Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

Ехоба сізге қиыншылықтан өтуге көмектеседі

Ехоба сізге қиыншылықтан өтуге көмектеседі

“[Ехоба] сенің заманыңда тұрақтылық сыйлайды” (ИШАЯ 33:6).

НЕГІЗГІ ОЙ

Басымызға қиын күндер түскенде Ехобаның көмегін сезіну үшін не істеуіміз қажет?

1, 2. Ехобаның адал қызметшілері қандай қиындықтар көруі мүмкін?

 БАСЫМЫЗҒА түскен қасірет өмірімізді әп-сәтте ақ төңкеріп жіберуі мүмкін. Луис a есімді бауырласымызды алсақ, ол қатерлі ісіктің өте сирек кездесетін түрімен ауырып қалады. Дәрігер оған бірнеше ай ғана өмірі қалғанын айтады. Ал Моника бауырлас күйеуімен бірге рухани іс-шараларға белсене атсалысып жүреді. Бірақ бір күні ол ақсақал болып жүрген күйеуінің жылдар бойы жасырын күнә жасап келгенін біледі. Оливия есімді салтбасты әйел бауырлас болса жойқын дауыл төніп келе жатқандықтан үйін тастап, қауіпсіз жерге қашуға мәжбүр болады. Қайтып келсе, дауыл оның үйін қиратып кетіпті. Қас-қағым сәтте осы бауырластарымыздың өмірі күрт өзгеріп кетті. Сіздің де басыңызға күтпеген қасірет түсіп, өміріңіздің астан-кестеңін шығарған ба?

2 Ехобаның адал қызметшілері барлық адамдар сияқты өмірдің тауқыметін тартады, ауру-сырқауға шалдығады. Одан қалса, Құдай халқын жек көретін адамдардан қарсылық пен қуғын көреді. Ехоба бізді сол қиындықтардың бәрінен қорғаштап отырмаса да, көмектесетінін уәде еткен (Ишая 41:10). Оның демеуімен ең қиын шақта да қуанышымызды жоғалтпай, дұрыс шешімдер қабылдап, оған адал болып қала аламыз. Осы мақаладан басымызға қара бұлт үйірілгенде Ехоба бізге қандай төрт жолмен көмектесетінін білеміз. Сондай-ақ оның көмегін алу үшін өзіміз не істей алатынымызды қарастырамыз.

ЕХОБА СІЗГЕ ТЫНЫШТЫҚ БЕРЕДІ

3. Басымызға қасірет түскенде қандай күй кешеміз?

3 Бізге не қиын? Басымызға ауыр қасірет түскенде дұрыс ойланып, дұрыс шешім қабылдай алмауымыз мүмкін. Себебі жүрегіміз қан жылайды, ал ой-санамызды уайым мен үрей торлап алады. Қою тұман ішінде адасқан жандай күй кешеміз. Жоғарыда айтылған екі әйел бауырлас не сезінгендерін айтып берді. Оливия былай дейді: “Үйім опырылып, жермен-жексен болғанда, қорқынышты түс көргендей болып, есімді жия алмай қалдым”. Ал күйеуі опасыздық жасаған Моника болса: “Қаншалықты көңілім қалғанын айтуға сөз жетпейді. Кеудеме біреу қанжар сұғып алғандай болды. Әрі қарай қалай өмір сүрерімді білмей қалдым. Менімен осындай жағдай болғанына сене алмадым”,— деді. Еңсеміз езілгенде Ехоба бізге қалай көмектеседі?

4. Філіпіліктерге 4:6, 7-ге сай, Ехоба бізге не уәде етеді?

4 Ехоба қалай көмектеседі? Ол бізге Киелі кітапта “Құдайдың тыныштығы” деп аталған тыныштықты береді (Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз). Бұл Ехобамен достығымыздың арқасында сезінетін жантыныштығы мен жайбарақат күйді білдіреді. Ол — “адам ақылынан асқан”, яғни біз ойлағаннан да керемет тыныштық. Ехобаға жан-тәніңізбен дұға еткеннен кейін ерекше жантыныштығын сезінгенсіз бе? Міне, “Құдайдың тыныштығы” деген сол.

5. Құдайдың тыныштығы жүрегіміз бен ой-санамызды қалай сақтайды?

5 Осы тармақтарда Құдайдың тыныштығы “жүрегіміз бен ой-санамызды сақтайтыны” да айтылған. “Сақтау” деп аударылған түпнұсқадағы сөз қаланы күзетіп, шапқыншылардан қорғайтын сарбаздарға қатысты айтылатын болған. Қала қақпасында сақшылар тұрғанын білгендіктен, тұрғындар алаңсыз ұйықтайтын. Сол сияқты Құдайдың тыныштығы да жүрегіміз бен ой-санамызды сақтайды, яки күзетеді. Нәтижесінде біз өзімізді қауіпсіз сезініп, көңіліміз тынышталады (Зәб. 4:8). Жағдайымыз сол мезетте оңалып кетпесе де, Ханна сияқты жантыныштығын сезіне аламыз (Сам. 1-ж. 1:16—18). Ал жанымыз тыныш болса, дұрыс ойланып, дұрыс шешім қабылдау да оңай.

Жүрегіңіз бен санаңызда “Құдайдың тыныштығы” орнамайынша дұға ете беріңіз (4—6-абзацтарды қараңыз)


6. Құдайдың тыныштығын сезіну үшін не істеген жөн? (Суретті де қараңыз.)

6 Не істеуіміз қажет? Беймаза күй кешкенде бірден “сақшыларды” шақырыңыз, яғни Құдайдың тыныштығын сезінгенше дұға айта беріңіз (Лұқа 11:9; Сал. 1-х. 5:17). Басында айтылып кеткен Луис бірнеше ай ғана өмірі қалғанын білгенде, әйелі Анна екеуі қалай әрекет етті? “Осындай сәтте емделуге не басқа да мәселеге қатысты шешім қабылдау өте қиын екен. Тек дұғаның арқасында ғана біз сабыр сақтай алдық”,— дейді Луис. Луис әйелі екеуі қайта-қайта жалбарына дұға етіп, Ехобадан жантыныштығын, сабырлық пен даналық сұраған екен. Олар Ехобаның көмегін сезінді. Қысылтаяң шақтарда сіз де ұдайы дұға етіңіз, сонда Ехобаның тыныштығы ойыңыз бен жүрегіңізді сақтайды (Рим. 12:12).

ЕХОБА СІЗГЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ СЫЙЛАЙДЫ

7. Ауыр сынақты өткеріп жатқанда қандай күй кешеміз?

7 Бізге не қиын? Қиын жағдай бастан өтіп жатқанда біз әдеттегідей ойланып, сезініп, әрекет ете алмай қаламыз. Сұрапыл дауылда теңіз толқыны кемені соққылайтынындай, бізді де алай-дүлей сезімдер жан-жақтан соққылайды. Луис қайтыс болған соң, жұбайы Аннаның ішінде түрлі сезімдер буырқанған екен. Ол былай дейді: “Жан дүнием қаңырап, құлазығанда, өзімді байғұс сезініп кететінмін. Ал кейде күйеуімнің қайтыс болғаны үшін ызаға булығатынмын”. Сондай-ақ ол жалғыздық сезінген. Күйеуінің мойнында болған мәселелерді енді өзі шешу керектігіне қынжылып, шарасыз күй кешкен. Осындай алай-дүлей толқындар соққылағанда Ехоба бізді қалай демейді?

8. Ишая 33:6-да Ехоба бізге не уәде еткен?

8 Ехоба қалай көмектеседі? Ол бізге тұрақтылық сыйлаймын дейді (Ишая 33:6 оқыңыз). Дауыл тұрғанда кеме қатты шайқала бастайды. Төңкеріліп кетпеу үшін көп кеменің астына екі жағынан тұрақтандырғыш қанаттар орнатылады. Осы тұрақтандырғыштың арқасында кеме қатты шайқалмайды, әрі жолаушыларға анағұрлым қауіпсіз әрі қолайлы болады. Алайда кеме алға жүзіп отырса ғана тұрақтандырғыш жақсы көмектеседі. Тура солай, қиын шақта Ехобаға әрі қарай адал қызмет ете берсек, ол бізге тұрақтылық сыйлай алады.

Ізденіс құралдарын пайдаланып өз күйіңізді тұрақтандыра аласыз (8, 9-абзацтарды қараңыз)


9. Ізденіс құралдары бізге тепе-теңдік сақтауға қалай көмектеседі? (Суретті де қараңыз.)

9 Не істеуіміз қажет? Іштегі сезімдеріңіз буырқанып жатса да, рухани істерді атқара беруге күш салыңыз. Бәлкім бұл істерді дәл бұрынғыдай атқара алмайтын шығарсыз. Бірақ ұмытпаңыз, Ехоба сізден шамаңыздан тыс нәрсені күтпейді (Лұқа 21:1—4 салыстырыңыз). Басқа рухани істермен қатар, жеке зерттеп, ой жүгіртуге де уақыт бөліңіз. Ехобаның өз ұйымы арқылы беріп отырған тамаша мақалалары мен бейнероликтері сізге тепе-теңдік сақтап, шайқалып кетпеуге көмектеседі. JW Library® қосымшасынан, “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішінен” және “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралынан” дәл өзіңізге керегін таба аласыз. Жаңа айтылып кеткен Моника бауырласымыз ішінде дауыл тұрайын деп жатқанын сезгенде, осы ізденіс құралдарына жүгінген. Мысалы, бірде ол “ашу” деген сөзді, ал басқа кездері “опасыздық” немесе “адалдық” деген сөздерді іздепті. Сосын ол шыққан мәліметтерді жаны жай тапқанша оқи беріпті. “Ізденісті бастағанда мен мазасыз күй кешіп, қатты уайымдап тұратынмын, бірақ кейін Ехобаның ыстық құшағын сезінетінмін. Оқып-зерттей келе Ехоба барлық сезімдерімді түсінетінін және маған көмектесіп жатқанын көрдім”,— дейді Моника. Осылай дауылдан өтіп, тынық суға жеткенше, Ехоба сізге тепе-теңдік сақтауға көмектеседі (Зәб. 119:143, 144).

ЕХОБА СІЗДІ ҚОЛДАП-ДЕМЕЙДІ

10. Ауыр қасіреттен кейін өзімізді қалай сезінуіміз мүмкін?

10 Бізге не қиын? Басымызға ауыр қасірет түскен соң, эмоциялық күшіміз сарқылып, әл-қуатымыздан айырылуымыз мүмкін. Сондай кезде жарақат алған спортшыға ұқсап қаламыз: кезінде ол тез жүгіретін еді, ал енді ақсап қана жүреді. Сол сияқты біз де еш қиналмай атқарып жүрген істерімізді әрең істеп, сүйікті ісімізге де зауқымыз соқпай қалуы мүмкін. Ілияс пайғамбар сияқты басымызды көтеруге мұршамыз болмай, тек ұйықтай бергіміз келетін шығар (Пат. 1-ж. 19:5—7). Осындай сәттерде Ехоба бізге қалай көмектеседі?

11. Ехоба бізге тағы қалай көмектеседі? (Зәбүр 94:18)

11 Ехоба қалай көмектеседі? Ол бізді қолдап жүремін деп уәде етеді (Зәбүр 94:18 оқыңыз). Жарақаттанған спортшы ары-бері жүру үшін біреудің сүйемелдеуіне мұқтаж болатынындай, Ехобаға әрі қарай белсенді қызмет ете беру үшін біз де көмекке зәру боламыз. Сондай сәттері Ехоба бойымызға сенімділік ұялатып: “Мен, Құдайың Ехоба, оң қолыңнан ұстап тұрмын, Саған: — Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!”— дейді (Ишая 41:13). Дәуіт патша Ехобаның осындай қолдауын сезінген. Басына қиындықтар түсіп, жау жағадан алып жатқанда ол Ехобаға: “Сен мені. . . оң қолыңмен демейсің”,— деген (Зәб. 18:35). Сонда Ехоба бізге қалай қолдау көрсетеді?

Отбасыңыздың, достарыңыз бен ақсақалдардың көмегін қабыл алыңыз (11—13-абзацтарды қараңыз)


12. Әлсіз кезімізде Ехоба бізге кімдер арқылы көмектесуі мүмкін?

12 Ехоба бізге өзгелер арқылы қолдау көрсетеді. Мысалы, бірде Дәуіт өзін дәрменсіз сезініп жүргенде, Жонатан досы келіп, оның рухын көтеріп, жігерлі сөздер айтты (Сам. 1-ж. 23:16, 17). Ал Елішені Ехоба Ілиясқа іс жүзінде жәрдемдессін деп жіберді (Пат. 1-ж. 19:16, 21; Пат. 2-ж. 2:2). Бүгінде Ехоба бізді отбасымыз, достарымыз я ақсақалдар арқылы қолдап-демейді. Дегенмен жанымыздың жарасы сыздап тұрғанда ешкімді көргіміз келмей, жалғыз қалғымыз келер. Бұлай сезінетініміз түсінікті-ақ. Сондайда Ехобаның қолдауын сезіну үшін не істей аламыз?

13. Ехобаның қолдауын сезіну үшін біз не істеуіміз қажет? (Суретті де қараңыз.)

13 Не істеуіміз қажет? Қиынға соғып тұрса да, өзгелерден бөлектенбеуге күш салыңыз. Өйткені өзімізді оқшауласақ, тек өзіміз жайлы және қиындығымыз жайлы ойға бата береміз. Осындай ойлардың кесірінен дұрыс шешім де қабылдай алмай қаламыз (Нақ. с. 18:1). Бірақ әсіресе басымызға ауыр қасірет түскенде, оңаша қалғымыз келетін сәттер болады, әрине. Алайда ұзақ уақыт бойы ешкімді жанымызға жуытпасақ, Ехобаның бізге жіберіп жатқан көмегінен бас тартып жүргендей болар едік. Ендеше қиын болып тұрса да, отбасыңыздың, достарыңыз бен ақсақалдардың көмегін қабыл алыңыз. Олардың қолдауын Ехобаның қолдауы деп біліңіз (Нақ. с. 17:17; Ишая 32:1, 2).

ЕХОБА СІЗДІ ЖҰБАТАДЫ

14. Қандай қорқынышты жағдайларға ұшырауымыз мүмкін?

14 Бізге не қиын? Бойымызға үрей мен қорқыныш ұялататын жағдайларға да тап болуымыз мүмкін. Ежелде Құдайдың адал қызметшілері де дұшпандарының я басқа да қиындықтардың кесірінен жандары қысылып, діріл қаққан (Зәб. 18:4; 55:1, 5). Сол сияқты мектепте, жұмыста, үйімізде немесе үкімет бізге қарсы шығуы мүмкін. Я болмаса денсаулығымыз сыр бергендіктен өліп қалудан қорқатын шығармыз. Сондайда өзімізді дәрменсіз сәбидей сезінерміз. Ехоба бізді мұндай күйден қалай шығарады?

15. Зәбүр 94:19-да сенімділік ұялататын қандай сөздер бар?

15 Ехоба қалай көмектеседі? Бізді жұбатып, жанымызға жай береді (Зәбүр 94:19 оқыңыз). Бұл Зәбүр жырын оқығанда көз алдымызға найзағайдың гүрілдеген даусынан қорқып, ұйықтай алмай жатқан кішкентай қызды елестетсек болады. Әкесі оның қасына келіп, құшағына алып, ұйықтап кеткенше қасында отырады. Күннің күркірі мен нөсер қоймаса да, қызы әкесінің құшағында өзін қауіпсіз, бейқам сезінеді. Біз де қорқынышты сынақтарға ұшырағанда, көктегі Әкеміздің бізді жұбатуына, құшағына алып, жанымыз жай тапқанша қасымызда болғанына мұқтажбыз. Ехобадан жұбаныш табу үшін өз тарапымыздан не істей аламыз?

Көктегі Әкеңізден жұбаныш табу үшін Жазбаларға жүгініңіз (15, 16-абзацтарды қараңыз)


16. Ехобадан жұбаныш табу үшін не істеуіміз қажет? (Суретті де қараңыз.)

16 Не істеуіміз қажет? Үнемі дұға ету және Сөзін оқу арқылы Ехобамен бірге болуға уақыт бөліңіз (Зәб. 77:1, 12—14). Осыны әдетке айналдырсаңыз, кез келген қиын жағдайда бірден Ехобаға жүгінесіз. Неден қорқып, нені уайымдап тұрсыз, бәрін Ехобаға ашық айтыңыз. Кейін Жазбалардан оның сөзін тыңдап, жұбаныш алыңыз (Зәб. 119:28). Бойыңызды үрей билегенде Киелі кітаптағы белгілі бір үзінділер сізге ерекше жұбаныш сыйлап, көңіліңізді жайландыра алады. Мысалы, Әйүп, Зәбүр, Нақыл сөздер кітаптары және Матай 6-тараудағы Исаның сөздері. Олай болса, Ехоба көңіліңізді орнықтыру үшін дұға етіп, Сөзін оқыңыз.

17. Біз не нәрсеге сенімдіміз?

17 Басымызға қара бұлт үйірілген кезде Ехоба әрдайым қасымыздан табылатынына сенімді болайық. Ол бізді ешқашан жалғыз қалдырмайды (Зәб. 23:4; 94:14). Ол бізді сақтаймын, тұрақтандырамын, қолдаймын және жұбатамын деп уәде етеді. Ишая 26:3-те Ехоба жайлы былай делінген: “Өзіңе толық арқа сүйейтіндерді сен аман сақтайсың, Олар саған сенім артатындықтан, ұзағынан тыныштық сыйлайсың”. Ендеше, Ехобаға сенім артыңыз әрі оның көмегінің бар игілігін көріңіз. Сонда ауыр қиындық кезінде де бойыңызға қайта күш бітеді.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Біз әсіресе қандай кездері Ехобаның көмегіне мұқтаж боламыз?

  • Қиын шақтары Ехоба қандай төрт жолмен бізге көмектеседі?

  • Ехобаның көмегінің бар игілігін көру үшін не істесек болады?

12-ӘН Ұлы Құдай Ехоба

a Кейбір есімдер өзгертілген.