Сіз білгенсіз бе?
Філіппен кездескенде эфиопиялық қызметкер қандай күймеде отырды?
“ЖАҢА ДҮНИЕ аудармасында” “күйме” деп аударылған түпнұсқадағы сөз көліктің бірнеше түріне нұсқайды (Ел. іс. 8:28, 29, 38). Алайда эфиопиялық уәзір мінген күйме соғысқа не жарысқа арналған кішкентай арбадан үлкенірек болған көрінеді. Бұлай тұжырымдауға қандай себептер бар?
Эфиопиялық қызметкер ұзақ жолға шыққан жоғары дәрежелі кісі болған. Ол “эфиопиялық патшайымның бүкіл қазынасына қарайтын жоғары лауазымды қызметкер” болған (Ел. іс. 8:27). Ежелгі Эфиопия аумағына қазіргі Судан мен Мысырдың оңтүстік бөлігі кірген. Бәлкім, эфиопиялық қызметкер бүкіл сапар бойы бір ғана көлікке отырмаған шығар, бірақ бір анығы, ұзақ жолға шыққандықтан оның біраз жүгі болған. І ғасырда адам тасымалдайтын көліктің бір түрі төрт доңғалақты, төбесі жабық күйме болған. Елшілердің істері кітабын түсіндіретін бір еңбекте айтылғандай, “жүк салуға болатындықтан және отыруға қолайлы болғандықтан бұндай күймемен ұзақ сапарға шығуға болатын”.
Філіп келгенде эфиопиялық қызметкер оқып отырды. Киелі кітапта: “Філіп әлгі кісінің [яғни эфиопиялық қызметкердің] Ишая пайғамбардың жазбасын дауыстап оқып отырғанын естіді”,— делінген (Ел. іс. 8:30). Ұзақ сапарға арналған күйме жылдам жүрмейтін. Ол баяу жүргеннің арқасында эфиопиялық қызметкер жазбаны оқи алған және Філіп оны жаяу-ақ қуып жеткен.
Эфиопиялық қызметкер “Філіпті қасына отыруға шақырды” (Ел. іс. 8:31). Әдетте жарысқа арналған арбаларда жүргізуші тұрып тұратын. Бірақ сапарға арналған күймеде эфиопиялық қызметкерге де, Філіпке де отыратын орын табылған.
Елшілердің істері 8-тарауда жазылғандарды және қолда бар тарихи деректерді ескере келе, енді біздің әдебиеттерімізде эфиопиялық қызметкердің күймесін соғыс арбасы не жарыс арбасындай емес, үлкенірек етіп бейнеленеді.