Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

18-ӘН Төлемге ризашылық

Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?

Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?

“Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді” (ЖОХ. 1-Х. 4:9).

НЕГІЗГІ ОЙ

Төлем Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің тамаша қасиеттерін айқын етеді.

1. Жыл сайын Еске алу кешіне барып тұрғанымыз неге маңызды?

 ТӨЛЕМ “теңдесі жоқ сый” екенімен келісеріңіз сөзсіз (Қор. 2-х. 9:15). Біз Ехоба Құдаймен дос бола аламыз, мәңгі өмір сүреміз деген үмітіміз бар. Бұл Иса өз өмірін құрбан еткеннің арқасында ғана мүмкін болды. Ендеше, бізге осылай сүйіспеншілік танытқан Ехобаға төлем үшін әрдайым ризашылық білдіріп жүруіміз керек емес пе?! (Рим. 5:8). Төлем үйреншікті нәрсеге айналып кетпесін деп және бұл сыйды әрдайым бағалап жүруіміз үшін, Иса өзінің өлімін жыл сайын еске алып тұруды өсиет еткен (Лұқа 22:19, 20).

2. Бұл мақалада не жайлы талқылаймыз?

2 Биыл Еске алу кеші 12 сәуір, сенбі күні өтеді. Бұл кешке қатысуды барлығыңыз жоспарлап жатқаныңызда еш күмән жоқ. Еске алу кешінің қарсаңында арнайы уақыт бөліп, Ехоба мен Исаның біз үшін жасаған жақсылықтары жайлы ой жүгірткеніміз a маңызды. Бұл мақалада біз төлем Ехоба мен Исаның болмысын тани түсуге қалай көмектесетінін көреміз. Ал келесі мақалада төлемнің бізге әкелер игіліктерін, сондай-ақ төлем үшін ризашылығымызды қалай көрсете алатынымызды қарастырамыз.

ТӨЛЕМ ЕХОБА ЖАЙЛЫ НЕНІ АЙҚЫН ЕТЕДІ?

3. Қалайша бір-ақ адамның өлімі миллиондаған адамның өмірін өтеп алды? (Суретті де қараңыз.)

3 Төлем Ехобаның қаншалықты әділ Құдай екенін дәлелдейді (Мұс. 5-ж. 32:4). Адам ата Құдайға мойынсұнбаған кезде, бәріміз одан күнә мен өлімді мұра еттік (Рим. 5:12). Сол күнә мен өлімнен бізді азат ету үшін Ехоба Исаны төлем ретінде берген. Бірақ бір ғана адамның өлімі миллиондаған адамның өмірін өтеп алуы мүмкін бе? Елші Пауыл бұны былай деп түсіндірген: “Бір кісінің [Адам атаның] мойынсұнбауы көп адамды күнәкар етсе, дәл солай, бір кісінің [Исаның] мойынсұнуы көп адамды әділ қылады” (Рим. 5:19; Тім. 1-х. 2:6). Басқаша айтқанда, адамзаттың күнә мен өлімнің құлына айналғанына бір ғана кемелді адамның мойынсұнбағаны себеп болды. Сондықтан адамдарды азат ету үшін мойынсұнғыш бір ғана кемелді адамның өмірі жеткілікті еді.

Бір-ақ адамның кесірінен күнә мен өлімге құл болғанымыздай, бір-ақ адамның арқасында азат етілдік (3-абзацты қараңыз)


4. Неге Ехоба Адам атаның ақжүрек, мойынсұнғыш балаларына мәңгі өмір сүруді рұқсат ете салмаған?

4 Иса өлмей-ақ қойса болмас па еді? Ехоба Адам атаның ақжүрек, мойынсұнғыш балаларына мәңгі өмір сүруді рұқсат ете салса болар еді ғой деп ойлайтын шығармыз. Кемелсіз адамның тұрғысынан бұл ақылға қонымды, мейірімділікпен жасалған шешім болып көрінетін шығар. Бірақ бұндай шешім әділ болар ма еді? Адам атаның жасаған ауыр күнәсіна көз жұма салуға Ехобаның кемелді әділдігі жол бермес еді.

5. Ехоба әрдайым дұрыс әрекет ететініне неге сенімді бола аламыз?

5 Ехоба өзінің әділдігінен аттап, Адам атаның кемелсіз ұрпағына мәңгі өмір сүруге жол бергенде не болар еді? Адамдар Құдай барлық уақытта әділ шешім шығаратынына сенуден қалар еді. Мысалы, Құдайдың өз уәделерін түгел орындайтынына жүз пайыз сенімді болмас еді. Бірақ бізде қазір олай күмәндануға титтей де себеп жоқ. Өйткені Ехоба әділдік орнату үшін ең жоғарғы құн төлеп, өзінің сүйікті Ұлын құрбан етті! Ехоба әрдайым дұрыс әрекет ететін Құдай екеніне бұдан асқан қандай дәлел керек?!

6. Ехобаны төлем беруге тағы қай қасиет талпындырды? (Жоханның 1-хаты 4:9, 10)

6 Төлем Ехобаның әділ Құдай екенін ғана емес, оның бізді қаншалықты жақсы көретінін де айқын көрсетеді (Жох. 3:16; Жоханның 1-хаты 4:9, 10 оқыңыз). Ехобаның өз Ұлын өлімге қиғанының тағы бір себебі — ол біздің мәңгі өмір сүргенімізді ғана емес, өзінің отбасына қайта оралғанымызды да қалады. Адам ата күнә жасағаннан кейін Ехобаның отбасынан аластатылды. Соның кесірінен қазір ешқайсысымыз да Ехобаның отбасында емеспіз. Бірақ төлемнің арқасында Ехоба сенім танытатын, мойынсұнғыш адамдардың бәрін болашақта өзінің отбасына қайта қабылдайды. Төлемнің арқасында тіпті қазірдің өзінде күнәларымыз кешіріліп, Ехобамен де, бауырластармен де достық қарым-қатынастамыз. Расымен де, Ехобаның сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген неткен бақытты жандармыз! (Рим. 5:10, 11).

7. Исаның көрген азабы Ехоба бізді қатты жақсы көретінін қалай дәлелдейді?

7 Өз Ұлын азапты өлімге қию Ехобаға қаншалықты оңай болмағанын түсінсек, оның бізді қаншалықты жақсы көретінін көреміз. Кезінде Шайтан адам қиналғанда Ехобаға адал болмай, одан теріс айналып кетеді деп айтқан еді. Оның өтірігін жоққа шығару үшін Ехоба Исаның өлер алдында барынша азапталуына жол берді (Әйүп 2:1—5; Пет. 1-х. 2:21). Ехоба діни жетекшілердің Исаны мазақ етіп жатқанын да, сарбаздардың оны аяусыз сабап, кейін бағанаға шегелегенін де көктен көріп тұрды. Бірақ ол Ұлының осылай азапталып өлтіріліп жатқанына шыдап, еш араша түспеді (Мат. 27:28—31, 39). Бұның бәрін кез келген уақытта тоқтатуға Ехобаның құдіреті жетер еді. Әсіресе қарсыластарының “Құдайға ұнамды болса, дәл қазір құтқарып алсын!” деген сөздерін естігенде, Ехоба дәл айтқандарындай істеп, Исаны құтқарып алуына болар еді (Мат. 27:42, 43). Бірақ Ехоба осылай араша түскенде, төлем берілмес еді. Ал төлем берілмесе, ешқандай үміт те болмас еді. Біздің үмітіміз болсын деп, Ехоба Ұлының соңғы демі шыққанша еш әрекет етпей, шыдап отырды.

8. Ұлы қиналғанда Ехоба да қиналды ма? Түсіндіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

8 Құдіреті шексіз Құдай бәрін қалпына келтіре алатындықтан, ол еш нәрсе сезінбейді деп ойламайық. Біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғанбыз, сондықтан оның бойында да біздікіндей әртүрлі сезімдер бар деп тұжырымдау орынды. Киелі кітапта Ехобаның “жүрегі ауырып”, “қайғырған” кездері болғаны айтылған (Зәб. 78:40, 41). Қазір Ехобаның жағдайын Ыбырайымдікімен салыстырып көрейікші. Ехоба Ыбырайымға жалғыз ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуды бұйырған (Мұс. 1-ж. 22:9—12; Евр. 11:17—19). Ысқақтың өмірі бір-ақ сәтте үзіліп, азап шекпей өлетінін білсе де, Ыбырайымның жаны азапқа түскені айтпаса да түсінікті. Ал енді құдайсыз адамдар Исаны әбден қинап, қорлап, өлтіріп жатқанда Ехобаның қаншалықты қайғырып, қиналғанын елестете беріңіз (jw.org сайтынан “Сенімін серік еткендер: Ыбырайым (2-бөлім)” деген видеоны қараңыз).

Ұлы азапталып жатқанда, Ехоба да бірге азап шекті (8-абзацты қараңыз)


9. Римдіктерге 8:32, 38, 39-дан Ехобаның сүйіспеншілігі жайлы не түйдіңіз?

9 Төлем тағы мынаны айқын етеді: Ехобаның сүйіспеншілігі ең жақын досымыздың да, тіпті ең жақын деген адамымыздың да сүйіспеншілігінен асып түседі (Римдіктерге 8:32, 38, 39 оқыңыз). Ехоба бізді тіпті өзімізден де артық жақсы көреді. Сіз мәңгі өмір сүргіңіз келе ме? Ехоба бұны сізден бетер қалайды. Күнәларыңыздың кешірілгенін қалайсыз ба? Ехоба бұны сізден артық қалайды. Оның бізден бар сұрайтыны — сенім мен мойынсұнушылық танытып, төлемге ризашылық білдіру. Шынымен де, төлем — Ехобаның бізге деген асқан сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Ал келер жаңа заманда Ехобаның таңғажайып істерін көріп, оның бізді қаншалықты жақсы көретініне одан сайын көзіміз жете береді (Уағ. 3:11).

ТӨЛЕМ ИСА ЖАЙЛЫ НЕНІ АЙҚЫН ЕТЕДІ?

10. а) Иса өлер алдында нені қатты уайымдады? ә) Иса Ехобаның есімін қалай ақтап шықты? (“ Иса мінсіздік сақтап, Ехобаның есімін ақтап шықты” деген қоршауды да қараңыз.)

10 Иса бәрінен бұрын Әкесінің абыройын ойлаған (Жох. 14:31). Құдайды қорлады, оған тіл тигізді деп айыпталғаным Әкемнің есіміне кір келтіріп жүрмей ме екен деген уайым Исаның жанын жегідей жеді. Оның: “Әке, мүмкін болса, осы тостағанды менен әкете көр”,— деп дұға еткені де содан (Мат. 26:39). Өле-өлгенше мінсіздік сақтап, Иса Әкесінің есімін толықтай ақтап шықты.

11. Иса адамдарды ерекше жақсы көретінін қалай көрсетті? (Жохан 13:1)

11 Төлем Иса адамдарды, әсіресе шәкірттерін ерекше жақсы көретінін айқын дәлелдейді (Нақ. с. 8:31; Жохан 13:1 оқыңыз). Иса жердегі қызметі оңай болмайтынын, тіпті өзінің азапты өліммен өлетінін жақсы білді. Бірақ ол өзіне жүктелген бұл міндетті әйтеуір бір атқарып шықсам болды демеген. Керісінше, ол жанын салып уағыздаған, тәлім берген және өзгелерге қызмет еткен. Тіпті өлетін күні де Иса қысылтаяң шаққа қарамастан, елшілерінің аяқтарын жуып, тәлім берген, олардың көңілдерін орнықтырып, рухтарын қайрайтын жігерлі сөздер айтқан (Жох. 13:12—15). Бағанада ілініп, қиналып тұрған кезінде де ол қасындағы қылмыскерге үміт беретін сөздер айтты, тіпті анасын шәкіртіне табыстап кетті (Лұқа 23:42, 43; Жох. 19:26, 27). Жанын қиып қана қоймай, адамдар үшін өмірінің соңына дейін қам жегені Иса адам баласын шын сүйетінін айқын дәлелдейді.

12. Иса әлі күнге дейін бізге қалай көмектесіп келеді?

12 Иса біздің игілігіміз үшін “бір рет өлді”, бірақ ол әлі күнге дейін біздің қамымызды ойлап келеді (Рим. 6:10). Біздер төлемнің игілігін көрсе екен деп ол барынша еңбектеніп жатыр. Мысалы, қазір ол Патша, Бас діни қызметкер және қауымның басы ретінде тынбай қызмет етіп жүр (Қор. 1-х. 15:25; Ефес. 5:23; Евр. 2:17). Майланғандар мен ұлы жамағатты жинау ісі де Исаға тапсырылған, бұл іс зор алапаттың соңына дейін жалғасады b (Мат. 25:32; Мар. 13:27). Иса осы соңғы күндері адал қызметшілерінің рухани тоқ болып жүруіне де бас-көз болып келеді (Мат. 24:45). Ол мың жыл бойы билік еткен кезде де адамдардың игілігі үшін қызмет ететін болады. Расымен де, Иса өзін бізге түгелдей арнаған. Ол — Ехобаның бізге берген ең керемет сыйы!

БІЛІМІҢІЗДІ ТЕРЕҢДЕТУДІ ТОҚТАТПАҢЫЗ

13. Ехоба мен Иса бізді қаншалықты жақсы көретінін тереңірек түсіне беру үшін не істегеніміз маңызды?

13 Өзіңізге танытылған сүйіспеншілік жайлы ой жүгіртіп жүрсеңіз, Ехоба мен Исаның сізді қаншалықты жақсы көретінін жаңа қырынан түсіне бересіз. Мысалы, Еске алу кеші қарсаңында төрт Ізгі хабардың бір-екеуін мұқият оқып шықсаңыз болады. Бір дегенде көп мәліметті оқуым керек деп ойламаңыз. Керісінше, асықпай оқып, Ехоба мен Исаны жақсы көре түсуге талпындыратын ойларды байқауға тырысыңыз. Кейін білгендеріңізді өзгелермен мүмкіндігінше бөлісе жүріңіз.

14. Төлем және басқа да ілімдер жайлы көбірек біле беру үшін ізденіс жасау неге маңызды? (Зәбүр 119:97) (Суретті де қараңыз.)

14 Шындықта жүргеніңізге бірталай жыл болса, бәлкім мынадай ой келетін шығар: “Құдайдың әділдігі, сүйіспеншілігі және төлем сияқты тақырыптар әбден талқыланған ғой, жаңа ой табу кейде мүмкін емес”. Негізінен, біз Киелі кітаптағы шындықтардың түбіне ешқашан жетіп болмаймыз. Үйренетін жаңа нәрселеріміз әрдайым болады. Сондықтан басылымдарымыздағы ағыл-тегіл мәліметтің бар игілігін көруге тырысыңыз. Киелі кітапты оқып жатқанда қандай да бір жерін түсінбесеңіз, қосымша ізденіңіз. Сосын сол күннің барысында білгендеріңіз жайлы ой жүгіртіңіз. Мысалы, “осы білгенім Ехоба жайлы, Иса жайлы және олардың маған деген сүйіспеншілігі жайлы не айтады?” деп ойланыңыз (Зәбүр 119:97 оқыңыз).

Шындықта бірталай жыл жүрсек те, төлем жайлы білімімізді тереңдетіп, ризашылығымызды арттыра аламыз (14-абзацты қараңыз)


15. Неге біз Киелі кітаптан жаңа асыл тастар іздей беруіміз керек?

15 Ізденіс жасағанда, әрдайым жаңа не қызықты нәрсе таба бермеуіңіз мүмкін. Мұндайда көңіліңіз түспесін. Өзіңізді алтын іздеп жүрмін деп есептеңіз. Әдетте алтын іздеушілер бір түйір алтынды табу үшін қаншама сағат, тіпті қаншама күн жұмсайды. Бірақ олар іздеуден еш шаршамайды, өйткені бір түйір алтынның қаншалықты қымбат екенін біледі. Кәдімгі алтынның қасында Киелі кітаптағы асыл тастар әлдеқайда құнды емес пе?! (Зәб. 119:127; Нақ. с. 8:10). Сондықтан Киелі кітапты оқу кестеңізден айнымай, жаңа ойлар іздеуден талмаңыз (Зәб. 1:2).

16. Ехоба мен Исаға қалай еліктесеңіз болады?

16 Ізденіс жасау барысында білгендеріңізді іс жүзінде қалай қолданатыныңызды да ойланыңыз. Мысалы, Ехобаның әділдігіне еліктеп, ешкімді бөліп-жармаңыз. Әкесін және адамдарды жақсы көрген Иса сияқты Ехобаның есімі үшін азап шегуге дайын болыңыз және бауырластарыңызға жаныңызды салып қызмет етіңіз. Сондай-ақ Исаға еліктеп, адамдарға уағыздаңыз, сонда олар да Ехобаның теңдессіз сыйының игілігін көре алады.

17. Келесі мақалада не қарастырамыз?

17 Төлем жайлы түсінігіміз артқан сайын, ризашылығымыз да артып, Ехоба мен Исаны одан сайын жақсы көре түсеміз. Бұны көріп, Ехоба мен Иса да бізді одан сайын жақсы көре түседі (Жох. 14:21; Жақ. 4:8). Ендеше, Ехоба беріп отырған рухани ас-судың көмегімен төлем жайлы біліміңізді тереңдете беріңіз. Келесі мақалада төлемнің игіліктері жайлы және бізге танытқан сүйіспеншілігі үшін Ехобаға қалай ризашылық білдіре алатынымызды қарастырамыз.

107-ӘН Сүюдің кемелді үлгісі

a СӨЗ МӘНІ: “Ой жүгірту” деген қандай да бір тақырыпқа барынша ден қойып, сол тақырыпты егжей-тегжейлі, тереңірек қарастыруды білдіреді.

b Матай 24:31 мен Марқа 13:27-дегі Исаның “таңдап алынғандарды жинап алу” жайлы айтқан сөздері Пауылдың Ефестіктерге 1:10-дағы “көктегілердің бәрін. . . жинау” деген сөздеріне қатысы жоқ. Пауыл Ехоба өзінің рухани ұлдарын таңдап, оларды киелі рухпен майлайтын уақыт жайлы айтқан. Ал Иса зор алапат кезінде жерде қалған майланғандар көкке жиналатын уақыт жайлы айтқан.