Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жақын адамыңыз қауымнан шығарылғанда

Жақын адамыңыз қауымнан шығарылғанда

“Олар талай рет... оның жүрегін ауыртты!” (ЗӘБ. 78:40).

102-ӘН Әлсіздерге көмектесейік

АҢДАТПА *

1. Жақын туысы қауымнан шығарылғанда, бауырластар қандай күй кешеді?

СІЗДІҢ жақын туысыңыз қауымнан шығарылған ба? Егер солай болса, бұл сіздің жүрегіңізге қатты батқан шығар. Ұлы қауымнан шығарылған Хилда * бауырлас былай дейді: “Отау құрғанымызға 41 жыл болғанда, күйеуім қайтыс болды. Сол кезде мен қатты қайғырдым. Бірақ кейін ұлым қауымды және әйелі мен бала-шағасын тастап кеткенде, бұл маған одан да қатты ауыр тиді”.

Ехоба жақыны қауымнан шығарылған бауырластардың жан жарасын жақсы түсінеді (2, 3-абзацтарды қараңыз) *

2, 3. Зәбүр 78:40, 41-ге сай, қызметшілері Ехобаны тастап кеткенде, ол не сезінеді?

2 Сіздің сезімдеріңізді Ехоба өте жақсы түсінеді. Өйткені кезінде оны да рухани ұлдарының кейбірі тастап кеткен (Яһд. 6). Оның таңдап алған Исраил халқы да қайта-қайта оған қарсы шығып, жүрегін ауыртқан (Зәбүр 78:40, 41 оқыңыз). Бүгінде де қызметшілері шындықты тастап кеткенде, ол қатты қайғырады. Сондықтан ол сіздің сезімдеріңізді жақсы түсінеді, сізді жұбатып, күш бергісі келеді.

3 Жақынымыз қауымнан шығарылғанда, Ехобаның көмегін алу үшін не істесек болады? Мұндайда қауымдағылар қалай көмектесе алады? Бұл мақалада осы сұрақтардың жауабын аламыз. Бірақ алдымен қандай бұрыс ойдан аулақ болуымыз керектігін қарастырайық.

ӨЗІҢІЗДІ КІНӘЛАМАҢЫЗ

4. Балалары Ехобаны тастап кеткенде, көп ата-ана қандай күй кешеді?

4 Жанындай жақсы көретін ұлы не қызы қауымнан шығарылғанда, ата-аналар өздерін кінәлап жатады. Оларға шындықта қалуға көмектесе алмадық деп ойлайды. Люк деген ер бауырлас былай дейді: “Ұлым қауымнан шығарылғанда, мен өзімді кінәладым. Түнде жаман түстер көретін болдым. Ұлымды ойлап, кейде жылайтынмын. Жүрегім сыздап ауыратын”. Елизабет деген әйел бауырластың да ұлы қауымнан шығарылған. Оған “Мен жақсы ана бола алмадым ба, не нәрсені дұрыс істемедім? Неге ұлымды шындықта тәрбиелей алмадым?” деген ойлар маза бермеген.

5. Адамның қауымнан шығарылғанына кім жауапты?

5 Ехоба әрқайсысымызға таңдау еркіндігін берген. Демек, оған қызмет ету-етпеуді әркім өзі шешеді. Мысалы, жақсы үлгі көрсетер ешкімі болмаса да, кейбір жастар Ехобаның жолын таңдап, оған құлшыныспен қызмет етіп жүр. Ал өзгелерін ата-аналары шындықта тәрбиелеу үшін бәрін істесе де, өскеннен кейін олар шындықты тастап кеткен. Иә, расында да, Ехобаға қызмет етуді әрқайсысымыз өзіміз таңдаймыз (Ешуа 24:15). Сондықтан, қымбатты ата-ана, балаңыздың қауымнан шыққанына өзіңізді кінәлай бермеңіз.

6. Ата-анасының қауымнан шығарылғаны балаға қалай әсер етеді?

6 Кейбіреулердің арқа сүйер әкелері не аналары шындықтан кетіп жатады, тіпті отбасын тастап кетеді (Зәб. 27:10). Бұл балаға өте ауыр соққы болуы мүмкін. Әкесі қауымнан шығарылған Естер былай дейді: “Маған ең ауыр тигені — әкемнің Ехобадан саналы түрде бас тартқаны. Осыны ойлап көп жылайтынмын. Қауымнан шығарылғаннан кейін әкемнің жағдайы қалай екен деп қатты уайымдадым. Өйткені оны жақсы көремін ғой. Бұл менің денсаулығыма да әсер етіп, үрей ұстамасына шалдықтым”.

7. Ехоба ата-анасы қауымнан шығарылған жастарға қалай қарайды?

7 Жастар, ата-аналарыңның бірі қауымнан шығарылған болса, сендер үшін жүрегіміз ауырады. Ехоба үшін сендердің жан жараларың, қандай күй кешіп жатқандарың бәрібір емес. Ол сендерді қатты жақсы көреді, танытқан адалдықтарыңды бағалайды. Бауырластарың да сендер үшін қам жейді. Мынаны естен шығармаңдар: ата-аналарыңның шешімі үшін сендер жауапты емессіңдер. Өйткені, жоғарыда айтылып кеткендей, Ехоба әр адамға таңдау еркіндігін берген және Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен “әркімнің жауапкершілігі өз мойнында” (Ғал. 6:5, сілт.).

8. Жақыңыз Ехобаға қайта оралғанын күте жүріп, уақытты қалай тиімді қолдана аласыз? (“ Ехобаға қайта оралыңыз” деген қоршауды да қараңыз.)

8 Жақын адамыңыз қауымнан шығарылғанда, күндердің күнінде ол Ехобаға қайта оралады деп күтетініңіз сөзсіз. Ал сол кез келгенше уақытты қалай тиімді қолдансаңыз болады? Рухани күйіңізді нығайта беріңіз. Осылай етсеңіз, отбасыңыздағы адамдарға, тіпті қауымнан шығарылған жақын адамыңызға да жақсы үлгі бола аласыз. Бұл өзіңізге де жаман сезімдермен күресуге көмектеседі. Қазір кейбір пайдалы кеңестерді қарастырайық.

РУХАНИ МЫҚТЫ БОЛЫП ҚАЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

9. Рухани күйіңізді нығайту үшін не істей аласыз? (“ Жақыны қауымнан шығарылғандарға жұбаныш беретін тармақтар” деген қоршауды да қараңыз.)

9 Жүйелі түрде рухани істермен айналысыңыз. Бұл өзіңіздің де, отбасыңыздың да рухани күйіне жақсы ықпал етеді. Ол үшін Құдай Сөзін үзбей оқып-зерттеңіз, ой жүгіртіңіз, қауым кездесулерінен қалмаңыз. Әкесі мен әпкесі қауымнан шығарылған Жоанна бауырлас былай дейді: “Мен Киелі кітаптан Әбигел, Естер, Әйүп, Жүсіп, Иса туралы оқығанда, жантыныштығын сезінемін. Олардың үлгілері ойымды жақсы нәрселерге бұрып, жан жарамды жеңілдетеді. Бродкастингтегі әндер де маған көп жұбаныш береді”.

10. Зәбүр 32:6—8 тармақтарды ескерсек, жүректегі мұңмен қалай күресуіміз керек?

10 Жүрегіңіздегі мұңды Ехобаға ақтарып айтыңыз. Жаныңыз қатты қиналғанда, дұға етуді доғармаңыз. Оған “жағдайға сенің көзіңмен қарауға көмектесші, маған түсінік сыйлашы, жүруім керек жолды көрсетші” деп жалбарыныңыз (Зәбүр 32:6—8 оқыңыз). Кейде жан азабымыздың ауыр болғаны сонша — оны Ехобаға ашып айтудың өзі қиын болуы мүмкін. Бірақ ол жүрегімізде қандай мұң жатқанын түсінеді. Ол сізді қатты жақсы көреді әрі жүрегіңіздегі мұңды ашып айтуға шақырады (Мұс. 2-ж. 34:6; Зәб. 62:7, 8).

11. Еврейлерге 12:11-ге сай, Ехобаның түзету шарасын неліктен қолдауымыз керек? (“ Қауымнан шығару шарасы — Ехобаның сүйіспеншілігінің көрінісі” деген қоршауды да қараңыз.)

11 Ақсақалдардың шешімін қолдаңыз. Қауымнан шығару Ехобаның шарасы екенін ұмытпаңыз. Ол біреуді сүйіспеншілікпен түзеткенде, барлығына, тіпті күнә жасаған адамға да жақсы болсын дейді (Еврейлерге 12:11 оқыңыз). Бірақ кейбіреулер ақсақалдармен келіспей, олар дұрыс емес шешім қабылдады деуі мүмкін. Бұндай адамдар күнә жасаған адамның жақсы жағын ғана айтып, жаман жақтарын айтқысы келмеуі мүмкін. Біз мән-жайды толық білмейміз. Сондықтан ең дұрысы — ақсақалдарға сенім артып, олардың шешімін қолдау. Өйткені ақсақалдар сот ісін қарастырғанда, Жазбалардағы принциптерді барынша ұстануға тырысады және “Ехобаның атынан” төрелік етіп жатқандарын ұмытпайды (Шеж. 2-ж. 19:6).

12. Кейбір бауырластар Ехобаның жөнге салу шарасын қолдағанының қандай пайдасын көрді?

12 Ақсақалдардың шешімін қолдау арқылы қауымнан шығарылған жақынымызға Ехобаға оралуға көмектесе аламыз. Жоғарыда айтылған Елизабет бауырлас былай дейді: “Біз оңай болмаса да, ұлымызбен мүлдем араласпай қойдық. Бірақ балам қауымға қайтқаннан кейін, қауымнан шығарылғаны дұрыс болғанын айтты. Ол өзіне көп сабақ алыпты. Сонда мен Ехобаның жөнге салу шарасы расымен де пайдалы екеніне көзім жетті”. Ал күйеуі Марк былай дейді: “Кейінірек ұлымыз қауымға қайтуға онымен мүлдем араласпай қойғанымыз себеп болғанын айтты. Сол кезде Ехобаға мойынсұнғанымыз үшін қатты қуанамын”.

13. Жаныңызды жегідей жеген сезімдермен күресу үшін не істесеңіз болады?

13 Жаныңызға жақын достарыңызбен сөйлесіңіз. Рухани толысқан бауырластармен сөйлескеніңіз үмітіңізді үзбеуге және дұрыс ой қалып танытуға көмектеседі (Нақ. с. 12:25; 17:17). Жоанна былай дейді: “Сол кездері мен өзімді жалғыз сезіндім, бірақ сенім артатын достарыммен сөйлескенім кәдімгідей көмек болды”. Ал егер қауымдағы кейбір бауырластар көңіліңізге тиетін сөздер айтса ше? Мұндайда не істеуге болады?

14. Неліктен “өзара төзімді болып, бір-бірімізді кеңпейілмен кешіруіміз” керек?

14 Бауырластарға шыдамдылық танытыңыз. Олар үнемі дұрыс әрекет етеді деп күтпеңіз (Жақ. 3:2). Кемелсіз болғандықтан бауырластар не айтарларын білмеуі мүмкін, тіпті өздері аңдамай көңіліңізге тиетін сөздер айтып қоюы мүмкін. Елші Пауылдың айтқан кеңесін ұмытпайық. Ол: “Әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер”,— деген (Қол. 3:13). Туысқаны қауымнан шығарылған бір әйел бауырлас былай дейді: “Кейде бауырластар мені жігерлендіремін деп, көңіліме тиетін сөздер айтатын. Бірақ Ехобаның көмегімен мен оларды кешіре алдым”. Ал қауымдағылар жақыны қауымнан шығарылған бауырластарға қалай көмектесе алады?

ҚАУЫМДАҒЫЛАРДЫҢ КӨМЕГІ

15. Жақыны қауымнан шығарылған бауырласқа қалай көмектессек болады?

15 Жақыны қауымнан шығарылған бауырластарға жылулық танытыңыз. Інісі қауымнан шығарылған кезде не сезінгенін айтып Мириам бауырлас былай дейді: “Мен қауымға қай бетіммен барамын, бауырластар маған не дер екен деп уайымдадым. Бірақ қауымдағы адал достарым менімен бірге қайғырып, мені барынша қолдауға тырысты. Олар қауымнан шығарылған інім жайлы ешқандай жаман сөз айтпады. Достарымның арқасында сол ауыр қиындықта жападан-жалғыз қалғандай сезінбедім”. Тағы бір әйел бауырлас былай дейді: “Ұлымыз қауымнан шығарылған кезде, бауырластар келіп бізді жұбатты. Кейбір бауырластар не дерлерін білмесе де, менімен бірге жылады. Хабарламалар жіберіп тұрды. Бұлардың бәрі маған таудай көмек болды”.

16. Жақыны қауымнан шығарылған бауырластарға қауымдағылар қалай көмектессе болады?

16 Жақыны қауымнан шығарылған бауырластарды әрі қарай да қолдай беріңіз. Олар дәл қазір сіздердің сүйіспеншіліктеріңізге, қолдауларыңызға аса мұқтаж (Евр. 10:24, 25). Жақыны қауымнан шығарылған кейбір бауырластар өздері де қауымнан шығып кеткендей сезінеді екен. Өйткені қауымдағы кейбіреулер олармен араласпай қоюы мүмкін. Бірақ біз бұндай нәрсеге жол бермейік! Ата-анасы қауымнан шығарылған жас бауырластар жігер мен мақтау сөздерге өте мұқтаж. Мария бауырластың күйеуі шындықты әрі отбасын тастап кеткен. Ол былай дейді: “Достарым үйіме келіп, тамақ пісіріп берді. Бізбен бірге отбасылық ғибадат өткізді. Олар менімен бірге қайғырып, менімен бірге жылады. Өзгелер мен жайлы өсек сөз таратқанда, олар мені қорғап сөйледі. Осылай достарым рухымды көтеріп, жігер берді” (Рим. 12:13, 15).

Жақыны қауымнан шығарылған бауырластарға қауымдағылар сүйіспеншілік танытып, қолдау көрсете алады (17-абзацты қараңыз) *

17. Ақсақалдар жақыны шындықтан кеткен бауырластарға қалай көмектесе алады?

17 Ақсақалдар, кез келген мүмкіндікті пайдаланып, сол бауырласты жігерлендіріп, нығайтыңыздар. Жақыны шындықты тастап кеткен бауырластарды жұбату — сіздерге жүктелген маңызды жауапкершілік (Сал. 1-х. 5:14). Қауымға дейінгі және одан кейінгі уақытты пайдаланып, оларға жігер беріңіздер. Үйлеріне барып тұрыңыздар. Бірге дұға етіп, қызметке шығыңыздар. Сондай-ақ оларды отбасылық ғибадаттарыңызға шақырып тұрсаңыздар болады. Рухани бағушылар Ехобаның қайғырып жүрген қойларына қажетінше көңіл бөліп, жанашырлық пен сүйіспеншілік танытулары қажет (Сал. 1-х. 2:7, 8).

ҮМІТІҢІЗДІ ҮЗБЕЙ, ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛЫП ҚАЛЫҢЫЗ

18. Петірдің 2-хаты 3:9-ға сай, Ехоба нені қалайды?

18 Ехоба “бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Петірдің 2-хаты 3:9 оқыңыз). Ехоба біздің күнәмізді кешіру үшін қандай жоғары құн төлегені жайлы ойланып көріңізші. Ол өзінің сүйікті жалғыз Ұлын құрбан етті. Сондықтан адам қандай ауыр күнә жасамасын, оның өмірі Ехобаның көз алдында өте құнды. Ехоба мұндай адамға өзіне қайта оралуға көмектескісі келеді. Одан еш үмітін үзбейді, мұны біз Исаның адасқан ұл жайлы мысалынан білеміз (Лұқа 15:11—32). Кезінде шындықты тастап кеткендердің көбісі сүюші Әкелеріне қайта оралған. Ал қауымдағылар оларды құшақ жая қарсы алған. Елизабет бауырлас ұлы қауымға қайта оралғанда қатты қуанған. Ол: “Маған еш берілмеуге, үмітімді үзбеуге көмектескен бауырластарыма өте ризамын!”— дейді.

19. Ехобаға неліктен әрі қарай да сенім арта беруіміз керек?

19 Ехобаға әрқашан сенім артайық. Ехоба ешқашан бізге жамандық тілемейді. Оны сүйетіндерге, ғибадат ететіндерге ол әрдайым жомарттық пен жанашырлық танытады. Ехоба сізді қиын шақта ешқашан жалғыз қалдырмайды (Евр. 13:5, 6). Бұған Марк бауырластың көзі жеткен. Ол былай дейді: “Ехоба бізді ешқашан тастаған емес, ол қиын кездің бәрінде қасымыздан табылады”. Ехоба сізге бұдан кейін де “адам күшінен асқан күш” беретініне сенімді болыңыз (Қор. 2-х. 4:7). Иә, тіпті жақыныңыз Ехобаны тастап кетсе де, сіз үмітіңізді үзбей, Ехобаға адал болып қала аласыз.

44-ӘН Жаны күйзелгеннің дұғасы

^ 5-абзац Жақынымыз Ехобаны тастап кеткенде, жүрегіміз қан жылап, тілім-тілім болады. Ал Ехоба не сезінеді? Бұл жағдайда еңсемізді көтеріп, әрі қарай рухани мықты болып қалу үшін не істей аламыз? Ал қауымдағылар қалай көмектессе болады? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап аламыз.

^ 1-абзац Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.

^ 79-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас отбасын және Ехобаны тастап кеткенде, әйелі мен балалары қатты қайғырды.

^ 81-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Екі ақсақал қауымдағы бір отбасына келіп, оларды жігерлендіріп жатыр.