Сіз білгенсіз бе?
Мардохай өмірде шынымен болған ба?
МАРДОХАЙ деген еврей кісі — Естер кітабындағы маңызды кейіпкерлердің бірі. Ол Персия жеріне тұтқынға айдалып, сол жерде патша сарайында қызмет еткен. Бұл б. з. б. V ғасырдың басында, “Ахашверош патшаның тұсында болды” (бұл патша тарихта I Ксеркс деген атпен танымал). Бірде Мардохай патшаға қарсы ойластырылған қастандықты тоқтатады. Риза болған патша оған жұрт алдында сый-құрмет көрсетеді. Кейінірек Мардохай мен басқа да еврейлердің жауы Хаман өлгеннен кейін, патша Мардохайды өзінен кейінгі екінші адам етіп тағайындайды. Мардохай осы билікті пайдаланып, Персия империясындағы еврейлерді жаппай қырылудан сақтап қалатын жарлық шығарады (Ест. 1:1; 2:5, 21—23; 8:1, 2; 9:16).
XX ғасырдың басындағы кейбір тарихшылар Естер кітабы жай ғана аңыз, Мардохай деген кісі өмірде болмаған деген ойды айтты. Десе де 1941 жылы археологтар Киелі кітаптағы Мардохай деген кісінің өмірде болғанына дәлел бола алатын дерек тапты. Бұл қандай дерек?
Зерттеушілер парсы сына жазуымен “Мардука” деп жазылған тас тақташа тапты (бұл есім қазақшада: Мардохай). Ол Сузы қаласында жоғарғы қызмет атқарған, яғни есеп-қисапқа жауапты болса керек. Шығыс тарихын зерттеуші Артур Унгнадтың айтуынша, бұл — “Мардохай деген есім Киелі кітаптан басқа жерде кездескен алғашқы жағдай”.
Унгнадтың осы есебінен кейін, ғалымдар парсы сына жазуындағы басқа да мыңдаған деректерді аудара бастады. Солардың бірі — Персеполь қаласының үйіндісінен табылған кішкентай саз тақташалар. Олар кезінде қазына жиналатын жерден табылған. Ол жазулар I Ксеркс билік еткен уақытпен сай келеді. Элам тіліндегі бұл жазуларда Естер кітабындағы бірнеше адамның есімі кездеседі a.
“Мардука” деген есім Персеполь тақташаларының бірнешеуінде бар. Оның Сузы қаласындағы патша сарайында I Ксеркс патшаның хатшысы болғаны айтылады. Сол тақташалардың бірінде “Мардуканың” аудармашы болғаны айтылады. Бұл мәлімет Киелі кітаптағы Мардохай деген кісіні дәл сипаттайды. Мардохай Ахашверош патшаның (I Ксеркс) көмекшісі болған және кем дегенде екі тіл білген. Ол Сузыдағы патша сарайының қақпасында отыратын (Ест. 2:19, 21; 3:3). Бұл жай ғана қақпа емес, үлкен ғимарат болған әрі патша қызметкерлерінің жұмыс орны болатын.
Байқасақ, тақташаларда айтылған “Мардука” мен Киелі кітапта айтылған Мардохай бір біріне қатты ұқсайды. Атап айтсақ, екеуі де бір уақытта, бір жерде өмір сүрген және екеуі де патша сарайында беделді қызмет атқарған. Археологтардың тапқан осы деректерінің бәрі “Мардуканың” дәл сол Естер кітабындағы Мардохай екенін дәлелдейді деп айта аламыз.
a 1992 жылы профессор Эдвин Ямаучи өз мақаласында Персеполь мәтіндерінен алынған он есімді жариялады. Сол он адамның есімі Естер кітабында да кездеседі.