Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Соғыс кезінде де, бейбіт кезде де Ехобаның күшін сездік

Соғыс кезінде де, бейбіт кезде де Ехобаның күшін сездік

Пол: Біздің қуанышымызда шек болмады! 1985 жылдың қарашасында біз миссионер болып тағайындалған жеріміз Батыс Африкадағы Либерияға аттанып бара жаттық. Ұшағымыз Сенегалға келіп тоқтады. “Бір-ақ сағат қалды, ә дегенше Либерияда боламыз!”— деді Энн. Сол кезде “Либерияға бара жатқан жолаушыларға ұшақтан түсу керек. Ол жақта мемлекеттік төңкеріс басталғандықтан, ұша алмаймыз” деп хабарланды. Содан біз 10 күн бойы Сенегалдағы миссионерлермен бірге болдық. Жаңалықтарда өлген адамдардың денелері жүк машиналарына салынып әкетіліп жатқаны, елде қатаң коменданттық сағат жарияланғаны, ал кімде-кім оны бұзса, атылатыны айтылып жатты.

Энн: Біз қызық болса болды деп, ештеңеге қарамай кете беретін адамдардың қатарынан емеспіз. Негізі, мені титімдей кезімнен “үрейшіл қыз” дейтін. Тіпті жолдан өткенде де қатты қобалжып кетемін. Бірақ біз қауіпті болса да, тағайындалған жерімізге баруға тастүйін бекіндік.

Пол: Энн екеуміз Англияның батысында бір-бірімізден бес-ақ шақырым жерде туып өстік. Екеуміз де мектепті бітіре сала ізашар болдық. Бұған бізді талпындырған менің ата-анам мен Энның анасы еді. Олар толық уақытты қызметті өмір жолы еткіміз келеді деген ықыласымызды қуана-қуана құптады. Мен 19 жасымда Бетелге шақырылдым. 1982 жылы Энн екеуміз үйленіп, ол да Бетелге келді.

Ғалақатты бітіру салтанаты, 8 қыркүйек, 1985 жыл

Энн: Бізге Бетел қатты ұнады, бірақ біз үнемі жариялаушыларға қажеттілік көп жерде қызмет еткіміз келетін. Бетелде бұрын миссионер болған бауырластармен қызметтескенде, бұл ықыласымыз одан сайын күшейе түсті. Бұл жайында күнде кешкісін үш жыл бойы нақты дұға етіп жүрдік. 1985 жылы Ғалақат мектебінің 79-сыныбына шақырылғандағы қуанышымызды көрсеңіз ғой! Бізді Батыс Африкадағы Либерияға тағайындады.

БАУЫРЛАСТАРДЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ КҮШ БЕРДІ

Пол: Біз Либерияға баратын алғашқы ұшаққа міндік. Елдегі жұрттың көзінде қорқыныш пен үрей болды, коменданттық сағат әлі де күшінде еді. Адамдардың шошып қалғаны сонша — көліктің тарс деп оталған даусы естілсе болды, зәре-құттары қалмай, айқайлап, жан-жаққа қаша жөнелетін. Жүйкемізді тыныштандыру үшін Энн екеуміз күнде кешкісін Зәбүр жырларын оқып жүрдік. Энн танапта миссионер болып қызмет етті. Ал мен Бетелде болдым. Мен Джон Черук a бауырласпен жұмыс істедім. Ол Либерияда ұзақ тұрғандықтан әрі бауырластардың жағдайын өте жақсы түсінгендіктен, одан үйренгенім көп болды.

Энн: Бізді неге Либериядағы қызметке тез ғашық болды дейсіз ғой? Бұған себеп — бауырластар. Олар сондай жылы, ашық-жарқын, адал жандар еді. Оларға қатты бауыр басып кеттік, олар біздің жаңа отбасымызға айналды. Ақыл-кеңестерін айтып, бізді жігерлендіретін. Уағызды айтсаңызшы! Тез кетіп қалсаң, үй иелері кәдімгідей ренжитін. Жұрт бір-бірімен Киелі кітап туралы кез келген жерде сөйлесе беретін. Әңгімелеріне қосылып кету оп-оңай еді. Зерттеу сабақтарымыз бастан асатын, бәріне үлгермей қиналатынбыз. Қиындық дегенің осындай болса ғой, шіркін!

ҚОРЫҚҚАНДА, ЕХОБА КҮШ ДАРЫТТЫ

Либерия Бетелін паналағандарға қамқорлық көрсетілуде, 1990

Пол: Төрт жылдай елдегі жағдай тыныштау болды. Алайда 1989 жылы азаматтық соғыс бұрқ етіп, төбемізден жай түскендей болды. 1990 жылдың 2 шілдесінде бүлікшілер жасағы Бетелдің маңын басып алды. Үш айы бойы елден тыс жерлермен байланыс үзіліп, тіпті отбасыларымызбен де, бас басқармамен де сөйлесе алмадық. Жан-жақта заңсыздық пен тәртіпсіздік, әйелдерді зорлап жатты, тамақ дегенің тапшы. Бүкіл елді жайлаған бұл сұмдық 14 жылға созылды.

Энн: Кейбір тайпаның өкілдері басқа тайпаның адамдарымен соғысып, өлтіріп жатты. Мұздай қаруланған әрі сөлекет киініп алған бүлікші сарбаздар болса көше-көшені кезіп жүрді: олардың тонамаған ғимараттары да, үйлері де қалмады. Кейбіреулер үшін кісі өлтіру жай тауық союмен бірдей болып қалды. Тексеру пунктілерінде адамдар өлтіріліп, мәйіттері үйінді болып жатты. Тіпті Бетелдің қасында да осындай үйінді пайда болды. Біраз адал Куәгерлер, соның ішінде екі аяулы миссионеріміз де өлім құшты.

Бүлікші сарбаздар өздері жек көретін тайпаға жататын адамдарды аңдып, аямай қырып жатты. Сондай тайпадағы Куәгерлерді жасыру үшін бауырластар бастарын қатерге тікті. Миссионерлер мен бетелдіктер де солай етті. Бетелді паналаған бауырластардың кейбірі астыңғы қабаттағы дәліздер мен кеңселерде ұйықтаса, кейбірі үстіңгі қабатта бетелдіктердің бөлмелерінде тұрды. Бізбен де бір отбасы тұрды, олар жетеу еді.

Пол: Біз адамдарды тығып жатқан жоқпыз ба, соны тексеру үшін сарбаздар күнде Бетелдің ішіне кіруге тырысатын. Сондықтан күзетке төрт бауырлас қойылды: екі ер бауырлас олармен сөйлесу үшін қақпаға барғанда, екі бауырлас терезеден бақылап тұрды. Егер қақпаның жанындағы екі бауырлас қолдарын алдына ұстаса, демек, еш қауіп жоқ. Ал олар қолдарын артында ұстаса, демек, келген сарбаздар өте ашулы. Сондықтан терезеден қарап тұрғандар тез барып, бауырластарды жасыратын.

Энн: Арада біраз апта өткен соң, бір ашулы топ Бетелге баса-көктеп кіріп кетті. Қолдарына қару ұстаған сарбаздар менің соңымнан жоғарғы қабатқа көтерілді. Мен бір әйел бауырласпен жуынатын бөлмеге кіріп кеттім де, есігін құлыптап алдым. Ол жерде бір шкаф бар еді, оның ішінде жасырынатын бөлігі болатын. Әйел бауырласты сол кішкентай жерге тығып жібердім. Олар біздің есігімізді тарсылдатып қаға бастады. Пол оларды кіргізбеуге тырысып: “Ол жақта әйелім шомылып жатыр”,— деді. Мен бауырлас тығылған жерді жауып қоямын деп жатып, сәл тасыр-тұсыр шу шығардым. Сосын заттардың бәрін қайтадан шкафқа салдым. Бұл да біраз уақытты алды.Сарбаздар мені не істеп жатыр деп күдіктеніп жатқан шығар деп, қатты қорыққаннан бүкіл денем қалтырап кетті. Мына түріммен есікті ашсам, олар күдіктеніп қалмай ма деп уайымдап, ішімнен Ехобаға дұға етіп, көмектесші деп жалындым. Кейін есікті аштым. Олармен, әйтеуір, сабырлы жүзбен амандаса алдым. Араларындағы біреуі мені итеріп жіберді де, тіке шкафқа барып, ішін ақтара бастады. Ештеңе таппағанына еш сене алмады. Сосын ол қасындағыларын ертіп, басқа бөлмелерді және шатырдың астын (чердакты) қарап шықты. Ол жақтардан да ештеңе таппады.

ШЫНДЫҚ ЖАРҚЫРАЙ БЕРДІ

Пол: Бірнеше ай бойы таңғы асқа ішер ештеңеміз болмай қалды, бірақ Бетелдегі таңғы ғибадат біздің “таңғы асымыз” болды. Одан қиындыққа төтеп беруіміз үшін күнде күш-жігер алатынбыз.

Егер біз тамақ пен су әкелу үшін кетіп қалсақ, жасырынып жатқан бауырластарды қорғай алмас едік, оларды өлтіріп кетер еді. Бірақ Ехоба жиі қажетімізді дер кезінде, таңғажайып жолмен беріп отырды. Ол бізді өз қамқорына алды әрі қорқынышқа бой алдырмауға көмектесті.

Дүние түнерген сайын, шындық жарқырай түсті. Көп бауырласқа өмірлері үшін қайта-қайта қашуға тура келсе де, олар сенімдерін шайқалтпай, қиындықтарға абыроймен төтеп берді. Кейбіреулер “бұл соғыс бізді зор алапатқа дайындап жатыр” деп жатты. Ержүрек ақсақалдар мен жас ер бауырластардың көмегі өлшеусіз болды. Басқа жаққа қашқан бауырластар бірге тұрып, бірге жүрді; барған жерлерінде уағыздай бастады. Олар орманда не табылса, содан қарапайым Патшалық сарайын жасап, кездесулер өткізді. Бұл кездесулер бауырластар үшін түнерген теңіздегі жарық айлақтай болды, уағыз ісі де олардың рухын қайрады. Бауырластарға ас-су, киім-кешек үлестіргенде, олардың киім емес, уағызға керек сөмкелер сұрағанын көріп, қатты тебірендік. Сұм соғыстың қасіретін тартқан жұрт ізгі хабарға құлақ қойды. Олар Куәгерлердің жақсы көзқарасы мен қуанышына тамсанып жатты. Иә, бауырластарымыз қараңғы түнекте нұр шашқан жарықтай болды (Мат. 5:14—16). Олардың оттай құлшынысын көргенде, тіпті кейбір жауыз сарбаздардың өзі бауырлас болды.

ҚОШТАСҚАНДА, ЕХОБА КҮШ ДАРЫТТЫ

Пол: Бізге Либериядан үш рет қысқа уақытқа, ал екі рет бір жылға кетуге тура келді. Бір әйел бауырлас біздің сезімімізді былай деп өте әдемі жеткізген болатын: “Ғалақатта бізге қызметтеріңе бар жүректеріңді беріңдер деп еді, біз солай еттік. Ал енді, бауырластарымызды қиын жағдайда қалдырып кетуге мәжбүрміз. Сондықтан жүрегіміз тілім-тілім”. Бір жақсысы, біз Либерияға көрші елдерде тұрып көмектесе алдық.

Либерияға қайта оралғанымызға қуаныштымыз, 1997

Энн: 1996 жылы төрт бауырлас болып Бетелдің көлігімен қаланың 16 шақырым қашықтықтағы қауіпсіздеу жеріне бармақшы болдық. Өзімізбен филиалдың маңызды құжаттарын алғанбыз. Дәл сол кезде біз жақта шабуыл басталып кетті. Ызаға булыққан сарбаздар ауаға оқ атып, көлігімізді тоқтатты. Олар үшеумізді тартып шығарды да, көлікті айдай жөнелді, ал Пол солармен кетті. Біз есімізді жия алмай, қасқиып тұрдық та қалдық. Бір қарасақ, тобырдың арасынан Пол келе жатыр, маңдайынан қан ағып тұр. Алғашында ол оқтан қатты жарақаттанған шығар деп ойладық, бірақ онда былай жүре алмас еді ғой?! Сөйтсе, бір сарбаз оны бір ұрып, көліктен итеріп жіберген екен. Абырой болғанда, жарақаты ауыр болмай шықты.

Жақын жерде үкіметтің әскери тасымал көлігі орнынан қозғалғалы жатыр екен. Іші толы үрейі ұшқан адамдар. Ішінде орын болмағандықтан, сыртқы жағына міндік. Біз әрең ұстанып тұрдық. Жүргізуші ызғыта айдағанда, құлап түсе жаздадық. Оған “тоқтат” деп қанша айғайладық, бірақ қорыққаннан тоқтатпады. Біз амалдап құлап қалмауға тырыстық, бірақ көлік діттеген жеріне келгенде, қолымыз әбден талып, денеміз үрейден қалш-құлш етті.

Пол: Үстіміздегі кірленген, жыртық-жыртық киіммен бір-бірімізге қарап, қалай аман қалғанымызға таңғалыстық. Қасымызда оқтан сау жері жоқ, түрі қирап қалатындай бір тікұшақ тұр екен. Келесі күні онымен Сьерра-Леонеге аттанбақшымыз. Біз соның жанында түнеп шықтық. Сьерра-Леонеге келген соң, аман қалғанымызға қуанғанымызбен, Либериядағы бауырластарды қатты уайымдадық.

ЕХОБА ТОСЫННАН КЕЛГЕН ҚИЫНДЫҚҚА ТӨЗУГЕ КҮШ БЕРДІ

Энн: Біз Фритаундағы (Сьерра-Леоне) Бетелге аман-есен жетіп, бауырластардың қамқорына бөлендік. Бірақ ойламаған жерден менің санама Либерияда болған сұмдықтар орала беретін болды. Күндіз қорқынышты бір нәрсе болып қала ма деп сескеніп жүрдім. Айналамдағының бәрі бұлыңғыр түс секілді көрінді. Ал түнде суық терге малынып, шошып оянып, дірілдеп-қалшылдайтынды шығардым. Тынысым тарылып кететін. Сондай кезде Пол қолымнан ұстап, дұға ететін. Менің дірілім басылғанша екеуміз Патшалық әндерін айтатынбыз. Мен ақылымнан адасып, әрі қарай миссионер ретінде қызмет ете алмайтын шығармын деп ойладым.

Сол кезде болған бір жағдайды еш ұмытпаспын. Дәл сол аптада екі журнал алдық. Біреуі 1996 жылдың 8 маусымындағы “Ояныңдар!” журналы еді. Ішінде “Үрей ұстамасымен күресу” деген мақала бар екен. Соны оқып, өз күйімді жақсы түсіндім. Ал екіншісі 1996 жылдың 15 мамырындағы “Күзет мұнарасы” болатын. Ондағы “Олар күшті қайдан алады?” деген мақалада жарақаттанған көбелектің суреті тұрды. Мақалада көбелектің қанатына қатты зақым келсе де, әрі қарай да тамақтанып, ұша беретіні айтылыпты. Сол сияқты, біз де эмоционалдық жарақат алсақ та, Ехобаның рухымен өзгелерге әрі қарай да көмектесе алатынымыз жазылыпты. Бұл мақалалар Ехобадан дәл уақытында келген ас-су болды (Мат. 24:45). Осы тақырыпта ізденіс жасап, сондай мақалаларды жинап қойғаным маған көп көмектесті. Уақыт өте келе постравматикалық стрестің белгілері азая бастады.

ЕХОБА ЖАҢА ҚЫЗМЕТТІ ҚАБЫЛДАУҒА КҮШ БЕРДІ

Пол: Либериядағы үйімізге баруға мүмкіндік болған сайын, төбеміз көкке жетіп қуанатынбыз. 2004 жылдың соңына таман ол жаққа тағайындалғанымызға 20 жылдай болыпты. Соғыс оты өшті. Бетелде құрылыс ісі жоспарланып жатқан. Бірақ бізге күтпеген жерден жаңа тағайындалу ұсынылды.

Бұл біз үшін ауыр сынақ болды. Мұндағы отбасымыздай болып кеткен бауырластарды қалай қиып кетпекпіз?! Бірақ Ғалақат мектебіне бару үшін туған отбасымызды тастап кеткенде, Ехобаның қалай жарылқағанын көргенбіз. Сондықтан бұл тағайындалуды да қабыл алдық. Бізді көрші ел Ганаға жіберді.

Энн: Либериядан кетіп бара жатқанда көз жасымыз көл болды. Сол кезде бізге Франк деген дана қария бауырлас: “Бізді ұмытыңдар!”— деді, бұған аңтарылып қалдық. Артынан ол былай деп түсіндірді: “Әрине, сендер бізді ешқашан ұмыта алмайсыңдар, мұны білеміз. Бірақ енді сендер жаңа тағайындалуларыңа бар жүрекпен кірісулерің керек. Бұл тапсырма Ехобадан, сондықтан бар көңілдерің Ганадағы бауырластарда болсын”. Осы бауырластың сөзі жаңа елде жаңа достар табуға бізді қамшылады.

Пол: Біз Ганадағы жаңа рухани отбасымызды тез-ақ жақсы көріп кеттік. Елде Куәгерлер өте көп еді! Біз жаңа достарымыздың адалдығы мен берік сенімінен көп үйрендік. Ганада 13 жыл қызмет еткен соң, бізді тағы бір тосын сый күтіп тұрды. Бізге Шығыс Африкадағы Кения филиалында қызмет етуді ұсынды. Әрине, бұрын қызмет еткен жерлеріміздегі бауырластарды қатты сағынамыз, бірақ Кенияда да бірден жаңа достар таптық. Біз әлі де Либерия, Гана іспетті қажеттілік бастан асатын аумақта қызмет етіп жүрміз.

Кения филиалында жаңа достармен бірге, 2023

АРТҚА КӨЗ ТАСТАСАҚ...

Энн: Өмірімде өте ауыр жағдайлар болды, кейде қатты қорқыныш сезіндім. Қауіпті аймақта тұру және бастан қиын күндерді өткеру тәніңе де, жаныңа да таңбасын салмай қоймайды екен. Ехоба бізді бұл нәрселерден керемет түрде қорғап қалады деп күтпейміз. Тіпті әлі күнге дейін қарудың дыбысын естісем, асқазаным бүріп, қолдарым ұйып қоя береді. Бірақ мен Ехобаның күш беріп, нығайтатын жолдарының бәрін, соның ішінде бауырластардың көмегін, пайдалануды үйрендім. Рухани кестемізге берік болсақ, Ехоба қызметімізде де берік тұруға көмектеседі екен.

Пол: Кейде бізден: “Қызметтерің өздеріңе ұнай ма?” деп сұрап жатады. Әрине, тағайындалған елің әдемі шығар, бірақ ол қауіпті, тұрақсыз елге айналып кетуі де мүмкін. Сондықтан бізге елден гөрі, жанұямыздай болған аяулы бауырластарымыз ұнайды. Шыққан ортамыз әртүрлі болса да, ойымыз бір. Біз оларды жігерлендіру үшін жіберілдік деп ойласақ, керісінше, олар бізді жігерлендіреді.

Біз бір жерден екінші жерге көшкен сайын, бүгінгі күнгі таңғажайыпты көреміз: бұл — дүниежүзілік бауырластығымыз! Егер ұйымда қала берсек, біздің отбасымыз да, үйіміз де болады. Біз мынаған сенімдіміз: Ехобаға арқа сүйеуді доғармасақ, ол қажетімізге қарай күш дарытады (Філіп. 4:13).

a Джон Черук бауырластың “Мен Құдайға да, Мәсіхке де ризамын” деген өмірбаянын 1973 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 наурыздағы (ағ.) санынан оқуға болады.