Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

45-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба қызметімізді атқаруға көмектеседі

Ехоба қызметімізді атқаруға көмектеседі

“Сонда олар... араларында пайғамбардың болғанын білетін болады” (ЕЗЕК. 2:5).

67-ӘН “Құдай сөзін уағызда”

АҢДАТПА a

1. Біз қызметте неге кезігуіміз мүмкін, бірақ не нәрсеге сенімді бола аламыз?

 БҮГІНДЕ біз уағыз қызметінде қарсылық білдіріп жататын адамдарды кездестіреміз. Ал болашақта бұндай қарсылықтар көбейген үстіне көбеюі мүмкін (Дан. 11:44; Тім. 2-х. 3:12; Аян 16:21). Бірақ Ехоба қажетті көмекті беретініне сенімді бола аламыз. Неге? Өйткені Ехоба тарих бойы қызметшілерінің тапсырмалары қандай қиын болмасын, оны соңына дейін атқаруға әрқашан көмектесіп отырған. Бұған дәлел ретінде Бабылда тұтқында жүрген яһудилерге уағыздаған Езекиел пайғамбардың оқиғасын қарастырып көрейік.

2. Ехоба Езекиел уағыздайтын адамдар жайлы не деді және осы мақалада не қарастырамыз? (Езекиел 2:3—6)

2 Езекиел уағыздаған адамдар қандай болған? Ехоба оларды “еш нәрседен шімірікпейтін”, “қыңыр”, “бүлікшіл адамдар” деп сипаттаған. Олар зақым келтіретін тікен және қауіпті шаяндар сияқты болған. Сондықтан да Ехоба Езекиел пайғамбарға: “Олардан қорықпа!”— деп қайта-қайта айтқан (Езекиел 2:3—6 оқыңыз). Езекиелге өз қызметін атқаруға мына үш жайт көмектесті: 1) оны Ехобаның өзі жіберді, 2) Құдайдың рухы оған күш берді, 3) Құдайдың Сөзі оған нәр болды. Осы үш жайт Езекиелге қалай көмектесті, ал бізге қалай көмек бола алады?

ЕЗЕКИЕЛДІ ЕХОБАНЫҢ ӨЗІ ЖІБЕРДІ

3. Езекиелге қандай сөздер жігер берді және Ехоба оны қолдайтынына қандай негіз бар еді?

3 Ехоба Езекиелге: “Мен сені... жіберіп отырмын”,— деген (Езек. 2:3, 4). Бұл сөздер Езекиелді нығайтқанында сөз жоқ. Себебі кезінде Ехоба Мұса мен Ишаяны өзінің пайғамбарлары етіп тағайындағанда, осыған ұқсас сөздерді айтқан болатын (Мұс. 2-ж. 3:10; Ишая 6:8). Сондай-ақ Езекиел Ехобаның сол екі пайғамбарға қиындықтарын жеңуге қалай көмектескенін де білетін. Сондықтан Ехобаның “мен сені жіберіп отырмын” деп бір емес, екі рет айтқаны Езекиелді қанаттандырып тастады. Сондай-ақ Езекиел кітабында “Ехоба маған былай деді” және “Ехоба тағы да маған сөзін арнады” деген сөздер көп рет кездеседі (Езек. 3:16; 6:1). Иә, Езекиел Ехобаның өзі оны жіберіп отырғанына еш күмәнданбады. Бұған қоса, діни қызметкер болған әкесінен де ол Ехобаның бұрында өз пайғамбарларын қалай қолдағанын естіп өссе керек. Мысалы, Ысқақ, Жақып, Еремияға Ехоба: “Мен саған жар боламын”,— деп айтқан (Мұс. 1-ж. 26:24; 28:15; Ерм. 1:8).

4. Езекиелге тағы қандай сөздер күш берді?

4 Езекиел жариялаған хабарды исраилдіктердің басым көпшілігі қалай қабылдамақ еді? Ехоба олар жайлы: “Исраил үйі сені тыңдамайды, өйткені олар мені тыңдағылары келмейді”,— деген (Езек. 3:7). Демек, халық Езекиелден бас тартуларымен Ехобаның өзінен бас тартпақ еді. Бұл сөздер Езекиелге сенімділік берді, өйткені халықтың хабарға құлақ аспағаны оның пайғамбарлық міндетін нашар атқарғанын білдірмеді. Сондай-ақ Ехоба Езекиелдің жариялап жүрген үкім хабары жүзеге асқанда, халық “араларында пайғамбардың болғанын білетін болады” деп айтқан (Езек. 2:5; 33:33). Осы сөздердің барлығы Езекиелге жұбаныш болып, қызметін әрі қарай да атқара беруге күш берді.

БІЗДІ ДЕ ЕХОБА ЖІБЕРДІ

Езекиелдің кезіндегідей, адамдар бізді тыңдамай, қарсылық көрсетсе де, Ехоба бізге жар екенін ұмытпайық (5, 6-абзацтарды қараңыз)

5. Ишая 44:8-ге сай, бізге не нәрсе күш береді?

5 Бүгінде бізді де Ехобаның өзі жіберіп отыр. Ол бізді “менің куәгерлерімсіңдер” деп атауымен бізге үлкен құрмет көрсетеді (Ишая 43:10). Бұл біз үшін зор мәртебе! Ехоба Езекиелге: “Қорықпа”,— деп айтқандай, бізге де: “Үрейлерің ұшпасын”,— дейді. Ал қарсыластарымыздан қорықпауға бізде қандай себеп бар? Езекиел сияқты, бізді де Ехобаның өзі жіберіп, өзі демеп отыр. Осыны білгеніміз бізге күш береді емес пе?! (Ишая 44:8 оқыңыз).

6. а) Ехоба бізге не деп уәде етеді? ә) Бізді не нәрсе жұбатып, күш береді?

6 Ехоба бізді қолдаймын деп уәде етеді. “Сендер менің куәгерлерімсіңдер”,— деп айтпас бұрын, ол былай деген: “Судан өткеніңде, мен сенімен бірге боламын, Өзендерден өткеніңде, су астында қалмайсың. От арасынан өткеніңде, күймейсің, Сені жалын да шарпымайды” (Ишая 43:2). Кейде біз тасыған өзендей кедергілерге кезігіп, оттай қиындықтарға тап болып жатамыз. Бірақ Ехобаның көмегімен біз әрі қарай да уағыздай береміз (Ишая 41:13). Езекиелдің кезіндегідей, бүгінде де көп адам ізгі хабарға құлақ аспайды. Бірақ бұл қызметімізді жаман атқарып жатырмыз дегенді білдірмейді. Ізгі хабарды адалдықпен әрі қарай да жариялай берсек, Ехобаның жүрегін қуантамыз. Бұны білгеніміз бізге жұбаныш пен күш береді. Елші Пауыл: “Әр адам еңбегіне қарай өз сыйын алады”,— деген (Қор. 1-х. 3:8; 4:1, 2). Ұзақ уақыттан бері ізашар болып қызмет ететін бір әйел бауырлас: “Ехоба бізге сыйын еңбегімізге қарай беретіні қандай жақсы!”— дейді.

ЕЗЕКИЕЛГЕ ҚҰДАЙ РУХЫ КҮШ БЕРДІ

Езекиел аянда Ехобаның көктегі арбасын көрді. Бұл аян Ехоба оған қызметін соңына дейін атқаруға көмектесетініне сендірді (7-абзацты қараңыз)

7. Көрген аяны жайлы ой жүгірткен сайын Езекиел қандай әсер алса керек? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

7 Езекиел аянда Құдайдың киелі рухы қаншалықты құдіретті екеніне көз жеткізді. Ол киелі рухтың құдіретті тіршілік иелерін және Ехобаның көктегі арбасының алып дөңгелектерін бағыттап отырғанын көрді (Езек. 1:20, 21). Бұл аян Езекиелге қалай әсер етті? Ол: “Мұны көргенде, мен жерге етпеттей кеттім”,— деген. Иә, Езекиел таңғалғаны сонша — жерге жығыла кетті (Езек. 1:28). Уақыт өте осы аянның үстінен ой жүгірткен сайын, Езекиел Құдай рухының көмегімен қызметін соңына дейін атқара алатынына сенімді бола түссе керек.

8, 9. а) Ехоба Езекиелге “түрегелуді” бұйырғанда, онымен не болды? ә) Қиын аумақта уағыздай алуы үшін, Ехоба Езекиелді тағы қалай нығайтты?

8 Ехоба Езекиелге: “Адам ұлы, түрегел де, айтатын сөздерімді тыңда”,— деп бұйырды. Осы кезде Езекиелдің бойына күш бітіп, ол аяққа тұрды. “Бойыма рух еніп, мені аяғыма тұрғызды”,— деп жазды ол (Езек. 2:1, 2). Құдайдың “құдіреті”, яғни киелі рухы Езекиелді осы жағдайдан кейін де, тіпті қызметінің соңына дейін де бағыттап отырды (Езек. 3:22; 8:1; 33:22; 37:1; 40:1). Құдайдың киелі рухы Езекиелге алған тапсырмасын орындауға, яғни “маңдайлары қатты, жүректері шемен” адамдарға уағыздауға күш берді (Езек. 3:7). Ехоба оған: “Мен сенің бетіңді де, маңдайыңды да тап солардікіндей қатты қыламын. Маңдайыңды шақпақтастан әлдеқайда қатты алмастай етемін. Сен олардан қорықпа, түрлеріне қарап шошыма”,— деді (Езек. 3:8, 9). Былайша айтқанда, Ехоба Езекиелге: “Адамдардың қыңырлығы рухыңды күйретіп жібермесін, оған жол берме. Мен сені нығайтамын”,— дегендей болды.

9 Кейін Құдайдың рухы Езекиелді оның уағыздайтын аумағымен алып өтті. Сол кезде “Ехоба [оған] құдіретін дарытты”. Жариялағалы жатқан хабарын толықтай қорытып, түсініп алуға оған бір апта уақыт кетті (Езек. 3:14, 15). Содан кейін Ехоба оған жазық далаға баруды айтты. Сол жерде оның бойына “рух енді” (Езек. 3:23, 24). Осылайша Езекиел қызметін бастауға даяр болды.

БІЗГЕ ДЕ ҚҰДАЙ РУХЫ КҮШ БЕРЕДІ

Езекиелдің жағдайындағыдай, бізге де қызметімізді атқара беруге не көмектеседі? (10-абзацты қараңыз)

10. Уағыз ісін атқару үшін бізге қандай көмек қажет және неге?

10 Уағыз ісін атқаруға бізге не көмектеседі? Езекиел Құдайдың хабарын жариялауға кіріспес бұрын, Құдай рухынан күш алған еді. Сол сияқты, біз де бүгінде тек Құдайдың рухының арқасында ғана уағыз ісін атқара аламыз. Неге олай? Өйткені Шайтан бізбен күресіп, уағыз ісін тоқтатқысы келеді (Аян 12:17). Адами тұрғыдан қарағанда, біз Шайтанға ешқашан қарсы тұра алмайтындай көрінетін шығармыз. Бірақ ізгі хабарды жариялауымызбен біз жеңіске жетіп жатырмыз! (Аян 12:9—11) Қызметке шыққанда, біз Шайтанның қорқытып-үркіткенінен сескенбейтінімізді көрсетеміз. Біздің әр уағыздағанымыз Шайтанды жыққан соққылар сияқты. Сонымен, қарсылықтарға қарамастан, уағыз ісін атқара бергеніміз нені көрсетеді екен? Бұл киелі рух бізді қуаттап отырғанын және Ехоба бізге жар екенін айқын етеді (Мат. 5:10—12; Пет. 1-х. 4:14).

11. Құдайдың рухы бізге қалай көмектеседі және ол бізге үнемі әсер ету үшін не істеуіміз керек?

11 Қатты қарсылықтарға төтеп беруі үшін Ехоба Езекиелдің беті мен маңдайын қатты қылғаны бізге тағы бір сенімділік береді. Құдайдың рухы қызметте кезіккен қиындықтың күші мен біздің күшімізді теңестіре алады (Қор. 2-х. 4:7—9). Ендеше, Құдайдың рухынан үнемі күш алып тұру үшін не істесек болады? Ехобадан киелі рухын талмай сұрай берейік. Ол бізді тыңдайтынына еш күмәнданбайық. Иса да шәкірттерін: “Сұрай беріңдер,...іздей беріңдер,...есікті қаға беріңдер”,— деп үйреткен. Сонда Ехоба “өзінен сұрағандарға киелі рухты шүбәсіз береді” (Лұқа 11:9, 13; Ел. іс. 1:14; 2:4).

ЕЗЕКИЕЛ ҚҰДАЙДЫҢ СӨЗІНЕН НӘР АЛДЫ

12. Езекиел 2:9—3:3 тармақтарға сай, шиыршық қайдан келді және онда не жазылған?

12 Езекиелге Құдайдың рухы ғана емес, Құдайдың Сөзі де қуат берген. Аянда ол шиыршық ұстап тұрған қолды көреді (Езекиел 2:9—3:3 оқыңыз). Қазір бұл не деген қол екенін, шиыршықта не жазылғанын және қалай ол Езекиелді қуаттандырғанын көрейік. Шиыршық Құдайдың тағынан келген болатын. Ехоба осы шиыршықты Езекиелге беру үшін, алдында Езекиелге көрінген төрт періштенің біреуін қолданған болуы мүмкін (Езек. 1:8; 10:7, 20). Ал шиыршықтың екі бетінде де Құдайдың сөздері, яғни бүлікшіл халқына арналған ұзын үкім хабары жазылған екен (Езек. 2:7). Езекиел оны сол халыққа жеткізу керек болды.

13. Ехоба Езекиелге шиыршықпен не істеуді бұйырды және оның тәтті болғаны нені білдіреді?

13 Ехоба өзінің пайғамбарына: “Шиыршықты жеп, құрсағыңды толтыр”,— деді. Езекиел оған бірден құлақ асып, шиыршықты түгел жеп қояды. Аянның осы бөлігі нені білдіреді? Езекиел халыққа айтқалы жатқан хабарын өзі толық қорытып, түсініп алу керек еді. Былайша айтқанда, шиыршықтағы хабар оның бүкіл жан дүниесін қозғап, жанының бір бөлігіне айналды. Сосын Езекиел бір қызық нәрсені байқады: “шиыршық балдай тәтті” екен (Езек. 3:3). Бұл нені білдіреді? Езекиел Ехобаның атынан сөйлеп, оның өкілі болуды балдай тәтті, керемет мәртебе санады (Зәб. 19:8—11). Ол Ехобаның көңілінен шығып, пайғамбар бола алатынына шексіз риза еді!

14. Езекиел алған тапсырмасын атқаруға қалай дайындалды?

14 Бұдан кейін Ехоба Езекиелге: “Айтқан сөздерімнің бәрін жүрегіңе тоқып, құлағыңа құйып ал”,— деді (Езек. 3:10). Осылайша оған шиыршықтағы сөздерді жаттап, үстінен ой жүгіртуді тапсырды. Солай еткенінің арқасында Езекиелдің сенімі нығайды және халыққа қандай хабар жеткізу керектігін де жақсы түсінді (Езек. 3:11). Құдайдың хабары жүрегінде де, аузында да болғандықтан, Езекиел өзінің тапсырмасын орындауға сақадай сай болды (Зәб. 19:14 салыстырыңыз).

БІЗ ДЕ ҚҰДАЙДЫҢ СӨЗІНЕН НӘР АЛАМЫЗ

15. Қызметімізді табандылықпен атқара беру үшін біз нені “жүрегімізге тоқып” алуымыз керек?

15 Қызметімізді табандылықпен атқару үшін біз де Құдай Сөзінен нәр алып отыруымыз керек. Бұл үшін Ехобаның айтқан сөздерінің бәрін “жүрегімізге тоқып” алуымыз қажет. Ал оның сөздері Киелі кітапта жазылған. Құдайдың Сөзі ойларымыз бен сезімдерімізге және ниетімізге әсер етіп жатқанына қалай көз жеткізсек болады?

16. Ехоба оның Сөзімен не істегенімізді қалайды және ол жүрегімізге сіңу үшін не істеуіміз керек?

16 Кәдімгі тамақ жеп, ол бойымызға сіңгенде, жүзіміз бал-бұл жайнап, қуаттанып қаламыз. Құдайдың Сөзін зерттеп, үстінен ой жүгірткенде де дәл осындай күй кешеміз. Ехобаның Езекиелге шиыршыққа қатысты не деп бұйырғанын есте ұстайық. Ол біздің өзінің Сөзімен “құрсағымызды толтырғанымызды” қалайды, яғни оның Сөзін қорытып, бойымызға сіңдірсек екен дейді. Бұл үшін бізге дұға ету, оқу және ой жүгірту қажет. Демек, біріншіден, дұға айтып, жүрегімізді Құдайдың ойларын қабылдауға дайындап аламыз. Сосын Киелі кітапты оқимыз. Кейін біраз кідіріп, оқығанымыздың үстінен терең ой жүгіртеміз. Осылай көбірек ой жүгірткен сайын Құдайдың Сөзі де бейнелі жүрегімізге көбірек сіңетін болады.

17. Киелі кітаптың үстінен ой жүгірту неге маңызды?

17 Киелі кітапты оқып, ой жүгірту неге маңызды? Бұл қазіргі уақытта Патшалық жайлы хабарды жариялауға және жақын арада адамзатқа ауыр соққы болып тиетін үкім хабарын батыл айтуға қажетті күш-жігер береді. Сондай-ақ Ехобаның тартымды қасиеттері жайлы ой жүгірткенде, онымен достығымыз одан сайын берік бола түседі. Сонда мұның балдай тәтті жемісін көреміз, яғни жан тыныштығына кенеліп, қанағат аламыз (Зәб. 119:103).

“СОҢЫНА ДЕЙІН ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТУҒА” НЫҚ БЕКІНГЕНБІЗ!

18. Аймағымыздағы адамдар нені мойындайтын болады және неліктен?

18 Әрине, біз Езекиел сияқты пайғамбар емеспіз. Бірақ біз ол сияқты соңына дейін, яғни Ехоба жеткілікті деп айтқан кезге дейін, оның Сөзіндегі хабарды уағыздай беруге нық бекінгенбіз. Сонда Құдайдың адамзатқа шығарған үкімі жүзеге асқанда, аймағымызда тұратын адамдар бізді ешкім ескертпеді немесе біз Құдайға керек емеспіз дей алмайды (Езек. 3:19; 18:23). Қайта, Құдайдың атынан хабар айтқанымызды мойындайтын болады.

19. Не нәрселер қызметімізді атқаруға күш береді?

19 Қорыта кетсек, қызметімізді атқаруға бізге не күш береді? Кезінде Езекиел пайғамбарға күш берген үш жайт, яғни бізді Ехобаның өзі жіберіп отырғаны, Құдайдың киелі рухынан қуат алатынымыз және Құдайдың Сөзі бізге күш беретіні. Ехобаның көмегімен біз қызметімізді әрі қарай да атқара беруге және “соңына дейін табандылық танытуға” нық бекінгенбіз! (Мат. 24:13).

65-ӘН Алға ұмтыл!

a Ехоба өзінің пайғамбары Езекиелге қызметін атқаруға үш жолмен көмектескен. Сол үш көмекті осы мақалада қарастырғанымыз Ехоба бізге де қызметімізді атқаруға көмектесетініне сенімділік береді.