Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

2-ӘН Сенің есімің — Ехоба

Ехобаны дәріптейік!

Ехобаны дәріптейік!

2025 ЖЫЛДЫҢ ТАРМАҒЫ: “Ехобаны есіміне лайық дәріптеңдер!” (ЗӘБ. 96:8).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаны өзіне тиесілі даңққа бөлеу.

1. Бүгінде көп адамның есіл-дерті неде?

 КЕЛІСЕТІН шығарсыз, бүгінде көп адамның бар есіл-дерті — өзін көрсету. Мысалы, әлеуметтік желілерде атақ-даңқты іздеген қаншама адам өздерін, жеткен жетістіктерін көрсетіп әлек. Ехоба Құдайды мадақтау олардың ойына кіріп те шықпайды. Бірақ Ехобаны даңқтағысы келетіндер де аз емес. Бұл мақалада біз Ехобаны дәріптеу, мадақтау дегеннің не екенін және бұлай етуге бізге не қозғау салу керектігін көреміз. Сондай-ақ өзіне тиесілі атақ-даңққа Ехобаны қалай бөлей алатынымызды және алдағы уақытта ол өз есімін қалай даңқтайтынын талқылаймыз.

ЕХОБАНЫ ДӘРІПТЕУГЕ НЕ ЖАТАДЫ?

2. Синай тауында Ехоба өзінің ұлылығын қалай паш етті? (суретті де қараңыз.)

2 Киелі кітапта Ехоба ұлы да айбынды Құдай екені айтылған. Исраил халқы Мысырдың құлдығынан азат болғаннан кейін көп ұзамай Ехоба оларға асқан ұлылығын паш етті. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз: миллиондаған исраилдік Синай тауының бөктерінде Құдайдың не айтатынын тыңдау үшін жиналып тұр. Таудың басын қою қара бұлт басқан. Кенеттен тура бір жанартау атқылағандай таудың басынан бұрқырап түтін көтерілді. Ал жер қозғалып, қатты сілкіне бастады. Аспан да мың құбылып, найзағай жарқ-жұрқ ойнап, күн күркіреп кетті. Кернейдің аса қатты шыққан даусы да жер-жаһанды алды (Мұс. 2-ж. 19:16—18; 24:17; Зәб. 68:8). Ехобаның асқан ұлылығын паш еткен осы құбылыстарды көріп, исраилдіктердің бойын қастерлі сезім биледі.

Синай тауында Ехоба ерекше құбылыстар арқылы исраилдіктерге өзінің асқан ұлылығын паш етті (2-абзацты қараңыз)


3. Ехобаны дәріптеп, мадақтауға не жатады?

3 Адамдар да Ехобаның асқан ұлылығын паш етіп, оны мадақтап, даңқтай алады. Бұның бір жолы — Ехобаның шексіз құдіреті мен көркем қасиеттері жайлы жариялау. Жеткен жетістігіміз Ехобаның арқасында екенін айтып отырсақ, бұл да Құдайды мадақтауға жатады (Ишая 26:12). Алдына жан салмай Ехобаны мадақтаған адамдардың бірі — Дәуіт патша. Бірде ол Исраил қауымының алдында тұрып, Ехобаны мадақтап былай деп дұға етті: “Уа, Ехоба, ұлылық пен құдірет, сұлулық пен салтанат, айбындылық саған тиесілі. Өйткені көк пен жердегінің бәрі сенікі”. Дәуіт дұғасын тамамдаған соң, “бүкіл қауым. . . Ехобаны мадақтады” (Шеж. 1-ж. 29:11, 20).

4. Иса жерде болғанда Ехобаны қалай мадақтаған?

4 Иса да жерде болғанда Әкесін даңққа бөлеген. Ол кереметтер жасауға Ехобаның өзі құдірет бергенін жасырмай айтып жүрген (Мар. 5:18—20). Оның көктегі Әкесі жайлы берген куәлігі де, адамдармен қарым-қатынасы да Ехобаға тек мадақ жаудырды. Бірде Иса мәжілісханада тәлім беріп жатқанда, тыңдап отырған адамдардың арасында бойын жын билеген бір әйел болды. Ол 18 жыл бойы белін жаза алмай, бүкірейіп қиналып жүрген. Байғұс әйелдің күйі неткен аянышты еді! Иса оны көргенде жаны ашып: “Ауруыңыздан арылдыңыз”,— деді де, үстіне қолын қойды. Сонда әйелдің арқасы түзеліп, бойына күш-қуаты да, қадір-қасиеті де оралды. Сол сәтте ол ризашылықтан “Құдайды мадақтай бастады” (Лұқа 13:10—13). Бұл әйел сияқты бізде де Ехобаға мадақ жаудыруға себеп көп.

ЕХОБАНЫ НЕ СЕБЕПТІ ДАҢҚТАЙМЫЗ?

5. Ехобаны терең қастерлеуге бізде қандай себептер бар?

5 Ехобаны даңқтайтын себебіміз — біз оны терең қастерлейміз. Ехоба біздің құрметімізге әбден лайық. Өйткені ол — құдіреті шексіз Құдай. Ал қолынан шыққан туындылары оның асқан даналығын паш етіп тұр (Зәб. 96:4—7). Бізге өмір берген де, өмір сүруге бар жағдайды жасаған да — Ехоба (Аян 4:11). Ол өз қызметшілеріне адал (Аян 15:4). Бастаған кез келген ісін еш кедергісіз аяғына дейін жеткізеді (Ешуа 23:14). Әрдайым сөзінде тұрып, берген уәдесін орындайды. Еремия пайғамбар Ехоба жайлы былай деп дәл айтқан: “Уа, Ехоба, саған тең келер ешкім жоқ. Сен ұлысың. . . Күллі халықтардың данышпандарының арасында, бүкіл патшалықтарында саған тең келер ешкім жоқ” (Ерм. 10:6, 7). Расымен де, көктегі Әкемізді құрмет тұтуға себептер неткен көп. Бірақ Ехоба құрметімізге ғана емес, сүйіспеншілігімізге де лайық.

6. Біз Ехобаны не үшін жақсы көреміз?

6 Ехобаны даңқтайтын себебіміз — біз оны жақсы көреміз. Жүрегімізде сүйіспеншілік оятқан Ехобаның кейбір әдемі қасиеттеріне назар аударайық. Ол мейірімді әрі жанашыр (Зәб. 103:13; Ишая 49:15). Ехоба біздің жан дүниемізді ұға біледі. Жанымызға батқан азап оның да жанына батады (Зәк. 2:8). Онымен дос болу да сондай оңай (Зәб. 25:14; Ел. іс. 17:27). Ехоба өте кішіпейіл. “Ол көк пен жерге қарау үшін еңкейіп, бейшараны топырақтан тұрғызады” (Зәб. 113:6, 7). Болмысы ғажап бұндай Құдайды қалай ғана мадақтамайсың?! (Зәб. 86:12).

7. Бізде қандай керемет мүмкіндік бар?

7 Ехобаны даңқтайтын себебіміз — адамдар ол жайлы білсе екен дейміз. Ехобаның шын мәнінде қандай Құдай екенін көп адам білмейді. Өйткені Шайтан ол жайлы небір өтіріктер таратып, адамдардың санасын соқыр қылып қойған (Қор. 2-х. 4:4). Шайтан Ехоба жазалауды ғана ойлап тұратын кекшіл Құдай, ол адамдардың қамын мүлдем ойламайды, дүниеде болып жатқан бар қайғы-қасіретке Ехоба кінәлі деген өтіріктерге адамдарды сендіріп қойған. Бірақ бұның бәрі шындыққа мүлдем жанаспайды! Ойлап көріңізші, біз адамдардың көзін ашып, Ехобаның қаншалықты тамаша Құдай екенін айта аламыз. Бұл көктегі Әкемізді мадақтаудың керемет мүмкіндігі емес пе?! (Ишая 43:10). Зәбүрдің 96-тарауы бізді барынша Ехобаны мадаққа бөлеуге шақырады. Бұл жырды қарастыру барысында Ехобаны өзіне тиесілі атақ-даңққа қалай бөлей алатынымызды көреміз.

ЕХОБАНЫ ӨЗІНЕ ТИЕСІЛІ АТАҚ-ДАҢҚҚА ҚАЛАЙ БӨЛЕЙ АЛАМЫЗ?

8. Ехобаны дәріптеудің бір жолы қандай? (Зәбүр 96:1—3)

8 Зәбүр 96:1—3 оқыңыз. Біз Ехобаны ауызбен дәріптей аламыз. Зәбүр жыршысы бізді “Ехобаға ән шырқаңдар”, “атын мадақтаңдар”, “құтқаратыны жайлы ізгі хабарды жариялаңдар”, “ұлттар арасында ұлылығын. . . жариялаңдар” деп шақырады. Бұның бәрі көктегі Әкемізді мадақтаудың тамаша жолдары. Кезінде адал яһудилер де, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де Ехобаның керемет істерін айтудан, оның атын қорғап сөйлеуден еш ұялмаған (Дан. 3:16—18; Ел. іс. 4:29). Біз оларға қалай еліктесек болады?

9, 10. Анжелина бауырластан қандай үлгі алсақ болады? (Суретті де қараңыз.)

9 Құрама Штаттарда тұратын Анжелина a бауырласымыз жұмысында батылдықпен Ехобаның атын қорғап сөйлеген. Анжелина енді ғана жұмысқа тұрғандықтан, ол арнайы бір кездесуге шақырылады. Бұл кездесудің мақсаты жаңадан келген әріптестер өздері жайлы айтып, бір-бірімен жақынырақ танысу еді. Анжелина Ехоба куәгері болғанның арқасында мағыналы өмір кешіп жатқанын әріптестеріне көрсету үшін алдын ала суреттер дайындайды. Бірақ тура кезегі таяп қалған кезде, бір ер кісі өзінің Ехоба куәгерлерінің отбасында өскенін айтады. Ол Ехоба куәгерлерін жамандап, мазақ ете бастайды. Сол кезде не сезінгенін айтып, Анжелина былай дейді: “Жүрегім тарсылдап, қатты уайымдап кеттім. Бірақ іштей былай деп ойландым: “Оның Ехоба жайлы өтірік айтып жатқанына құр қарап отыра беремін бе, әлде Ехобаны қорғап сөйлеймін бе?”

10 Әріптесі сөзін аяқтаған соң, Анжелина тез іштей дұға етіп, оған сабырлы үнмен былай дейді: “Екеуіміздің жағдайымыз ұқсас екен. Мен де Ехоба куәгерлерінің отбасында өстім. Кейін өзім де Куәгер болып, әліге дейін осы жолдамын”. Сол кезде әріптестері не болып жатқанын түсінбей, біртүрлі болып қалады. Сонда да Анжелина еш саспай, бауырластарымен конгресте түскен суреттерін көрсетеді және құрметпен сенімін қорғап сөйлейді (Пет. 1-х. 3:15). Анжелина сөзін аяқтай бергенде, әлгі ер кісі қабағы ашылып, ойы өзгергендей болады. Ол тіпті Ехоба куәгерлерімен араласып жүргенде жақсы сәттер де болғанын айтып береді. Анжелина былай дейді: “Ехобаның атын қорғау — үлкен мәртебе! Батылдық танытып, қорғап сөйлеуімізге ол әбден лайық”. Байқағанымыздай, өзгелер Ехобаны қаралап, құрметсіздік танытып жатқан кезде де біз оны мадақтап, дәріптей аламыз. Бұл, шын мәнінде, асқан мәртебе!

Біз Ехобаны аузымызбен дәріптей аламыз (9, 10-абзацтарды қараңыз) b


11. Ехобаның қызметшілері Зәбүр 96:8-дегі принципті қалай орындап келеді?

11 Зәбүр 96:8 оқыңыз. Біз Ехобаны құнды нәрселерімізбен дәріптей аламыз. Ехобаны бұндай жолмен дәріптеу қызметшілерінің арасында бұрыннан бар (Нақ. с. 3:9). Мысалы, исраилдіктер ғибадатхананы соғып, кейін жөндеу жұмыстарын жасау үшін ақша жинаған (Пат. 2-ж. 12:4, 5; Шеж. 1-ж. 29:3—9). Мәсіхтің шәкірттері де “қолда барларымен Иса мен оның елшілеріне қызмет көрсетіп жүрген” (Лұқа 8:1—3). Сондай-ақ бірінші ғасырдағы мәсіхшілер аштық кезінде бір сенімдегі бауырластарына көмек жіберген (Ел. іс. 11:27—29). Бүгінде біз де Ехобаны ерікті садақаларымызбен дәріптей аламыз.

12. Жасаған садақаларымыз Ехобаны қалай дәріптейді? (Суретті де қараңыз.)

12 Садақаларымыз Ехобаны қалай дәріптейтінін Приска бауырластың оқиғасынан көреміз. 2020 жылы Зимбабведе ұзақ уақыт қуаңшылық болған. Соның салдарынан миллиондаған адам аштан қырылуға шақ қалды. Сонда да Приска бауырлас бұрынғы әдеті бойынша сәрсенбі және жұма күндері уағызға шығып жүрген. Ол тіпті жер жыртатын мезгіл басталғанда да уағызға шығуын тоқтатпаған. Бұны көріп көршілері: “Жер жыртпай осылай жүре берсең, аштан қаласың”,— деп оны күлкі еткен. Сонда Приска бауырлас: “Ехоба өзінің қызметшілерін ешқашан тастамайды”,— деп нық жауап беріпті. Көп ұзамай ұйымымыз оған гуманитарлық көмек жеткізді. Ал бұндай гуманитарлық көмек біздің садақаларымыздың арқасында жасалады. Қатты таңғалған көршілері Приска бауырласқа: “Құдайың сені расымен де тастамайды екен. Біз де сенің Құдайың жайлы білгіміз келеді”,— депті. Ақыры, көршілерінің жетеуі қауым кездесулеріне қатыса бастаған екен.

Біз Ехобаны құнды нәрселерімізбен дәріптей аламыз (12-абзацты қараңыз) c


13. Жүріс-тұрысымызбен Ехобаны қалай дәріптей аламыз? (Зәбүр 96:9)

13 Зәбүр 96:9 оқыңыз. Біз Ехобаны жүріс-тұрысымызбен дәріптей аламыз. Ежелде Ехобаның үйінде қызмет еткен діни қызметкерлер үсті-бастарын таза ұстау керек болған (Мұс. 2-ж. 40:30—32). Бірақ кәдімгі тазалықтан да маңыздысы — жүріс-тұрысымыздың таза болғаны (Зәб. 24:3, 4; Пет. 1-х. 1:15, 16). Сондықтан біз “ескі болмыстан. . . арылуымыз” керек, яғни Ехобаға ұнамайтын көзқарас пен іс-әрекеттерді тастауымыз қажет. Сондай-ақ біз “жаңа болмысқа ие болуымыз” керек, бұл Ехобаның көркем қасиеттеріне еліктеп, дұрыс ойланып, дұрыс жүріп-тұруды білдіреді (Қол. 3:9, 10). Ехобаның көмегімен тіпті ең азғын, ең қатыгез деген адамның өзі өзгеріп, жаңа болмысқа ие бола алады.

14. Джектің оқиғасынан не түйдіңіз? (Суретті де қараңыз.)

14 Джек бауырластың оқиғасын алсақ, оның бұрын қатыгез әрі қауіпті адам болғаны сонша — өзгелер оны “Шайтан” деп атап кеткен. Жасаған ауыр қылмыстары үшін ол өлім жазасына кесіледі. Жазасын күтіп жүрген уақытта түрмеге бір ер бауырлас келеді. Джек онымен зерттеу сабағын өтуге келіседі. Қанша зұлым істер жасаса да, ол ескі болмысын тастап, уақыт өте шомылдыру рәсімінен өтті. Оның мүлдем басқа адамға айналғаны сонша — өлімге кесілетін күні түрме сақшылары оны қимай, көздеріне жас алған. Бір сержант тіпті былай деген: “Джек осы түрмедегі ең жаман адам еді. Бірақ кейін ол осында жүрген ең жақсы адамға айналды”. Джек өлімге кесілгеннен кейінгі аптада ер бауырластар түрмеде қауым кездесуін өткізеді. Бұл кездесуге бір кісі алғаш рет келеді. Оның келген себебі — ол Джектің соншалықты қатты өзгергеніне таңғалып, Ехобаға ғибадат ету үшін не істеу керектігін білгісі келген екен. Расымен де, біздің жүріс-тұрысымыз көктегі Әкемізді дәріптей алады! (Пет. 1-х. 2:12).

Біз Ехобаны жүріс-тұрысымызбен дәріптей аламыз (14-абзацты қараңыз) d


ЕХОБА ЖУЫРДА ӨЗ ЕСІМІН ДАҢҚТАЙДЫ

15. Ехоба жуырда өзінің есімін қалай даңқтайды? (Зәбүр 96:10—13)

15 Зәбүр 96:10—13 оқыңыз. Зәбүр 96-тараудың соңғы тармақтарында Ехоба әділ Төреші әрі Патша ретінде сипатталған. Ехоба жақында өзінің есімін даңқтайды. Қалайша? Ол әділ сот жүргізеді. Ехоба киелі есімін қаралап жүрген Ұлы Бабылдың көзін құртады (Аян 17:5, 16; 19:1, 2). Ұлы Бабылдың күйрегенін көріп, кейбіреулер таза ғибадатқа бет бұруы мүмкін. Армагеддон басталғанда, Ехоба Шайтанның дүниесін де, өзіне қарсы шығып, есіміне күйе жағып жүргендерді де түгел жояды. Ал өзін сүйетін, мойынсұнатын және есімін мақтанышпен даңқтайтын қызметшілерін аман алып қалады (Мар. 8:38; Сал. 2-х. 1:6—10). Мәсіхтің мыңжылдық билігі аяқталып, адамзат соңғы сынақтан өткенде, Ехобаның есімі киелі болып, оның әрбір адам ғибадат етуге лайық Құдай екені дәлелденеді (Аян 20:7—10). Сол уақыт келгенде, “теңіздің суға толы болғанындай, жер беті де Ехобаның даңқы жайлы білімге толы болады” (Абқ. 2:14).

16. Сіз не істей беруге бекіндіңіз? (Суретті де қараңыз.)

16 Ойлап көріңізші, болашақта әрбір саналы жаратылыс Ехобаны есіміне лайық дәріптейтін болады! Бірақ сол уақыт келгенше әр мүмкіндікті пайдаланып, Құдайымыз Ехобаны даңқтаудан талмайық. Осыны ойда тұтсын деп, Басқарушы кеңес 2025 жылдың тармағы ретінде Зәбүр 96:8-дегі келесі сөздерді таңдады: “Ехобаны есіміне лайық дәріптеңдер!”

Ең ақырында әрбір саналы жаратылыс Ехобаны есіміне лайық дәріптейтін болады! (16-абзацты қараңыз)

12-ӘН Ұлы Құдай Ехоба

a Кейбір есімдер өзгертілген.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген Анжелинаның оқиғасы.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген Присканың оқиғасы.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген Джектің оқиғасы.