Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

108-ӘН Құдайдың айнымас сүйіспеншілігі

Ехобаның сүйіспеншілігі бізді мол игілікке жеткізді

Ехобаның сүйіспеншілігі бізді мол игілікке жеткізді

“Мәсіх Иса осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келді” (ТІМ. 1-Х. 1:15).

НЕГІЗГІ ОЙ

Төлемнің игіліктері және Ехобаға төлем үшін ризашылық білдірудің жолдары.

1. Ехобаны қай кезде қуантамыз?

 СІЗ жақсы көретін адамыңызға әдемі әрі пайдалы сыйлық бердіңіз делік. Егер ол сыйлығыңызды бір жерге қойып, сол күйі ұмытып кетсе, көңіліңіз түсері анық. Ал егер, керісінше, сыйлығыңызды кәдесіне жаратып, сол үшін рақметін айтса, бұған қуанып, марқайып қаласыз ғой. Бұл мысалмен не айтқымыз келеді? Ехоба да бізді қатты жақсы көргендіктен, өзінің Ұлын біз үшін құрбан етті. Біз оның бұл теңдессіз сыйын бағалап жүрсек, ол қаншалықты қуанады десеңізші! (Жох. 3:16; Рим. 5:7, 8).

2. Бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын төлем үйреншікті нәрсеге айналып кетуі мүмкін. Былайша айтқанда, Құдайдың бағалы бұл сыйын бір жерге қойып, кейін ұмытып кеткендей боламыз. Бұған жол бермес үшін, Құдай мен Мәсіхтің бізге жасаған жақсылығын жиі еске алып, ризашылығымызды жандандырып тұрғанымыз маңызды. Бұл мақаланың мақсаты да — сол. Біз төлемнің қазір қандай игілігін көріп жүргенімізді және болашақта төлем қандай игілік әкелетінін қарастырамыз. Сондай-ақ бізге танытқан сүйіспеншілігі үшін Ехобаға қалай әрдайым, әсіресе Еске алу мезгілінде, ризашылық білдіре алатынымызды көреміз.

ТӨЛЕМНІҢ ҚАЗІРГІ ИГІЛІГІ

3. Біз қазір төлемнің қандай игілігін көріп жүрміз?

3 Біз төлемнің игілігін қазірдің өзінде көріп жүрміз. Сол игіліктердің бірі — төлемге негіздеп Ехоба біздің күнәларымызды кешіреді. Ол бізді кешіруге міндетті емес, бірақ мұны өзі қалайды. Осы үшін жүрегі ризашылыққа толған зәбүр жыршысы: “Уа, Ехоба, сен ізгі әрі кешіруге дайынсың”,— деп жырлаған (Зәб. 86:5; 103:3, 10—13).

4. Ехоба төлемді кімдер үшін берген? (Лұқа 5:32; Тімөтеге 1-хат 1:15)

4 Кейде біз өзімізді Ехобаның кешіріміне лайық емеспін деп есептейтін шығармыз. Негізінде, бұған ешқайсысымыз да лайық емеспіз. Елші Пауыл да бұны түсініп: “Елші деп аталуға да тұрмаймын. . . Бірақ Құдайдың рақымымен осындай дәрежеге ие болдым”,— деген (Қор. 1-х. 15:9, 10). Егер күнәларымызға өкінер болсақ, Ехоба бізді әрдайым кешіруге дайын. Ол бізді лайық болғанымыздан емес, жақсы көргеннен кешіреді. Құдайдың кешіріміне лайық емеспін деген ой мазалап жатса, мынаны ұмытпаңыз: Ехоба төлемді күнә жасамайтын кемелді адамдар үшін емес, шын өкінетін күнәкарлар үшін берген (Лұқа 5:32; Тімөтеге 1-хат 1:15 оқыңыз).

5. Неге атқарған қызметіміз үшін Ехоба бізді кешіруге міндетті деп ойламауымыз керек? Түсіндіріңіз.

5 Ехобаға талай жылдан бері қызмет етіп жүрсек те, атқарған қызметіміз үшін ол бізді кешіруге міндетті деп ойламауымыз керек. Әрине, Ехоба адалдықпен атқарған қызметімізді ешқашан ұмытпайды (Евр. 6:10). Бірақ ол өзінің Ұлын бізге қызметіміздің ақысы ретінде емес, сый ретінде берген. Ехобаның рақымына атқарған қызметім үшін ие болдым, адал еңбегім үшін ол маған ерекше қарау керек деп ойлау қате болар еді. Егер бұлай ойласақ, “Мәсіхтің бекерге өлгені ғой” (Ғалаттықтарға 2:21 салыстырыңыз).

6. Неге Пауыл Ехобаға алдына жан салмай қызмет еткен?

6 Пауыл қанша тер төксе де, Құдайдың рақымына лайықты бола алмайтынын жақсы түсінген. Онда ол неге сонша алдына жан салмай қызмет еткен? Өйткені Ехобаның рақымы мен мейірімділігіне қаншалықты риза екенін көрсеткісі келген (Ефес. 3:7). Пауыл сияқты біз де қызметімізді зор құлшыныспен атқара берейік. Бірақ мұны Ехобаның рақымына лайықты болу үшін емес, ризашылығымызды көрсету үшін істейік.

7. Біз төлемнің тағы қандай игілігін көріп жүрміз? (Римдіктерге 5:1; Жақып 2:23)

7 Қазір біз көріп жүрген төлемнің тағы бір игілігі — Ехоба Құдаймен жақын дос бола алатынымыз. a Алдыңғы мақалада айтқанымыздай, қазір ешқайсысымыз Ехобаның отбасында емеспіз. Бірақ төлем берілгендіктен біз “Құдаймен татумыз”, соның арқасында онымен дос бола аламыз (Римдіктерге 5:1; Жақып 2:23 оқыңыз).

8. Дұға ету мәртебесі үшін неге Ехобаға ризашылық білдіргеніміз дұрыс?

8 Ехобамен дос болғанның арқасында бізде дұға ету мәртебесі бар. Ехоба бәріміз бас қосып, көпшіліктің алдында айтқан дұғаларымызды ғана емес, әрқайсысымыздың жеке-жеке айтқан дұғаларымызды да тыңдайды. Дұға еткенде ой-санамызда тыныштық орнап, жанымыз жайланып қалады. Бірақ дұғаның пайдасы бұл ғана емес. Дұға Құдаймен достығымызды нығайтудың керемет мүмкіндігі (Зәб. 65:2; Жақ. 4:8; Жох. 1-х. 5:14). Иса жерде болғанда көп дұға еткен, өйткені ол Ехоба дұғаларды тыңдайтынын және дұға Әкесімен қарым-қатынасын берік ететінін жақсы білген (Лұқа 5:16). Ойлап көріңізші, біз Ехобамен дос болып, дұғада оған тікелей сөйлей аламыз. Бұл да Исаның құрбандығына ризашылық білдіруге келелі себеп емес пе?!

ТӨЛЕМІНІҢ БОЛАШАҚТАҒЫ ИГІЛІГІ

9. Ехобаның адал қызметшілері болашақта төлемнің қандай игілігін көреді?

9 Ехобаның адал қызметшілері төлемнің игілігін болашақта да көреді. Төлемнің арқасында олар мәңгілік өмірге ие болады. Адамдардың көбісі өлімді табиғат заңдылығы деп есептейтіндіктен, мәңгі өмір сүру мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ Ехоба о баста адамдардың мәңгі өмір сүргенін ниет еткен. Егер Адам ата күнә жасамағанда, мәңгілік өмір қазіргідей ертегі болып көрінбес еді. Қазіргі таңда мәңгілік өмір біз үшін тым асқақ көрінетін шығар, бірақ Ехобаның сол өмірді қайтару үшін төлеген құны да тым асқақ қой. Ол өзінің жалғыз сүйікті Ұлын өлімге қиды! (Рим. 8:32).

10. Майланғандар мен басқа қойларды қандай өмір күтіп тұр?

10 Мәңгілік өмірге тек болашақта қол жеткізсек те, Ехоба біздің қазірдің өзінде сол өмірді ойда тұтып өмір сүргенімізді қалайды. Мысалы, Мәсіхпен бірге жер бетіне билік ететін майланғандарды көкте таңғажайып өмір күтіп тұр (Аян 20:6). Ал басқа қойлар қайғы-қасіреттен ада жер бетіндегі жұмақта өмір кешетін болады (Аян 21:3, 4). Егер үмітіңіз жер бетінде мәңгі өмір сүру болса, бұл өмір көктегі өмірден кем түседі деп ойламаңыз. Адам баласы жер бетінде өмір сүру үшін жаратылған ғой. Сондықтан жердегі өміріңіз мән-мағына мен бақытқа толы болатынына еш күмәніңіз болмасын.

11, 12. Аңсап күтіп жүрген жұмақтағы өміріміз қандай болады? (Суреттерді де қараңыз.)

11 Жұмақтағы өмір қандай болатынын бір сәтке елестетіп көріңізші. Сенесіз бе, ауру мен өлімді ойлап титтей де уайымдамайсыз (Ишая 25:8; 33:24). Ехоба әрбір жүрек қалауыңызды орындайды. Сіз жұмақта немен айналысуды ойлап жүрсіз? Жануарлар әлемін зерттегіңіз келе ме? Әлде қандай да бір аспапта ойнауды үйренесіз бе? Бәлкім, сурет салуды үйренетін шығарсыз. Жұмақта архитекторлар, құрылысшылар, егіншілер көптеп қажет болады. Тамақ істейтін, құрал-саймандар жасайтын, бау-бақшаларды күтіп-баптайтын адамдарға да сұраныс өте көп болады (Ишая 35:1; 65:21). Өміріміз шексіз болатындықтан, не үйренемін десеңіз де уақыт бәріне жетеді.

12 Ойлаңызшы, жұмақта біз қайта тірілген жақындарымызды қарсы аламыз! (Ел. іс. 24:15). Сондай-ақ Ехобаның сан алуан жаратылыстарын зерттеп, көктегі Әкемізді одан сайын тани береміз (Зәб. 104:24; Ишая 11:9). Бәрінен де кереметі, біз бірде-бір күнә жасамайтындықтан, өзімізді кінәлі сезінудің не екенін ұмытып, Ехобаға кіршіксіз таза ар-ұжданмен ғибадат етеміз! Болашақта сізді күтіп тұрған осы тамаша баталарды “уақытша рақат” сыйлайтын күнәға айырбастар ма едіңіз? (Евр. 11:25). Олай етпесіңіз анық. Қазір қандай да бір нәрседен бас тартуға тура келсе, күмәніңіз болмасын, бұл баталар кез келген құрбандыққа татиды. Ұмытпайық, жұмақтағы мәңгі өмір тек үміт болып қалмайды, бұл үміт міндетті түрде шынайы өмірге айналады. Ехоба бізді өз Ұлын өлімге қиятындай деңгейде жақсы көрмегенде, бұл баталардың ешқайсысын да көрмес едік!

Жұмақта бәрінен бұрын нені қалайсыз? (11, 12-абзацтарды қараңыз)


ЕХОБАҒА СҮЙІСПЕНШІЛІГІ ҮШІН РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІРІҢІЗ

13. Ехобаның сүйіспеншілігіне ризашылық білдірудің бір жолы қандай? (Қорынттықтарға 2-хат 6:1)

13 Төлем үшін Ехобаға ризашылық білдірудің бір жолы — оған қызмет етуді өмірде басты орынға қою (Мат. 6:33). Не дегенмен, Исаның “өлгендегі мақсаты — өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өлген әрі қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері” (Қор. 2-х. 5:15). Ендеше, “Құдайдың рақымы. . . қандай мақсатпен көрсетілгенін елеусіз қалдырмайық” (Қорынттықтарға 2-хат 6:1 оқыңыз).

14. Ехобаның нұсқауларына сенім артатынымызды қалай көрсете аламыз?

14 Ехобаның сүйіспеншілігіне ризашылық білдірудің тағы бір жолы — оның беріп жатқан нұсқауларына сенім арту. Қандай да бір шешімнің алдында тұрғанда, мысалы жоғарғы оқу орнына түсу-түспеуді не ұсынылған жұмысқа келісу-келіспеуді шешкенде, Ехобаның бізден не күтетінін ескеруіміз керек (Қор. 1-х. 10:31; Қор. 2-х. 5:7). Ехобаға сенім артып шешім қабылдар болсақ, оған деген сеніміміз де, онымен достығымыз да берік болады, ал үмітіміз шынайы бола түседі (Рим. 5:3—5; Жақ. 2:21, 22).

15. Еске алу мезгілінде төлемге деген ризашылығымызды қалай білдірсек болады?

15 Ехобаның сүйіспеншілігіне ризашылық білдірудің тағы бір ерекше жолы бар. Еске алу кешіне дейінгі және кейінгі уақытты пайдаланып, Ехобаға төлем үшін қаншалықты риза екеніңізді көрсете аласыз. Еске алу кешіне өзіңіз ғана келіп қоймай, өзгелерді де шақырыңыз (Тім. 1-х. 2:4). Оларға Еске алу кеші қалай өтетінін түсіндіріңіз. Бұл үшін jw.org сайтындағы “Иса пайғамбар не үшін өлді?” және “Иса пайғамбардың өлген күнін еске алу” деген видеоларды көрсетсеңіз болады. Ал ақсақалдар қауымнан қол үзіп қалғандарды Еске алу кешіне шақыруды ұмытпау керек. Ехобаның жоғалған қойы отарға оралғанда, көкте де, жерде де қаншалықты зор қуаныш болады десеңізші! (Лұқа 15:4—7). Еске алу кешінде бір-бірімізді ғана емес, жаңадан келгендерді не біраздан бері келмей кеткендерді де құшақ жая қарсы алайық. Олар өздерін жайлы сезіну үшін бар жағдайды жасайық (Рим. 12:13).

16. Еске алу кешіне дейінгі және кейінгі уақытта көбірек қызмет етуді жоспарлау неге маңызды?

16 Еске алу кешіне дейінгі және кейінгі уақытта рухани істерге көбірек атсалыса аласыз ба? Бұл Құдайға және Мәсіхке жасаған жақсылықтары үшін ризашылық білдірудің тамаша мүмкіндігі. Қызметке барынша атсалысатын болсақ, Ехобаның қолдауын сеземіз, соның арқасында оған көбірек сенім артатын боламыз (Қор. 1-х. 3:9). Сондай-ақ “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасын не жұмыс дәптеріндегі кестені қолданып, Еске алу кешіне қатысты тармақтарды біреуін қалдырмай оқып жүріңіз. Сол үзінділердің кейбірін таңдап, жеке зерттеу жүргізсеңіз де болады.

17. Ехобаны бәрінен бұрын не қуантады? (“ Ехобаға ризашылық білдірудің жолдары” деген қоршауды да қараңыз.)

17 Осы мақалада айтылған нәрселердің бәрін істеуге мүмкіндігіңіз болмаса, мынаны ұмытпаңыз: Ехоба ешқашан сіздің қызметіңізді өзгелердікімен салыстырмайды. Ол бәрінен бұрын жүрегіңізге қарайды. Жүрегіңіз оның теңдессіз сыйы төлемге деген ризашылыққа толы екенін көрсе, соның өзі оны қуанышқа бөлейді (Сам. 1-ж. 16:7; Мар. 12:41—44).

18. Ехоба Құдайға және Иса Мәсіхке не үшін ризамыз?

18 Күнәларымыздың кешірілетіні, Ехобамен достығымыз және мәңгілік өмірге деген үмітіміз — тек төлемнің арқасы. Осы баталарға жол ашқан Ехобаға сүйіспеншілігі үшін әрдайым ризашылық білдіріп жүрейік (Жох. 1-х. 4:19). Исаға да алғыс білдіруді ұмытпайық. Ол бізді өз жанынан артық жақсы көріп, біз үшін өмірін қиды! (Жох. 15:13).

154-ӘН Сарқылмас сүйіспеншілік

a Мәсіх өмірін әлі құрбан етпей тұрып-ақ Ехоба өз қызметшілерін кешіріп отырған. Ұлының өле-өлгенше адал болатынына сенімді болғаны сонша — Ехоба төлем беріліп қойғандай әрекет еткен (Рим. 3:25).