Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

132-ӘН Енді біз бір бүтінбіз

Күйеулер, әйелдеріңізге құрмет көрсетіңіздер

Күйеулер, әйелдеріңізге құрмет көрсетіңіздер

“Күйеулер, әйелдеріңе. . . құрмет көрсетіңдер” (ПЕТ. 1-Х. 3:7).

НЕГІЗГІ ОЙ

Некеде күйеу әйеліне сөзімен де, ісімен де құрмет көрсету керек.

1. Ехоба неке құрылымын не үшін орнатқан?

 ЕХОБА — “бақытты Құдай” (Тім. 1-х. 1:11). Ол біздің де бақытты болғанымызды қалайды. Өмірімізді бақытқа толтыру үшін ол бізге көптеген сыйлар берген (Жақ. 1:17). Сол сыйлардың бірі — неке. Ер мен әйел неке құрған кезде, бір-бірін сүйіп, құрметтеп, аялап өтуді уәде етеді. Егер олар қарым-қатынастарын берік етіп сақтайтын болса, екеуі де бақытты өмір кешеді (Нақ. с. 5:18).

2. Бүгінде көп адамның некесі қандай күйде?

2 Өкінішке қарай, бұл дүниеде көп ерлі-зайыптылар үйленген күні берген анттарын ұмытқан. Сондықтан олар некеде бақытсыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесіне сай, ер адамдардың көбі әйелдеріне зорлық-зомбылық көрсетеді, яғни қол жұмсайды, ауыр сөздер айтып қорлайды, эмоциялық қысым көрсетеді. Бұндай ер адам жұрттың көзінше әйеліне жақсы қарап, ал үйде оған күн көрсетпейді. Бұл аздай, порнография көретін күйеулер де бар. Бұл — әйелді қадір-қасиеті мен бақытынан айырып жүрген тағы бір мәселе.

3. Ер адамның өз әйеліне зорлық-зомбылық көрсетуіне қандай жайттар себеп болуы мүмкін?

3 Кейбір ерлердің өз әйелдеріне зорлық-зомбылық көрсетуінің себебі неде? Кейбіреулер әкесі анасына қол көтеріп, қорлық көрсеткенін көріп өскен, сондықтан әйелге бұлай қарау дұрыс деп ойлайды. Ал тағы біреулерге мәдениет әсер еткен. Өйткені кейбір мәдениетте “нағыз еркек” болғың келсе, әйелің ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда болу керек деген пікір қалыптасқан. Кейбіреулеріне эмоцияларын қадағалауды, ашу-ызасын жүгендеуді ешкім үйретпеген болуы мүмкін. Тағы біреулері жиі порнография көргендіктен, көзқарастары бұзылып, әйел тек жыныстық қалауларын қанағаттандыру үшін ғана керек деп ойлап кеткен. Кейбір мәлімдемеге сай, COVID-19 пандемиясы кезінде бұндай абьюздік қарым-қатынас одан сайын көбейген. Бірақ күйеулердің өз әйелдеріне көрсетіп жатқан зорлық-зомбылығын ештеңе де ақтамайды.

4. Мәсіхші күйеулер неден сақ болу керек және неге?

4 Осы дүниенің әйелдерге деген бұрмаланған көзқарасы әсер етпес үшін мәсіхші күйеулер сақ болу керек a. Бұл неге маңызды? Өйткені адамның ойы іс-әрекетіне әсер етеді. Кезінде елші Пауыл да Римдегі майланған мәсіхшілерді “осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер” деп ескерткен (Рим. 12:1, 2). Ол кезде Римдегі қауымның құрылғанына біраз жыл болған еді. Пауылдың ескерткеніне қарағанда, кейбіреулерге осы дүниенің дәстүрі мен ой қалпы әлі де ықпал етіп жатқан. Пауыл оларды ой-саналары мен іс-әрекеттерін өзгертуге талпындырды. Оның бұл кеңесі бүгіндегі мәсіхші күйеулерге де қатысты. Өкінішке қарай, кейбір мәсіхші күйеулерге осы дүниенің көзқарасы ықпал етіп жатыр. Ықпал еткені сонша — кейбірі тіпті әйеліне зорлық-зомбылық көрсетуге дейін барады b. Бірақ Ехоба күйеулерден не күтеді? Олардың өз әйелдеріне қалай қарағанын қалайды? Бұның жауабын осы мақаланың негізгі тармағынан білеміз.

5. Петірдің 1-хаты 3:7-ге сай, күйеулер әйелдеріне қалай қарау керек?

5 Петірдің 1-хаты 3:7 оқыңыз. Ехоба Киелі кітапта күйеулерге әйелдеріне құрмет көрсетуді нақты бұйырған. Құрмет көрсету деген адамды ардақтау, қадірлеу, сыйлау дегенді білдіреді. Әйелін құрметтей білетін күйеу оны қамқорлайды, аялайды. Бұл мақалада күйеулер өз әйелдеріне қалай құрмет көрсете алатындарын қарастырамыз. Бірақ оның алдында қандай әрекеттер әйелдің қадірін түсіретініне тоқталып өтейік.

ӘЙЕЛІҢІЗДІҢ ҚАДІРІН ТҮСІРЕТІН ӘРЕКЕТТЕРДЕН АУЛАҚ БОЛЫҢЫЗ

6. Әйелдеріне қол көтеретін күйеулерге Ехоба қалай қарайды? (Қолостықтарға 3:19)

6 Әйелге қол көтеру. Ехоба қатыгездік танытатын кез келген адамды жек көреді (Зәб. 11:5). Ал әйелдеріне зорлық-зомбылық көрсететін күйеулерді жаны тіптен жаратпайды (Малх. 2:16; Қолостықтарға 3:19 оқыңыз). Негізгі тармағымыз Петірдің 1-хаты 3:7-де айтылғандай, күйеулер әйелдеріне дұрыс қарамаса, Құдаймен қарым-қатынастарын бұзып алады. Ехоба тіпті олардың дұғаларын тыңдамай қоюы мүмкін.

7. Ефестіктерге 4:31, 32-ге сай, күйеулер неден аулақ болу керек? (“Сөз мәнін” де қараңыз.)

7 Әйелді сөзбен қорлау. Кейбіреулер әйелдерінің жанын жаралап, ашумен өте ауыр сөздер айтады. Бірақ Ехоба “ашу-ыза, айқайласу, қорлық сөздерді c” жек көреді (Ефестіктерге 4:31, 32 оқыңыз). Оның құлағы бәрін естиді. Күйеулердің өз әйелдеріне қалай сөйлейтіні, тіпті әйелімен оңаша қалғанда не айтатыны да Ехоба үшін бәрібір емес. Сондықтан күйеу әйеліне дөрекі сөйлесе, өз некесін ғана емес, Құдаймен қарым-қатынасын да құртады (Жақ. 1:26).

8. Ехоба порнографияға қалай қарайды және неге?

8 Порнография көру. Ехоба порнографияны да жек көреді. Сондықтан ұятсыз бейнелерді көретін күйеулер Ехобамен қарым-қатынасын бұзады. Бұл ғана емес, бұндай әрекетімен ол өз әйелінің қадір-қасиетін аяқ асты етеді d. Ехоба күйеулердің өз әйелдеріне адал болғанын қалайды. Әйеліне адал адам азғындыққа бармақ түгілі, бөтен әйел жайлы ойламайды да. Иса да бөтен әйелге құмарта қарау “неке адалдығын бұзумен” тең екенін айтқан e (Мат. 5:28, 29).

9. Ехоба күйеулердің жыныстық қатынас кезіндегі қандай әрекетін жек көреді және неге?

9 Әйелдің сезімін ескермеу. Кейбір күйеулер жыныстық қатынас кезінде әйелдерін өздері қаламайтын, тіпті ар-ұжданы жол бермейтін нәрселерді істеуге зорлап күштейді. Ехоба өзімшілдікпен жасалатын бұндай ессіз әрекетті жек көреді. Өйткені ол күйеулерден әйелдерін сүйіп, аялап, сезімдерімен санасып, құрмет көрсетуді талап етеді (Ефес. 5:28, 29). Ендеше, әйеліне зорлық-зомбылық көрсетіп жүрген не порнография көретін әдеті бар мәсіхші күйеулер не істесе болады? Оларға ойын және іс-әрекетін өзгертуге не көмектесетінін қарастырайық.

ӘЙЕЛІНІҢ ҚАДІРІН ТҮСІРУДІ ДОҒАРУ ҮШІН КҮЙЕУ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

10. Күйеулер Исадан қай жағынан үлгі алса болады?

10 Әйелдеріне зорлық-зомбылық көрсетуді, қадірін түсіруді доғару үшін күйеулердің Исаға еліктегендері аса маңызды. Исаның ешқашан әйелі болмаса да, оның шәкірттермен қарым-қатынасы қандай болғанына қарап, күйеулер әйелдерін құрметтеуді үйрену керек (Ефес. 5:25). Қазір Исаның өз шәкірттеріне қалай қарағанынан, олармен қалай сөйлескенінен күйеулер не нәрсеге үйрене алатынын көрейік.

11. Иса шәкірттеріне қалай қараған?

11 Иса өзінің шәкірттеріне әрдайым мейіріммен, құрметпен қараған. Ешқашан оларға қаталдық танытып, үстемдік еткен емес. Иса шәкірттері үшін Ие әрі Қожайын болса да, әлімжеттік жасап, олардың алдында өз беделін көрсетуге тырыспаған. Қайта, ол шәкірттеріне кішіпейілділікпен қызмет еткен (Жох. 13:12—17). Бірде Иса оларға: “Менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін. Сонда жандарың сергиді”,— деген (Мат. 11:28—30). Расымен де, Исаның мінезі өте жұмсақ болған. Бірақ жұмсақтық әлсіздікті білдірмейді. Керісінше, жұмсақ адам — өз-өзін ұстауға күші жететін мықты адам. Шыдамы сыналған сәттерде Иса ішкі сезімдерін қадағалап, сабырлы күйінен айнымаған.

12. Иса адамдармен қалай сөйлескен?

12 Исаның айтқан сөздері өзгелерді тек жұбатып, сергіткен. Ол шәкірттеріне де ешқашан жекіп сөйлемеген (Лұқа 8:47, 48). Тіпті жаулары оған тіл тигізіп, қанша ызасын келтіруге тырысса да, Иса сөз қайтарып, “оларды ғайбаттамады” (Пет. 1-х. 2:21—23). “Ә” десе, “мә” деу былай тұрсын, Иса кейде тіпті үндемей қоя салуды жөн көрген (Мат. 27:12—14). Мәсіхші күйеулер үшін не деген керемет үлгі!

13. Киелі кітаптағы “еркек. . . әйеліне қосылады” деген сөздер нені білдіреді? (Матай 19:4—6, сілтеме) (Суретті де қараңыз.)

13 Иса күйеулер өз әйелдеріне адал болу керектігін айтқан. Ол Ехобаның кезінде айтқан сөзін қайталап, “еркек. . . әйеліне қосылады” деген (Матай 19:4—6 оқыңыз). Бұл тармақтағы “қосылады” деп аударылған грек етістігі сөзбе-сөз “қатты жабысады” дегенді білдіреді. Демек, неке құрған ер мен әйелдің қарым-қатынасы мықты болуы керектігі сонша — олар бір-біріне қатты жабысып, желімделіп қалғандай болу керек. Егер бұндай қарым-қатынас ажырайтын болса, бұдан екі тарап та міндетті түрде жапа шегеді. Әйелімен осындай өте тығыз қарым-қатынас дамыта білген күйеу порнографияның ешбір түріне жоламайды. “Көзін түкке тұрғысыз нәрсеге түсірмеу” үшін бетін бірден бұрып әкетеді (Зәб. 119:37). Былайша айтқанда, өзге әйелге ешқашан сұқтанып қарамаймын деп көзімен келісім жасасады (Әйүп 31:1).

Әйеліне адал күйеу порнографиядан аулақ жүреді (13-абзацты қараңыз) g


14. Зорлық-зомбылық көрсетіп жүрген күйеу Ехобамен және әйелімен қарым-қатынасын түзеу үшін қандай қадамдар жасау керек?

14 Әйеліне қол көтеріп, қорлық сөздер айтып жүрген күйеу Ехобамен және әйелімен қарым-қатынасын түзеу үшін келесі қадамдарды жасау керек. Бірінші, істеп жүрген ісі мүлдем дұрыс емес екенін мойындау керек. Ехобаның назарынан еш нәрсе тыс қалмайды, ол бәрін көріп тұр (Зәб. 44:21; Уағ. 12:14; Евр. 4:13). Екінші, әйеліне зорлық-зомбылық көрсетуін қойып, өзгеруі тиіс (Нақ. с. 28:13). Үшінші, әйелінен және Ехобадан кешірім сұрап, олардың кешіріміне ие болу үшін бар күшін салу керек (Ел. іс. 3:19). Сондай-ақ Ехобаға жалбарынып, өзгеру үшін бойында ықылас оятуын және ойын, сөздерін, іс-әрекетін қадағалауға көмектесуін сұрап дұға ету керек (Зәб. 51:10—12; Қор. 2-х. 10:5; Філіп. 2:13). Төртінші, айтқан дұғасына сай әрекет етіп, қатыгездік пен қорлық сөз атаулының бәрін жек көруді үйренуі қажет (Зәб. 97:10). Бесінші, тез арада қамқор ақсақалдардың көмегіне жүгінуі керек (Жақ. 5:14—16). Алтыншы, бұрыс әрекетін қайталап қоймас үшін, не істеп, не істемейтінін алдын ала ойластырып алуы қажет. Порнография көретін күйеулер де тура осы алты қадамды жасауы тиіс. Өзгеремін деген күйеулерге Ехоба көмектесіп, батасын береді (Зәб. 37:5). Бірақ күйеулердің әйелдерінің қадірін түсіретін істерді доғарып қана қойғаны жеткіліксіз. Бұдан бөлек, олар әйелдеріне қалай құрмет көрсетуді үйренулері қажет. Қазір сол туралы қарастырайық.

ӘЙЕЛІҢІЗГЕ ҚАЛАЙ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТСЕҢІЗ БОЛАДЫ?

15. Күйеулер әйелдерін сүйетінін қалай көрсете алады?

15 Махаббатыңызды білдіріп отырыңыз. Некеден қуаныш тауып жүрген ер бауырластар әйелдерін сүйетінін көрсету үшін күнде бір нәрсе істейді (Жох. 1-х. 3:18). Мысалы, жай ғана әйелінің қолынан ұстап, құшақтап, махаббатын білдіреді. Я болмаса “сені сүйемін”, “сені сағындым”, “күнің қалай өтіп жатыр?” деп, қысқа хабарлама жазып қояды. Арагідік ашықхатқа не бір жапырақ қағазға бір-екі ауыз әдемі сөз жазып, сезімін білдіреді. Бұл — әйелге құрмет көрсетудің және некені берік етудің қарапайым жолдары.

16. Күйеулердің әйелдерін мақтап отырғаны неге маңызды?

16 Алғыс білдіріп отырыңыз. Құрмет көрсете білетін күйеу әйелінің мерейін өсіріп, қадір-қасиетін арттырады. Ол әйелінің әрбір көмегін бағалап, сол үшін алғыс білдіріп отыруды ұмытпайды (Қол. 3:15). Күйеуі шын жүректен мақтайтын болса, әйелі гүлдей жайнап, күндей жадырап жүреді. Күйеуінің махаббаты мен құрметін сезіп жүрген әйел — көңілі тыныш, бақытты әйел (Нақ. с. 31:28).

17. Күйеулер әйелдерін сыйлайтынын қалай көрсете алады?

17 Әйеліңізді аялаңыз, сыйлаңыз. Әйелін жақсы көретін күйеу оны бағалайды, аялап, мәпелейді. Оны Ехобаның берген баға жетпес сыйы деп біледі (Нақ. с. 18:22; 31:10). Бұндай күйеулер әйеліне әрдайым, тіпті тым жеке мәселелерде де барынша құрмет көрсетеді. Жыныстық қатынас кезінде әйелін ол қаламайтын, қадір-қасиетін түсіретін не ар-ұжданы жол бермейтін нәрселерді істеуге зорлап күштемейді f. Негізі, күйеулер Ехобаның алдында өздерінің де ар-ұжданы таза болуына ерекше мән беру керек (Ел. іс. 24:16).

18. Күйеулер не істей беруге бекіну керек? (“ Әйеліңізге құрмет көрсетуді үйреніңіз” деген қоршауды да қараңыз.)

18 Күйеулер, әйелдеріңізге барлық жағдайда құрмет көрсетсеңіздер, Ехоба мұны байқап, батасын беретініне сенімді болыңыздар. Әйеліңіздің қадір-қасиетін түсіретін әрекеттерден аулақ болыңыз. Оны сыйлап, аялап, махаббатыңызды көрсетіп отырыңыз. Сонда әйеліңізді шын сүйетініңізді, бағалайтыныңызды дәлелдейсіз. Әйеліңізге құрмет көрсетіңіз, сонда Ехобамен достығыңызды сақтап қаласыз! (Зәб. 25:14).

131-ӘН “Құдай қосқан жұпты”

a Күйеулер 2024 жылғы “Күзет мұнарасының” қаңтардағы санынан “Сіз әйел затына Ехоба сияқты қарайсыз ба?” деген мақаланы оқып шықса болады.

b Күйеуінен зорлық-зомбылық көріп жүрген әйелдер “Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек” деген мақаланы оқып шықса болады. Оны jw.org сайтындағы не JW Library® қосымшасындағы “Сан түрлі тақырыптар” деген жерден табуға болады.

c СӨЗ МӘНІ: “Қорлық сөздерге” адамды кемсітетін сөздермен, тіпті балағат сөздермен атау жатады. Бұған адамның кемшілігін бетіне басып келеке-мазақ ету де кіреді. Негізі, күйеуінің өз әйелін ренжітіп, қадір-қасиетін түсіріп, абыройын кемсітіп айтқан сөздерінің бәрі қорлық сөздер болып есептеледі.

d jw.org сайтынан не JW Library қосымшасынан “Порнография некені бұзады ма?” деген мақаланы оқып көріңіз.

e Күйеуі порнография көретін әйелдер 2023 жылғы “Күзет мұнарасының” тамыздағы санынан “Жұбайым порнография көретін болса, не істеуім керек?” деген мақаланы оқып көрсе болады.

f Жыныстық қатынас кезінде ер мен әйелдің қандай әрекеті таза не таза емес болып есептелетіні Киелі кітапта нақты айтылмаған. Бұл орайда ерлі-зайыптылар Ехобаны ренжітпейтіндей, екеуіне де ләззат әкелетіндей және ар-ұждандарына қайшы келмейтіндей шешім қабылдау керек. Олар жыныстық қатынастары жайлы өзгелермен талқыламайды.

g СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырластың әріптестері оған порнографиялық журнал көруді ұсынып жатыр.