Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

46-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

49-ӘН Ехобаның жүрегін қуантайық

Ер бауырластар, қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрсіз бе?

Ер бауырластар, қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрсіз бе?

“Алғаннан гөрі берген бақытты” (ЕЛ. ІС. 20:35).

НЕГІЗГІ ОЙ

Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарды қызмет көмекшісі болуға және талаптарға сай келуге талпындыру.

1. Елші Пауыл қызмет көмекшілеріне қалай қараған?

 ҚАУЫМДА қызмет көмекшілерінің ойып алар орны бар. Олардың арқасында қаншама көп істер тынады. Елші Пауыл да бұндай адал ер кісілерді ерекше бағалаған. Мысалы, Філіпідегі мәсіхшілерге хат жазғанда, ол ақсақалдардан бөлек, қызмет көмекшілеріне де арнайы сәлем жолдаған (Філіп. 1:1).

2. Луис бауырлас атқарып жүрген қызметі жайлы қандай ойда?

2 Жас демей, жасы үлкен демей, көптеген ер бауырластар қызмет көмекшісі ретінде қуана қызмет атқарып жүр. Мысалы, Дивэн 18 жасында қызмет көмекшісі болып тағайындалған. Ал Луис бауырлас 50-ден асқан шағында қызмет көмекшісі болған. Ол бауырласымыз былай дейді: “Қауымдағы бауырластарыма қызмет ету — мен үшін үлкен мәртебе! Олар менен сүйіспеншіліктерін аямайды, енді мен де оларды жақсы көретінімді көрсеткім келеді!” Бұл сөздермен қызмет көмекшілерінің көбісі келісетіні сөзсіз.

3. Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас, егер әлі қызмет көмекшісі болмасаңыз, бұны мақсат етіп қоя аласыз ба? Бұл мақсатқа қандай ниетпен ұмтылғаныңыз жөн? Жазбалардағы қандай талаптарға сай келуіңіз керек? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақалада қарастырамыз. Бірақ алдымен қызмет көмекшілері қауымда қандай міндеттер атқаратынына тоқталайық.

ҚЫЗМЕТ КӨМЕКШІЛЕРІНІҢ МІНДЕТТЕРІ ҚАНДАЙ?

4. Қызмет көмекшілері қандай істер атқарады? (Суретті де қараңыз.)

4 Қызмет көмекшілері шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар. Олар қауымда әртүрлі істер атқарып, ақсақалдарға қолғабыс ету үшін киелі рухпен тағайындалады. Бауырластардың жеткілікті әдебиеттері мен уағыздайтын аумағы болуына осы қызмет көмекшілері жауапты. Олар Патшалық сарайын тазалауға және күтіп ұстауға атсалысады. Сондай-ақ олар қауымда қызмет көрсетуші болады және қауым кездесуі кезінде аудио-видео аппаратурасында қызмет көрсетеді. Байқасақ, олар көбінесе іс жүзінде қызмет көрсетеді. Бірақ қызмет көмекшілері бірінші кезекте рухани мықты адамдар. Олар Ехобаны жақсы көреді және оның әділ талаптарына сай өмір сүреді, қауымдағы бауырластарын да ерекше жақсы көреді (Мат. 22:37—39). Осындай қызмет көмекшілерінің қатарына қосылу үшін шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар не істей алады?

Қызмет көмекшілері Исаға еліктеп, өзгелерге жанын салып қызмет етеді (4-абзацты қараңыз)


5. Қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрген бауырлас не істей алады?

5 Киелі кітапта қызмет көмекшісі болып тағайындалу үшін қандай талаптарға сай келу керектігі айтылған (Тім. 1-х. 3:8—10, 12, 13). Егер сіз қызмет көмекшісі болғыңыз келсе, Жазбалардағы сол талаптарды мұқият зерттеңіз, кейін соларға сай келу үшін барынша күш салыңыз. Бірақ бәрінен бұрын, не үшін қызмет көмекшісі болғыңыз келетінін анықтап алыңыз.

ҚАНДАЙ НИЕТПЕН ҰМТЫЛЫП ЖҮРСІЗ?

6. Бауырластарыңыз үшін жасаған әрбір ісіңіздің артында не тұру керек? (Матай 20:28; суретті де қараңыз.)

6 Үлгі тұтатын ұстазымыз Иса Мәсіх не істесе де, бәрін Әкесіне және адамдарға деген сүйіспеншіліктің қозғауымен істеген. Сүйіспеншілігі болғандықтан, Иса аянбай еңбек етуге және өзгелер үшін тіпті ең төмен жұмысты да атқаруға дайын болған (Матай 20:28 оқыңыз; Жох. 13:5, 14, 15). Егер сіздің де жүрегіңіздегі қозғаушы күш сүйіспеншілік болса, Ехоба сізге міндетті түрде батасын береді. Ол сізге Жазбалардағы талаптарға сай келіп, қызмет көмекшісі болуға көмектеседі (Қор. 1-х. 16:14; Пет. 1-х. 5:5).

Иса жоғары дәрежеге ұмтылмай, қайта, кішіпейілділікпен өзгелерге қызмет етудің маңыздылығын шәкірттеріне өз үлгісімен көрсетіп жатыр (6-абзацты қараңыз)


7. Неге ер бауырлас атаққұмарлықтан аулақ болу керек?

7 Ештеңеге қарамай жоғарғы дәрежеге ұмтылатындарға осы дүниеде адамдар қызыға қарайды, оларды табысты деп есептейді. Бірақ Ехобаның ұйымында мүлдем олай емес. Исаға еліктеп, сүйіспеншіліктің қозғауымен әрекет ететін ер бауырлас атақ-даңқ қуып, өзгелерден үстем болуды ойламайды. Атаққұмарлыққа ұмтылатын адам қауымда тағайындалатын болса, ол Ехобаның бағалы қойларын қамқорлау үшін жасалатын қарапайым істерді істеуден бас тартуы мүмкін. Ол бұндай қарапайым жұмыстар қадірімді түсіреді деп ойлауы мүмкін (Жох. 10:12). Атақ-даңқты көксеп жүрген көкірек адамдарға Ехоба батасын бермейді (Қор. 1-х. 10:24, 33; 13:4, 5).

8. Иса елшілеріне қандай кеңес берді?

8 Исаның қасында жүрген шәкірттерінің де бұрыс ниетпен жоғары дәрежеге ұмтылған кездері болған. Мысалы, Жақып пен Жохан Исадан Патшалығында құрметті орынға отырғызуды сұраған. Атақ пен даңқты ойлап тұрған бұл шәкірттерін Иса құптамады. Ол 12 елшісін түгел шақырып алып, былай деді: “Кім ұлы болғысы келсе, сол сендерге қызметші болуы тиіс. Кім бастыларың болғысы келсе, сол бәріне құл болу керек” (Мар. 10:35—37, 43, 44). Тағайындалуларға дұрыс ниетпен, яғни өзгелерге қызмет етсем деген оймен ұмтылатындар — қауым үшін нағыз бата (Сал. 1-х. 2:8).

ЫҚЫЛАСЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ АРТТЫРСАҢЫЗ БОЛАДЫ?

9. Өзгелерге қызмет етуге деген ықыласыңызды қалай арттырсаңыз болады?

9 Еш күмәніміз жоқ, сіз Ехобаны жақсы көресіз , өзгелерге де қызмет еткіңіз келеді. Соған қарамастан қызмет көмекшілерінен күтілетін істерді атқаруға аса ықыласыңыз болмаса ше? Ондай кезде ықыласыңызды арттыруға не көмектеседі? Бауырластарға қызмет ету қаншалықты қуаныш әкелетіні жайлы ойланып көріңізші. Иса: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген (Ел. іс. 20:35). Ол өзі осы сөздерге сай өмір сүріп, өзгелерге қызмет етуден зор қуаныш тапқан. Бұндай қуанышқа сіз де кенеле аласыз.

10. Өзгелерге қызмет ету Исаға қуаныш әкелгені неден көрінеді? (Марқа 6:31—34)

10 Иса өзгелерге қуанышпен қызмет еткенін көрсететін бір жағдайды қарастырайық (Марқа 6:31—34 оқыңыз). Бірде қатты шаршаған Иса мен оның елшілері оңаша жерге барып, демалмақшы болады. Бірақ Исадан тәлім алғысы келген жұрт сол жерге олардан бұрын жетіп алады. Иса мен елшілердің “тіпті тамақтануға уақыты болмағанын” ескерсек, Исаның жұртқа тәлім беруден бас тартуына болар еді. Я болмаса бір-екі ғана шындықты үйретіп, оларды таратып жіберуіне болар еді. Бірақ Иса бұл адамдарды жақсы көргендіктен, “оларды көп нәрсеге үйрете бастады”. Ол тіпті “кеш түскенге” дейін тәлім берді (Мар. 6:35). Иса бұның бәрін міндетті болғандықтан емес, халықты аяғандықтан істеді. Иса оларды сүйгендіктен, тәлім беруді өзі қалады. Өзгелерге қызмет ету расымен де Исаға қуаныш сыйлаған.

11. Иса өзгелерге іс жүзінде қалай қызмет көрсеткен? (Суретті де қараңыз.)

11 Иса жұртқа тәлім беріп қана қоймай, оларды тәндік қажеттіліктерімен де қамдаған. Бірде Иса керемет түрде нан мен балықты көбейтіп, кейін шәкірттеріне соларды халыққа таратып беруді тапсырды (Мар. 6:41). Осылай Иса шәкірттеріне өзгелерге қызмет етудің не екенін үйретті. Сондай-ақ ол іс жүзінде қызмет көрсетудің — бүгінде қызмет көмекшілері атқарып жүрген қызметтің — қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Исамен қызметтесіп, кереметтің арқасында пайда болған тамақты халық “тойып алғанша” таратқан шәкірттердің қуанышында шек болмағаны анық (Мар. 6:42). Бұл — Иса өзгелердің мүддесін өзінікінен жоғары қойған жалғыз жағдай емес. Ол жерде өткен бүкіл өмірін өзгелерге қызмет ету үшін арнаған (Мат. 4:23; 8:16). Иса өзгелерге тәлім беруден де, кішіпейілділікпен қамдарын жасаудан да көп қуаныш пен қанағат алған. Еш күмәніңіз болмасын, қызмет көмекшісі болып, өзгелерге жанқиярлықпен қызмет еткенде, сіз де тура осындай қуанышқа кенелесіз.

Ехобаны жақсы көрсеңіз және өзгелерге қызмет етуге ықыласты болсаңыз, қауымда кез келген қызметті атқаруға дайын боласыз (11-абзацты қараңыз) a


12. Неге қауымға еш пайдам жоқ деп ойламауымыз керек?

12 Аса бір керемет қабілетім жоқ деп ойласаңыз, көңіліңіз түспесін. Өйткені бойыңызда қауымға пайдалы болатын қасиеттеріңіздің бар екені анық. Қорынттықтарға 1-хат 12:12—30 тармақтарда жазылған Пауылдың сөздерін оқып, кейін Ехобаға дұға етіп, сол сөздердің мәнін түсінуге көмектесуін сұраңыз. Бұл сізге Ехобаның әрбір қызметшісі сияқты сіздің де қауымда өз орныңыз бар екенін анық көруге көмектеседі. Қызмет көмекшісі болу үшін қойылатын талаптарға әзірге сай келмесеңіз, еш берілмеңіз. Ехобаға және бауырластарға қызмет ету үшін қолыңыздан не келеді, соны жасай беріңіз. Ақсақалдар сізді байқап, жағдайыңыз бен қабілетіңізге сай келетін тапсырмалар беретініне сенімді болыңыз (Рим. 12:4—8).

13. Тағайындалған ер бауырластарға қойылатын талаптарға қатысты нені ұмытпауымыз керек?

13 Мына жайлы да ойланып көріңіз: негізі, қызмет көмекшілеріне қойылған талаптар барлық мәсіхшілерге қойылады. Мысалы, Ехобаға жақындай түсу, беруден қуаныш алу және Ехобаға ұнайтындай өмір сүру бәрімізге қойылатын талаптар. Демек, қызмет көмекшілеріне қажет қасиеттердің біразы сізде де бар деген сөз. Қазір қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрген ер бауырластарға қойылатын кейбір талаптарға тоқталып өтейік.

ҚЫЗМЕТ КӨМЕКШІСІ БОЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

14. “Салиқалы болу” деген нені білдіреді? (Тімөтеге 1-хат 3:8—10, 12)

14 Тімөтеге 1-хат 3:8—10, 12-нші тармақтарда (оқыңыз) жазылған кейбір талаптарды қарастырайық. Қызмет көмекшісі “салиқалы болу” керек. Бұл тіркес “құрметке лайықты болу”, “сыйлы болу”, “қадірлі болу” деп те аударылады. Салиқалы болу деген ешқашан күлмеу керек, әзілдемеу керек дегенді білдірмейді (Уағ. 3:1, 4). Бұл жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауды білдіреді. Егер сіз бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізіп, тиянақты атқаратын болсаңыз, бауырластар сіздің сенім артуға болатын адам екеніңізді көріп, құрметтейтін болады.

15. “Екіжүзді болмау” және “ашкөздікпен арам олжа іздемеу” деген нені білдіреді?

15 “Екіжүзді болмау” деген шыншыл әрі сенімді адам болуды білдіреді. Бұндай адам сөзінде тұрады және өзгелерді алдамайды (Нақ. с. 3:32). Ал “ашкөздікпен арам олжа іздемеу” деген іскерлік мәселелерде және ақшамен байланысты істерде шыншыл болуды білдіреді. Ондай адам ақша табу үшін бір сенімдегі бауырластарын пайдаланбайды.

16. а) “Шарапқа құмар болмау” деген нені білдіреді? ә) “Таза ар-ұжданға” ие болу деген нені білдіреді?

16 Қызмет көмекшісі “шарапқа құмар болмау” керек. Бұл шамадан тыс ішпеуді, сондай-ақ бір ішсе, көп ішетін адам деген атқа қалмауды білдіреді. Ал “таза-ар ұжданға” ие болу деген Құдайдың заң-талаптарына сай өмір сүруді білдіреді. Кемелсіз болсаңыз да, Құдаймен тату қарым-қатынасыңыздың арқасында жүрегіңізде тыныштық болады.

17. “Бұл іске сай келетіндігі сыналсын” деген сөздер нені білдіреді? (Тімөтеге 1-хат 3:10; суретті де қараңыз.)

17 “Бұл іске сай келетіндігі сыналсын” деген сөздер өзіңіздің жауапкершілігі мол, сенім артуға тұратын адам екеніңізді көрсетуіңіз керектігін білдіреді. Ақсақалдар қандай да бір тапсырма берсе, олардың нұсқауларын және ұйымнан келген басшылықтарды мұқият ұстаныңыз. Міндетіңізге не кіретінін және берілген тапсырманы қашан аяқтау керектігін жақсылап ұғып алыңыз. Берілген әрбір тапсырманы ұқыпты орындайтын болсаңыз, қауымдағылар сіздің барған сайын жауапкершілікті адамға айналып жатқаныңызды байқайды. Ал сіздер, ақсақалдар, шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарды үйретуді естен шығармаңыздар (Тімөтеге 1-хат 3:10 оқыңыз). Қауымыңызда 10—14 жас аралығындағы не одан да кіші шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар бар ма? Олардың жеке зерттеу әдеті қалыптасқан ба? Қауымға жақсы дайындалып келе ме? Қауымда жиі түсініктеме бере ме? Жүйелі түрде қызметке шығып тұра ма? Осылардың бәрін істеп жүрген болса, оларға жасына, жағдайына сай келетін тапсырмалар беріп қойыңыздар. Осылай олардың қызмет көмекшісі болуға “сай келетіндігі сыналады”. Уақыт өте олар 20 жасқа толмай-ақ қызмет көмекшісі болуға дайын болады.

Ақсақалдар шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарға тапсырмалар берсе, олардың қызмет көмекшісі болуға “сай келетіндігі сыналады” (17-абзацты қараңыз)


18. “Айыпсыз болу” деген нені білдіреді?

18 “Айыпсыз болу” деген адамға ауыр күнә жасады деген айып тағылмау керектігін білдіреді. Әрине, кейде мәсіхшілерге жалған айып тағылуы мүмкін. Тіпті Исаның өзіне де жала жабылған және ол ізбасарларына да жала жабылатынын айтып кеткен (Жох. 15:20). Бірақ Иса сияқты түзу жүріп-тұрсаңыз, қауымда жақсатқа ие боласыз (Мат. 11:19).

19. “Бір ғана әйелі бар... адам болсын” деген сөздер нені білдіреді?

19 Қызмет көмекшісі “бір ғана әйелі бар... адам болу” керек. Ехоба о баста неке бір ер мен бір әйелден ғана тұру керек деп шешкендіктен, некеңіз соған сай болуы тиіс (Мат. 19:3—9). Мәсіхші ер адам ешқашан жыныстық азғындыққа бармау керек (Евр. 13:4). Бұл ғана емес, ол тіпті бөтен әйелге орынсыз көңіл бөлуден аулақ болып, өмірлік жарына адал болу керек (Әйүп 31:1).

20. “Үй ішіне жақсы басшылық ететін адам” қандай болады?

20 “Қызмет көмекшісі... бала шағасы мен үй ішіне жақсы басшылық ететін адам болсын”. Отағасы болсаңыз, отбасындағы міндеттеріңізге үлкен жауапкершілікпен қараңыз. Отбасылық ғибадатты жібермей өткізіп тұрыңыз. Үй ішіңіздегі әрбір адаммен мүмкіндігінше жиі қызметке шығыңыз. Балаларыңызға Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытуға көмектесіңіз (Ефес. 6:4). Үй ішіне бас-көз бола білген адам қауымға да жетекшілік ете алады (Тім. 1-х. 3:5).

21. Әлі де қызмет көмекшісі болмасаңыз, не істесеңіз болады?

21 Ер бауырластар, егер әлі де қызмет көмекшісі болып тағайындалмаған болсаңыз, өтінеміз, осы мақаланы дұға ете отырып қарастырыңыз. Қызмет көмекшілеріне қойылатын талаптарды зерттеңіз, кейін сол талаптарға сай келуге барынша күш салыңыз. Ехобаны, бауырластарыңызды қаншалықты жақсы көретініңіз жайлы ойланып көріңіз. Оларға қызмет етуге деген ықыласыңызды арттырыңыз (Пет. 1-х. 4:8, 10). Сонда рухани отбасыңызға қызмет етуден қуаныш табасыз. Лайым, қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрген сізге Ехоба молынан батасын төксін! (Філіп. 2:13).

17-ӘН “Қалаймын”

a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сол жағында Иса шәкірттеріне кішіпейілділікпен қызмет етіп жатыр; оң жағында қызмет көмекшісі қауымдағы бір қарт ер бауырласқа қолғабыс етіп жүр.