Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

44-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт

Әділетсіздік көргенде Ехобаға адал болып қалыңыз

Әділетсіздік көргенде Ехобаға адал болып қалыңыз

“Жамандықтан жеңілмей, оны әрдайым жақсылықпен жеңіп шық!” (РИМ. 12:21).

НЕГІЗГІ ОЙ

Әділетсіздік көргенде онсыз да ауыр жағдайымызды ушықтырып жібермеуге не көмектеседі?

1, 2. Бүгінде әділетсіздікке кезігетін кезіміз бола ма? Түсіндіріңіз.

 БІРДЕ Иса әділдік орнатуын сұрап, бидің алдына келе берген жесір әйел туралы мысал айтып берді. Мысалдағы әйелдің сезімі тыңдап тұрған шәкірттерінің көбіне жақсы таныс еді, өйткені ол заманда әділетсіздіктің құрбандары көп болатын (Лұқа 18:1—5). Біз де ара-тұра әділетсіздікке кезігетіндіктен, жесір әйелдің күйін жақсы түсінеміз.

2 Бұл дүние алалаушылық, теңсіздік, қанаушылыққа толы болғандықтан, әділетсіздікке кезігіп жатсақ, таңғалмаймыз (Уағ. 5:8). Ал қауымдағы бауырласымыздан әділетсіздік көргенде, төбемізге жай түскендей болады. Әрине, бауырластар шындықтың қарсыластары сияқты бізге әдейілеп әділетсіздік жасамайды. Оның бәрі жай ғана кемелсіздіктен. Әділетсіз жапа шеккенде, Исаның зұлым қарсыластарына қалай төтеп бергені бізге үлгі бола алады. Егер қарсыластарымыздың әділетсіздігіне шыдап жатсақ, бауырластарымызға одан бетер шыдамды болуымыз керек емес пе?! Негізі, біз қауымдағы адамнан болсын, қауымнан тыс адамнан болсын әділетсіздік көргенде Ехоба не сезінеді? Ол бізге көмектесе ме, әлде оған бәрібір ме?

3. Әділетсіздік көргеніміз Ехобаға қалай әсер етеді және неге?

3 Өзгелердің бізге қалай қарайтыны Ехобаға бәрібір емес. “Себебі Ехоба әділдікті сүйеді” (Зәб. 37:28). Иса айтып кеткендей, “Құдай әділдік орнатуға асығады” әрі бұны өз уақытында істейді (Лұқа 18:7, 8). Жақында ол әділетсіздіктің барлық түрін және барлық салдарын жояды (Зәб. 72:1, 2).

4. Ехоба әділетсіздік көргенімізде қалай көмектеседі?

4 Әділдік үстем болатын сол заман келгенше, Ехоба қарап отырмайды, ол әділетсіздікке төтеп беруге көмектеседі (Пет. 2-х. 3:13). Ол жапа шеккенімізде қалай әрекет ету керектігін үйретіп, ақымақтық жасаудан сақтайды. Мысалы, оның Сөзінде әділетсіздікке төтеп берген Ұлының кемелді үлгісі бар. Сондай-ақ дұрыс әрекет етуге көмектесетін тиімді кеңестер берген.

ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТЕТІНІҢІЗГЕ САҚ БОЛЫҢЫЗ

5. Әділетсіздік көргенде не үшін өзімізге сақ болуымыз керек?

5 Кез келген әділетсіздік жанымызды жаралап, күйзелтіп жібереді (Уағ. 7:7). Әйүп және Абақұқ сияқты Құдайдың адал қызметшілері де осындай күй кешкен (Әйүп 6:2, 3; Абқ. 1:1—3). Бұндай күй адам баласына тән болғанмен, қалай әрекет ететінімізге мұқият болуымыз керек, өйткені ақымақтық жасап қоюымыз әбден мүмкін.

6. Абессаломнан қандай сабақ аламыз? (Суретті де қараңыз.)

6 Өзімізге я жақынымызға әділетсіздік жасалғанда, жағдайды өзіміз шешкіміз келер. Алайда абай болмасақ, отқа май құйып жіберуіміз мүмкін. Дәуіт патшаның ұлы Абессаломмен тура солай болған. Туған қарындасы Тамарды бір әкеден туған бауыры Амнон зорлағанда, Абессаломның қаны басына шапты. Оның бұл ашуы түсінікті-ақ. Бұл сорақылығы үшін Амнон Мұса Заңы бойынша өлімге лайық еді (Мұс. 3-ж. 20:17). Бірақ Абессаломның оны өзі жазалауына еш қақысы жоқ еді (Сам. 2-ж. 13:20—23, 28, 29).

Қарындасы Тамарға әділетсіздік жасалғанда, Абессалом ашуын тізгіндемеді (6-абзацты қараңыз)


7. Айналасында болып жатқан әділетсіздік бір зәбүр жыршысына алғашында қалай әсер етті?

7 Әділетсіздік жасаған адамның жазасыз жүргенін көргенде, Құдайдың алдында әділ жүріп-тұрудан не пайда деп ойлай бастауымыз мүмкін. Солай ойлаған адамдардың бірі — зәбүр жыршысы. Ол әділдерді қанап, шалқып өмір сүріп жүрген зұлымдарды көргенде: “[Олар] үнемі бейқам жүреді”,— деген (Зәб. 73:12). Айналасында болып жатқан әділетсіздіктен түңіліп кеткені сонша — Ехобаға қызмет етуден келіп-кетер пайда бар ма деп ойлай бастаған. “Осыны түсінуге тырысып ем, Бұл менің мазамды қашырды”,— деді ол (Зәб. 73:14, 16). Тіпті: “Жолдан таюға шақ қалдым, Аяғым тайып кете жаздады”,— деп мойындады (Зәб. 73:2). Альберто деген ер бауырлас тура осы күйді бастан кешкен екен.

8. Әділетсіздік бір ер бауырласқа қалай әсер етті?

8 Бірде Альбертоға қауым қаржысына қол сұқты деген жалған айып тағылады. Нәтижесінде ол қауымдағы міндеттерінен және осы жағдайды естіген қауымдағы бауырластардың құрметінен айырылады. “Мен қатты ашындым, ызаға булығып, күйіп кеттім”,— деді ол. Осындай күйі оның рухани саулығын күйретіп, ол қауымнан бес жылға қол үзіп қалды. Осы жағдайдан әділетсіздікке ашынудың түбі неге әкелетінін көреміз.

ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ИСА СИЯҚТЫ ТӨТЕП БЕРІҢІЗ

9. Иса қандай әділетсіздікке кезікті? (Суретті де қараңыз.)

9 Иса әділетсіздікке төтеп берудің үздік үлгісін көрсетті. Ол үй ішіндегілерден де, өзге адамдардан да әділетсіздік көрген. Шындықты қабылдамаған жақындары оны есінен адасқан деген, діни жетекшілер болса Исаның жындармен байланысы бар деп жала жапқан, ал Рим сарбаздары оны мазақтап, қорлық көрсетіп, түбінде өлтіріп тынды (Мар. 3:21, 22; 14:55; 15:16—20, 35—37). Иса сол әділетсіздіктің барлығына төтеп берді және ешбір жағдайда жамандыққа жамандықпен қайтармады. Біз одан не үйренеміз?

Иса әділетсіздікке төтеп берудің ең үздік үлгісін қалдырды (9, 10-абзацтарды қараңыз)


10. Иса әділетсіздікке қалай төтеп берді? (Петірдің 1-хаты 2:21—23)

10 Петірдің 1-хаты 2:21—23 оқыңыз a. Иса қай кезде сөйлеп, қай кезде үндемеу керектігін жақсы білген (Мат. 26:62—64). Ол өзіне тағылған әрбір жалған айыпқа жауап беріп тұрмаған (Мат. 11:19). Жауап берген күнде де дөрекі сөйлеп, қорқытып-үркітпеген. “Өзін әділ Соттаушыға сеніп тапсырғандықтан”, ол ұстамды болған. Иса “ең бастысы, Ехоба бәрін көріп тұр әрі уақыты келгенде ол әділдік орнатады” деп сенімді болды.

11. Тілімізбен жағдайды ушықтырып жібермеудің қандай жолдары бар? (Суреттерді де қараңыз.)

11 Әділетсіздікке кезіккенде тілімізге ие болсақ, Исаға еліктейміз. Кейбір болмашы жағдайларда үндемей қоя салармыз немесе жағдайды ушықтырып жібермес үшін тілімізді тістеп қалармыз (Уағ. 3:7; Жақ. 1:19, 20). Ал басқа бір жағдайда жәбір көріп жатқан адамды не шындықты қорғау үшін сөйлеу керек болады (Ел. іс. 6:1, 2). Сөйлеген күнде де сабырмен әрі құрметпен сөйлеуге барынша тырысуымыз керек (Пет. 1-х. 3:15) b.

Әділетсіз қиналғанда, қашан және қалай сөйлейтінімізге мұқият болсақ, Исаға еліктейміз (11, 12-абзацтарды қараңыз)


12. Өзімізді “әділ Соттаушыға сеніп тапсыруға” не жатады?

12 Өзімізді “әділ Соттаушыға сеніп тапсырғанда” да Исаға еліктейміз. Біреу бізге әділетсіздік жасағанда не айыптап жібергенде, Ехоба бар шындықты білетініне сенімді боламыз. Бұл сенімділік бізге әділетсіздікке төтеп беруге көмектеседі, өйткені түбінде жағдайды Ехобаның өзі түзететінін білеміз. Осылай мәселені Ехобаға тапсырсақ, жүрегімізге ашу мен кек ұяламайды. Әйтпесе түймедейді түйедей қылып жіберуіміз, қуаныштан айырылуымыз, тіпті Ехобамен қарым-қатынасымызға сызат түсіруіміз мүмкін (Зәб. 37:8).

13. Әділетсіздікке әрі қарай да төтеп беруге не көмектеседі?

13 Дегенмен біз Исаға кемелді түрде еліктей алмаймыз. Әйтеуір бір нәрсені дұрыс айтпай, дұрыс істемей, артынан опық жейтін кездеріміз болып тұрады (Жақ. 3:2). Ал кейде өзгелердің әділетсіздігі жанымызға терең жара салып, осы дүниенің соңына дейін орны жазылмауы мүмкін. Мұндайда Ехоба сіздің қандай күйде жүргеніңізді жақсы білетініне сенімді болыңыз. Әділетсіз жапа шеккен Иса да жаныңызды жақсы түсінеді (Евр. 4:15, 16). Ехоба бізге әділетсіздікке төтеп беруге көмектесу үшін Исаның үлгісіне қоса, Киелі кітаптағы тиімді кеңестерді берген. Римдіктерге арналған хатта сондай кеңестердің екеуі жазылған. Қазір соларды қарастырып көрейік.

“ҚҰДАЙДЫҢ ҚАҺАРЫНА ҚАЛДЫРЫҢДАР”

14. Кек алуды “Құдайдың қаһарына қалдыру” нені білдіреді? (Римдіктерге 12:19)

14 Римдіктерге 12:19 оқыңыз. Елші Пауыл: “Кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар”,— деген. Бұл нені білдіреді? Бұл әділдікті қашан және қалай орнатуды Ехобаның еншісіне қалдыруды білдіреді. Әділетсіздіктен жапа шеккен Джон деген бауырлас былай дейді: “Жағдайды өзім реттеп, әділдік орнатқым келді. Маған ішімді өртеп бара жатқан осы сезімді басу керек болды. Сөйтіп, Римдіктерге 12:19-дың арқасында Ехобаны күтуді шештім”.

15. Неге ең дұрысы Ехобаны күту?

15 Жағдайды шешуді Ехобаның еншісіне қалдырғанымыз өзімізге жақсы. Әйтпесе күйіп-пісіп, өзімізге ауыр жүк артып алғандай боламыз. Ехоба бізге: “Әділдік орнатуды маған қалдыр, барлығын өзім реттеймін”,— деп көмегін ұсынып жатыр. Оның “есесін мен қайтарамын” деген уәдесіне сенсек, іштегі ыза-кектен арыламыз, өйткені Ехоба ең дұрыс жолмен шешетінін білеміз. Жоғарыда айтылып кеткен Джонға осы нәрсе көмек болды. “Ехобаны күтсем, ол осы жағдайды менен әлдеқайда жақсы шешетін болады”,— дейді ол.

“ӘРДАЙЫМ ЖАҚСЫЛЫҚПЕН ЖЕҢІП ШЫҚ!”

16, 17. Жамандықты “әрдайым жақсылықпен жеңуге” дұға қалай көмектеседі? (Римдіктерге 12:21)

16 Римдіктерге 12:21 оқыңыз. Сондай-ақ Пауыл мәсіхшілерге жамандықты “әрдайым жақсылықпен жеңіп шығуға” кеңес берген. Иса да Таудағы уағызында: “Жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер және өздеріңді қудалағандар үшін дұға ете беріңдер”,— деген (Мат. 5:44). Иса осы сөздерін өзі орындаған. Римдік сарбаздар бағанаға шегелегенде оның қалай қиналғанын талай елестеткен шығармыз. Дегенмен оның көрген әділетсіздігі мен қорлығының қаншалықты ауыр болғанын біз ешқашан да толық елестете алмаймыз.

17 Бірақ Иса әділетсіздікті жеңіп шықты. Ол өзін азаптап жатқан сарбаздарды қарғап жібермеді, қайта: “Әке, оларды кешіре көр, өйткені не істеп жатқандарын білмейді”,— деп дұға етті (Лұқа 23:34). Біз де жәбір көрсеткен адам жайлы дұға етсек, іштегі ыза-кектен арылып, тіпті оған деген көзқарасымыз дұрысталуы мүмкін.

18. Дұға Альберто мен Джонға әділетсіздікке төтеп беруге қалай көмектесті?

18 Жоғарыда айтылып кеткен екі бауырлас дұғаның арқасында әділетсіздікке төтеп берген. Альберто былай дейді: “Маған әділетсіздік жасаған ер бауырластар жайлы дұға еттім. Болған жағдайға шырмалмауға көмектесші деп Ехобадан сан мәрте сұрадым”. Қуанышқа орай, қазір Альберто Ехобаға адал қызмет етіп жүр. Ал Джон болса былай дейді: “Мені ренжіткен ер бауырлас жайында қайта-қайта дұға еттім. Дұғаның арқасында бауырласымды соттамай, жағдайға жан-жақты қарай алдым. Жаным да тыныштық тапты”.

19. Осы дүниенің соңы келгенше не істеуіміз керек? (Петірдің 1-хаты 3:8, 9)

19 Осы дүниенің соңы келгенше әйтеуір бір әділетсіздікке кезігуіміз мүмкін. Қандай жағдай болмасын, Ехобадан дұғада көмек сұрауды доғармайық. Сондай-ақ әділетсіздікке Иса сияқты төтеп берейік және Киелі кітап принциптерін қолдана берейік. Сонда міндетті түрде Ехобаның батасын аламыз (Петірдің 1-хаты 3:8, 9 оқыңыз).

38-ӘН Құдай саған күш береді

a Елші Петір өзінің 1-хатының 2, 3-тарауларында тасжүрек қожайындарының немесе сенуші емес күйеулерінің қолынан жапа шеккен I ғасырдағы мәсіхшілер туралы жазған (Пет. 1-х. 2:18—20; 3:1—6, 8, 9).