Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

Ер бауырластар, ақсақал болуға ұмтылып жүрсіз бе?

Ер бауырластар, ақсақал болуға ұмтылып жүрсіз бе?

“Егер біреу бақылаушы міндетіне ұмтылса, оның игілікті істі қалағаны” (ТІМ. 1-Х. 3:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ақсақал болу үшін ер бауырлас Жазбалардағы қандай талаптарға сай келу керек екенін қарастырамыз.

1, 2. Ақсақалдар атқарып жүрген “игілікті іске” не жатады?

 ЕГЕР сіз қызмет көмекшісі болсаңыз, ақсақалдарға қажет кейбір қасиеттер мен қабілеттерді дамытып жүрген шығарсыз. Ақсақалдар атқарып жүрген “игілікті істі” сіз де атқарғыңыз келер ме еді? (Тім. 1-х. 3:1).

2 Ал ақсақалдар атқаратын іске не жатады? Ақсақалдар уағыз ісіне жетекшілік етуде, бақташылық сапарлар жасауда және тәлім беруде көп еңбек етеді. Бұған қоса, қауымды сөздерімен және істерімен нығайтып жүреді. Олардың Киелі кітапта “сый ретінде” берілген адамдар деп аталғаны бекер емес (Ефес. 4:8).

3. Ер бауырлас ақсақал болу үшін не қажет? (Тімөтеге 1-хат 3:1—7; Титке 1:5—9)

3 Ақсақал болу үшін не қажет? Ақсақал болу жұмысқа тұру сияқты емес. Әдетте қажетті қабілеттеріңіз болса, сізді жұмысқа ала береді. Бірақ ақсақал болу үшін қабілеттердің болғаны ғана жеткіліксіз. Уағыздау және тәлім беру қабілеттерінен бөлек, сізге Тімөтеге 1-хат 3:1—7 және Титке 1:5—9 тармақтарда (оқыңыз) жазылған талаптарға сай келу керек. Бұл мақалада ақсақалдарға қатысты маңызды үш саланы қарастырамыз: қауымдағы және қауымнан тысқары адамдар алдында жақсатты болу, жақсы отағасы болу және қауымға қызмет етуге дайын болу.

АДАМДАР АЛДЫНДА ЖАҚСАТТЫ БОЛУ

4. “Еш кінәратсыз” болу деген нені білдіреді?

4 Ақсақал болу үшін сіз “еш кінәратсыз” болуыңыз керек. Бұл деген жүріс-тұрысыңыз ешкім айып тақпайтындай болу керек дегенді білдіреді. Бұдан бөлек, “қауымнан тысқары адамдар алдында жақсатты болуыңыз тиіс”. Әрине, Куәгер емес адамдар сізді наным-сенімдеріңізге бола жамандауы мүмкін. Бірақ ешкім де сіздің жақсы адам екеніңізге, шыншыл екеніңізге шек келтірмеу керек (Дан. 6:4, 5). Былай деп ойланып көріңіз: “Мен қауымдағы және қауымнан тысқары адамдар алдында жақсаттымын ба?”

5. “Ізгілік атаулыны жақсы көретініңізді” қалай көрсете аласыз?

5 Егер сіз “ізгілік атаулыны жақсы көретін” болсаңыз, онда өзгелердің жақсы жақтарын байқап, сол үшін оларды мақтап жүресіз. Сондай-ақ өзгелерге қуана-қуана көмектесіп, тіпті артығымен істеуге дайын боласыз (Сал. 1-х. 2:8). Ақсақалдардың ізгілікті жақсы көргендері неге маңызды? Өйткені олар Ехобаның қойларын бағуға, қауымдағы тапсырмаларын атқаруға көп уақыт жұмсайды (Пет. 1-х. 5:1—3). Ізгілікті сүйгендерінің арқасында олар мұның бәрін қуанышпен істейді. Ақсақалдардың өзгелерге қызмет етуден алатын қуаныштары барған кез келген құрбандықтарынан әлдеқайда асып түседі (Ел. іс. 20:35).

6. “Қонақжай” болуға не жатады? (Еврейлерге 13:2, 16; суретті де қараңыз.)

6 Өзгелерге, тіпті аса қатты араласпайтын адамдарға жақсылық жасағанда, өзіңіздің “қонақжай” екеніңізді көрсетесіз (Пет. 1-х. 4:9). Бір сөздікте қонақжай адам былай деп сипатталған: “Оның үйінің де, жүрегінің де есігі бөтен адамдар үшін ашық”. Былай деп ойланып көріңіз: “Мен қауымға келетін қонақтарға көңіл бөлетін адам ретінде танымалмын ба?” (Еврейлерге 13:2, 16 оқыңыз). Қонақжай адам қонақтардың бәріне — жағдайы нашар бауырластарға, ауыр еңбектеніп жүрген аудандық бақылаушылар мен баяндамашыларға — жақсылық жасап, қолда барымен бөліседі (Мұс. 1-ж. 18:2—8; Нақ. с. 3:27; Лұқа 14:13, 14; Ел. іс. 16:15; Рим. 12:13).

Ерлі-зайыпты аудандық бақылаушы мен әйеліне қонақжайлылық танытып жатыр (6-абзацты қараңыз)


7. Ақсақал “ақшақұмар” емес екенін қалай көрсете алады?

7 “Ақшақұмар болмау” деген нені білдіреді? Бұл бар ойыңыз ақшада болмау керек деген сөз. Бай болсаңыз да, кедей болсаңыз да, Патшалықты өміріңізде бірінші орынға қоясыз (Мат. 6:33). Уақытыңызды, күш-қайратыңызды, қолда барыңызды Ехобаға ғибадат ету үшін, отбасыңызды қамқорлау үшін, қауымға қызмет ету үшін пайдаланасыз (Мат. 6:24; Жох. 1-х. 2:15—17). Өзіңізді былай деп тексеріңіз: “Ақшаға деген көзқарасым қандай? Өмір сүру үшін қажетті нәрселерім бар болса, соны қанағат етіп жүрмін бе? Әлде ақша табу мен дүние-мүлік жинауды көп ойлап кеттім бе?” (Тім. 1-х. 6:6, 17—19).

8. Сіздің “барлық жағынан байсалды” әрі “ұстамды” екеніңіз неден көрінеді?

8 Егер сіз “барлық жағынан байсалды” әрі “ұстамды” болсаңыз, әр нәрсенің шегін білесіз. Ішіп-жеуге, киінуге және демалуға келгенде, бір шектен екінші шекке шығып кетпейсіз. Осы дүниедегі трендтердің де соңынан қумайсыз (Лұқа 21:34; Жақ. 4:4). Біреу ызаңызға тиіп жатса, сабырлы күйіңізден айнымайсыз. Сондай-ақ “маскүнем” не бір ішсе, көп ішеді деген атқа қалудан да аулақ боласыз. Былай деп ойланып көріңіз: “Өзгелер маған қарап, барлық жағынан байсалды, ұстамды адам деп айта ала ма?”

9. Ақсақал “есті” әрі “іс-әрекетіне ұқыпты” болу керек деген нені білдіреді?

9 Егер “есті” болсаңыз, жағдайға Киелі кітап принциптерінің тұрғысынан баға бересіз. Сол принциптер туралы терең ой жүгірткенде, түсінікке ие боласыз. Асығыс тұжырым жасамайсыз, керісінше, барлық жайтты ескергеніңізге көз жеткізесіз (Нақ. с. 18:13). Осылай істегеннің арқасында Ехобаның ой қалпына сай келетін ең дұрыс деген шешімдерді қабылдайсыз. Ал “іс-әрекетіңізге ұқыпты” болғаныңыз жинақы болуға, бәрін уақытылы істеуге көмектеседі. Басқалар сізді сенім артуға тұратын, нұсқауларды ұстанатын адам деп білетін болады. Жақсатты болу үшін аталған осы қасиеттерін бәрін таныту маңызды. Ал енді жақсы отағасы болу үшін ер бауырлас қандай талаптарға сай келу керектігін қарастырайық.

ЖАҚСЫ ОТАҒАСЫ БОЛУ

10. “Отбасына жақсы басшылық ететін” ер адам қандай болады?

10 Егер отағасы болсаңыз, ақсақал болу үшін үй ішіңіздегілердің үлгілі болғаны маңызды. Сол үшін сіз “отбасына жақсы басшылық ететін” адам болуыңыз керек. Өзгелер сізді отбасын жақсы көретін, өз міндеттерін жақсы атқаратын адам ретінде білу керек. Отбасыңызға ғибадатпен байланысты істерге атсалысуға көмектесу — сіздің міндетіңіз. Жақсы отағасы болу неге соншалықты маңызды? Елші Пауыл айтпақшы, “егер адам өз отбасына басшылық етуді білмесе, қалайша Құдай қауымын қамқорлай алады?” (Тім. 1-х. 3:5).

11, 12. Үй ішіндегілердің жүріс-тұрысы ер бауырластың ақсақал болу-болмауына қалай әсер етеді? (Суретті де қараңыз.)

11 Егер 18-ге толмаған балаларыңыз болса, олар “мойынсұнғыш әрі тәртіпті болуы керек”. Сіздің міндетіңіз — оларға мейіріммен тәлім-тәрбие беру. Әрине, бала болған соң олар ойнайды, күледі, жүгіреді. Бірақ оларға жақсы тәрбие берер болсаңыз, балаларыңыз тілалғыш, өзгелерді құрметтей білетін, өздерін дұрыс ұстайтын адам болып өседі. Балаларыңызға Ехобамен тығыз қарым-қатынас орнатуға көмектесу, оларға Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүруді үйрету және шомылдыру рәсімінен өтемін деген мақсатына жетуге көмектесу де сіздің міндетіңізге кіреді.

12 “Балалары жүгенсіз, бетімен кеткен емес, сенуші болсын” деген нені білдіреді? Сенуші баласы ауыр күнә жасаса, бұл отағасының қауымдағы қызметіне әсер етеді. Егер әкесі баласының тәлім-тәрбиесіне немқұрайды қарайтын болса, оның ақсақал болып қызмет етуі екіталай (1996 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 қазандағы санын (ор.) қараңыз, 21-б., 6, 7-абз.).

Отағалары балаларына қасиетті қызметтің түрлеріне атсалысуды үйретеді (11-абзацты қараңыз)


ҚАУЫМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ

13. “Иліккіш” әрі “өз дегенін істетпейтін” адам екеніңізді қалай көрсете аласыз?

13 Бойында жақсы қасиеттер дамытқан ер бауырлас — қауым үшін нағыз сый. Мысалы, “иліккіш” адам жан-жағында татулық орнатып жүреді. Сіз де иліккіш болғыңыз келсе, өзгелерді тыңдап, олардың пікірлеріне құлақ асуға дайын болыңыз. Сіз ақсақал болып, ақсақалдар кеңесінде отырсыз делік. Сол кезде ақсақалдардың басым көпшілігі қабылдаған шешім Киелі кітапқа қайшы келмесе, оны оңайлықпен қолдай аласыз ба? Өз дегенін істететін болмау керек деген бәрі сіз айтқандай болу үшін өз дегеніңізде тұрып алмауды білдіреді. Қайта, сіз кеңесшілердің көп болғанына қуанып, басқалармен ақылдасасыз (Мұс. 1-ж. 13:8, 9; Нақ. с. 15:22). Сонымен қатар “даукес” не “қызба” болмауыңыз керек. Сіздің айтысқаныңыз, қатты-қатты сөйлегеніңіз жөн болмас, қайта, ойланып, жұмсақтықпен сөйлегеніңіз маңызды. Егер өзгелермен тату болсаңыз, тіпті ең стресті деген жағдайда бірінші болып әрекет етіп, татулық сақтайсыз (Жақ. 3:17, 18). Жылы да жұмсақ сөйлегеніңіз өзгелердің, тіпті қарсыластардың жүрегін жібітіп, көзқарасын өзгертуі мүмкін (Би. 8:1—3; Нақ. с. 20:3; 25:15; Мат. 5:23, 24).

14. “Сенімді жаңадан қабылдағандардан болмасын” және “адал... болуы тиіс” деген сөздер нені білдіреді?

14 Ақсақал болатын адам “сенімді жаңа қабылдағандардан болмау” керек. Бұл шомылдыру рәсімінен өткеніңізге көп жыл болу керек деген сөз емес. Бірақ рухани толысқан мәсіхші болу үшін уақыт керек. Ақсақал болып тағайындалмас бұрын, сіз Иса сияқты кішіпейіл екеніңізді және кез келген қызметті қуанышпен атқара беретініңізді, сондай-ақ Ехоба қауымда көбірек жауапкершілік тапсырғанға дейін оны шыдаммен күтуге дайын екеніңізді көрсетуіңіз керек (Мат. 20:23; Філіп. 2:5—8). Ехобаға етене жақын болсаңыз, оның әділ заң-талаптарын орындасаңыз және ұйымның беріп жатқан басшылықтарын берік ұстансаңыз, өзіңіздің “адал” екеніңізді көрсетесіз (Тім. 1-х. 4:15).

15. Ақсақал міндетті түрде керемет баяндамашы болу керек пе? Түсіндіріңіз.

15 Бақылаушы міндетіне ұмтылатындар “тәлім беруге қабілетті” болу керектігі Жазбаларда анық айтылған. Бұл деген баяндаманы түбін түсіріп айта алуыңыз керек дегенді білдіре ме? Жоқ, олай емес. Негізінен, ақсақалдардың көбісі керемет баяндамашы болмаса да, уағыздағанда, бақташылық сапар жасағанда өте жақсы тәлім береді (Қорынттықтарға 1-хат 12:28, 29 бен Ефестіктерге 4:11 салыстырыңыз). Десе де тәлім беру қабілетіңізді шыңдауды тоқтатпаңыз. Бұл жағынан жақсара беру үшін не істесеңіз болады?

16. Тәлімгер ретінде шеберлігіңізді шыңдау үшін не істесеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)

16 “Шынайы сөздерден ауытқымау керек”. Шебер тәлімгер болғыңыз келсе, жұрт алдында тәлім бергенде де, жеке кеңес бергенде де сөздеріңізді Құдай Сөзіне негіздеуіңіз керек. Ол үшін Киелі кітапты, әдебиеттерді тыңғылықты зерттеңіз (Нақ. с. 15:28; 16:23). Зерттеу барысында әдебиеттерде Киелі кітап тармақтары қалай түсіндірілетініне аса ден қойыңыз. Сонда қай тармақты қай кезде қолдану орынды болатынын жақсы түсінесіз. Тәлімдеріңіз тыңдап отырған адамдардың жүректеріне жету үшін көп күш салғаныңыз маңызды. Жақсы тәлімгер болудың тағы бір жолы — тәжірибелі ақсақалдардан кеңес сұрап, соларға құлақ асу (Тім. 1-х. 5:17). Ақсақал бауырластарын “жігерлендіре алатын” адам болу керек. Бірақ кейде кеңес беретін, тіпті “әшкерелеу”, яғни түзету керек жағдайлар да болады. Екі жағдайда да ақсақал жұмсақ болуды ұмытпау керек. Егер мейірімді болсаңыз, бауырластарыңызды жақсы көрсеңіз және тәлімдеріңізді Құдай Сөзіне негіздесеңіз, Ұлы Ұстазымыз Иса сияқты шебер тәлімгер боласыз (Мат. 11:28—30; Тім. 2-х. 2:24).

Қызмет көмекшісі қалай тәлім беру керектігін тәжірибелі ақсақалдан үйреніп жатыр. Кейін ол айнаның алдында тұрып, баяндамасын айтып жаттығып тұр (16-абзацты қараңыз)


АЛҒА ҰМТЫЛА БЕРІҢІЗ

17. а) Қызмет көмекшісі ақсақал болу үшін не істесе болады? ә) Ақсақалдар ер бауырластың тағайындалуын қарастырғанда, нені есте ұстау керек? (“ Ер бауырластың тағайындалуын қарастырғанда, қарапайым болыңыз” деген қоршауды қараңыз.)

17 Ақсақалдарға қойылатын талаптарды көріп, кейбір қызмет көмекшілері “мен ешқашан ақсақал бола алмаймын” деп тартыншақтап қалуы мүмкін. Бірақ Ехоба да, оның ұйымы да сізден аталған қасиеттердің барлығын кемелді түрде танытады деп күтпейді (Пет. 1-х. 2:21). Оның үстіне, ақсақал болуға қажетті қасиеттерді дамытуға Ехобаның өзі құдіретті рухымен көмектеседі (Філіп. 2:13). Осы мақалада айтылған қасиеттердің қайсысын жақсартқыңыз келер еді? Сол жайлы Ехобаға дұға етіңіз, сол қасиет туралы зерттеңіз және ақсақалдардың бірінен сол қасиетті қалай жақсартуға болатынын сұрап көріңіз.

18. Барлық қызмет көмекшілері қандай мақсатқа ұмтылса болады?

18 Бәріміздің де, ақсақал болып қойған бауырластардың да осы мақалада айтылған қасиеттерді дамыта бергендері дұрыс (Філіп. 3:16). Қызмет көмекшісі болып жүрген ер бауырластар, ақсақал болуға ұмтыла беріңіздер! Ехобаға дұға етіп, “саған көбірек пайдалы болуым үшін мені үйретіп, қалыптастыра берші” деп сұраңыз (Ишая 64:8). Лайым, ақсақал болуға ұмтылып жүрген сізге Ехоба батасын берсін!

101-ӘН Бірлесе қызмет етейік