Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

35-ӘН “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”

Ехобаға ұнайтын шешімдер қабылдаңыз

Ехобаға ұнайтын шешімдер қабылдаңыз

“Даналықтың бастауы — Ехобадан қорқу, Ал түсінік Ең Киелі Құдай жайлы білімнен келер” (НАҚ. С. 9:10).

НЕГІЗГІ ОЙ

Дұрыс шешім қабылдау үшін білім мен түсінік қажет.

1. Бәріміз күнде не істейміз?

 БІЗ күнде әртүрлі шешімдер қабылдаймыз. Таңғы асқа не жеймін, қай уақытта ұйықтаймын деген сияқты сұрақтарды шешу аса қиын емес шығар. Бірақ денсаулығымызға, бақытымызға, жақындарымызға, ғибадатымызға әсер ететін мәселелерді шешу оңай бола бермейді. Біз өзіміз үшін де, отбасымыз үшін де дұрыс болатын шешімдер қабылдағымыз келеді. Бірақ, бәрінен бұрын, шешімдеріміз Ехобаны қуантса екен дейміз (Рим. 12:1, 2).

2. Дұрыс шешім қабылдау үшін қандай қадамдар жасауымыз керек?

2 Қабылдаған шешіміңіз дұрыс болу үшін, келесі қадамдарды жасағаныңыз маңызды: 1) мән-жайды анықтап алыңыз; 2) Ехобаның не ойлайтынына көз жеткізіңіз; 3) қай шешім ең дұрыс болатынын салмақтап-саралаңыз. Бұл мақалада біз осы үш қадамға жеке-жеке тоқталамыз. Сондай-ақ терең түсінікке ие болу үшін не істей алатынымызды көреміз (Нақ. с. 16:22).

МӘН-ЖАЙДЫ АНЫҚТАП АЛЫҢЫЗ

3. Шешім қабылдамас бұрын мән-жайды анықтап алу неге маңызды? Мысал келтіріңіз.

3 Дұрыс шешімге бастайтын қадам — мән-жайды анықтап алу. Бұл қадам аса маңызды. Елестетіп көріңізші, ауыр дерті бар бір адам дәрігерге келді делік. Дәрігер одан еш нәрсе сұрамай, еш жерін тексермей жатып қандай ем алу керектігін айтар ма еді? Әрине, жоқ. Тура солай, мән-жайды анықтап алмасаңыз, дұрыс шешім қабылдауыңыз екіталай. Ал мән-жайды анықтап алуға не жатады?

4. Нақыл сөздер 18:13-ке сай, мән-жайды анықтап алу үшін не істесеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)

4 Мән-жайды анықтап алу үшін сұрақтар қойған жақсы. Мысалы, біреу сізді отырысқа шақырса, баратын-бармайтыныңызды қалай шешесіз? Егер шақырған адамды аса жақсы танымасаңыз я қандай отырыс болатынын білмесеңіз, шақырған адамнан былай деп сұрағаныңыз жөн: “Отырыс қай жерде және қашан өтеді? Көп адам бола ма? Бас-көз болатын біреу бола ма? Қандай адамдар келеді? Бағдарлама қандай? Ішімдік бола ма?” Осы сұрақтардың жауабын біліп алғаныңыз дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі (Нақыл сөздер 18:13 оқыңыз).

Сұрақтар қойып, мән-жайды анықтап алыңыз (4-абзацты қараңыз) a


5. Мән-жайды анықтаған соң, не істегеніңіз жөн?

5 Мән-жайды анықтаған соң, жан-жақты баға беріп, толық жағдайды көре біліңіз. Мысалы, отырысқа Киелі кітап принциптерін елемейтін адамдар келетінін білсеңіз, кім қанша ішіп жатқанын қадағалайтын ешкім болмайтынын түсінсеңіз, я болмаса отырыстың арты ырду-дырду болып кететінін сезсеңіз, не істейсіз? (Пет. 1-х. 4:3). Ал егер сол отырыс қауым кездесуіне не қызметке шығатын уақытыңызға тура келіп қалса ше? Мәселені осылай жан-жақты қарастырып, жағдайды толық көре білгеніңіз дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізеді. Бірақ бұл сіздің жағдайға баға беруіңіз. Ал Ехоба қандай баға береді? Қазір дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін келесі қадамды қарастырайық (Нақ. с. 2:6).

ЕХОБАНЫҢ НЕ ОЙЛАЙТЫНЫНА КӨЗ ЖЕТКІЗІҢІЗ

6. Жақып 1:5-ке сай, неге Ехобадан көмек сұрағанымыз маңызды?

6 Ехобаның көзқарасын түсіну үшін одан көмек сұраңыз. Ехоба бізге даналық беремін деп уәде еткен. Бұл даналық бізге оған қандай шешімдер ұнайтынын, қандай шешімдер ұнамайтынын тереңірек түсінуге көмектеседі. Ехоба бұндай даналықты бізге “жомарттықпен әрі еш жазғырмай береді” (Жақып 1:5 оқыңыз).

7. Ехобаның ойын білу үшін не істесеңіз болады? Мысал келтіріңіз.

7 Ехобадан көмек сұрап дұға еткеннен кейін, оның дұғаңызға не деп жауап беретініне ден қойыңыз. Елестетіп көріңізші, сіз саяхаттап жүріп адасып кетесіз. Сөйтіп, бір адамды тоқтатып, жол сұрайсыз. Бірақ сұрарын сұрап алып, жауабын тыңдамай кетіп қаласыз ба? Әрине, жоқ. Керісінше, оның не айтатынына мұқият ден қоясыз ғой. Тура солай, Ехобаға дұға етіп, даналық сұрағаннан кейін оның жауабын тыңдаңыз, яғни жағдайыңызға сай келетін Киелі кітаптағы заңдар мен принциптерді қарастырып, Ехобаның жауабын көре біліңіз. Бағанағы отырысқа қайта оралсақ, оған баратын-бармайтыныңызды шешкенде, Киелі кітапта жаман ортаға қатысты, ырду-дырду той-думанға және Патшалықтың мүддесін өзіміздікінен жоғары қоюға қатысты не айтылғанын қарастырып көрсеңіз болады (Мат. 6:33; Рим. 13:13; Қор. 1-х. 15:33).

8. Жағдайыңызға қатысы бар мәліметтерді іздеп табу үшін сізге көмек қажет болса, не істесеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)

8 Жағдайыңызға қатысы бар мәліметтерді іздеп табу үшін кейде сізге көмек қажет болуы мүмкін. Ондай кезде тәжірибелі бауырластардан ақыл-кеңес сұрасаңыз болады. Бұдан бөлек, “Ехоба куәгерлерінің онлайн кітапханасы” мен “Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” басылымының көмегімен өзіңіз де ізденсеңіз болады. Бұл ізденіс құралдарынан қаншама пайдалы мәліметтер таба аласыз. Ұмытпаңыз: бұның бәрін істеудегі басты мақсатыңыз — Ехобаға ұнайтын шешімді табу.

Ехобаның не ойлайтынына көз жеткізіңіз (8-абзацты қараңыз) b


9. Қабылдайтын шешіміміз Ехобаға ұнайтынына қалай көз жеткізсек болады? (Ефестіктерге 5:17)

9 Қабылдайтын шешіміміз Ехобаға ұнайтынына қалай көз жеткізсек болады? Бұл үшін ең алдымен Ехобаны жақсы білуіміз керек. Киелі кітапта “түсінік Ең Киелі Құдай жайлы білімнен келетіні” айтылған (Нақ. с. 9:10). Терең түсінікке ие болу үшін Ехобаның қасиеттерін, ниетін және оның нені жақсы көріп, нені жек көретінін жақсы білгеніміз маңызды. Былай деп ойланып көріңіз: “Ехоба жайлы біліміме сүйеніп баға берсем, қабылдайтын шешімім оған ұнайды деп айта аламын ба?” (Ефестіктерге 5:17 оқыңыз).

10. Неге Киелі кітап принциптерін ұстану отбасымыздан да, мәдениетімізден де маңызды?

10 Ехобаны қуанту үшін кейде жақындарымыздың көңіліне қарамай, шешімімізде нық тұруымыз керек. Мысалы үшін, кейбір ата-аналар игі ниетпен қыздары тұрмысы жақсы не көп қалың мал төлейтін адамға күйеуге шыққанын қалап, қысым көрсетеді. Бірақ ол адамның рухани толыспағанын елемеуі мүмкін. Әрине, ата-ана болғасын қыздарының ақшадан тарықпай, жақсы өмір сүргенін қалайды. Бірақ қыздарының рухани күйін кім ойлайды? Бұндай жағдайға Ехоба қалай қарайтыны Матай 6:33-те анық жазылған. Онда мәсіхшілер “Құдай Патшалығын бірінші орынға қою” керектігі айтылған. Біз ата-анамызды да, мәдениетімізді де құрметтейміз. Бірақ Ехобаны қуанту — біз үшін бәрінен де маңызды.

ҚАЙ ШЕШІМ ЕҢ ДҰРЫС БОЛАТЫНЫН САЛМАҚТАП-САРАЛАҢЫЗ

11. Қай шешім ең дұрыс болатынын анықтауға қандай қасиет көмектеседі? (Філіпіліктерге 1:9, 10)

11 Жағдайыңызға қатысы бар Киелі кітап принциптерін қарастырған соң, мәселені шешудің бірнеше жолы пайда болуы мүмкін. Ондай кезде қайсысы ең дұрыс шешім болатынын салмақтап-саралауыңыз керек болады (Філіпіліктерге 1:9, 10 оқыңыз). Әр шешімнің арты қандай болатынын жобалап білу үшін терең түсінік керек. Бірнеше шешімнің арасынан ең дұрысын таңдау бірде оңай болса, бірде қиын. Бірақ терең түсінікке ие болсақ, ең қиын деген жағдайдың өзінде дұрыс шешім қабылдай аламыз.

12, 13. Жұмысқа тұратын кезде терең түсінік дұрыс шешім қабылдауға қалай көмектеседі?

12 Мынадай жағдайды елестетіңіз: сіз отбасыңызды асырау үшін жұмыс іздеп жүрсіз. Сөйтіп, екі жұмыс табылады. Сіз алдымен ол қандай жұмыс, кестесі қандай, жолға қанша уақыт кетеді, соның бәрін анықтап біліп аласыз. Екі жұмыс та Киелі кітапқа қайшы келмейді. Бәлкім, сізге ақшасы көп әрі өзіңізге қызықты болып тұрған жұмыс ұнайтын шығар. Бірақ бұған ғана қарамаңыз. Дұрыс шешім қабылдау үшін тағы да басқа маңызды жайттарды ескеру керек.

13 Мысалы, сол жұмысқа тұрсаңыз, кейбір күндері қауым кездесуіне бара алмай қалуыңыз мүмкін бе? Ол жұмыс отбасыңыздың эмоциялық және рухани қажеттілігіне жұмсайтын уақытыңызды ұрлап жүрмей ме? Осындай сұрақтардың көмегімен ой жүгіртсеңіз, “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп”, ғибадатыңыз бен отбасыңызды ақша мен дүние-мүліктен жоғары қоятын боласыз. Осылай Ехоба батасын беретіндей дұрыс шешім қабылдайсыз.

14. Терең түсінік пен сүйіспеншілік өзгелерді сүріндіріп алмауға қалай көмектеседі?

14 Терең түсінік шешімдеріміз өзгелерге қалай әсер ететінін де ойлауға талпындырады. Соның арқасында біз біреулерді сүріндіріп, “сеніміне нұқсан келтіруден” аулақ боламыз (Філіп. 1:10). Киімге не сырт көрініске қатысты шешім қабылдағанда да өзгелерді ойлау маңызды. Бәлкім, сізге қандай да бір стиль ұнайтын шығар. Бірақ ондай стильге қауымдағылар не қауымнан тыс адамдар қалай қарайды? Оларды сүріндіріп жүрмейсіз бе? Терең түсінігіміз болса, біз өзгелерді құрметтеп, сезімдерін ескереміз. Ал сүйіспеншілік қасиеті бізді “өзгенің игілігін ойлауға” және қарапайым болып жүруге талпындырады (Қор. 1-х. 10:23, 24, 32; Тім. 1-х. 2:9, 10). Ендеше, қабылдаған шешімімізден өзгелерге деген сүйіспеншілігіміз бен құрметіміз көрініп тұрсын.

15. Өте маңызды шешім қабылдамас бұрын, нені есептеп алуыңыз керек?

15 Өте маңызды шешім қабылдап жатсаңыз, оны қалай іске асыратыныңызды да ойланып алғаныңыз жөн. Иса бізді “алдымен шығынды есептеп алуға” шақырған (Лұқа 14:28). Қабылдаған шешіміңіз ойдағыдай іске асу үшін қанша уақыт, қанша қаражат, қанша күш кететінін есептеп алыңыз. Егер бұл шешім іске асу үшін отбасыңыздың қолдауы қажет болса, онда олармен де ақылдасып алғаныңыз жөн. Бәрін осылай есептеп алсаңыз, шешіміңіздің кейбір тұстарын өзгерту керектігін не мүлдем басқа шешім қабылдаған дұрыс болатынын түсінуіңіз мүмкін. Егер отбасыңызбен ақылдасып, олардың ойын ескерсеңіз, олар да сізді қолдауға ықыласты болып, шешіміңіз оң нәтиже әкеледі (Нақ. с. 15:22).

ШЕШІМІҢІЗ ОҢ НӘТИЖЕ ӘКЕЛСІН

16. Шешіміңіз оң нәтиже әкелсін десеңіз, қандай қадамдар жасауыңыз керек? (“ Дұрыс шешімге бастайтын үш қадам” деген қоршауды да қараңыз.)

16 Бұл мақаладан сіз дұрыс шешім қабылдау үшін не істеу керектігін біліп алдыңыз. Алдымен, мән-жайды анықтап алыңыз. Кейін Ехобаға ұнайтын шешімді табуға көмектесетін Киелі кітап принциптерін қарастырыңыз. Осы қадамдардан кейін Ехобадан шешіміңіз оң нәтиже әкелсін деп сұрау ғана қалады.

17. Дұрыс шешім қабылдаудың басты сыры неде?

17 Бұған дейін қабылдаған шешімдеріңіз дұрыс болып келсе де, өз ақылыңыз бен тәжірибеңізге сүйеніп кетпеңіз. Өйткені дұрыс шешім қабылдаудың басты сыры — Ехобаның даналығына жүгіну. Даналықтың негізгі тірегі білім мен түсінікті тек Ехоба ғана бере алады (Нақ. с. 2:1—5). Ехобаның даналығымен жүріп-тұрсаңыз, шешімдеріңіз оны да, өзіңізді де қуантады (Зәб. 23:2, 3).

28-ӘН Ехобаның досы болайық

a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір отырысқа шақырылған жас бауырластар телефондарына келген шақыруға қарап, сол жайлы талқылап тұр.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Араларындағы бір ер бауырлас отырысқа бару-бармауды шешпес бұрын, ізденіс жүргізіп жатыр.