Апта сайын жеке зерттеңіз
СІЗГЕ жүйелі түрде жеке зерттеу және зерттеуіңізді қызықты етіп өткізу қиын ба? Қай-қайсысымызға да бұл кейде қиын болып жатады. Десе де жүйелі түрде жасайтын істеріңіз жайлы ойлап көріңізші, мысалы, жуынуды алайық. Бұған уақыт пен күш кетеді, әрине. Бірақ жуынып болған соң, сіз өзіңізді жеңіл сезініп, сергіп қаласыз. Тура солай, Киелі кітапты зерттегенде де біз “Құдай сөзімен жуынып”, сергіп қаламыз (Ефес. 5:26). Сізге көмек болар кейбір кеңестерді қарастырайық.
Кесте құрыңыз. Жеке зерттеу мәсіхшілер міндетті түрде істеуі керек “маңыздырақ” істерге жатады (Філіп. 1:10). Кестеңізді ұстану үшін оны көрінетін жерге, мысалы тақтаға не тоңазытқышқа, іліп қойсаңыз болады. Я болмаса зерттейтін уақытыңызды еске салып тұру үшін телефоныңызға ескертпе жазып қойыңыз.
Өзіңізге ыңғайластырыңыз. Сізге бір отырғанда ұзақ уақыт зерттеген ыңғайлы ма? Әлде бөліп-бөліп, аз уақыттан бірнеше рет зерттеген ыңғайлы ма? Сізге не жақсы екенін өзіңіз ғана білесіз. Сондықтан жеке зерттеуіңізді өз жағдайыңызға бейімдеп алыңыз. Зерттейтін уақыт келгенде ықыласыңыз болмаса, он минут қана зерттеп көріңіз. Мүлдем зерттемегеннен гөрі он минут зерттегеннің өзі әлдеқайда жақсы. Оның үстіне, зерттеуді бастасаңыз, әрі қарай қызығып, жалғастырып кетуіңіз мүмкін (Філіп. 2:13).
Зерттейтін тақырыптарды алдын ала таңдаңыз. Не зерттейтініңізді зерттеуге отырғаннан кейін ойлансаңыз, “уақытыңызды барынша тиімді пайдалана” алмай қаласыз (Ефес. 5:16). Сол үшін зерттегіңіз келетін мақалалардың тізімін алдын ала жазып жүріңіз. Қандай да бір тақырыпқа қатысты сұрақ туындаса, оны бірден жазып қойыңыз. Әр зерттеудің соңында зерттегіңіз келетін тағы басқа тақырыптар пайда болса, оларды да жазып қойыңыз.
Қажет болса, өзгерістер жасаңыз. Кестеңізді жағдайыңызға бейімдеңіз. Мысалы, қанша уақыт зерттейтініңізді, қандай тақырып зерттейтініңізді өзгертіп тұра аласыз. Маңыздысы — не зерттеу, қашан не қанша уақыт зерттеу емес, жүйелі түрде зерттеу.
Апта сайын зерттейтін болсақ, мұның көп пайдасын көреміз: Ехобаға жақындай түсеміз, даналықпен әрекет етуді үйренеміз әрі сергіп қаламыз (Ешуа 1:8).