісі келе ме, соны білейік.

2 Бұған елші Пауылдың Еврейлерге жазған хатындағы бір сөз жауап береді. Ол: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп жазған (Евр. 13:6). Бір еңбекте айтылғандай, мұндағы “көмекші” деген сөз айғайлап көмекке шақырып жатқан адамға жүгіріп баратын адамды білдіреді. Ехобаның қиналып жатқан қызметшісіне қарай асығып бара жатқанын елестетіп көріңізші. Бұл көрініс ол біздің Көмекшіміз болуды қатты қалайтынын көрсетеді емес пе?! Ехоба жанымыздан табылып, бізге әр кез болысып тұрса, кез келген қиындыққа қуанышпен төзе аламыз.

3. Қызметшілері қиыншылыққа қуанышпен төзу үшін, Ехоба қандай үш жолмен көмектеседі?

3 Қиыншылықтарға қуанышпен төзуге Ехоба қандай жолдармен көмектеседі? Бұл сұраққа жауап беру үшін Ишая кітабына назар аударайық. Өйткені ондағы киелі рухтың жетелеуімен жазылған көп пайғамбарлық Құдайдың бүгіндегі қызметшілеріне қатысты. Сондай-ақ онда Ишая пайғамбар Ехобаны бізге түсінікті болатын қарапайым тіркестермен сипаттайды. Мысалға 30-тарауды алайықшы. Онда Ехоба өз қызметшілеріне мынадай үш жолмен қалай көмектесетіні әдемі тілмен жазылады: 1) дұғаларымызды құлақ қойып тыңдап, оларға жауап береді; 2) бағыт-бағдар беріп отырады; 3) қазір де, болашақта да бізге мол батасын төгеді. Осы үш көмекке қазір жеке-жеке тоқталып кетейік.

ЕХОБА БІЗДІ ТЫҢДАЙДЫ

4. а) Ишаяның кезіндегі яһудилерді Ехоба қалай сипаттады және ол не нәрсеге жол берді? ә) Ехоба адал яһудилерге қандай үміт берді? (Ишая 30:18, 19)

4 Ишая кітабының 30-тарауының алғашқы сөздерінде Ехоба яһудилерді “күнәларына күнә қосатын” “қиқар ұлдар” деп атаған. Бұған қоса, оларды “Ехобаның заңын тыңдағысы келмейтін” “бүлікшіл халық” деген (Ишая 30:1, 9). Ехобаны тыңдамағандары үшін Ишая оларды апат күтіп тұрғанын айтты (Ишая 30:5, 17; Ерм. 25:8—11). Расында да, кейін бабылдықтардың әскері келіп, оларды тұтқындыққа алып кетті. Десе де сол бүлікшілердің арасында адал яһудилер де бар еді. Ишая күндердің күнінде Ехоба оларға қайтадан ықыласын түсіретінін айтып, сөнген үміттерін қайта жақты (Ишая 30:18, 19 оқыңыз). Бабылдан азат болғанда, олардың осы үміттері ақталды! Десе де “Ехоба сендерге ықыласын түсіру үшін шыдаммен күтіп отыр” деген сөздер адал яһудилердің бірден емес, арада біраз уақыт өте құтқарылатындарын білдірді. Бақандай 70 жыл өткеннен кейін ғана Исраилдің тамтығы Иерусалимге оралды (Ишая 10:21; Ерм. 29:10). Осылай қайғының жасы қуаныш жасына ұласты.

5. Ишая 30:19 бізге қандай сенімділік береді?

5 “Көмекке шақырып жалбарынғаныңда, ол ықыласын түсіреді” деген сөздерден бүгінде барлығымыз да жұбаныш таба аламыз (Ишая 30:19). Ехобаны көмекке шақырғанымызда, ол бізді мұқият тыңдайды және бірден жауап береді. Ишая пайғамбар: “Даусыңды ести сала, саған жауап береді”,— деп жазған. Осы сөздер көктегі Әкеміздің дұға айтқандарға көмектесуге асық екенін көрсетеді, солай емес пе?! Бұл ойды білген жан қиындыққа қуанышпен төтеп бере алады.

6. Ишаяның сөздерінен Ехоба әрбір қызметшісінің дұғасын тыңдайтыны қалай көрінеді?

6 Осы тармақ бізді тағы бір нәрсеге сендіреді. Ехоба әрқайсысымыздың дұғамызға жеке-жеке құлақ асады. Неге бұлай дей аламыз? Ишая 30-тараудың алғашқы жартысында Ехоба өз халқына “сендер” деп топ ретінде сөйлеп келе жатады да, 19-тармақта “сен” деп жекеше түрге ауысып, сөзін әрбір адамға арнайды. Онда: “Сен енді қайтып жыламайсың. Көмекке шақырып жалбарынғаныңда... даусыңды  ести сала, саған жауап береді”,— делінген. Сүюші Әкеміз Ехоба еңсесі түскен ұлын не қызын басқа қызметшілерімен салыстырып, “сен анау бауырласың сияқты мықты болуың керек” демейді. Ол әрқайсысымызға дара тұлға деп қарап, дұғаларымызды мұқият тыңдайды (Зәб. 116:1; Ишая 57:15).

Ишаяның “[Ехобаға] тыныштық бермеңдер” дегені нені білдіреді? (7-абзацты қараңыз)

7. Ишая мен Исаның сөздерінен көрінетіндей, неліктен талмай дұға айта беруіміз керек?

7 Біз Ехобаға уайымымызды айтқанда, ол бірден жауап беріп, сол жағдайды көтеретін күш береді. Егер қиындығымыз біз күткен уақытта шешілмей жатса, төтеп беретін күш сұрап, Ехобаға қайта-қайта дұға айта беруіміз керек. Оның өзі бізді солай етуге шақырады. Бұл Ишаяның “оған тыныштық бермеңдер” деген сөздерінен көрінеді (Ишая 62:7). Былайша айтқанда, біз Ехобаға тыныштық бермей, табанды түрде дұға айта беруіміз керек. Бұл сөздер Исаның Лұқа 11:8—10, 13-тегі дұға жайлы айтқан мысалын еске салады. Ол жерде Иса киелі рухты “қадалып сұрап тұрып алуға” және “сұрай беруге” шақырады. Біз дұрыс шешім қабылдау үшін де Ехобадан бағыт көрсетуін сұрап жалбарынсақ болады.

ЕХОБА БІЗДІ БАҒЫТТАЙДЫ

8. Ишая 30:20, 21-дегі сөздер ежелде қалай орындалды?

8 Ишая 30:20, 21 оқыңыз. Бабыл әскері Иерусалимді бір жарым жыл бойы қоршауда ұстағанда, халықтың қиналғаны сонша — қиындықтар оларға нан мен су сияқты таныс болып кеткен еді. Бірақ 20, 21-інші тармақтарға сай, олар істеріне өкініп, жүріс-тұрыстарын өзгертсе, Ехоба оларды құтқарып алатынын, сондай-ақ оған ұнамды түрде ғибадат етуді өзі үйрететінін де уәде етті. Мұны Ишаяның Ехобаны “Ұлы Тәлімгерлерің” деп атаған сөздерінен көреміз. Құдайдың бұл уәдесі яһудилер бостандыққа шыққанда орындалды. Олар Ехобаның бағыттауымен таза ғибадатты қалпына келтіргенде, Ехоба Ұлы Тәлімгер екенін дәлелдеді. Осындай Ұлы Тәлімгеріміздің бары — біз үшін де зор бақыт!

9. Бүгінде Ехобадан тәлім алудың бір жолы қандай?

9 Ишая бізді Ехобадан екі жолмен тәлім алып жатқан оқушыларға теңейді. Алдымен ол: “Сендер Ұлы Тәлімгерлеріңді өз көздеріңмен көресіңдер”,— деген. Мұнда Ишая Ехобаны оқушыларының алдында тұрған Тәлімгерге теңеп тұр. Одан тәлім алу — біз үшін үлкен мәртебе! Алайда Ехоба тәлімін қалай береді? Өзінің ұйымы арқылы. Біз осы арнаның анық та қанық нұсқаулар беріп, бізді бағыттап жатқанына өте ризамыз! Кездесулер мен конгрестерден, әдебиеттеріміз бен JW Broadcasting® бағдарламасынан және басқа да мәлімет көздерінен алып жатқан тәлімдеріміз қиыншылықтарды қуанышпен көтеруге көмектеседі.

10. Біз қай мағынада “ту сыртымыздан дауыс естиміз”?

10 Ишая Ехобадан тәлім алудың екінші жолы туралы: “Ту сырттарыңнан... дауыс естисіңдер”,— деген. Бұл жерде ол Ехобаны оқушыларының артынан жүріп, қай жолға түсу керектігін айтып келе жатқан Тәлімгерге ұқсатады. Біз де бүгінде ту сыртымыздан Ехобаның даусын естиміз. Қалай дейсіз бе? Оның Сөзі Киелі кітап көптеген ғасыр бұрын жазылған. Демек, біз Киелі кітапты оқығанда Құдайдың даусын артқы жақтан, яғни ту сыртымыздан естіп жатқандай боламыз (Ишая 51:4).

11. Қиындыққа қуанышпен төтеп беру үшін қандай қадамдарды жасау қажет?

11 Ехобаның өз ұйымы мен Сөзі арқылы беріп жатқан нұсқауларының толық пайдасын көру үшін не істеуіміз керек? Ишая мұны екі-ақ ауыз сөзбен түсіндірген. Ол: “Жол — мынау”,— деді. Сосын: “Осы жолмен жүріңдер!”— деп қосты (Ишая 30:21). Демек, “жолды” біліп қана қойғанымыз жеткіліксіз, біз онымен “жүруіміз” қажет. Киелі кітаптан және оны ұйым қалай түсіндіріп бергенінен Ехоба бізден не талап ететінін біле аламыз, сондай-ақ білгендерімізді өмірде қалай қолдану керектігін үйренеміз. Егер қиындықтарға төтеп беріп, Ехобаға қуанышпен қызмет еткіміз келсе, осы қадамдардың екеуін де жасауымыз керек. Сонда ғана Ехобаның батасына бөлене аламыз.

ЕХОБА БІЗГЕ БАТАСЫН ТӨГЕДІ

12. Ишая 30:23—26 тармақтарға сай, Ехоба халқына қалай батасын төкті?

12 Ишая 30:23—26 оқыңыз. Бұл пайғамбарлық яһудилер Бабылдан шығып, Исраилге оралғанда қалай орындалды? Олар тәндік жағынан да, рухани жағынан да баталарға молынан кенелді. Ехоба өз халқын астың молшылығымен жарылқады. Ал бұдан да маңыздысы — таза ғибадатты бірте-бірте қалпына келтіріп, оларды мол рухани аспен қамдады. 26-тармақта айтылғандай, Ехоба рухани жарықты “жеті есе” жарқыратты (Ишая 60:2). Құдай халқы бұрын-соңды мұншалықты мол рухани батаға кенелмеген еді. Ехобаның осы баталарының арқасында олардың “жүректерін қуаныш кернеп”, қызметтерін қуанышпен жалғастыра берді (Ишая 65:14).

13. Таза ғибадаттың қалпына келуі жайлы пайғамбарлық біздің кезімізде қалай орындалып жатыр?

13 Таза ғибадаттың қалпына келуі жайлы пайғамбарлықтың біздің кезімізге қатысы бар ма? Әрине! 1919 жылдан бері миллиондаған адам Ұлы Бабылдың, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясының тұтқындығынан босап шығуда. Олар кезінде исраилдіктер барған Уәде етілген жерден де жақсы жерге аяқ басып жатыр. Бұл жер рухани жұмақты білдіреді (Ишая 51:3; 66:8). Ал рухани жұмақ деген не?

14. Рухани жұмақ деген не және ол жерді кімдер мекендейді? (Сөз мәнін қараңыз.)

14 1919 жылдан бері майланған мәсіхшілер рухани жұмақты мекендеп келеді b. Уақыт өте “басқа қойлар” да, яғни жерде өмір сүруге үміттенетіндер де сол мекенге қоныс теуіп, Ехобаның мол батасына кенелетін болды (Жох. 10:16; Ишая 25:6; 65:13).

15. Бүгінде рухани жұмақ қай жерде орналасқан?

15 Рухани жұмақ қай жерде орналасқан? Ехобаға ғибадат ететін адамдар бүгінде жердің түкпір-түкпірінде өмір сүреді. Сондықтан рухани жұмақ белгілі бір жерде емес, бүкіл жерде бар дей аламыз. Демек, жердің қай бұрышында өмір сүрмейік, таза ғибадатты белсенді түрде қолдап жүрсек — рухани жұмақта жүргеніміз.

Рухани жұмағымыздың көркіне өз үлесімізді қалай қоссақ болады? (16, 17-абзацтарды қараңыз)

16. Рухани жұмақтың сұлулығынан көз тайдырып алмау үшін не істеуіміз керек?

16 Рухани жұмақта қала беру үшін, біз басқа істерді атқарумен қатар, дүниежүзілік бауырластығымызға деген ризашылығымызды да жоғалтпауымыз керек. Бұл үшін не істесек болады? Рухани жұмақта жүрген бауырларымыздың кемшіліктеріне емес, әдемі қасиеттеріне назар аудара білуіміз қажет (Жох. 17:20, 21). Елестетіп көрейікші, біз өте әдемі бір саябақта жүрміз делік. Онда біз ағаштардың түр-түрін көріп тамашалаймыз. Сол ағаштар сияқты, біздің рухани жұмағымызда да түрлі бауырластар бар (Ишая 44:4; 61:3). Бірақ біз жанымыздағы “ағаштардың” кем-кетігіне емес, бүкіл “саябақтың” сұлулығына көз тігуді үйренуіміз керек. Былайша айтқанда, біз өз кемшілігіміз не қауымдағылардың кемшілігі дүниежүзілік бауырластығымыздың сұлулығын тұмшалап тастағанын қаламаймыз.

17. Бауырластар арасындағы бірлікке әрбіріміз қалай үлес қоса аламыз?

17 Арамыздағы бірлікке әрқайсысымыз қалай үлес қоса аламыз? Татуластырушы болу арқылы (Мат. 5:9; Рим. 12:18). Татулық орнату үшін әр кез өзіміз бірінші болып әрекет етсек, рухани жұмағымызды одан сайын көркейте түсеміз. Осы мекендегі әрбір жанды Ехоба таза ғибадатқа өзі жақындатып тартқанын ұмытпайық (Жох. 6:44). Ехоба аяулы қызметшілерінің арасындағы татулық пен бірлік үшін аянбай күресіп жүргенімізді көргенде қаншалықты қуанады десеңізші! (Ишая 26:3; Хаг. 2:7).

18. Біз не туралы жиі ойлануымыз керек және неге?

18 Ехоба өз қызметшілеріне беріп жатқан баталардың толықтай пайдасын көру үшін не істеуіміз керек? Құдай Сөзінен және әдебиеттерімізден зерттегеніміз жайлы терең ойлануымыз керек. Осылай зерттеп, ой жүгіртсек, бойымызда “бір-бірімізді туған бауырлардай жақсы көруге” талпындыратын қасиеттерді дамыта аламыз (Рим. 12:10). Сонымен қатар қазір алып жатқан баталарымыз жайлы ойланатын болсақ, Ехобамен достығымыз мықты болады. Ал болашақта ие болатын баталар жайлы ой жүгіртсек, Ехобаға мәңгі қызмет етеміз деген үмітіміз жалындай түседі. Бұлардың барлығы қазірдің өзінде қуанышпен қызмет етуге септігін тигізеді.

ТАБАНДЫ ТҰРУҒА НЫҚ БЕКІНГЕНБІЗ

19. а) Ишая 30:18-ге сай, біз не нәрсеге сенімдіміз? ә) Қиындыққа қуанышпен төтеп беруге не көмектеседі?

19 Ехоба осы зұлым дүниені жойғанда, бізді құтқару үшін “түрегеледі” (Ишая 30:18). Ол “әділдік орнататын Құдай” болғандықтан, Шайтанның дүниесі жойылатын уақыттың бір күнге де кешігуіне жол бермейді (Ишая 25:9). Сол күн туғанша біз Ехобаны шыдаммен күте береміз. Ал қазір оған дұға ету, оның Сөзін зерттеп, өмірде қолдану және баталарымыз жайлы ой жүгірту мәртебесін бағалай беруге бекінейік. Сонда Ехоба бізге қиыншылықтарымызға қарамастан, оған қуанышпен ғибадат ете беруге көмектеседі.

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

a Ехоба өз қызметшілеріне қиындықтарға қуанышпен төтеп беруге үш жолмен көмектеседі. Бұл жайында Ишая кітабының 30-тарауынан білеміз. Қазір сол тарауды қарастыра отырып, Ехобаға дұға етудің, оның Сөзін зерттеудің, қазіргі және болашақтағы баталар жайлы ой жүгіртудің қаншалықты маңызды екенін еске түсіреміз.

b СӨЗ МӘНІ: “Рухани жұмақ” деп Ехобаға иық тіресе ғибадат етіп жүрген қауіпсіз ортамызды айтамыз. Бұл ортада жалған діндердің ілімдерінен таза рухани ас-су мол. Сондай-ақ Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздаумен байланысты істер де көп әрі бұл істер бізге қанағат сыйлайды. Бұл ортада біз Ехобамен жақын дос бола аламыз және қамқор бауырластармен татулықта өмір сүреміз. Олар бізге өмірдің қиыншылықтарын қуанышпен еңсеруге көмектеседі. Рухани жұмаққа кіру үшін адам Ехобаға дұрыс жолмен ғибадат етуі және оған барынша еліктеуі қажет.