Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер”

“Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер”

“Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер. Сонда Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізе аласыңдар” (РИМ. 12:2).

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

АҢДАТПА a

1, 2. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін біз не істеуді тоқтатпауымыз керек? Түсіндіріңіз.

 СІЗ үйіңізді қаншалықты жиі жинайсыз? Бірінші рет көшіп келгеніңізде үйдің әр бұрышын тырмалап, жалтыратып жуған шығарсыз. Осы тазалағаныңыздан кейін үйге қарамай кетсеңіз, не болады? Бөлмелерді тез-ақ шаң басып, үйіңіз кірлеп кетеді. Сондықтан оны бір рет қана емес, үнемі тазалап тұруыңыз керек.

2 Сол сияқты ойымыз бен болмысымызды да үнемі түзеп отыруымыз керек. Біз шомылдыру рәсімінен өткенге дейін “тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазарту” үшін үлкен өзгерістер жасаған шығармыз (Қор. 2-х. 7:1). Бірақ елші Пауыл айтқандай, біз әрі қарай да “жаңара беруіміз” керек (Ефес. 4:23). Біз осыған үздіксіз күш саламыз, өйткені осы дүниенің “шаңы мен кірі” бойымызға тез жиналуы мүмкін. Осыған жол бермей, Ехобаның алдында таза адам болу үшін ойымызды, болмысымызды және қалауларымызды үнемі тексеріп отыруымыз керек.

“ОЙ-САНАЛАРЫҢДЫ ЖАҢАРТА” БЕРІҢДЕР

3. “Ой-санамызды жаңарту” деген нені білдіреді? (Римдіктерге 12:2)

3 Ой-санамызды жаңартуға, яғни өзгертуге не жатады? (Римдіктерге 12:2 оқыңыз). Мысалы, үйді алатын болсақ, бір-екі жерін ғана сәндеп қойып, оны жаңарттық деп айта алмаймыз. Бұл тек үстіртін өзгеріс болады. Сол сияқты өмірімізді бір-екі жақсы іспен сәндеп, “ой-санамызды жаңартып” қойдық дей алмаймыз. Бұл үшін жан дүниемізге терең үңіліп, тексерген соң, өмірімізді Ехобаның нормаларына қарай мейлінше туралауымыз қажет. Бұл — бір рет емес, үнемі жасалатын әрекет.

Білім мен мансап қууды таңдауға келгенде, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоямыз ба? (4, 5-абзацтарды қараңыз) c

4. Ой-санамызға осы дүние ықпал етпеу үшін не істеуіміз керек?

4 Біз кемелділікке жеткенде ғана Ехобаға барлық жағынан ұнамды боламыз. Ал әзірге осыған барынша күш сала беруіміз керек. Римдіктерге 12:2-де Пауыл Құдайдың еркіне не жататынын білу үшін, ой-санамызды жаңарту керектігін айтқан. Демек, осы дүниенің ырқымен кете бермей, тоқтап, өзімізді тексеріп алуымыз керек: алға қойған мақсаттарымыз бен қабылдайтын шешімдерімізден Құдайдың ойын ескеретініміз байқала ма, әлде осы дүниенің ықпалы байқала ма?

5. Ехобаның күні жақындап қалғанын қаншалықты есте ұстап жүргенімізді қалай біле аламыз? (Суретті қараңыз.)

5 Мәселен, Ехоба оның “күнінің келгенін күтіп, оны есте мықтап ұстағанымызды” қалайды (Пет. 2-х. 3:12). Осы орайда өзіңізді тексеріп, былай деп ойланып көріңізші: “Осы дүниенің соңы өте жақын екенін түсінемін бе? Бұл өмірімнен байқала ма? Таңдаған оқуым я жұмысым жайлы не деуге болады? Ехобаға қызмет ету мен үшін бәрінен де маңызды ма? Ехоба менің және отбасымның қамын жасайтынына сенемін бе, әлде тұрмыстық нәрселерді қайта-қайта уайымдай беремін бе?” Өмірімізді Ехобаның еркіне қарай тураласақ, ол бізге риза болып, сүйсінеді (Мат. 6:25—27, 33; Філіп. 4:12, 13).

6. Біз не істей беруіміз керек?

6 Пауыл қорынттықтарға: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар, әрі кім екендеріңе көз жеткізу үшін өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар”,— деген (Қор. 2-х. 13:5). “Сенім жолында” жүру үшін ара-тұра қауымға барып, қызметке шығып келгеніміз аздық қылады. Бұл ойымыздан, қалауларымыз бен ниетімізден де көріну керек. Сондықтан біз ой-санамызды үнемі тексеріп, қажет болса, түзеп отыруымыз керек. Сонымен, әрі қарай да ой-санамызды жаңарта беру үшін Құдай Сөзін оқып, Ехоба сияқты ойлануды үйренейік. Сосын іске көшіп, Ехобаның еркіне сай келмей тұрған тұсымызды жөндейік (Қор. 1-х. 2:14—16).

“ЖАҢА БОЛМЫСҚА ИЕ БОЛЫҢДАР”

7. Ефестіктерге 4:31, 32-де айтылғандай, біз тағы не істеуіміз қажет және неге бұл қиынға соғуы мүмкін?

7 Ефестіктерге 4:31, 32 оқыңыз. Ой-санамызды өзгертумен қатар, “жаңа болмысқа ие болғанымыз” да маңызды (Ефес. 4:24). Бұл үшін өшпенділік, ашу-ыза сияқты жаман қасиеттерден арылу керек. Әрине, бұл оңайлықпен келмейді, өйткені бұл қасиеттер біздің бойымызға әбден сіңіп кеткен болуы мүмкін. Кейбір адамдардың ашушаңдыққа, ызақорлыққа жақын келетіні Киелі кітапта да айтылған (Нақ. с. 29:22). Тіпті шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де адамға бойындағы жаман мінез-құлықпен күресу керек болып жатады.

8, 9. Стивен бауырластың оқиғасы ескі болмыстан арыла беруіміз керектігін қалай дәлелдейді?

8 Стивен есімді бауырлас былай дейді: “Шомылдыру рәсімінен өткен соң да мен қызбалығыммен күресе бердім. Бірде үйден үйге Құдай Сөзін уағыздап жүргенімде, бір ұры көлігімдегі радиоқабылдағышты ұрлап кетті. Мен соңынан қуа жөнелдім. Қуып жете бергенімде, ол радионы жерге тастай сала, қашып кетті. Қасымда болғандарға радиомды қалай қайтарып алғанымды айтып бергенде, арасындағы бір ақсақал: “Оны ұстап алғанда не істер едің?”— деп сұрады. Мен бұл жайлы біраз ойланып, бейбітшіл болуға әлі де күш салуым керектігін түсіндім” b.

9 Жағымсыз қасиетпен күресіп жүрген жалғыз Стивен емес. “Осы жаман мінезімнен енді құтылдым ба” деп жүргенімізде, ойламаған жерден ол қайтадан қылаң беріп қалады. Сондай кездері “бітті, менен ешқандай мәсіхші шықпайды” деп түюге асықпаңыз. Тіпті елші Пауыл да: “Дұрыс нәрсені жасағым келгенде, жанымнан жамандық табылады”,— деп мойындаған (Рим. 7:21—23). Үйге шаң мен кір жинала беретіндей, жаман мінез-құлық та қайта-қайта бой көрсетіп тұрады. Бұл — барлық кемелсіз мәсіхшілерге тән нәрсе. Сондықтан бойымызды жамандықтан үнемі тазартып отыру қажет. Ал мұны қалай істейміз?

10. Жаман қасиеттермен қалай күрессе болады? (Жоханның 1-хаты 5:14, 15)

10 Арыла алмай жүрген сол жаман қасиет жайлы Ехобаға дұға етіңіз. Оның сізге құлақ асатынына және міндетті түрде көмектесетініне сенімді болыңыз (Жоханның 1-хаты 5:14, 15 оқыңыз). Әрине, Ехоба ол қасиетті бойыңыздан жоқ қылып жібермейді, бірақ соған беріліп қалмауға күш береді (Пет. 1-х. 5:10). Ал сіз өз тарапыңыздан дұғаңызға сай әрекет етіп, ескі болмысыңызға қайтаратын нәрселерден қашық болыңыз. Бұған сол жаман қасиетті жақсы қылып көрсететін фильмдер, телебағдарламалар мен әңгіме-оқиғалар жатады. Бұдан бөлек, ойыңызды тыйып үйреніңіз, жаман құмарлықтар жайлы ойлай бермеңіз (Філіп. 4:8; Қол. 3:2).

11. Жаңа болмысты жетілдіре берудің жолдары қандай?

11 Ескі болмыстан арылумен қоймай, жаңа болмысқа ие болғаныңыз да маңызды. Бұл үшін Ехобаның қасиеттері жайлы оқып, зерттеп, оның үлгісін бойыңызға сіңіруді мақсат етіңіз (Ефес. 5:1, 2). Мысалы, Киелі кітаптан Ехобаның біреуді қалай кешіргені жайлы оқып жатып: “Мен де өзгелерді кешіремін бе?”— деп ойлансаңыз болады. Ал оның таршылық көрген жандарға қалай жанашыр болғанын оқығанда: “Көмекке зәру бауырластарға менің де жаным аши ма? Олардың жыртығын жамап, қол ұшын созамын ба?”— деп ойланыңыз. Осылай жаңа болмысты жетілдіріп, ой-санаңызды жаңарта беріңіз. Ал қиынға соғып жатса, еш мойымай, өзіңізге шыдаммен қарай біліңіз.

12. Киелі кітап Стивенді қалай өзгертті?

12 Алдында айтылып кеткен Стивен бауырлас күш сала келе, жаңа болмысқа ие болған. “Ехоба куәгері болғалы бері қызба мінезімді сынаған талай жағдайларға ұшырадым. Жұдырығымды жұмсап қалуға арандататын адамдардан аулақ жүруді және шиеленісті жағдайды жайластырып жіберудің жолдарын үйрендім. Осындай кездерде өзімді қалай ұстағаным үшін жұбайым да, басқалар да мені мақтап отырады. Тіпті өз-өзіме таңғалатын кездер болады! Мен өз күшіммен өзгерген жоқпын. Бұл — Құдай Сөзінің адамды өзгерте алатын күшінің бірден-бір дәлелі”,— деп сөзін аяқтады Стивен.

ЖАМАН ҚАЛАУЛАРМЕН КҮРЕСЕ БЕРІҢІЗ

13. Дұрыс әрекет етуге деген ықыласымызды қалай оята аламыз? (Ғалаттықтарға 5:16)

13 Ғалаттықтарға 5:16 оқыңыз. Жақсы мен жаман қалаулардың арасындағы шайқаста жеңіп шығуымыз үшін, Ехоба бізге киелі рухын аямай төгеді. Ал киелі рух бізге Құдай Сөзін оқып-зерттегенде ықпал етеді. Киелі рухты алудың тағы бір жолы — қауым кездесулеріне бару. Онда тура өзіміз сияқты күресіп, дұрыс әрекет ету үшін барын салып жүрген бауырластармен араласып, жігерленіп қаламыз (Евр. 10:24, 25; 13:7). Сондай-ақ Ехобадан жалбарына көмек сұрасақ, ол бізді киелі рухымен қуаттап, әлсіздігімізбен талмай күресуге күш береді. Әрине, осы әрекеттерден кейін жаман қалаулар түптамырымен жоқ болып кетпес, бірақ оларды тізгіндеп, іске асырмайтын боламыз. Ғалаттықтарға 5:16-да айтылғандай, киелі рухтың жетелеуімен жүрсек, “ешқандай тәндік құмарлыққа берілмейміз”.

14. Дұрыс әрекет етуге деген ықыласты күшейте беру неге маңызды?

14 Осы рухани әдеттерді қалыптастырған соң, одан айнымағанымыз өте маңызды. Сонымен қатар дұрыс әрекет етуге деген ықыласымызды күшейте бергеніміз жөн. Өйткені бойымыздағы жамандыққа деген құмарлық ешқашан тыныш жатпайды. Аулақ жүруіміз керек нәрселер, мысалы құмар ойындар, шектен тыс ішу мен порнография, тіпті шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де бізді өзіне тартып тұруы мүмкін (Ефес. 5:3, 4). “Маған ең қиыны — өз жынысымның адамдарына деген құштарлықпен күресу. Уақыт өте басыла ма деп едім, бірақ әлі күнге дейін сол қалауымнан құтыла алар емеспін”,— деп бір жас ер бауырлас ашығын айтты. Егер бір құмарлықты жеңу тым қиын болып жатса, сізге не көмектеседі?

Жаман қалаумен күресіп, жеңіп шыққан адамдар бар, бұл сіздің де қолыңыздан келеді (15, 16-абзацтарды қараңыз)

15. Басқа мәсіхшілердің де бұрыс қалаулармен күресетіні сізді несімен жігерлендіреді? (Суретті қараңыз.)

15 Егер бойыңыздағы құмарлық дес бермей жатқандай көрінсе, бұл күресте жалғыз емес екеніңізді ұмытпаңыз. Киелі кітапта: “Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес”,— делінген (Қор. 1-х. 10:13а). Пауыл бұл сөздерді Қорынттағы мәсіхшілерге айтқан болатын. Ал олардың кейбірі бұрын маскүнем, неке адалдығын бұзушы не гомосексуал болған (Қор. 1-х. 6:9—11). Енді қалай ойлайсыздар, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін олардың жаман құмарлықтары түгел ғайып болып кетті ме? Олай болмаса керек. Олардың бәрі майланған мәсіхші болса да, әлі де кемелсіз пенде болды ғой. Сондықтан ара-тұра қылаң беріп тұрған жаман қалаулармен олар да күрескен. Демек, қандай да бір құмарлықпен арпалысып жүрсеңіз, кезінде басқа біреу соған төтеп бергенін білгейсіз. Бұл ой жұбаныш пен жігер береді, солай емес пе? Ендеше, “осылай қасірет шегіп жүрген” дүниежүзіндегі барлық бауырластарыңыз сияқты, сіз де “сенімде берік болып” қала аласыз (Пет. 1-х. 5:9).

16. Қандай қауіпті ойға берілмеуіміз керек және неге?

16 “Менің жағдайымды бәрібір ешкім түсінбейді” деген қауіпті ойдан аулақ болыңыз. Әйтпесе, “бұл әлсіздікпен күресуге шамам жетпейді” деп өзіңізден күдер үзіп, қолыңызды бір-ақ сілтеп кетесіз. Бұл орайда Киелі кітаптағы мына сөздерді ұмытпаңыз: “Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді” (Қор. 1-х. 10:13ә). Демек, қалауыңыз қанша күшті болып тұрса да, сіз оған қарсы тұрып, Ехобаға адалдық сақтай аласыз. Ехобаның көмегімен бұл қолыңыздан келеді.

17. Бұрыс қалауларды мүлдем болдырмау қолымыздан келмесе де, не нәрсе өз қолымызда?

17 Мынаны әрдайым көкейде ұстаңыз: кемелсіз болғандықтан, жаман қалаулардан біржолата қашып құтыла алмаймыз. Бірақ жаман қалаудың пайда болғаны оны іске асыру керек деген сөз емес. Потифардың әйелі азғырғанда, Жүсіп сол жерден ойланбастан тайып тұрған (Мұс. 1-ж. 39:12). Сіз де бұрыс қалаудан үзілді-кесілді бас тартып, дұрыс әрекет ете аласыз!

ТОЛАССЫЗ КҮРЕС

18, 19. Ой-санамызды жаңарта беру үшін өзімізге қандай сұрақтар қойсақ болады?

18 Сонымен, ой-санамызды жаңарту деген ойымыз бен ісімізді Ехобаның еркіне сай түзеп отыруды білдіреді. Ал бұл үшін өзімізді мына сұрақтар бойынша үнемі тексеріп отырғанымыз жөн: қандай уақытта өмір сүріп жатқанымды түсінемін бе? Бұл іс-әрекетімнен байқала ма? Жаңа болмысқа ие болу жағынан жақсарып жатырмын ба? Тәндік қалауларыма қарсы тұру үшін киелі рухтың жетелеуімен жүрем бе?

19 Өзіңізді осылай тексергенде әлі де жақсаратын тұстарыңызды байқасаңыз, еңсеңіз түспесін. Өзіңізден кемелділікті күтпеңіз, қайта, жеткен жетістіктеріңізге қуана біліңіз. Філіпіліктерге айтылған кеңеске сай, “неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік” (Філіп. 3:16). Сонда ой-санамызды жаңарта түсуге тырысып жатқанымызға Ехоба міндетті түрде батасын төгеді.

36-ӘН Жүрегімізді сақтайық

a Елші Пауыл I ғасырдағы бауырластарын осы дүниенің ықпалынан сақтандырған. Бізді де осы зұлым дүние қалыптастырып жатқан жоқ па? Осыны әрдайым тексеріп отыруымыз керек. Ойымыздың Құдайдың еркіне қайшы екенін байқаған сайын, оны түзеп отыруымыз керек. Бұл мақалада осыны қалай істеуге болатыны қарастырылады.

b 2015 жыл, 1 шілдедегі “Күзет мұнарасынан” “Өмірім құрдымға қарай құлдилай берді” деген мақаланы қараңыз.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас ер бауырлас жоғары оқуға түсу мен толық уақытты қызмет етудің арасынан қайсысын таңдайтынын ойлап отыр.