Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

45-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

138-ӘН “Ақ шаш — әсем тәж”

Адал қариялардың өсиетінен алар сабақтар

Адал қариялардың өсиетінен алар сабақтар

“Даналық қарияларда, Түсінік көп жасағандарда емес пе?” (ӘЙҮП 12:12).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаға мойынсұнып жүрсек, қазірдің өзінде баталарға кенелеміз, ал болашақта мәңгі өмір сүреміз.

1. Неге үлкен кісілерден үйренеріміз көп?

 МАҢЫЗДЫ шешім қабылдарда қай-қайсысымызға да ақыл-кеңес керек. Қауымдағы ақсақалдар мен толысқан бауырластар бізге жақсы кеңес бере алады. Бірақ біз “олардың жасы менен анағұрлым үлкен ғой, айтатындары біздің заманнан қалып қойған” деп ойламауымыз қажет. Ехоба біздің үлкен кісілерден үйренгенімізді қалайды. Бізден көп жасағандықтан, олардың тәжірибесі де, түсінігі мен даналығы да көбірек (Әйүп 12:12).

2. Бұл мақалада не талқылаймыз?

2 Ежелде Ехоба адал қарт кісілер арқылы халқының рухын көтеріп, басшылық беріп отырған. Мысалы, Мұса пайғамбар, Дәуіт патша және елші Жоханды алайық. Олар әртүрлі уақытта өмір сүрген және түрлі жағдайларды бастан кешірген. Өмірлерінің соңына таман олар жас ұрпаққа өсиеттерін айтып кетті. Үшеуі де Құдайға мойынсұнудың маңыздылығына баса назар аударды. Ехоба олардың сөздерін Киелі кітапқа жаздырып, біздің заманымызға дейін сақтады. Демек, олардың айтқан ақылы жасымыз бар, кәріміз бар — барлығымызға пайдалы (Рим. 15:4; Тім. 2-х. 3:16). Сондықтан осы мақалада біз олардың айтқан соңғы өсиетін қарастырамыз әрі пайдалы сабақтар түйеміз.

“ҰЗАҚ ҒҰМЫР КЕШЕСІҢДЕР”

3. Мұса қандай қызметтер атқарған?

3 Мұса Ехобаға барынша берілген адам болған. Құдайға қызмет ету жолында ол пайғамбар, төреші, қолбасшы, тіпті тарихшы да болды. Нағыз көпті көрген адам деп осы Мұсаны айтсақ болады. Ол Исраил халқын Мысыр құлдығынан алып шықты, сондай-ақ Ехобаның көп кереметін өз көзімен көрді. Киелі жазбалардың алғашқы бес кітабын жазды. Сонымен қатар ол Зәбүрдің 90-тарауын жазды, 91-тарауын да жазған болуы мүмкін. Әйүп кітабын да Мұса жазса керек.

4. Мұса кімдердің жігерін қайрады және неге?

4 Жасы жүз жиырмаға келген Мұса көз жұмар алдында бүкіл исраилдіктерді жинап, олардың басынан өткендерді естеріне салды. Онда отырғандардың кейбірі жас кезінде Ехобаның көрсеткен белгілері мен кереметтеріне, Мысырды қалай жазалағанына куә болған (Мұс. 2-ж. 7:3, 4). Олар қақ жарылған Қызыл теңіздің түбімен жүріп өткен және перғауын мен әскерінің күл-талқаны шыққанын көрген (Мұс. 2-ж. 14:29—31). Ал шөл дала кезіп жүргенде, Ехоба Құдай оларды қауіп-қатерден сақтап, керегімен қамдаған. Енді олар Уәде етілген жерге аяқ басқалы тұрды (Мұс. 5-ж. 8:3, 4). Осы соңғы мүмкіндікті пайдаланып, Мұса олардың жігерін қайрады a.

5. Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20-дағы Мұсаның сөздерін естігенде, исраилдіктер болашаққа қатысты не түсінді?

5 Мұса не айтты? (Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20 оқыңыз). Исраил халқының алдында жарқын болашақ тұрды. Ехобаның батасымен олар оның уәде еткен жерінде ұзақ өмір кешпек еді. Ол жер сондай шұрайлы, сұлу мекен болатын. Мұса оларға: “Ехоба Құдайларың... өздерің тұрғызбаған үлкен де әсем қалаларды, өздерің жинамаған дүние-мүлікке толы үйлерді, өздерің қазбаған су қоймаларын, өздерің отырғызбаған жүзімдіктер мен зәйтүн ағаштарын береді”,— деді (Мұс. 5-ж. 6:10, 11).

6. Ехоба неге исраилдіктердің басқа халықтардан жеңілуіне жол берді?

6 Бірақ Мұса бір маңызды жайтты ескертті. Сол шұрайлы жерді ұзағынан мекендеу үшін олар Ехобаның заңдарына мойынсұну қажет еді. Мұса оларды “өмірді таңдауға”, яғни Ехобаның “айтқандарына құлақ асып, оған адал болып жүруге” шақырды. Алайда исраилдіктер Ехобадан бас тартып кетті. Сондықтан Құдай оларды ассириялықтардың, кейін бабылдықтардың қолына берді де, олар жер аударылып кетті (Пат. 2-ж. 17:6—8, 13, 14; Шеж. 2-ж. 36:15—17, 20).

7. Мұсаның айтқанынан қандай ой түйеміз? (Суретті де қараңыз.)

7 Өзімізге қандай сабақ аламыз? Ехобаға мойынсұнсақ, өмірімізді аман сақтаймыз. Уәде етілген жердің табалдырығында тұрған исраилдіктер сияқты, біз де Құдайдың уәде еткен жаңа дүниесіне міне-міне кіргелі тұрмыз. Ол кезде жер беті әсем жұмаққа айналады (Ишая 35:1; Лұқа 23:43). Ібіліс пен жын-перілер болмайды (Аян 20:2, 3). Адамзатты шынайы жолдан адастыратын жалған дін де болмайды (Аян 17:16). Адамдар үкіметтердің езгісінен босайды (Аян 19:19, 20). Ехоба жұмақта ешкімге де бүлік шығаруға жол бермейді (Зәб. 37:10, 11). Жердің қай бұрышында да адамдар Құдайдың әділ заңдарын ұстанып, ынтымақ-бірлікте өмір сүреді. Барлығы бір-бірін сүйіп, бір-біріне сенетін болады (Ишая 11:9). Бізді неткен тамаша өмір күтіп тұр! Оған қоса, Ехобаға мойынсұна берсек, жердегі жұмақта жүз жыл да, мың жыл да емес, мәңгі бақи өмір кешеміз! (Зәб. 37:29; Жох. 3:16).

Ехобаға мойынсұна берсек, жұмақта жүз жыл да, мың жыл да емес, мәңгі бақи өмір кешеміз! (7-абзацты қараңыз)


8. Мәңгі өмір сүру үміті бір миссионерге қалай көмектесті? (Яһуда 20, 21)

8 Құдайдың уәде еткен мәңгілік өмірін әрқашанда ойда ұстасақ, қандай сынаққа ұшырасақ та, Ехобадан ажырамауға тырысамыз (Яһуда 20, 21 оқыңыз). Сондай-ақ бұл уәде әлсіздіктерімізбен күресуге де күш береді. Ұзақ уақыттан бері Африкада миссионер болып қызмет еткен ер бауырлас бір тән әлсіздігімен күресіп жүрген екен. Ол былай дейді: “Ехобаға мойынсұнбасам, мәңгі өмірмен қош айтысатынымды түсінген кезде өліспей беріспеуге бекіндім және одан бетер Ехобаға жалбарына дұға еттім. Оның көмегімен осы әлсіздігімді ақыры жеңдім”.

“ІСІҢ АЛҒА БАСАДЫ”

9. Дәуіт өмірінде қандай қиыншылықтар көрді?

9 Дәуіт керемет патша болған. Бұдан бөлек, ол музыкант, ақын, жауынгер әрі пайғамбар болған. Оның көрген қиындығы да аз болмады. Көзін құртамын деп соңына түскен Саул патшаның кесірінен ол жылдар бойы қашқын болып өмір сүрді. Патша болған кезде де, өз ұлы Абессалом тағына таласқандықтан, ол тағы да жанын сақтап қашуға мәжбүр болды. Қандай азап көрсе де, өз қателіктерінен опық жесе де, Дәуіт өле-өлгенше Құдайға адал болып қалды. Ехоба Дәуітті менің “көңілімнен шығатын адам” деп атады. Ендеше оның өсиетін естуге біз, әлбетте, құштармыз! (Ел. іс. 13:22; Пат. 1-ж. 15:5).

10. Неліктен Дәуіт өзінен кейін патша болатын ұлы Сүлейменге ақыл айтты?

10 Дәуіт өзінен кейін патша болатын Сүлейменге не ақыл айтқанын қарастырайықшы. Ехоба бұл жас жігітті үлкен ғибадатхана соғып, таза ғибадатты өркендетеді деп таңдап алған еді (Шеж. 1-ж. 22:5). Демек, Сүлеймен алда біраз қиындықтан өтпек еді. Дәуіт оған не деді екен?

11. Патшалар 1-жазба 2:2, 3-те Дәуіт Сүлейменге не деді және бұл сөздер қалай орындалды? (Суретті де қараңыз.)

11 Дәуіт не айтты? (Патшалар 1-жазба 2:2, 3 оқыңыз). Дәуіт ұлына Ехобаға мойынсұнып жүрсе, не істесе де ісі алға басатынын айтты. Расында да, көп жыл бойы Сүлеймен біраз жетістікке жетті (Шеж. 1-ж. 29:23—25). Ол зәулім ғибадатхана соқты, Киелі жазбалардың кейбір кітаптарын жазды. Оның сөздері Құдай Сөзінің басқа кітаптарында да кездеседі. Сондай-ақ даналығымен және мол дәулетімен жұртқа танымал болды (Пат. 1-ж. 4:34). Бірақ Дәуіт айтып кеткендей, Ехобаға мойынсұнып жүрсе ғана оның ісі алға баса бермек еді. Өкінішке қарай, жасы ұлғая келе Сүлеймен өзге құдайларға бас ұрып кетті. Соның кесірінен Ехобаның ықыласынан айырылып қалды. Бұдан былай Құдай оған елге дұрыс та әділ билік жүргізуге қажетті даналықты бермей қойды (Пат. 1-ж. 11:9, 10; 12:4).

Дәуіттің Сүлейменге қалдырған өсиетінен түйеріміз — Ехобаға мойынсұнсақ, бізге дұрыс шешім қабылдауға даналық береді (11, 12-абзацтарды қараңыз) b


12. Дәуіттің сөздерінен не түйеміз?

12 Өзімізге қандай сабақ аламыз? Ехобаға мойынсұнсақ, әрбір ісіміз алға басады (Зәб. 1:1—3). Әрине, Ехоба бізге Сүлейменге берген байлық пен салтанатты уәде етпегенін білеміз. Бірақ оған мойынсұнып жүрсек, ол бізге дұрыс шешімдер қабылдауға даналық береді (Нақ. с. 2:6, 7; Жақ. 1:5). Мысалы, оның принциптері бізге жұмыс таңдау, білім алу, көңіл көтеру және ақша жұмсау мәселелерінде жол көрсетеді. Оның даналығымен жүрсек, Құдаймен қарым-қатынасымызды да сақтап қалып, болашақта мәңгі өмір сүреміз (Нақ. с. 2:10, 11). Сондай-ақ жақсы достар табамыз және бақытты отбасы болудың сырын білеміз.

13. Кармен жетістікке жетудің жолын қалай тапты?

13 Мозамбикте тұратын Кармен есімді қыз бауырлас жетістікке жетудің жолы жоғарғы білім алу деп ойлаған. Ол университетке түсіп, сәулетшілікті оқыды. Кармен былай дейді: “Оқуым маған қатты ұнайтын, бірақ оған бар уақытым мен күшім кетіп жатты. Таңғы сағат 7:30-дан кешкі 18:00-ге дейін сабақта жүретінмін. Қауымға баруым қиындап кетті, рухани күйім де әлсірей бастады. Сол кезде екі қожайынға бірдей қызмет етуге тырысып жүргенімді іштей сездім” (Мат. 6:24). Ол осы жағдайды айтып дұға етеді де, әдебиеттерді ақтарып, ізденіс жасайды. “Рухани толысқан ер бауырластармен және анаммен кеңескен соң, жоғарғы оқу орнынан шығып, Ехобаға толық уақытты қызмет етуді шештім. Осылай еткеннің арқасында мен өте дұрыс шешімдер қабылдадым және еш өкінішім жоқ”,— дейді Кармен.

14. Мұса да, Дәуіт те не айтпақ болды?

14 Мұса да, Дәуіт те Ехобаны жақсы көрген және оған мойынсұнғыш болудың маңыздылығын терең түсінген. Өлер алдында екеуі де жанындағыларға өздері сияқты Ехобаға адал болып қалуды өсиет етіп кетті. Сондай-ақ олар Ехобаны тастап кетсек, оның ықыласынан да, уәде еткен баталарынан да құр қалатынымызды ескертіп кетті. Олардың айтқан ақылы біздер үшін де аса құнды. Олардан кейін ғасырлар өте Ехобаның тағы бір қызметшісі оған адал болуға шақырып кетті.

“АРТЫҚ ҚУАНЫШ ЖОҚ”

15. Елші Жохан нені бастан өткізді?

15 Жохан Иса Мәсіхтің сүйікті елшісі болған (Мат. 10:2; Жох. 19:26). Қызметі барысында ол Исаның қасында жүрген, жасаған кереметтерін көрген әрі қиын шақта қасынан табылған. Иса өлімге кесілгенде оның қасында тұрды және қайта тірілгеніне де куә болды. Сонымен қатар ол мәсіхшілердің шағын тобының көбейіп, ізгі хабардың “барлық жерде уағыздалғанын” өз көзімен көрді (Қол. 1:23).

16. Жоханның хаттары кімдерге пайдасын тигізіп келеді?

16 Ұзақ өмірінің соңына таман Жохан Құдай Сөзінің жазылуына үлес қосқан. Ол өте әсерлі “Иса Мәсіхке берілген аянды” жазды (Аян 1:1). Өз есімімен аталатын ізгі хабарды да жазды. Сондай-ақ ол киелі рухтың жетелеуімен үш хат жазды. Ол үшінші хатын сүйікті рухани баласы болып кеткен Гай деген адал мәсіхшіге арнады (Жох. 3-х. 1). Сол кездері Жохан көптеген бауырластарды өзінің рухани балаларындай көрсе керек. Осы бір адал қарт кісінің айтқан сөздері Исаның ізбасарларын сол кезде қалай жігерлендірсе, бізді де дәл солай жігерлендіреді.

17. Жоханның 3-хаты 4-тармаққа сай, не асқан қуаныш сыйлайды?

17 Жохан не жазды? (Жоханның 3-хаты 4 оқыңыз). Жохан Құдайға мойынсұну зор қуаныш сыйлайтынын айтқан. Ол үшінші хатын жазған уақыттары кейбіреулер жалған ілімдер таратып, қауымға жік салып жүрген. Соған қарамастан басқа мәсіхшілер “шындық жолында жүре” берген. Олар Ехобаға мойынсұнып, оның “өсиеттері бойынша жүрген” (Жох. 2-х. 4, 6). Олардың осы адалдығы Жоханды ғана емес, Ехобаны да қатты қуантқан (Нақ. с. 27:11).

18. Жоханның сөздерінен не түйеміз?

18 Өзімізге қандай сабақ аламыз? Адалдықтың жемісі — қуаныш (Жох. 1-х. 5:3). Мысалы, Ехобаны қуантқанымызға өзіміз де қуанамыз. Ол біздің осы дүниенің азғыруларына қарсы тұрып, шындық жолымен жүргенімізге сүйсінеді (Нақ. с. 23:15). Бізге қарап көктегі періштелер де шат-шадыман болады (Лұқа 15:10). Сондай-ақ біз бір-біріміздің адалдығымызды, әсіресе сынақтарға, азғыруларға төтеп беріп жатқанымызды, көріп қуанамыз (Сал. 2-х. 1:4). Ал болашақта осы дүние жойылғанда, біз Шайтан билеп тұрған заманның өзінде Ехобаға адал болып қалғанымызға риза боламыз.

19. Рейчел бауырлас басқаларға шындықты үйрету жайлы не дейді? (Суретті де қараңыз.)

19 Біз өзгелерге шындықты айтқанда ерекше қуанышқа бөленеміз. Доминика Республикасында тұратын Рейчел деген бауырлас өзгелерге тамаша Құдайымыз Ехоба жайлы үйретуді асқан мәртебелі іс санайды екен. Ол өзінің рухани балалары жайлы ойлана отырып былай деді: “Олардың бірте-бірте Ехобаны жақсы көріп, оны өмірлерінде тіреніш етіп, Әкелерін қуанту үшін өмірлерін өзгертіп жатқанын көргенде қалай қуанатынымды сіздерге сөзбен айтып жеткізе алмаймын! Оларға тәлім беру үшін қанша күш салсам да, қандай құрбандықтарға барсам да, алған қуанышым бәрінен де асып түседі”.

Адамдарға Ехобаны сүйіп, мойынсұнуды үйреткенде, өзіміз қуанамыз (19-абзацты қараңыз)


АДАЛ ҚАРИЯЛАРДЫҢ ӨСИЕТІН ОРЫНДАЙЫҚ

20. Мұса, Дәуіт және Жоханмен қандай ортақ дүниелеріміз бар?

20 Мұса, Дәуіт пен Жохан басқа уақытта және басқа жағдайларда өмір сүргені рас. Десе де біздің олармен ұқсас жақтарымыз өте көп. Олар қызмет еткен Құдайға біз де қызмет етеміз, біз де Ехобаға дұға етіп, арқа сүйейміз және одан басшылық сұраймыз. Осы адал кісілер сияқты біз де өзіне мойынсұнатындарды Ехоба молынан жарылқайтынына кәміл сенімдіміз.

21. Мұса, Дәуіт, Жохан іспетті қариялардың өсиеттерін орындасақ, қандай баталарға кенелеміз?

21 Ендеше, сол қариялардың қалдырған өсиетіне ден қойып, Ехобаның заңдарына мойынсұна берейік. Сонда, не істесек те, әрбір ісіміз алға басады. Сондай-ақ “ұзақ ғұмыр”, яғни мәңгі өмір кешетін боламыз! (Мұс. 5-ж. 30:20). Көктегі сүюші Әкемізді разы қылғанымызды біліп қуанамыз. Ал Ехобаның осы үшін болашақта берер баталары біз күткеннен де асып түседі (Ефес. 3:20).

129-ӘН Табанды боламыз

a Ехобаның Қызыл теңіздегі кереметтерін көрген исраилдіктердің басым көпшілігі Уәде етілген жерді көрмей өліп кетті (Мұс. 4-ж. 14:22, 23). Өйткені Ехоба санақтан өткен жасы жиырмаға толған және одан асқандар шөл далада өлетінін айтқан (Мұс. 4-ж. 14:29). Бірақ Ешуа мен Халеп, жас буынның көбі және Леуі руы тірі қалып, Иордан өзенінен өтті. Қанахан жеріне кіріп, Ехобаның уәдесінің орындалғанын көрді (Мұс. 5-ж. 1:24—40).

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сол жақта: Дәуіт ұлы Сүлейменге соңғы өсиетін айтып жатыр. Оң жақта: Ізашарлық қызмет мектебінде оқып жатқан бауырластар білім алуда.