Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз әйел затына Ехоба сияқты қарайсыз ба?

Сіз әйел затына Ехоба сияқты қарайсыз ба?

БІЗ аяулы әйел бауырластарымызбен бірге Ехобаға қызмет етіп жүргенімізге қуанамыз. Бұл адал әрі еңбекқор жандардың әрқайсысын жақсы көреміз әрі бағалаймыз! Сондықтан, ер бауырластар, әйел бауырластарды ренжітпей, төмендетпей, құрметпен қарайық. Бірақ кемелсіздіктен кейде бұлай ете алмай жатамыз. Бұған қоса, кейбір ер бауырластарымызға өскен ортасы кері ықпал етеді.

Кейбіреулер ерлер әйелдерді кем санайтын ортада өскен. Боливияда тұратын бір аудандық бақылаушының айтуынша, “жергілікті мәдениеттің ықпалымен кейбір ер адамдар өздерін еркек болғаны үшін асқақ сезінеді, сондықтан олар әйел затын өздерінен төмен санап, құрмет көрсетпейді”. Тайваньдағы Шэн Сянь деген ақсақал былай дейді: “Біздің жақта ер кісілердің көбісі әйел еркектің ісіне араласпау керек деп есептейді. Егер ер адам әйелдің ақылын тыңдайтын болса, өзгелердің алдында абыройы түседі”. Ал кейбір ер адамдар бұлай етпесе де, әйелдерді алалайтыны сөздерінен, істерінен байқалып қалады. Мысалы, олардың қадірін түсіретін қалжыңдар айтады.

Қуанышқа орай, ер адам қандай тәрбие алса да, қандай ортада өссе де, өзгере алады. Еркек әйелден үстем деген пікірінен арыла алады (Ефес. 4:22—24). Бұл үшін ол Ехобаның үлгісіне еліктесе болады. Осы мақалада біз Ехобаның әйелдерге қалай қарайтынын, ер бауырластар оған еліктеуді қалай үйрене алатынын және ақсақалдар әйелдерді құрметтеу жағынан өзгелерге қалай үлгі көрсете алатынын білеміз.

ЕХОБА ӘЙЕЛ ЗАТЫНА ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

Әйелдерге дұрыс қараудың ең керемет үлгісі — Ехоба. Мейірбан Әке болғандықтан, ол жердегі балаларының бәрін бірдей сүйеді (Жох. 3:16). Сенімін серік еткен әйел бауырластарды ол аяулы қыздарындай көреді. Ехоба әйелдер қауымын қадірлейтінін қалай көрсетеді?

Ехоба оларды бөліп-жармайды. Ол ерлерді де, әйелдерді де “өзіне ұқсас етіп жаратты” (Мұс. 1-ж. 1:27). Ол ақыл мен дарынды әйелге қарағанда ер адамға көбірек берген жоқ. Сондай-ақ ол ерлерді әйелдерден артық санамайды (Шеж. 2-ж. 19:7). Ехоба Киелі кітап шындықтарын түсіну, оның көркем қасиеттерін таныту қабілетін екеуіне теңдей берген. Оларды сенімі үшін де бірдей жарылқайды: ерлер де, әйелдер де жерде жұмақта мәңгі өмір сүре алады не көкте патша әрі діни қызметкер бола алады (Пет. 2-х. 1:1). Көріп отырғанымыздай, Ехоба әйел затына ешқандай алалаушылық танытпайды.

Ехоба оларды тыңдайды. Ол әйелдердің сезімі мен уайымына бей-жай қарамайды. Мысалы, Рахила мен Ханнаның дұғаларын тыңдап, тілектерін орындаған (Мұс. 1-ж. 30:22; Сам. 1-ж. 1:10, 11, 19, 20). Сондай-ақ ол әйелдердің ақылын тыңдаған ер кісілер жайлы Киелі кітапқа жаздырған. Мәселен, Ехоба Ыбырайымға әйелің Сараның айтқанына құлақ ас дегенде, ол солай еткен (Мұс. 1-ж. 21:12—14). Дәуіт патша да Әбигелді тыңдап, тіпті “сені маған Ехоба жіберді” деген (Сам. 1-ж. 25:32—35). Ехобаға нақпа-нақ еліктейтін Иса да анасы Мәриямның тілін алған (Жох. 2:3—10). Бұл мысалдардан түйеріміз, Ехоба әйелдерді тыңдауымен оларға құрмет көрсетеді.

Ехоба әйелдерге сенім артады. Бүкіл жер бетін өңдеуді Ехоба Хауаға да сеніп тапсырған (Мұс. 1-ж. 1:28). Бұдан Ехоба Хауаны күйеуінен төмен емес, қайта, оны толықтыратын көмекшісі деп санағанын көреміз. Бұған қоса, Ехоба Олдама, Дебора сияқты пайғамбар әйелдерге де өз халқына, тіпті би мен патшаға, кеңес беруді сеніп тапсырған (Би. 4:4—9; Пат. 2-ж. 22:14—20). Бүгінде де ол әйел бауырластарға өзінің ісін атқаруды тапсырып отыр. Бұл адал әйелдер жариялаушы, ізашар, миссионер болып қызмет етуде. Сондай-ақ олар Патшалық сарайлары мен филиал ғимараттарын жобалау, соғу, жөндеу жұмыстарына атсалысады. Кейбірі Бетелде, өзгелері қашықтағы аударма кеңселерінде еңбек етеді. Осы әйел бауырластардан тұратын қалың қол арқылы Ехоба Құдайымыз өз еркін іске асырып жатыр (Зәб. 68:11). Демек, Ехоба әйелдерге әлсіз я қабілетсіз деп қарамайды.

ЕР БАУЫРЛАСТАР ӘЙЕЛДЕРГЕ ЕХОБА СИЯҚТЫ ҚАРАУДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНСЕ БОЛАДЫ?

Ер бауырластар, сіздер де әйелдерге Ехоба сияқты қарайсыздар ма? Бұны білу үшін қалай ойланып, қалай әрекет ететініңізді жақсылап тексеріп көріңіз. Тексеру үшін не керек? Рентген аппараты адамның жүрек ауруларын көрсететіні сияқты, сенімді досыңыз бен Киелі кітап жүрегіңіздің түкпірінде әйелдерге деген бұрыс көзқарас бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Ендеше, осы екі көмекті алу үшін не істесеңіз болады?

Сенімді досыңыздан сұраңыз (Нақ. с. 18:17). Мейірімді әрі әділ баға бере алатын сенімді досыңыздан былай сұрап көріңіз: “Сеніңше, мен әйелдерге қалай қараймын? Олар менен құрмет сезе ме? Оларға жақсырақ қарау үшін не істесем болады?” Егер досыңыз жақсаратын тұстарыңызды көрсетсе, ренжіп не ақталып шықпаңыз. Оның орнына, өзгеруге дайын болыңыз.

Құдай Сөзін зерттеңіз. Әйелдерге қалай қарап жүргенімізді анықтаудың ең дұрыс жолы — көзқарасымыз бен әрекеттерімізді Киелі кітап бойынша тексеру (Евр. 4:12). Киелі кітапты зерттегенде біз әйелдерге жақсы не жаман қараған ерлер жайлы оқып білеміз. Солардың әрекетін өз әрекетімізбен салыстырсақ болады. Бұған қоса, Киелі кітаптағы көптеген тармақты бір-бірімен салыстырыңыз. Сонда мәнмәтінді ескермей, бір ғана тармаққа сүйеніп, әйелдерге қатысты бұрыс пікірді жақтаудан аулақ боласыз. Мысалы, Петірдің 1-хаты 3:7-де күйеулер әйелдеріне “әлдеқайда нәзік [немесе “әлсіз”] құты” ретінде құрмет көрсету керектігі айтылған a. Бұл әйел ер адамнан төмен, қабілеті мен ақылы ер адамдікінен кем дегенді білдіре ме? Жоқ, мүлдем олай емес! Петірдің сөзін Пауылдың Ғалаттықтарға 3:26—29 тармақтардағы сөздерімен салыстырайықшы. Мұнда Ехоба көкте Исамен билік етуге ерлермен қоса әйелдерді де таңдағаны айтылған. Сонымен, әйел бауырластарды тиісінше құрметтеуді үйрену үшін Киелі кітапты зерттеңіз және әйел не ер досыңыздан әйелдерге қалай қарайтыныңыз жайлы ойын сұраңыз.

АҚСАҚАЛДАР ӘЙЕЛДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚҰРМЕТТЕЙДІ?

Қауымдағы ер бауырластар әйел бауырластарды құрметтеуді қамқор ақсақалдардан үйренсе болады. Бұл жағынан ақсақалдар қалай үлгі көрсетеді? Олар әйелдерге құрмет көрсету үшін нақты қандай әрекеттер жасайды?

Олар әйел бауырластарды мақтайды. Елші Пауыл ақсақалдарға жақсы үлгі қалдырған. Ол Римдегі қауымға жазған хатында бірнеше әйел бауырласты мақтаған (Рим. 16:12). Оның осы хаты бүкіл қауым алдында оқылғанда, әлгі әйел бауырластар қуаныштан төбелері көкке жеткен шығар. Бүгінде де ақсақалдар әйел бауырластарды тамаша қасиеттері үшін, Ехобаның ісінде атқарған еңбектері үшін ауыз толтырып мақтайды. Сонда әйел бауырластарымыздың мерейі өсіп, өздерін бағалы сезінеді. Ақсақалдың айтқан жігерлі сөзі әйел бауырласымызға дәл сол уақытта ауадай қажет болуы мүмкін. Бұл оған Ехобаға әрі қарай да адал болуға серпін береді (Нақ. с. 15:23).

Мақтаңыз

Ақсақалдар әйел бауырластарды мақтаған кезде шын жүректен және нақты бір ісі үшін мақтағаны жақсы. Бұның себебін Джессика есімді бауырласымыз былай деп түсіндірді: “Ер бауырластардың бізді “жарайсың” деп мақтағанына қуанамыз. Бірақ нақты не үшін мақтап жатқанын айтып кетсе, мысалы балаларымызға қауымда тыныш отыруды үйреткенімізді немесе зерттеушіні қауымға әкелуге барымызды салғанымызды айтса, бұл бізге одан да көп жігер сыйлайды”. Ақсақалдар әйел бауырластарымызды нақты бір әрекеті үшін мақтағанда, олар өздерін қауымға керек әрі бағалы сезінеді.

Олар әйел бауырластарды тыңдайды. Кішіпейіл ақсақалдар ең жақсы ұсыныстар мен пікірлер бізде ғана болады деп ойламайды. Олар әйел бауырластардан да ойларын сұрап, құлақ қойып тыңдайды. Осылай етсек, оларға да қанат бітіреміз, өзіміз де пайдасын көреміз. Бетелде қызмет ететін Герардо есімді ақсақал былай дейді: “Байқағаным, әйел бауырластардың пікірін біліп отырсам, бетелдік қызметімді анағұрлым жақсы атқарады екенмін. Көп ер бауырластарға қарағанда олар бұл істі бұрыннан бері атқарып келеді”. Ал қауымда әйел бауырластардың көбісі ізашар болғандықтан, жергілікті тұрғындар жайлы білетіндері көп. Сондықтан Брайан деген ақсақал былай дейді: “Аяулы әйел бауырластарымыздың ұйымға берері мол. Ендеше, олардың тәжірибесін жерде қалдырмайық!”

Тыңдаңыз

Әйел бауырлас ұсыныс айтып жатса, оны керек қылмай, бірден жоққа шығаруға асықпаңыз. Неліктен? “Әйел бауырластың тәжірибесі мен айтқан ойлары жағдайға тек бір қырынан ғана емес, жан-жақты қарауға көмектеседі. Сондай-ақ олардың пікірін тыңдау арқылы өзгелердің сезімдерін түсінуді үйренесіз”,— дейді Эдвард есімді ақсақал (Нақ. с. 1:5). Ақсақал әйел бауырластың ұсынысын қабылдай алмаған жағдайда да, байқағанымен және білген-түйгенімен бөліскені үшін оған рақмет айтса болады.

Олар әйел бауырластарды үйретеді. Көреген ақсақалдар әйел бауырластарды үйретудің орайын жібермейді. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болмай қалған жағдайда уағызға арналған кездесуді өткізуді үйретеді. Сондай-ақ оларға құрал-жабдықтармен және техникамен жұмыс істеуді үйретіп қойса, әйел бауырластар ұйымдағы жөндеу жұмыстары мен құрылыс жобаларына атсалыса алады. Бетелдегі бақылаушылар да әйел бауырластарды техникалық қызмет көрсетуге, заттарға тапсырыс беріп, сатып алуға, бухгалтерлік іске, компьютерлік бағдарламалауға және басқа да көптеген істерге үйретеді. Осылай ақсақалдар әйел бауырластарды үйреткенде, оларды қабілетті әрі сенімді деп санайтындарын көрсетеді.

Үйретіңіз

Ақсақалдардан үйренгендерінің арқасында көп әйел бауырластар өзгелерге көмектесе алады. Мысалы, кейбір әйел бауырластар құрылыста меңгеріп алған қабілетінің арқасында апат болған жердегі бауырластардың үйлерін жөндеуге жәрдемдескен. Ал өзгелері көпшілік орындарында уағыздауды үйреніп, осы шеберлікті өзге әйел бауырластарға үйреткен. Әйел бауырластар өздерін үйреткен ақсақалдар жайлы не дейді? “Патшалық сарайының құрылыс жобасына қатысып жүргенімде жауапты бауырлас маған уақыт бөліп, нені қалай істеу керектігін үйретті. Кейін істеген жұмысымды байқап, мақтады. Онымен қызметтескен қатты ұнады. Мені бағалап, сенім артқанына риза болдым”,— дейді Дженнифер.

ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТАРҒА ӘПКЕ-ҚАРЫНДАСТАЙ ҚАРАУДЫҢ ЖЕМІСІ

Біз де адал әйел бауырластарымызды Ехоба сияқты жақсы көреміз! Оларға өз отбасымыздай қараймыз (Тім. 1-х. 5:1, 2). Олармен қатар жүріп қызмет ету біз үшін зор құрмет әрі мақтаныш. Олар біздің сүйіспеншілігіміз бен қолдауымызды сезінсе екен дейміз. Ванесса есімді әйел бауырлас былай дейді: “Ехобаның ұйымында рухымызды көтеріп, бойымызға жігер құятын ер бауырластар көп. Осындай ұйымда жүргеніме өте ризамын”. Ал Тайваньда тұратын бір әйел бауырласымыз былай дейді: “Әйелдерді аялап, сезімдерін ескеретіні үшін Ехоба мен оның ұйымына алғысым шексіз. Осыдан сенімім одан сайын нығаяды және Ехобаның ұйымындағы орнымды бағалай түсемін”.

Ехоба әйелдерді ол сияқты құрметтейтін адал ер бауырластарды мақтан тұтады (Нақ. с. 27:11). “Осы дүниеде жиі әйелдердің қадір-қасиеті тапталып жатады. Сондықтан әйел адамдар Патшалық сарайымызға кіріп келгенде, біздің осы дүниеден айырмашылығымызды бірден сезсе екен дейміз”,— дейді Шотландияда тұратын Бенджамин есімді ақсақал. Ендеше, барлығымыз да Ехобаға барынша еліктеп, ардақты әйел бауырластарымызға сүйіспеншілік пен құрмет таныта берейік. Олар бұған лайық! (Рим. 12:10).

a “Әлдеқайда нәзік құты” деген тіркестің түсіндірмесін оқу үшін 2005 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 наурыздағы санынан “Ерлі-зайыптыларға арналған дана басшылық” деген мақаланы және 2006 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 мамырдағы санынан “Ценность “более слабого сосуда” (ор.) деген мақаланы қараңыз.