Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

38-ӘН Құдай саған күш береді

Ехобаға сенім артсақ, қорқынышты жеңе аламыз

Ехобаға сенім артсақ, қорқынышты жеңе аламыз

2024 ЖЫЛДЫҢ ТАРМАҒЫ:Бойымды үрей билегенде, өзіңе сенім артамын” (ЗӘБ. 56:3).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаға сенім артсақ, қорқынышымызды қалай жеңе алатынымызды білейік.

1. Біз неден қорқуымыз мүмкін?

 КИЕЛІ КІТАПТАН білім алғанның арқасында біз өлімнен, тылсым күштерден және болашақтан қорықпайтын болдық. Десе де бойымызға үрей ұялататын басқа да жайттар бар. Өйткені біз соғыс, қылмыс, індет іспетті “қорқынышты нәрселер” болып жатқан уақытта өмір сүріп жатырмыз (Лұқа 21:11). Сондай-ақ адамнан, мысалы, шынайы ғибадатқа қарсылық көрсететін үкіметтен не туыстардан қорқуымыз мүмкін. Ал кейбір бауырластар қазір көріп жүрген қиындықтарға не болашақта кезігетін сынақтарға төтеп бере алмай қаламын ба деп қорқады.

2. Ғатқа келгенде Дәуітпен не болғанын айтып беріңіз.

2 Үрейдің не екенін Дәуіт жақсы білген. Бірде Саул өлтіремін деп соңына түскенде, Дәуіт філістірлердің қаласы Ғатқа қашып кетті. Көп ұзамай Ғат патшасы Ахиш Дәуіттің даңқы шыққан мықты жауынгер екенін, тіпті ол туралы “он мыңдаған філістірді жайратты” деген ән барын естиді. Сонда Дәуіт Ахиш маған не істер екен деп, “зәре-құты қалмай қатты қорқып кетеді” (Сам. 1-ж. 21:10—12). Дәуіт үрейін қалай жеңді екен?

3. Зәбүр 56:1—3, 11-ге сай, Дәуіт қорқынышын қалай жеңді?

3 Зәбүрдің 56-жырында Дәуіт өзінің не сезінгенін ашып айтқан. Бұл жырда Дәуіт неліктен қорыққанын ғана емес, сол үрейін қалай жеңгенін де айтады. Ол Ехобаға сенім артты (Зәбүр 56:1—3, 11 оқыңыз). Оның сенімі ақталды да. Ехобаның көмегімен Дәуіт бір айла тауып кетті: біртүрлі қылықтар жасап, патша алдында өзін есуастай көрсетті. Сонда Ахиш патша оны қауіп төндіретін адам емес, қайдағы бір есуас қой деп қуып жіберді. Осылай Дәуіттің басы аман қалды (Сам. 1-ж. 21:13—22:1).

4. Ехобаға көбірек сенім артуды қалай үйренеміз? Мысал келтіріңіз.

4 Ехобаға сенім артсақ, біз де үрейді жеңе аламыз. Бірақ өзіміз қорқып тұрсақ, қалай біз бар үмітімізді Ехобаға артамыз? Бұған үш нәрсе көмектеседі, соған мысал келтірейік. Сіз қандай да бір ауруға шалдыққаныңызды білгенде, шошып кететін шығарсыз. Бірақ сізді емдейтін дәрігерге сенімді болсаңыз, қорқынышыңыз сейіле бастайды. Сіз оның бұрын сіздікіндей дерті бар талай адамды емдегенін білесіз. Сондай-ақ ол сізді ден қойып тыңдайды әрі күйіңізді өте жақсы түсінеді. Сосын ол сізге көбісіне шипа болған ем түрін ұсынады. Сол сияқты біз Ехобаның бұрын не істегенін, қазір не істеп жатқанын және болашақта не істейтінін мұқият ойлансақ, оған көбірек сенім артатын боламыз. Зәбүрдің 56-жырынан білетініміздей, Дәуіт осылай еткен. Оның сөздерін қарастырғанда, сіз де Ехобаға сенім артып, қалай қорқынышыңызды жеңе алатыныңызды ойлаңыз.

ЕХОБА ОСЫҒАН ДЕЙІН НЕ ІСТЕГЕН?

5. Үрей-қорқынышын жеңу үшін Дәуіт не туралы ойланды? (Зәбүр 56:12, 13)

5 Басына қауіп төніп тұрса да, Дәуіт бар ойын Ехобаның бұрын жасаған істеріне аударған (Зәбүр 56:12, 13 оқыңыз). Негізі, ол өмір бойы осындай ой қалпынан айнымаған. Мәселен, ол жаратылыстарға қарап ойланғанда, Ехобаның құдіретінің шексіздігін және адамдарға деген асқан қамқорлығын көрген (Зәб. 65:6—9). Сондай-ақ ол Ехобаның өзгелерге жасаған игілігі жайлы да ой жүгірткен (Зәб. 31:19; 37:25, 26). Әсіресе өзіне жасаған жақсылығын жиі еске алып тұрған. Ехоба оны шыр етіп дүниеге келгеннен бастап қорғап-қолдап келе жатты (Зәб. 22:9, 10). Осының барлығын сана сарабынан өткізгеннің арқасында Дәуіттің Ехобаға арқа сүйеймін деген шешімі беки түсті.

Ехобаның бұрын не істегенін, қазір не істеп жатқанын және алда не істейтінін ойлағанның арқасында Дәуіт Ехобаға одан бетер сенім артты (5, 8, 12-абзацтарды қараңыз) d


6. Қорқып қалған кезде Ехобаға сенім артуға не көмектеседі?

6 Сіз де бірдеңеден қорықсаңыз, “Ехоба осыған дейін не істеген?” деп ойланыңыз. Оның жаратқандары жайлы ой жүгіртіңіз. Мысалы, құстар я гүлдер Ехобаға ұқсас етіп жаратылмаса да, оған қызмет етпесе де, Құдайымыз олардың қамын жасайды. Демек, біздің қамымызды одан бетер ойлайды емес пе? Осылай оларға “назар салсақ”, сеніміміз нығая түседі (Мат. 6:25—32). Екіншіден, Ехоба өз қызметшілері үшін не істегенін ойлаңыз. Бұл үшін Киелі кітаптағы таудай сенімі болған бір кісі жайлы немесе Ехобаның қазіргі таңдағы қызметшісі жайлы оқып-зерттеңіз a. Сонымен қатар Ехобаның сіз үшін осыған дейін не істегені жайлы ойланыңыз. Ол сізді шындыққа қалай жақындатып тартты? (Жох. 6:44). Дұғаларыңызға қалай жауап берді? (Жох. 1-х. 5:14). Ұлының берген асыл құрбандығының күн сайын қандай игілігін көріп жүрсіз? (Ефес. 1:7; Евр. 4:14—16).

Ехобаның бұрын не істегенін, қазір не істеп жатқанын және алда не істейтінін ойласақ, оған одан бетер сенім артатын боламыз (6, 9, 10, 13, 14-абзацтарды қараңыз) e


7. Даниял пайғамбардың оқиғасы Ванессаға қорықпауға қалай көмектесті?

7 Гаитиде тұратын Ванесса b бауырласымыздың басынан бір қорқынышты жағдай өткен. Ол тұратын аймақтағы бір ер кісі оған қайта-қайта телефон шалып, жазып, жыныстық қатынасқа түсуге шақырады. Ванесса бұдан үзілді-кесілді бас тартады. Сонда әлгі ер адам одан бетер ашуға мініп, сес көрсете бастайды. “Менің зәре-құтым қалмады”,— дейді Ванесса. Ол не істеді? Ол өзін қорғау үшін нақты әрекет етті. Бір ақсақал оған тиісті органдарға хабарласуға кеңес берді. Бұдан бөлек, ол Ехоба бұрынғы қызметшілерін қалай қорғағаны жайлы ойланды. “Ойыма бірден Даниял пайғамбар келді. Еш жазығы болмаса да, оны аш арыстандар жатқан орға лақтырып жіберді. Сонда да Ехоба оны аман алып қалды. Мен де Ехобаға дұға етіп, осы мәселені бір өзіңе тапсырамын, өзің қолыңа алшы деп өтіндім. Содан кейін қорықпайтын болдым”,— дейді Ванесса (Дан. 6:12—22).

ЕХОБА ҚАЗІР НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?

8. Дәуіт не нәрсеге сенімді болды? (Зәбүр 56:8)

8 Ғатта жүргенде өмірі қыл үстінде тұрса да, Дәуіт қорқынышқа бой алдырмады. Ол Ехобаның сол кезде не істеп жатқаны жайлы ойланды. Құдай оған бағыт-бағдар беріп, қорғап жатқанын, оның ішкі күйін түсінетінін сезінді (Зәбүр 56:8 оқыңыз). Сондай-ақ оның Жонатан, бас діни қызметкер Ахимәлік сияқты адал достары болды. Олар Дәуітті үнемі қолдап, көмектесіп жүрді (Сам. 1-ж. 20:41, 42; 21:6, 8, 9). Саул патша оның көзін құртқысы келсе де, одан аман-есен қашып құтыла алды. Осылайша Дәуіт басынан не өтіп жатқанын, соның кесірінен жан дүниесінде не болып жатқанын Ехоба көріп, біліп тұрғанына сенімді болды.

9. Ехоба әрқайсысымыз жайлы не біледі?

9 Басыңызға түскен қандай да бір сынақтан бойыңызды үрей билесе, мынаны есте ұстаңыз: Ехоба жағдайыңыздың қандай екенін және не күй кешіп жатқаныңызды көріп тұр. Мысалы, Ехоба исраилдіктердің Мысырда қаналып жатқанын ғана емес, “қандай азап шегіп жатқанын” да көрді (Мұс. 2-ж. 3:7). Дәуіт Ехоба оның “қасіретін” де, “жанының азабын” да байқағанын айтып жырлаған (Зәб. 31:7). Тіпті халқы өз ақымақтығының кесірінен жапа шеккенде де, “бұл [Ехобаның] жанына батқан” (Ишая 63:9). Демек, Ехоба сіздің сезімдеріңізді жақсы түсінеді және қорқынышыңызды сейілтуге барынша көмектескісі келеді.

10. Ехоба сіздің қамыңызды ойлайтынына әрі кез келген сынақпен күресуге көмектесетініне неге сенімдісіз?

10 Қорқыныш тудыратын сынақтарға кезіккенде, “Ехоба мені қолдап жатқанын қайдан білем?” деп ойларсыз. Ехобаға “сенің көмек қолыңды көре алайыншы” деп дұға етіңіз (Пат. 2-ж. 6:15—17). Содан кейін мына сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: Қауымда баяндамадағы бір ой не бауырластың түсініктемесі сізге жігер берді ме? Қандай да бір әдебиет, видео не ән сізді нығайтты ма? Мүмкін бір бауырлас көңіліңізді жайландыратын бір тармақпен не оймен бөліскен шығар. Кейде біз бауырластарымыздың сүйіспеншілігіне және рухани ас-суға кәдімгі жайт деп қарап, бағаламай кетуіміз мүмкін. Бірақ бұлар Ехоба берген елде жоқ ерекше сыйлар (Ишая 65:13; Мар. 10:29, 30). Осы сыйларға қарап, Ехоба біздің қамымызды ойлайтынына, оның сенім артуға тұратын Құдай екеніне көзіміз жетеді (Ишая 49:14—16).

11. Аида қорқынышын қалай жеңді?

11 Сенегалда тұратын Аида бауырласымыз қиын шақта Ехобаның оны қолдап-демегенін көреді. Үйдің тұңғышы болғандықтан ата-анасы одан өздерін асырайды деп күткен екен. Бірақ Аида ізашар болғысы келіп, тұрмысын қарапайым еткендіктен, қаржы жағынан біраз қиналып қалады. Сонда отбасы наразы болып, оны кінәлай бастайды. “Мен ата-анама көмектесе алмай қалсам, бәрі менен теріс айналып кетеді ғой деп уайымдадым. Осындай күйге ұшырағаныма тіпті Ехобаны айыптай бастадым”,— дейді ол. Кейін жиналыста ол бір баяндама тыңдайды. Баяндамашы Ехоба жүрегімізді сыздатқан кез-келген уайым-қайғымызды білетінін айтады. “Ақсақалдар мен бауырластардың кеңесінің арқасында бірте-бірте Ехобаның мені сүйетініне көзім жетті. Содан Ехобаға сеніммен дұға ететін болдым. Оның дұғаларыма жауап беріп жатқанын көргенде, жаным жай тапты”,— деді Аида. Кейін ол ізашар бола жүріп, ата-анасы мен өзгелерге де көмектесе алатындай жұмыс тауып алды. Аида: “Мен Ехобаға толықтай сенім артуды үйрендім. Қазір мен дұға еткенде қорқынышым лезде-ақ ғайып болады”,— дейді.

ЕХОБА БОЛАШАҚТА НЕ ІСТЕЙДІ?

12. Зәбүр 56:9-ға сай, Дәуітте қандай сенімділік болды?

12 Зәбүр 56:9 оқыңыз. Осы тармақтан Дәуітке қорқынышқа берілмеуге тағы не көмектескенін көреміз. Басына қауіп төніп тұрса да, Дәуіт Ехобаның болашақта ол үшін не істейтіні жайлы ой жүгіртті. Ол Ехобаның дер кезінде оны құтқарып алатынына сенімді болды. Қанша дегенмен Ехоба Исраилдің ендігі патшасы Дәуіт болады деп айтып қойған еді ғой (Сам. 1-ж. 16:1, 13). Ал Ехоба не айтса да, орындайтынына Дәуіт жүз пайыз сенімді болған.

13. Ехобаның не істейтініне біз нық сенімдіміз?

13 Ехоба сізге болашақта не істеймін деп уәде береді? Әрине, ол бізді барлық қиындықтарымыздан қалқалап отырады деп күтпейміз c. Бірақ ол осы дүниеде арпалысып жүрген уайым-қайғымыздың бәрін келешекте жаңа дүниеде шешіп береді (Ишая 25:7—9). Жаратушымыз Ехобаға марқұмдарды қайта тұрғызу, жанымыз бен тәнімізді сауықтыру, қарсыластарымызды жоқ қылу түк те қиын емес (Жох. 1-х. 4:4).

14. Не жайлы ойлансақ болады?

14 Бойыңызды қорқыныш меңдегенде болашақта Ехобаның не істейтіні жайлы ойланыңыз: Шайтан құрдымға кеткен, зұлымдар атымен жоқ, жер бетін тек әділ адамдар мекендеген, кемелсіздік күн санап кері қайтып жатқан әлемде өзіңізді қалай сезінесіз? 2014 жылғы аймақтық конгресте үмітімізді елестету жайлы көрініс болған еді. Көріністе бір отағасы отбасымен Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтар жұмаққа қатысты айтылғанда қалай болар еді деп талқылайды. Ол былай дейді: “Жаңа дүниеде ең бақытты уақыт болатынын біліп қой: адамдар өзгелерді жақсы көретін, рухани қазынаны бағалайтын, қарапайым, момын, Құдайға мадақ әкелетін, ата-анасына мойынсұнатын, алғыс білдіретін, адал, бауырмал, ымырашыл, өзгелерді тек мақтайтын, ұстамды, жұмсақ, жақсылықты жақсы көретін, сенім артуға тұратын, иліккіш, кішіпейіл, ләззат-ермектен гөрі Құдайды жақсы көретін әрі оған шын жүректен берілген болады. Мұндайлардан ажырама”. Сіз жұмақта өміріміз қандай болатынын отбасыңызбен не бауырластармен талқылап тұрасыз ба?

15. Таня қорқынышын қалай жеңе алды?

15 Солтүстік Македонияда тұратын Таня бауырласымыз жайлы айтып өтсек. Киелі кітаптан білім ала бастағанда ата-анасы оған қатты қарсы болады. Алайда Таня Ехобаның болашақта беретін баталары жайлы ой жүгірткеннің арқасында қорқынышын сейілтіп, адалдық сақтай алды. “Қорыққан нәрселерім шынымен де болды. Қауым кездесулеріне барған сайын анам мені ұрып-соғатын. Әке-шешем “осыдан Ехоба куәгері болсаң, сені өлтіреміз” деп қорқытатын”,— дейді ол. Ақырында, Таняны ата-анасы үйден қуып жіберді. Ол осы қиындықтарға қалай төзді екен? Ол былай дейді: “Мен мінсіз болып қалсам, жұмақта мәңгілік бақытты болатынымды ойладым. Сондай-ақ көрген қиындықтарым жаңа дүниеде ұмыт болатыны, әрі осы дүниеде неден бас тартпайын, Ехоба орнын толтырып, жарылқайтыны жайлы ойландым”. Ехобаның жәрдемімен Таня тұратын жер тапты. Бүгінде ол адал жарымен бірге қуана Ехобаға толық уақыт қызмет етіп жүр.

ОСЫ БАСТАН СЕНІМ АРТУДЫ ҮЙРЕНІҢІЗ

16. Лұқа 21:26—28 айтылған жайттар орындала бастағанда, батылдықтан таймауға бізге не көмектеседі?

16 Зор алапат кезінде жұрттың бойын “үрей билеп, есеңгіреп қалады”. Бірақ сол кезде Құдай халқы тайсалмай, батыл тұрады (Лұқа 21:26—28 оқыңыз). Біз неге қорықпаймыз? Өйткені сол уақытқа дейін біз Құдайға сенім артуды жақсылап үйреніп аламыз. Жаңа айтылған Таня бауырлас басынан өткен жағдайлардың арқасында өміріндегі басқа да алай-дүлей қиындықтарға төтеп бере алғанын айтты. “Менің бір түсінгенім, қандай қиындық болмасын, Ехобаның арқасында біз оған төтеп беріп, батасына кенеле аламыз. Кейде бар тізгін біреулердің қолында тұрғандай көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде олар Ехоба жол бергеннен асып ештеңе істей алмайды. Одан бөлек, сынақ қаншалықты ауыр болмасын, оның ақыры бар”,— дейді Таня.

17. 2024 жылдың тармағы бізге қай жағынан көмектеседі? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

17 Қазіргі кезде бойымызға қорқыныш ұялататын жайттар баршылық. Бірақ Дәуітке еліктесек, біз қорқыныштың құрсауына түспейміз. 2024 жылдың тармағы Дәуіттің Ехобаға айтқан мына сөздері — “Бойымды үрей билегенде, өзіңе сенім артамын” (Зәб. 56:3). Бұл сөздерді Киелі кітапты зерттеуші бір ғалым былай деп түсіндірді: “Дәуіт қорқынышын тұтандырып, қиындықтары жайлы ойлай бермеген, қайта бар назарын өзінің Құтқарушысына тіккен“. Осы тармақ жайлы алдағы айларда, әсіресе қорқынышты жағдайлармен бетпе-бет келгенде ой жүгіртіңіз. Уақыт бөліп, Ехобаның бұрындағы, қазіргі және болашақтағы істері жайлы ойланыңыз. Сонда Дәуіт іспетті: “Құдайыма арқа сүйеймін, еш қорықпаймын”,— дейтін боласыз (Зәб. 56:4).

Апат болған кезде әйел бауырласымыз жылдық тармақ жайлы ой жүгіртіп тұр (17-абзацты қараңыз)

ҚАЛАЙ БІЗ ЕХОБАНЫҢ. . .

  • осыған дейін істегендері жайлы ой жүгіртіп, қорқынышымызды жеңе аламыз?

  • қазір не істеп жатқаны жайлы ой жүгіртіп, қорқынышымызды жеңе аламыз?

  • болашақта не істейтіні жайлы ой жүгіртіп, қорқынышымызды жеңе аламыз?

33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт

a jw.org сайтының іздеу жолағына “сенімін серік еткендер” не “оқиғалар” деп жазсаңыз, сенім нығайтарлық мәліметтер таба аласыз. JW Library® қосымшасынан мақалалар топтамасына кіріп, “Сенімін серік еткендер” не “Ехоба куәгерлерінің өмірбаяны” деген бөліктерді қараңыз.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c “Ехобаға жақында” кітабын қараңыз (7-тар., 13—22 абз.).

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Дәуіт аю тап бергенде Ехоба оған қалай күш бергені жайлы ойланды. Сондай-ақ Ехоба оған Ахимәлік арқылы көмектескені және патша етіп тағайындағаны жайлы ой жүгіртті.

e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сенімі үшін түрмеде отырған ер бауырлас кезінде Ехоба оған темекіні тастауға көмектескені, қазір жақын адамдарынан келген хаттар арқылы жігерлендіріп жатқаны, ал болашақта жұмақта мәңгі өмір сыйлайтыны жайлы ойланып отыр.