Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

“Мен Ехобаға қызмет еткім келді”

“Мен Ехобаға қызмет еткім келді”

БІЗ Суринамдағы тропикалық орманның ең түпкірінде орналасқан Гранбори деген ауылға жақын жерде бір топ адаммен қоштасып, ағаш қайыққа отырып, Тапанахони өзенімен жүзіп кеттік. Өзеннің шоңғал жерлерімен өтіп бара жатып, кемеміздің пропеллері тасқа барып соғылды. Дәл сол бойда кемеміздің тұмсығы суға бата бастады. Барлығымыздың суға батып бара жатқанымызды көргенде жүрегім тоқтап қала жаздады. Аудандық бақылаушы болып жылдар бойы талай өзендерден өтсем де, жүзуді әлі білмейтінмін!

Бұл жағдай немен аяқталғанын айтпас бұрын, толық уақытты қызметті қалай бастағанымды айтып берейін.

Мен 1942 жылы Кариб аралдарындағы Кюрасао деген өте әдемі аралда дүниеге келдім. Әкем — негізінен, Суринамның тумасы, бірақ жұмыс бабымен осы аралға көшіп келген болатын. Мен дүниеге келмей тұрып бір-екі жыл бұрын әкем шындықты біліп, Кюрасаодағы алғашқы Ехоба куәгерлерінің бірі болды a. Бала кезімізде Киелі кітапты зерттеуге аса бір құлшынып тұрмасақ та, әкеміз күш салып, бізбен әр апта сайын зерттеу сабағын өтетін. Мен 14-ке толғанда, отбасымызбен Суринамға қайта көшіп бардық, өйткені әкемнің қарт анасы күтімге мұқтаж еді.

ЖАҚСЫ ОРТАНЫҢ КӨМЕГІ

Суринамда қауымдағы жастармен араласа бастадым. Олар менен бірнеше жас үлкен болатын әрі тұрақты ізашар ретінде қызмет етіп, рухани жанып тұратын. Олар қызметте болған жағдайлармен бөліскенде жүздері бал-бұл жайнап кететін. Қауымнан кейін біз достарымызбен қалып, Киелі кітап жайлы сөйлесетінбіз. Кейде тіпті бұндай әңгімелеріміз түнгі жұлдызды аспанның астында да жалғасатын. Осы достарымның арқасында мен өмірде не қалайтынымды, яғни Ехобаға қызмет еткім келетінін түсіндім. Содан 16 жасымда шомылдыру рәсімінен өтіп, 18 жасымда тұрақты ізашарлық қызметті бастап кеттім.

ӨМІРДЕН ТҮЙГЕНДЕРІМ

Парамарибода ізашар болып жүрген кезім

Мен ізашар болып қызмет еткенде көп нәрсеге үйрендім және сол үйренгендерім толық уақытты қызметімде таптырмас көмек болды. Мысалы, мен өзгелерді үйрету қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Ізашарлық қызметті енді бастағанымда, Виллем ван Сейел деген бір миссионер мені өз қанатының астына алып, көп нәрсеге үйретті b. Ол маған теократиялық міндеттерімді қалай дұрыс атқаруға болатынын көрсетті. Сол кезде әлі талай нәрсені үйренуім керектігін түсінбеппін. Келесі жылы мен арнайы ізашар болып тағайындалып, Суринамдағы тропикалық орманның түпкірінде қызмет ететін топтардағы бауырластарға көмектесе бастадым. Сонда кезінде бауырластар маған көп нәрсе үйреткендеріне риза болдым! Содан бері мен де олар сияқты уақыт бөліп, басқаларды үйретуді мақсат еттім.

Мен қарапайым өмір сүріп, десе де жақсы жоспар құра білудің да маңыздылығын түсіндім. Әр айдың басында арнайы ізашар серігім екеуіміз алдағы апталарда қандай тамақ жейміз, қандай заттарды аламыз — соны жоспарлап алатынбыз. Кейін екеуіміздің біреуіміз қалаға бару үшін ұзақ жол жүріп, қажет-жарағымызды алып келетінбіз. Бізге айлық қаражатымызды, алған заттарымызды бір айға жеткізу үшін жақсылап есептеп, оларды ақылмен жарату керек еді. Егер орманда жүргенде бір затымыз таусылып қалса, көмекке келер адамды табу қиын болатын. Жастайымнан осылай қарапайым өмір сүріп, жақсы жоспарлауды үйренгенім болашақтағы өмірімде бар назарымды Ехобаға деген қызметіме аударуға көп көмектесті.

Сонымен қатар мен адамдарға өз тілдерінде тәлім беру көп жақсы нәтиже алып келетінін көрдім. Негізі, мен Суринамда жиі қолданылатын нидерланд, ағылшын, папьяменто, сранантонго (сранан деп те аталады) тілдерінде сөйлейтінмін. Бірақ тропикалық орманда қызмет етіп жүргенде мен адамдардың өз ана тілдерінде уағыздасаң, шындықты жақсы қабылдайтындарын байқадым. Алайда маған сол жердегі жергілікті адамдар сөйлейтін тілдерді үйрену оңайға соқпады. Мысалы, солардың бірі сарамаккан тілі еді. Себебі ол тілде жоғарғы және төменгі дыбыстар қолданылады. Десе де күш салғаным бекер болмады. Сол жердегі адамдардың ана тілдерінде сөйлегендіктен, көптеген адамға шындықты білуге көмектесіп келемін.

Айтпасқа болмайды, күлкілі жағдайлар да болып тұрды. Бірде сарамаккан тілінде сөйлейтін Киелі кітапты зерттеп жүрген бір әйелді ыңғайсыз жағдайға қалдырып қойғаным бар. Оның іші ауырып жүргендіктен, хал-жағдайын сұрағым келген. Бірақ оның орнына мен “сен жүкті болып қалдың ба?” деп сұраппын! Осындай-осындай келеңсіздіктер болып тұрса да, мен танабымдағы адамдардың ана тілінде сөйлеуге көп күш салатынмын.

ҚОСЫМША ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕРГЕ ИЕ БОЛУЫМ

1970 жылы аудандық бақылаушы болып тағайындалдым. Дәл сол жылы тропикалық ормандағы шалғай орналасқан топтарға “Ехоба куәгерлерінің бас басқармасына сапар” деген слайдты бағдарламаны көрсете бастадым. Сол жерге өзенмен жету үшін біз ұзын ағаштан жасалған қайықты қолданатынбыз. Қайыққа өзімізбен бірге генератор, бензин құятын канистра, майшам, слайд көрсететін проекторды алып алатынбыз. Сол жерге жеткенде заттардың барлығын слайд көрсететін жерге таситынбыз. Сол сапарларда есімде қалғаны — шалғай жатқан жерлердегі адамдарға сол бағдарламалардың қаншалықты ұнайтыны. Адамдарға Ехоба жайлы, оның жердегі ұйымы жайлы үйрету маған көп бақыт сыйлайтын. Ехобаның ісінде біраз тер төгіп, құрбандықтарға барсам да, алған рухани сыйларым олардан әлдеқайда асып түсті.

ЕНДІ БІЗ ҮШ ӨРІЛГЕН ЖІППІЗ

Этел екеуіміздің неке құрған күніміз, 1971 жыл, қыркүйек

Қызметте бойдақ болудың көптеген артықшылықтары бар екенін білсем де, қасымда өмірлік серігімнің болғанын қатты қаладым. Содан мен “тропикалық ормандағы қызметтің ыстығына да, суығына да қуанышпен төзе білетін бір қыз бауырласты кездестіруге көмектесші” деп Ехобаға нақты дұға ете бастадым. Бір жыл өткеннен кейін мен өте жанқияр әрі арнайы ізашар болып қызмет ететін Этел деген бауырласпен кездесе бастадым. Этелге жастайынан елші Пауылдың үлгісі қатты ұнайтын. Ол да қызметте өзіндегі бар жақсысын бергісі келетін. Содан 1971 жылдың қыркүйегінде біз үйленіп, аудандық қызметті ерлі-зайыптылар ретінде атқара бастадық.

Этел өте қарапайым отбасынан шыққан болатын, сондықтан ол тропикалық ормандағы қызметке тез бейімделіп кетті. Мысалы, орманның түпкірінде жатқан жерлерге сапармен барғанда, өзімізбен аз ғана заттарды алатынбыз. Біз киімдерімізді өзенде жуатынбыз, өзіміз де сол жерде жуынатынбыз. Сондай-ақ тоқтаған үйіміздің иелері қандай тамақ берсе, бәрін жей беретінбіз. Мысалы, олар игуана, пиранья қойса да немесе орманнан, өзеннен бірдеңе ұстап келсе де, таңдамай жей беретінбіз. Ал тамақ салатын ыдыс-аяқ болмай қалған жағдайда оны бананның жапырағына салып, қолмен жейтінбіз. Этел екеуіміз Ехобаға қызмет етіп, осындай құрбандықтарға барғанымыздың арқасында қарым-қатынасымыз үш өрілген жіптей берік болды (Уағ. 4:12). Біз бұны еш нәрсеге айырбастауға келіспес едік!

Басында айтып кеткен оқиғаға оралатын болсам, сол кезде біз орманның ішіндегі шалғай жатқан жерлерде тұратын бауырластармен қоштасып, қайтып бара жатқанбыз. Қайығымыз тасқа соғылып, суға батты да, бірақ тез-ақ көтеріліп, судың бетіне шығып кетті. Қуанышқа орай, үстімізде қауіпсіздік кеудешелері болды әрі біз қайықтан құлап түспедік. Бірақ қайығымыздың іші суға толып кетті. Біз тамақ салынған ыдыстарды алдық та, ішіндегісін суға лақтырып, ал ыдысымен қайықтың ішіндегі суды шығара бастадық.

Тамағымызды өзенге лақтырып, бізде енді жейтін ештеңе болмағандықтан, өзеннің бойымен жүзіп келе жатып, балық аулай бастадық. Бірақ бірде-бір балық ұстай алмадық. Содан Ехобаға дұға етіп, сол күнге жейтін тамақ сұрадық. Дұға айтқанымыз сол-ақ еді, бір ер бауырлас қармағын суға тастады да, бесеуіміз жеп тоятындай бір үлкен балықты ұстап алды.

КҮЙЕУ, ӘКЕ ЖӘНЕ АРАЛАУШЫ БАҚЫЛАУШЫМЫН

Аудандық қызметті 5 жыл бірге атқарғаннан кейін, Этел екеуіміз күтпеген жерден бір батаға кенелдік. Біз ата-ана болғалы жаттық. Бұл жаңалық мені қуантса да, алдағы өміріміз қалай болар екен деп те ойладым. Бірақ Этел екеуіміз не болса да толық уақытты қызметті тастамаймыз деп шештік. 1976 жылы тұңғыш ұлымыз Этниел дүниеге келді. Ал екі жарым жылдан кейін екінші ұлымыз Джованни туылды.

Тапанахони өзенінде болған шомылдыру рәсіміне қатысуым, Шығыс Суринам, 1983 жыл

Сол кезде Суринамда әлі де қажеттілік бар еді. Сондықтан филиал әкелік міндеттерімен қатар аудандық бақылаушының қызметін жалғастыра беруге рұқсат берді. Балаларымыз кішкентай кезде мен шағын қауымдарға ғана сапармен баратынмын. Әдетте мен 2 аптадай аудандық бақылаушы ретінде басқа қауымдарды аралайтынмын, ал айдың басқа апталарында ізашар ретінде өзімнің тағайындалған қауымымда қызмет ететінмін. Үйге жақын жердегі қауымдарға сапармен барғанымда, отбасымды алып алатынмын. Бірақ тропикалық ормандағы қауымдарға, конгрестерге барғанда, жалғыз өзім баратынмын.

Аудандық қызметте жүргенімде шалғай қауымдарға қайықпен жететінмін

Барлық жауапкершіліктерімді атқара алуым үшін маған жақсы жоспар керек еді. Мен апта сайын отбасылық ғибадатты өткізуді қамдайтынмын. Ал ормандағы қауымдарға сапармен кеткенімде, Этел бұл жауапкершілікті өз мойнына алатын. Бірақ қолымыздан келгенше көп істерді отбасы болып атқаруға тырысатынбыз. Этел екеуіміз балаларды алып, демалуға жиі шығып тұратынбыз, бірге ойындар ойнайтынбыз, үйдің қасындағы әдемі жерлерге барып келетінбіз. Мен тапсырмаларымды дайындау үшін түннің бір уағына дейін отыратынмын. Ал Этел болса Нақыл сөздер 31:15-те сипатталған әйел сияқты ерте тұрып, балалар мектепке кетпес бұрын барлығымыз бірге күнделікті тармақты оқуымызды және таңғы асты бірге ішуімізді қамдайтын. Ехоба тапсырған жауапкершіліктерімді атқара алуым үшін қолдау көрсететін осындай жанқияр әйелімнің болғанына өте ризамын!

Балаларымыз Ехобаны да, мәсіхшілік қызметті де жақсы көру үшін ата-ана ретінде көп тер төктік. Біз балаларымыздың толық уақытты қызметті өз өмірлік жолдары еткенін қаладық. Бірақ мұны біз қалағандықтан емес, өздері қалағандықтан таңдаса екен дедік. Ол үшін біз оларға толық уақытты қызметтен келетін қуаныш жайлы үнемі айтып жүретінбіз. Қиындықтарға қарамастан Ехоба отбасымызды қалай қамқорлағанын, қалай батасын бергенін де айтып отыратынбыз. Сондай-ақ балаларымызға Ехобаны жақсы көретін бауырластармен араласып, олармен дос болуға көмектесетінбіз.

Ехоба отбасымызды асырауға қажетті нәрсенің барлығын беріп тұрды. Мен де отағасы ретінде қолымнан келгеннің барлығын істеуге тырыстым. Бойдақ кезімде тропикалық орманда арнайы ізашар ретінде қызмет еткенде, ертеңгі қажеттіліктеріме жаратамын деп ақша үнемдеп жүретінмін. Ал енді отбасылы болған соң осылай етуге қанша тырыссақ та, кейде қажет нәрсенің барлығы бола бермейтін. Сондай жағдайларда Ехобаның қолын анық көретінбіз. Мысалы, 1986 мен 1992 жылдар аралығында Суринамда көтеріліс болды. Сол жылдары тіпті ең керек деген нәрселердің өзін табу қиын еді. Бірақ сол кезде Ехоба бізді қалдырмады (Мат. 6:32).

ӨТКЕН ӨМІРІМДІ ОЙЛАСАМ

Солдан оңға қарай: әйелім Этел екеуіміз

Үлкен ұлым Этниел әйелі Наталимен бірге

Кіші ұлым Джованни әйелі Кристалмен бірге

Ехоба үнемі бізді қамқорлап келеді. Ол өмірімізді шынайы бақыт пен қанағатқа толтырды. Балаларымыз біз үшін үлкен бата. Оларды Ехобаның жолында тәрбиелеу зор мәртебе! Біз ата-ана ретінде олардың толық уақытты қызметті өз өмір жолдары еткендерін көргенде, жүрегімізді қуаныш кернейді. Этниел де, Джованни де теократиялық мектептерді бітіріп, қазір әйелдерімен бірге Суринамдағы филиалда қызмет етіп жүр.

Біз қазір Этел екеуіміз біраз жасқа келіп қалдық, бірақ әлі де арнайы ізашарлар ретінде Ехобаның ісінде тер төгіп жүрміз. Тер төгіп жүргенім соншалық — жүзуді үйренуге әлі де уақыт таппай жүрмін! Бірақ бұған көңілім түспейді. Өткен өміріме көз тастасам, толық уақытты қызметті жас кезімнен өмірлік жолым еткенім ең дұрыс шешім болды деп сеніммен айта аламын.

b Виллем ван Сейел бауырластың өмірбаяны 1999 жылдың 8 қазанындағы “Ояныңдар!” журналында (ор.) басылып шыққан. Атауы: “Превзойденные ожидания”.