5-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
“Бізді талпындырушы күш — Мәсіхтің сүйіспеншілігі”
“Бізді талпындырушы күш — Мәсіхтің сүйіспеншілігі. Оның бәрі үшін өлгендегі мақсаты — өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес,.. Мәсіх үшін өмір сүрулері” (ҚОР. 2-Х. 5:14, 15).
13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық
АҢДАТПА a
1, 2. а) Исаның өмірі мен қызметі жайлы ойланғанда, қандай сезімге бөленеміз? ә) Бұл мақалада не талқылаймыз?
ДҮНИЕДЕН өткен сүйікті де жақын адамымызды қай-қайсымыз да қатты сағынамыз. Әрине, ол адамның қайтыс болған кезін ойласақ, әсіресе егер қиналып өлген болса, жүрегіміз сыздап, қайғыдан қарс айырылады. Бірақ кейін, уақыт өте біз сол адаммен өткізген қуанышты сәттерді еске түсіреміз. Оның бізге айтқан ақылын, рухымызды көтерген кездерін және қалай күлдіргенін ойға алғанда, жүзімізге күлкі үйіріледі.
2 Сол сияқты Еске алу мезгілінде біз Исаның өлімі, оның берген құрбандығының мән-маңызы жайында терең ойланамыз (Қор. 1-х. 11:24, 25). Әрине, оның азапталып, қиналып өлгенін оқығанда, бұл жанымызға батады. Алайда оның жерде өмір сүрген кезінде айтқан сөздері мен жасаған істері жайлы ой жүгірткенде, тек жақсы сезімдерге бөленеміз. Оның қазір істеп жатқандары да және болашақта атқаратын істері де бізге зор қуаныш сыйлайды. Осылар жайлы және Мәсіхтің бізге деген сүйіспеншілігі жайлы ойланып-толғанғанда, біз ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Осы мақалада соны қандай істерімізбен көрсететінімізді талқылаймыз.
РИЗАШЫЛЫҚ ИСАНЫҢ ШӘКІРТІ БОЛУҒА ТАЛПЫНДЫРАДЫ
3. Біз төлемге не үшін ризамыз?
3 Исаның өмірі мен өлімі туралы ойланғанда, жүрегімізді ризашылық кернейді. Жер бетінде қызмет еткен шағында ол Құдай Патшалығы әкелетін баталар жайлы уағыздаған. Төлемнің арқасында төгілетін сол баталарды біз қатты бағалаймыз. Ехобамен және Исамен бағалы достығымыз да осы төлемнің арқасында. Исаға сенетіндердің мәңгі өмір сүріп, қайта тірілген сүйікті жақындарымен қауышуға да үміті бар (Жох. 5:28, 29; Рим. 6:23). Біз бұл баталарға лайық болатындай ештеңе істеген жоқпыз. Құдай мен Мәсіхтің жақсылығын ешқашан өтей де алмаймыз (Рим. 5:8, 20, 21). Алайда оларға қаншалықты риза екенімізді бәріміз көрсете аламыз. Қалай?
4. Мағдалалық Мәриям Исаның жақсылығына алғысын қалай білдірді? (Суретті қараңыз.)
4 Мағдалалық Мәриям деген еврей әйелінің үлгісіне көңіл бұрайықшы. Ол бойындағы жеті жыннан қатты қиналып, осы азабына еш дауа таппаған. Бұл әйелдің қандай бейшара күйде болғанын елестетіп көріңізші! Бірақ Иса оны жындардан босатып, мүмкін емес нәрсені жасағанда, алғысында шек болмаса керек! Ризашылығын білдіргісі келіп, Мәриям Исаға шәкірт болып ерді. Ол уақытын, күшін, қолда барын жұмсап, Исаға қызмет етті (Лұқа 8:1—3). Мәриям Исаның оған жасаған жақсылығына риза болғанымен, оның болашақта одан да асқан сый беретінін білмесе керек. Исаға “сенген әркім мәңгілік өмірге ие болу” үшін, ол бүкіл адамзат үшін жанын қимақ болатын (Жох. 3:16). Мәриям бұдан әлі бейхабар болса да, Иесіне ақырына дейін ризашылық білдіріп, адалдық сақтады. Мысалы, Иса бағанада ілулі тұрғанда, жанынан табылып, оның өзіне де, қасындағыларға да демеу болды (Жох. 19:25). Ал Иса өлгеннен кейін, оған май жағу рәсімін жасау үшін Мәриям тағы екі әйелмен бірге қабірге жұпар иісті заттар апарды (Мар. 16:1, 2). Ехоба Мәриямның адалдығын керемет жолмен жарылқады. Ол қайта тірілген Исамен жүзбе-жүз сөйлесіп, шәкірттердің көбісіне берілмеген мәртебеге ие болды (Жох. 20:11—18).
5. Ехоба мен Исаның біз үшін жасаған бар жақсылығына алғысымызды қалай білдірсек болады?
5 Біз де Ехоба мен Исаның жасаған жақсылығына ризашылық білдіру үшін уақытымыз, күшіміз бен қаражатымызды Патшалықтың ісін өркендетуге жұмсай аламыз. Мысалы, ғибадат орындарын соғу мен күтіп ұстау істеріне атсалыссақ болады.
ЕХОБА МЕН ИСАНЫ СҮЙСЕК, ӨЗГЕЛЕРДІ ДЕ СҮЮГЕ ТАЛПЫНАМЫЗ
6. Неге төлем жеке әрқайсысымыз үшін берілген сый деп айта аламыз?
6 Ехоба мен Иса бізді қаншалықты жақсы көретінін түсінгенде, біз де оларды еріксіз жақсы көріп кетеміз (Жох. 1-х. 4:10, 19). Ал Исаның жеке біз үшін өмірін қиғанын жете түсінгенде, біздің сүйіспеншілігіміз одан сайын күшейе түседі. Осыны түсінген елші Пауыл: “Құдай Ұлы... мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деп алғысын білдірген (Ғал. 2:20). Ойлап көріңізші: Ехобаның сізді өзіне жақындатып тартқаны осы төлемнің арқасында. Соның нәтижесінде сіз онымен дос бола аласыз (Жох. 6:44). Ехоба дәл сіздің бойыңыздан бір жақсы нәрсені көріп, онымен дос бола алуыңыз үшін сондай қымбат құн төлегені жүрегіңізді тебірентпей қоймаса анық. Осыдан кейін Ехоба мен Исаны одан да қатты жақсы көріп кететініңіз сөзсіз! Ендеше, осылардың бәрін түйіндей келе: “Ехоба мен Исаның осы сүйіспеншілігі мені не істеуге талпындырады?”— деп ойланып көрсек болады.
7. Суретте бейнеленгендей, Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз? (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15; 6:1, 2)
7 Біздің Құдайды және Исаны сүйгеніміз басқа адамдарды сүюге қозғау салады (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15; 6:1, 2 оқыңыз). Ал адамдарды сүйетініміздің бір көрсеткіші — ізгі хабарды құлшына уағыздау. Біз бұл хабарды ешкімді бөліп-жармай, бай-кедей болсын, ұлтына, руына, білімі бар-жоғына қарамай — бәріне айтамыз. Осылай біз Ехобаның еркін орындаймыз. Өйткені “ол әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тім. 1-х. 2:4).
8. Бауырластарды сүйетініміз неден көрінеді?
8 Ехоба мен Исаны сүйетінімізді дәлелдеудің тағы бір жолы — бауырластарды сүю (Жох. 1-х. 4:21). Біз олардың қамын ойлаймыз әрі қиналған сәттерінде тірек боламыз. Жақындары қайтыс болғанда, жұбатамыз. Ауырып қалса, қастарынан табыламыз. Еңселері түсіп жатса, бойларына жігер құюға тырысамыз (Қор. 2-х. 1:3—7; Сал. 1-х. 5:11, 14). Олар үшін талмай дұға ете береміз, өйткені “әділ адамның жалбарына айтқан дұғасының әсері орасан зор” екенін білеміз (Жақ. 5:16).
9. Бауырластарды сүюге тағы не жатады?
9 Бауырластарды сүюдің тағы бір жолы — бар күшімізді салып, олармен татулық сақтау. Біз Ехобадан қаншалықты кешірімді болу керектігін үйренеміз. Ол біздің күнәларымызды кешу үшін өз Ұлын құрбан етуге дайын болса, біз де бір-бірімізді кешіруге ынталы болуымыз керек емес пе?! Исаның астарлы әңгімесіндегі зұлым құлға ұқсап қалмайық. Қожайыны оның таудай қарызын кешсе де, ол өзі сияқты бір құлдың тарыдай қарызын кешпей қояды (Мат. 18:23—35). Егер қауымда біреумен ренжісіп қалсаңыз, Еске алу кешіне дейін барып, онымен татуласа аласыз ба? (Мат. 5:23, 24). Осылай бірінші болып қадам жасасаңыз, Ехоба мен Исаны қатты жақсы көретініңізді көрсетер едіңіз.
10, 11. Ақсақалдар Ехоба мен Исаны жақсы көретіндерін қалай көрсете алады? (Петірдің 1-хаты 5:1, 2)
10 Ехоба мен Исаны сүйетіндерін ақсақалдар қалай көрсетсе болады? Оның бірден-бір жолы — Исаның тоқты-қозыларын бағу (Петірдің 1-хаты 5:1, 2 оқыңыз). Мұны Иса мен елші Петірдің әңгімесінен анық түсінеміз. Қайта тірілгеннен кейін Иса одан: “Жохан ұлы Шимон, мені жақсы көресің бе?”— деп сұрайды. Бұның алдында Петір Иесінен үш рет танғандықтан, енді оны жақсы көретінін дәлелдеу үшін барлығын жасауға дайын болған шығар. Сонда Иса оған: “Қозыларымды бақ”,— деп тапсырды (Жох. 21:15—17). Содан елші Петір өмірінің соңына дейін алдына жан салмай, Иесінің тоқты-қозыларын қамқорлаумен болды.
11 Ақсақалдар, Исаның Петірге айтқан сөздеріне ден қоятындарыңызды Еске алу мезгілінде қалай көрсете аласыздар? Бақташылық сапарларға жиірек бару арқылы және қауымға келмей кеткен жандарға Ехобаға оралуға барынша көмектесу арқылы (Езек. 34:11, 12). Ал Еске алу кешінде Киелі кітап зерттеушілері мен жаңадан келгендерді жылы қарсы алып, көңіл бөліңіздер. Оларға Исаның болашақ шәкірттері деп қараңыздар. Осыларды істеу арқылы Ехоба мен Исаны жақсы көретіндеріңізді көрсетесіздер.
ИСАНЫ ЖАҚСЫ КӨРСЕК, БАТЫЛ БОЛУҒА ТАЛПЫНАМЫЗ
12. Исаның өлер алдындағы түні айтқан сөздері неге бойымызға батылдық дарытады? (Жохан 16:32, 33)
12 Өлер алдындағы түні Иса шәкірттеріне: “Осы дүниеде қиыншылық көресіңдер, бірақ батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым!” — деді (Жохан 16:32, 33 оқыңыз). Ненің арқасында Иса жауларының алдында қаймықпай тұрып, өле-өлгенше адалдық сақтап қалды? Өйткені оның арқа сүйер тіреніші Ехоба еді. Ізбасарларын да алда осындай сынақтар күтіп тұрғанын білгендіктен, ол Ехобадан “оларды қорғай көр” деп сұрады (Жох. 17:11). Осы сөздер бізге қайтпас қайсарлық береді. Өйткені біз білеміз: қандай жау болмасын, Ехоба олардың бәрінен де әлдеқайда күшті (Жох. 1-х. 4:4). Оның қырағы көзінен еш нәрсе қалт кетпейді. Сондықтан да біз Ехобаға арқа сүйесек, қорқынышымызды жеңіп, батыл болатынымызға бек сенеміз.
13. Ариматеялық Жүсіп қалай батылдық танытты?
13 Ариматеялық Жүсіп деген кісінің мысалын қарастырып көрейікші. Ол яһудилер қоғамында сыйлы кісі әрі Жоғарғы кеңестің бір мүшесі болған. Бірақ бір кездері оған батылдық жетіспеді. Жохан айтқандай, “ол яһудилерден қорыққандықтан Исаның шәкірті екенін жасырып жүрген” (Жох. 19:38). Ол Патшалық хабарын тыңдап жүргенін әрі Исаға сенетінін ешкімге білдіргісі келмеген. Өйткені жұрт арасындағы абыройы мен дәрежесінен айырылып қаламын деп қорықса керек. Бірақ Иса өлген соң, Жүсіп бар батылдығын жинап, “Пилаттың алдына барып, Исаның денесін сұрайды” (Мар. 15:42, 43). Осылайша Жүсіп Исаның шәкірті екені жұртқа мәлім болады.
14. Адамдардан қорқатын болсаңыз, не істегеніңіз жөн?
14 Жүсіптің сезімдері сізге де таныс па? Жұмыста я мектепте басқалардан сескеніп, Ехоба куәгері екеніңізді ашық айта алмай қаласыз ба? “Жұрт не дейді” деп уайымдап, жариялаушы болуға, я шомылдыру рәсімінен өтуге батылыңыз жетпей жүр ме? Мұндай кертартпа ой-сезімдер сізге дұрыс әрекет етуге бөгет жасамасын. Ехобаға жүрегіңізді айқара ашып дұға айтыңыз. Оның еркін орындауға батылдық сұраңыз. Ехобаның сізге қалай жауап бергенін көргенде, одан бетер қайралып, батылдана түсесіз (Ишая 41:10, 13).
ҚУАНЫШ ЕХОБАҒА ДОҒАРМАЙ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ТАЛПЫНДЫРАДЫ
15. Исаны көріп, қуанған соң, шәкірттері не істеуге талпынды? (Лұқа 24:52, 53)
15 Иса өлген соң, шәкірттері қандай күй кешкенін көз алдымызға елестетіп көрейікші. Олар еңселері түсіп, тұнжырап жүрді. Өйткені олар сүйікті достарынан айырылып қана қоймай, үміттерінің күлі көкке ұшқандай болды (Лұқа 24:17—21). Бірақ қайта тірілген соң, Иса оларға көрініп, өзінің Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды қалай орындау керек болғанын асықпай түсіндіріп берді. Оларға бір маңызды істі де тапсырды (Лұқа 24:26, 27, 45—48). Сөйтіп, Иелері қастарында 40 күн жүрген уақытта олардың құлазыған көңілдері жадырап, қайғыларын қуаныш басты. Иелерінің тірі екеніне әрі жаңадан алған тапсырмаларын орындауға да қол ұшын беретініне олар ерекше қуанып кетті. Осы шаттықтың серпінімен олар Ехобаны үнемі мадақтап жүрді (Лұқа 24:52, 53 оқыңыз; Ел. іс. 5:42).
16. Біз Исаның шәкірттерін қалай үлгі етсек болады?
16 Ал біз Исаның шәкірттерін қалай үлгі етсек болады? Біз де Ехобаға қызмет етудің қуанышына Еске алу мезгілінде ғана емес, жыл бойына, үнемі кенеле аламыз. Бірақ бұл үшін өмірімізде Құдай Патшалығын басты орынға қоюымыз қажет. Мысалы, көп бауырластар жүйелі түрде қызметке шығып, қауым кездесулеріне барып, отбасылық ғибадатты өткізіп тұру үшін жұмыс кестесін ыңғайластырған. Ал кейбіреулер басқа адамдар аса қажет деп есептесе де, кейбір дүние-мүліктен бас тартқан. Өйткені соның арқасында олар қауымға көбірек пайдасын тигізе алады, я болмаса уағыздаушылар жетіспейтін аймақта қызмет ете алады. Әрине, Ехобаға доғармай қызмет ете беру үшін табандылық керектігі рас. Бірақ Патшалықты бірінші орынға қояр болсақ, ол бізді молынан жарылқайтынын уәде етіп отыр (Нақ. с. 10:22; Мат. 6:32, 33).
17. Биылғы Еске алу мезгілінде не істеуге бекініп отырсыз? (Суретті қараңыз.)
17 4 сәуір, сейсенбі күні өтетін Еске алу кешін асыға күтеміз. Бірақ қазірден бастап Исаның өмірі мен өлімі, Ехоба екеуінің бізге көрсеткен зор сүйіспеншілігі жайында ойланып жүрсеңіз болады. Ал Еске алу мезгілінде осы жайында жиі-жиі ой жүгіртіңіз. Мысалы, арнайы уақыт бөліп, “Жаңа дүние аудармасының” Ә12 қосымшасындағы “Исаның жердегі өмірінің соңғы аптасы” деген кестені ашып, сондағы оқиғаларды оқып, сана сүзгісінен өткізіңіз. Солардың ішінен бойыңызда ризашылық, сүйіспеншілік, батылдық пен қуанышты арттыратын тармақтарды табыңыз. Сосын шын жүректен шыққан алғысыңызды білдірудің нақты жолдарын ойластырып қойыңыз. Осы Еске алу мезгілінде Исаны есте ұстауға күш салып жүргеніңізге оның шексіз риза болары анық (Аян 2:19).
17-ӘН “Қалаймын”
a Еске алу мезгілінде біз Исаның өмірі, өлімі және Әкесі екеуінің бізге көрсеткен сүйіспеншілігі жайында терең ойланамыз. Сонда төлемге деген ризашылығымыз артып, бойымызды Ұлы мен Әкесіне деген сүйіспеншілік кернеп, іс-әрекетке талпынамыз. Бұған нақты қандай әрекеттер жататынын осы мақалада талқыламақпыз. Сондай-ақ Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілік бауырластарды жақсы көруге, батыл болуға және қызметімізден қуаныш табуға қалай талпындыратынын да көреміз.