35-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Адал қариялар — асыл қазынамыз
“Ақ шаш — әсем тәж” (НАҚ. С. 16:31).
138-ӘН “Ақ шаш — әсем тәж”
АҢДАТПА *
1, 2. а) Нақыл сөздер 16:31-ге сай, адал қарт бауырластарымызға қалай қарауымыз керек? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтардың жауабын аламыз?
АРКАНЗАС штатындағы (АҚШ) бір саябаққа келушілер жерде жатқан алмастарды көре алады. Бірақ бұл алмастар өңдеуден өтпегендіктен, кейбіреулер оларды жай ғана тас деп ойлап қасынан өтіп кетуі мүмкін.
2 Біздің адал қарт бауырластарымыз осы алмастарға ұқсайды, олар өте құнды. Құдай Сөзінде ақ шаш әсем тәжге теңелген (Нақыл сөздер 16:31 оқыңыз; 20:29). Десе де бұл асыл қазыналар көзімізден таса қалуы мүмкін. Жастау бауырластар сол қарт бауырластардың қаншалықты құнды екенін түсінгенде, олардан көп нәрсеге үйрене алады, әрі олардан үйренгендері кез келген байлықтан да артық. Бұл мақалада үш сұрақтың жауабын аламыз: неліктен Ехоба адал қарт бауырластарымызды қазынаға балайды? Ехоба бұл бауырластарға өз ұйымынан қандай орын берді? Олардың тәжірибесінің толық пайдасын көру үшін біз не істей аламыз?
НЕЛІКТЕН ЕХОБА ҚАРТ БАУЫРЛАСТАРДЫ ҚАЗЫНАҒА БАЛАЙДЫ?
3. Зәбүр 92:12—15 тармақтарға сай, Ехоба адал қарт бауырластарымызды не үшін бағалайды?
3 Ехоба Құдай адал қарт бауырластарды бағалайды. Өйткені Ехоба олардың жан дүниелерін көреді, қандай керемет қасиеттері бар екенін біледі. Қарт бауырластар өмір бойы адал қызмет етіп жинаған даналықтарымен бөліскенде, Ехоба қатты қуанады (Әйүп 12:12; Нақ. с. 1:1—4). Ехоба олардың табандылықтарын да бағалайды (Малх. 3:16). Олар өмірде қандай қиындыққа кезіксе де сенімдерінен таймай, Ехобаға адал болып қалды. Қазір олардың болашаққа деген үміттері шындықты алғаш білген кездерінен әлдеқайда жарқын. Олар “жастары ұлғайса да”, Ехобаның есімін жариялап жүр, сондықтан Ехоба оларды сүйеді (Зәбүр 92:12—15 оқыңыз).
4. Қандай ойлар қарт бауырластарымызға жігер береді?
4 Жыл өткен сайын жасыңыз ұлғайып жатса, мынаны ұмытпаңыз: Ехоба сіздің бұрын атқарған қызметіңізді ешқашан жадынан шығармайды (Евр. 6:10). Сіз уағыз ісіне бар ынтаңызбен үлес қосып келесіз, бұл көктегі Әкеңізді қуантады. Сіз көптеген қиындықтарға, тіпті өте ауыр сынаққа кезіккенде де Ехобаның әділ талаптарынан таймай келесіз. Оның тапсырған міндетін жауапкершілікпен атқарып, өзгелерді үйретесіз. Сонымен қатар Ехобаның ұйымында болған көптеген өзгерістерге бейімделдіңіз. Толық уақытты қызмет атқарып жүрген бауырластарды қолдап, жігерлендіресіз. Ехоба сізді адалдығыңыз үшін жақсы көреді. Ол “адал қызметшілерін ешқашан тастамайды” (Зәб. 37:28). Ол сізге “шаштарың ағарғанда да, сендерді қолыма алып жүремін” деп уәде береді (Ишая 46:4). Сондықтан “жасым ұлғайды, енді Ехобаның ұйымында маңызды рөл атқармаймын” деп ойламаңыз. Сіздің Ехобаның ұйымында ойып алар орныңыз бар!
ҚАРТ БАУЫРЛАСТАРДЫҢ ҚҰДАЙ СЫЙЛАҒАН ОРНЫ
5. Қарт бауырластар нені есте ұстаулары қажет?
5 Қарт бауырластарымыздың жас кездеріндегідей күш-қуаты болмаса да, олар Ехобаның ұйымында көп еңбек атқара алады. Өйткені олардың жылдар бойы жинаған мол тәжірибелері бар. Ехоба адал қарт қызметшілерін түрлі жолмен қолданады. Бұған дәлел ретінде қазір Ехобаның ежелдегі және бүгіндегі қызметшілерінің мысалын қарастырайық.
6, 7. Киелі кітаптағы адалдықтары үшін жарылқанған қарт кісілердің мысалын айтып беріңіз.
6 Киелі кітапта қартайған шақтарында да Ехобаға адалдықпен қызмет ете берген адамдардың мысалдары бар. Мысалы, Ехоба Мұсаны пайғамбары әрі Исраил халқының жетекшісі етіп таңдағанда, оның жасы сексендерде еді. Даниялдың жасы шамамен
тоқсаннан асып кетсе де, Ехоба оны пайғамбары ретінде қолдана берді. Елші Жохан да киелі рухтың жетелеуімен Аян кітабын жазғанда, жасы тоқсаннан асып кеткен болса керек.7 Сондай-ақ Киелі кітапта аса танымал емес адал қарт кісілердің де мысалы көп. Адамдар оларды байқамаған да болуы мүмкін. Десе де олар Ехобаның көзінен таса қалмады, әрі адалдық танытқандары үшін Ехоба оларға батасын берді. Мысалы, Киелі кітапта “әділ, Құдайды қастерлейтін және киелі рух қонған” Шимон деген кісі жайлы қысқаша мәлімет бар. Ехоба оның қандай адам екенін жақсы білді, әрі оған сәби Исаны көру, Иса жайлы және оның анасы жайлы пайғамбарлық ету мәртебесін сыйлады (Лұқа 2:22, 25—35). Сондай-ақ жесір қалған Анна есімді пайғамбар әйелдің мысалын алайық. Жасы сексен төртте болса да, ол “үнемі ғибадатханада болатын”. Анна жүйелі түрде ғибадатханаға барып тұрғаны үшін Ехоба оны молынан жарылқап, сәби Исаны көру мәртебесін сыйлады. Шимон да, Анна да Ехоба үшін қымбат жандар еді (Лұқа 2:36—38).
8, 9. Жесір қалған әйел бауырластар не істеуді доғармайды?
8 Бүгінде де көп адал қарт бауырластарымыз жастарға жақсы үлгі болып жүр. Бұған Лойес Дидер деген әйел бауырласымыздың мысалы дәлел. Ол небәрі 21 жасында Канадада арнайы ізашар болып қызмет ете бастаған. Кейін күйеуі Джонмен бірге біраз жылдар бойы аралаушы бақылаушы болып қызмет еткен. Ал кейін олар 20 жылдан астам уақыт бойы Канада Бетелінде қызмет етті. Лойес елу сегізде болғанда күйеуі Джон екеуі Украинада қызмет етуге шақырылды. Сонда олар не істеді? Жас емеспіз деп бұл қызметтен бас тартты ма? Жоқ, олар шақыруды қабылдады, сөйтіп, Джон бауырлас филиал комитетінің мүшесі болып қызмет ете бастады. Жеті жылдан соң Джон бауырлас қайтыс болғаннан кейін де, Лойес сол жердегі қызметінде қалуды шешті. Қазір Лойес бауырласымыздың жасы сексен бірде. Ол әлі де Украина Бетелінде аянбай еңбек етіп жүр. Бетел отбасы Лойесті өте жақсы көреді.
9 Қазір бауырластар Лойес сияқты жесір қалған қарияларға күйеуі тірі кезіндегідей көңіл бөлмейтін шығар. Бірақ олардың жесір қалғаны қадірі кетті дегенді білдірмейді. Жылдар бойы күйеулеріне қолдау көрсеткен, қазір Ехобаға адал қызмет етіп жүрген бұндай әйел бауырластарды Ехоба асылға балайды (Тім. 1-х. 5:3). Оның үстіне бұндай бауырластар жас бауырластар үшін жігердің көзі бола алады.
10. Тони бауырлас қандай үлгі көрсетіп жүр?
10 Денсаулықтарына байланысты үйлерінен шыға алмай қалған адал қарт бауырластарымыз да рухани асыл қазынамыз. Мысалы, қарттарға күтім көрсетілетін жерде
тұратын Тони есімді бауырласымызды алайық. Тони 1942 жылы тамыз айында Пенсильванияда шомылдыру рәсімінен өтті, ол кезде оның жасы жиырмада еді. Кейін бейтараптық сақтағаны үшін екі жарым жылға түрмеге қамалды. Ол әйелі Хилда екеуі екі баласын шындықта тәрбиеледі. Тони бауырлас жылдар бойы үш қауымда төрағалық етуші бақылаушы (қазіргі атауы — ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі) болып қызмет етті, әрі аудандық конгрестің бақылаушысы болды. Сондай-ақ ол қауым кездесулерін жүргізген, түрмеге барып зерттеу сабақтарын өткізген. Қазір оның жасы тоқсан сегізде. Ол қауымымен иық тіресе қызметтесіп, Ехобаға бар жақсысын беріп жүр.11. Үйлерінен шыға алмай қалған қарт бауырластарымызды бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?
11 Үйлерінен шыға алмай қалған қарт бауырластарға қалай құрмет танытсақ болады? Ақсақалдар оларды барынша қауым істеріне жұмылдыра алады. Ал біз оларды көруге барып қайтсақ, видео арқылы хабарлассақ болады. Байқампаз болмасақ, бұндай бауырластар назарымыздан шет қалып кетуі мүмкін. Олардың көбісі өздері жайлы айтуға қысылады немесе айтудың қажеті жоқ деп ойлайды. Бірақ уақыт тауып, оларды әңгімеге тартайық әрі мұқият тыңдайық. Олар Ехобаның ұйымында қандай баталарға кенелгенін айтып бергенде, бұның зор пайдасын көреміз.
12. Қауымыңызда рухани қазынаға бай қандай бауырластар бар?
12 Өз қауымымыздағы қарт бауырластармен жақынырақ танысып, олардың қалай адалдық танытқандарын білгенде, таңғалып қалуымыз мүмкін. Мысалы, Нью-Джерсидегі қауымында ондаған жылдар бойы адал қызмет еткен Хариет бауырласымызды алайық. Кейін ол қызының қасына көшіп барғандықтан, жаңа қауымға ауысады. Бұл қауымның ер бауырластары Хариет бауырласпен жақынырақ таныса келе, оның рухани қазынаға бай адам екенін түсінеді. Хариет бауырлас шындықты 1920 жылдары естіген екен. Ол сол жылдары қызметте болған қызықты оқиғаларды айтып бауырластарды жігерлендіріп тастайды. Ол кез келген сәтте тұтқынға алынуы мүмкін екенін білгендіктен, уағызға шыққан сайын өзімен бірге тіс щеткасын алып жүрген екен. 1933 жылы ол бір-бір аптадан екі мәрте түрмеде отырады. Сол бір қиын кездері оның кішкентай үш баласына Куәгер емес күйеуі қарайды. Хариет сияқты адал қарт бауырластарымыз сый-құрметке әбден лайық!
13. Ехобаның ұйымында қарт бауырластардың рөлі қандай?
13 Қарт бауырластар Ехобаның ұйымында өте маңызды рөл атқарады. Олар Ехобаның ұйымына және жеке оларға қалай батасын төккеніне сан мәрте куә болған. Сонымен қатар олар өз қателіктерінен де көп сабақ алған. Сондықтан оларға “даналықтың көзі” деп қарап, ақыл кеңестерінен сусындаңыз (Нақ. с. 18:4). Олармен араласуға уақыт бөлсеңіз, өз сеніміңізді нығайтасыз және өзіңіз үшін көптеген пайдалы ойларды түйіп аласыз.
ЖАСЫ ҮЛКЕН БАУЫРЛАСТАРДАН БАРЫНША ҮЙРЕНІҢІЗ
14. Мұсаның 5-жазбасы 32:7 жас бауырластарды не істеуге талпындырады?
14 Қарт бауырластармен бірінші болып әңгіме бастауға ықыласты болыңыз (Мұсаның 5-жазбасы 32:7 оқыңыз). Олардың көздері бұрынғыдай анық көрмегенімен, баяу жүріп, баяу сөйлегенімен жүректері жас екенін және Ехобаның алдында “жақсатқа” ие екендерін ұмытпайық (Уағ 7:1). Ехоба оларды не үшін бағалайтынын есте ұстап, сый-құрмет көрсете беріңіз. Елішеден үлгі алыңыз. Ілияс пайғамбармен бірге болған соңғы күні ол одан бір елі ажырамады. Ол үш рет: “Мен сізді тастамаймын!”— деп, Ілияс пайғамбармен бірге жүрді (Пат. 2-ж. 2:2, 4, 6).
15. Қарт бауырластарға қандай сұрақтар қойсақ болады?
15 Жасы үлкен бауырластарға шынайы көңіл бөліп, ізеттілікпен сұрақтар қойыңыз (Нақ. с. 1:5; 20:5; Тім. 1-х. 5:1, 2). Мысалы, былай деп сұрасаңыз болады: “Шындықты тапқаныңызға кезінде не нәрсе көзіңізді жеткізді? Басыңыздан өткен қандай жағдайлар сізді Ехобаға жақындата түсті? Ехобаға қуанышпен қызмет етудің сыры неде деп ойлайсыз?” (Тім. 1-х. 6:6—8). Осы сұрақтарға жауап беріп жатқанда, бауырласты ден қойып тыңдаңыз.
16. Бір-бірімен араласқандары жасы үлкендер үшін де, жасы кішілер үшін де қай жағынан пайдалы?
16 Өзара араласқандары жасы үлкендер үшін де, жасы кішілер үшін де өте пайдалы (Рим. 1:12). Мысалы, жасы кішілер Ехоба адал қызметшілерінің қамын ойлайтынына одан сайын көздері жетеді. Ал жасы үлкендер кішілермен араласқаннан сүйіспеншілік пен құрметке бөленеді. Ехобадан қандай баталар алғандарын айтып бергенде, бұдан қарт бауырластардың өздері де жігерленіп қалады.
17. Қалайша біздің адал қарт бауырластарымыз жыл өткен сайын көркейіп жатыр?
17 Жыл өтіп, жас келген сайын, адамның сыртқы көркі кете бастайды. Бірақ Ехобаға адал жандар жыл өткен сайын көркейе береді (Сал. 1-х. 1:2, 3). Өйткені Құдайдың рухы жылдар бойы олардың болмыстарын қалыптастырған, әдемі қасиеттер дамытуға көмектескен. Осы аяулы қарт бауырластарымызды жақыннан танып, үйреніп, оларға құрмет көрсеткен сайын, оларды одан сайын бағалай түсеміз.
18. Келесі мақала не жайында болмақ?
18 Қауым мықты болу үшін, жасы кішілер үлкендерді құрметтеумен қатар, жасы үлкендер де кішілерді бағалаулары керек. Ал бағалайтындарын қалай көрсете алады? Бұл жайында келесі мақалада қарастырамыз.
144-ӘН Зор сыйға назар тігейік
^ 5-абзац Адал қарт бауырластарымыз — асыл қазынамыз. Аяулы қарт бауырластарымызға қалай терең құрмет таныта аламыз? Олардың даналығы мен тәжірибесінен не нәрсеге үйренсек болады? Олар Ехобаның ұйымында қандай рөл атқарады? Бұл мақалада осы сұрақтардың жауабын аламыз.