Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

38-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Рухани отбасыңызға етене жақын болыңыз

Рухани отбасыңызға етене жақын болыңыз

“Мен өзімнің және сендердің Әкелеріңе... көтерілемін” (ЖОХ. 20:17).

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

АҢДАТПА *

1. Біз Ехобамен қаншалықты жақын қарым-қатынаста бола аламыз?

ЕХОБАНЫҢ отбасы “жаратылыс атаулының тұңғышы” — Исадан және көптеген періштелерден тұрады (Қол. 1:15; Зәб. 103:20). Бірақ Иса жерде болғанда адал адамдардың да Ехобаны Әке дей алатынын айтқан. Шәкірттеріне сөйлеп тұрғанда ол Ехобаны “өзімнің және сендердің Әкелерің” деп атаған (Жох. 20:17). Біз Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткенде, бауырластардан тұратын отбасының бір бөлігі боламыз (Мар. 10:29, 30).

2. Бұл мақалада не жайында білеміз?

2 Кейбір бауырластарға Ехобаны сүюші Әке деп қабылдау қиын. Басқалары болса бауырластарға қалай сүйіспеншілік танытуға болатынын білмейді. Бірақ біз Исаға қарап, Ехобаны сүюші Әке деп тани аламыз және оған жақындай аламыз. Сондай-ақ Ехобаның бізге қалай қарайтынына қарап, бауырластарға сүйіспеншілік танытуды үйренеміз. Қазір осы жайында көбірек білейік.

ЕХОБА СІЗДІҢ ОҒАН ЖАҚЫН БОЛҒАНЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙДЫ

3. Үлгілі дұға бізді Ехобаға не үшін жақындатады?

3 Ехоба — мейірімсіз, суық тұлға емес. Ол — өте қамқор, жұмсақ, сүюші Әке. Иса біздің Ехобаны дәл осылай танығанымызды қалайды. Бұл оның шәкірттеріне үйреткен үлгілі дұғасынан анық көрінеді. Иса бұл дұғаны “Көктегі Әкеміз” деп бастаған (Мат. 6:9). Иса Ехобаның Киелі кітапта бар басқа да лауазымдарын қолданса болар еді, мысалы “Құдіреті шексіз Құдай”, “Жаратушы”, “мәңгілік Патша” деген сияқты лауазымдарды (Мұс. 1-ж. 49:25; Ерм. 10:12; Тім. 1-х. 1:17). Десе де ол Құдайды “Әке” деген жанға ыстық сөзбен атаған.

4. Ехоба біздің не істегенімізді қалайды?

4 Кішкентай кезімізде туған әкемізден жылулық көріп өспегендіктен, кейбірімізге Ехобаны сүюші Әке деп қабылдау қиын шығар. Ехоба бұл сезімімізді өте жақсы түсінеді. Ол бізге жақын болғысы келеді, сондықтан да ол “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” деген сөздерді жаздырған (Жақ. 4:8). Ехоба бізді сүйгендіктен, біз үшін әлемдегі ең керемет Әке болғысы келеді!

5. Лұқа 10:22-ге сай, Ехобаға жақындауымызға Иса қалай көмектеседі?

5 Ехобаға жақындауға бізге Иса көмектеседі. Өйткені ол Ехобаны өте жақсы біледі және оның қасиеттерін айна қатесіз таныта алады. Ол: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деген (Жох. 14:9). Иса үлкен ағамыз іспетті, бізді Әкемізді құрметтеуге, мойынсұнуға, оны ренжітпеуге және ықыласына ие болуға үйретеді. Бірақ ең бастысы — Иса өз өмірімен Ехобаның қаншалықты мейірімді әрі сүюші Әке екенін көрсеткен (Лұқа 10:22 оқыңыз). Қазір соның бірер мысалын көрейік.

Ехоба сүюші Әке болғандықтан періштесін жіберіп, Ұлын жігерлендірді (6-абзацты қараңыз) *

6. Ехоба Исаның дұғаларын тыңдаған ба? Мысал келтіріңіз.

6 Ехоба балаларының айтқан сөзіне құлақ түреді. Ол тұңғыш Ұлының айтқан дұғаларын тыңдаған (Лұқа 5:16). Мысалы, ол Исаның маңызды шешім қабылдар алдында, яғни 12 шәкіртін таңдарда айтқан дұғасын тыңдады (Лұқа 6:12, 13). Сондай-ақ Ұлының жан азабына түскенде айтқан дұғасына да құлақ түрді. Иса өте ауыр сынақтың алдында тұрғанда Әкесіне қатты жалбарынған еді. Сонда ол оны тыңдап қана қоймай, бір періштесін жіберіп, аяулы Ұлын нығайтты (Лұқа 22:41—44).

7. Ехоба дұғаларымызды тыңдайтыны жайлы ойланғанда сіз не сезінесіз?

7 Бүгінде де Ехоба өз қызметшілерінің дұғасын тыңдайды, әрі олардың дұғаларына өз уақытында және ең жақсы жолмен жауап береді (Зәб. 116:1, 2). Мысалы, Үндістанда тұратын бір әйел бауырласымыз қатты уайымға батып, күйзеліп жүргенінде, Ехобаға жалбарынып дұға айтады. Ол кейін былай деп жазды: “2019 жылдың мамыр айында шыққан JW Broadcasting® бағдарламасы дұғама жауап болды. Ол жерде уайыммен, күйзеліспен күресуге қатысты жақсы ойлар айтылды”.

8. Ехоба Исаны жақсы көретінін қалай көрсетті?

8 Ехоба бізді қаншалықты жақсы көріп, қамымызды ойлайтынын Исаның өмірінен білеміз (Жох. 5:20). Иса жер бетінде жүргенде, Ехоба оның рухани, эмоциялық және тәндік қажеттіліктерін қамдады. Сондай-ақ ол Ұлын мақтап, жақсы көретінін айтып отырған (Мат. 3:16, 17). Әкесі әрдайым қасынан табылатынын білгендіктен, Иса өзін ешқашан жалғыз сезінбеген (Жох. 8:16).

9. Ехоба бізді жақсы көретінін қалай көрсетіп жатыр?

9 Иса сияқты, біз де Ехобаның сүйіспеншілігін көп жағдайда көріп жатырмыз. Ойлап көріңізші, Ехоба әрқайсысымызды өзіне жақындатып тартты. Бізді бақытты ету үшін және эмоциялық күйімізді қамдау үшін бірлігі жарасқан рухани отбасын берді (Жох. 6:44). Сондай-ақ нәрлі рухани ас-суымызды үзбей беріп отыр. Ол біздің күнделікті тәндік қажеттіліктерімізді де қамдайды (Мат. 6:31, 32). Ехоба бізді қаншалықты жақсы көретіні жайлы ойланайық, сонда біздің де оған сүйіспеншілігіміз артады.

РУХАНИ ОТБАСЫҢЫЗҒА ЕХОБА СИЯҚТЫ ҚАРАҢЫЗ

10. Ехоба бауырластарға қалай қарайды және біз оған қалай еліктей аламыз?

10 Ехоба бауырластарымызды жақсы көреді. Бірақ бізге оларды жақсы көру әрі жақсы көретінімізді көрсету оңай емес шығар. Өйткені әртүрлі ортадан шыққанбыз, мінездеріміз де әртүрлі. Оның үстіне, барлығымыз қателесетіндіктен, бір-бірімізді ренжітіп, көңілімізді қалдырып жатамыз. Десе де біз рухани отбасымыздың сүйіспеншілігін нығайта аламыз. Бұл үшін Әкеміздің сүйіспеншілігін үлгі етейік (Ефес. 5:1, 2; Жох. 1-х. 4:19). Қазір оның бауырластарымызға қалай сүйіспеншілік танытатынына тоқталамыз.

11. Иса адамдарға Әкесінің “жанашырлығын” қалай көрсетті?

11 Ехоба “жанашырлық” танытады (Лұқа 1:78). Жанашыр адам өзгенің уайым-қайғысын көре біледі және оған көмектесуге, оны жұбатуға тырысады. Иса жерде болғанда адамдарға Ехобаның қаншалықты жанашыр екенін көрсеткен (Жох. 5:19). Бірде ол “бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйдегі” қалың жұртты көргенде, оларды аяп кетті (Мат. 9:36). Бірақ Исаның жұртқа жаны ашып қана қойған жоқ. Ол жанашырлығын іс-әрекетімен де көрсетті: ауруларды сауықтырды, “бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандардың” жандарын сергітті (Мат. 11:28—30; 14:14).

Ехобаға еліктеп, бауырластарға жанашырлық, жомарттық танытыңыз (12—14 абзацтарды қараңыз) *

12. Бауырластарға жанашырлық танытудың қандай жолдары бар?

12 Бауырластарға жанашырлық көрсеткіміз келсе, алдымен олардың қандай қиындықтары бар екенін біліп алуымыз керек. Мысалы, бір әйел бауырлас қатты ауырып жүрген шығар. Ол қалай қиналып жүргенін бауырластарға айтпауы мүмкін, бірақ біздің ұсынған кез келген көмегімізді қуана қабылдар. Бәлкім, оның үй тірлігін атқаруға шамасы келмей жатқан шығар. Мұндайда үйін жинап, тамағын пісіріп берсек болады. Ал бір ер бауырласымыз жұмыссыз жүрген болар. Мұндайда кімнен екенін айтпай-ақ, хатқалтаға ақша салып, сыйласақ болады. Бұл ақша оған жұмыс тапқанша жәрдем болуы мүмкін.

13, 14. Ехобаның жомарттығын қалай үлгі етсек болады?

13 Ехоба жомарттықпен береді (Мат. 5:45). Біз бауырластардың көмек сұрағанын күтпей, көмекті Ехоба сияқты өзіміз ұсынайық. Ол жарық күнін бізді сұратқызбай-ақ шығарады. Күннің шуағына барлығы, тіпті рақмет айтпайтын адамдар да шомылып жүр. Күнделікті қажетімізді беруімен Ехоба бізді сүйетінін көрсетеді. Осындай жомарт әрі мейірімді Құдайымызды біз шексіз сүйеміз!

14 Көктегі Әкелеріне еліктеп, көп Куәгерлер айтқызбай-ақ өзге бауырластарына жомарттықпен көмектесіп жүр. Мысалы, 2013 жылы Филиппинде Хаян деген жойқын тайфун кезінде бауырластардың көбісі үйлері мен мүліктерінен айырылып қалды. Бірақ олардың дүниежүзіндегі рухани отбасы бірден көмекке келді. Біреулері қаржылай жәрдемдессе, басқалары құрылысқа қатысты. Олар бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде шамамен 750 үйдің бұзылғандарын жөндеп, ал қирап қалғандарын қайта тұрғызып берді. COVID-19 пандемиясы кезінде де бауырластар бір-біріне жәрдемдесіп келеді. Осылай біз бауырластарымызға бірден көмекке келсек, оларды сүйетінімізді көрсетеміз.

15, 16. Лұқа 6:36-ға сай, көктегі Әкеміздің қандай қасиетін үлгі еткеніміз маңызды?

15 Ехоба мейірімді де кешірімді (Лұқа 6:36 оқыңыз). Ол бізді мейіріммен күнде-күнде кешіреді (Зәб. 103:10—14). Иса да кемелсіз ізбасарларына мейіріммен қарады. Олардың күнәлары кешірілсін деп Иса тіпті өз өмірін қиды (Жох. 1-х. 2:1, 2). Осындай мейірімді әрі кешірімді Ехоба мен Исаға біз одан сайын жақын болғымыз келеді, солай емес пе?!

16 Біз де бауырластарды “кеңпейілмен кешірсек”, рухани отбасымыздың ынтымақ-бірлігі нығаяды (Ефес. 4:32). Бірақ кешіру керек деп айту оңай, ал істеу қиын. Сондықтан көп күш салуымыз керек. Осы орайда бір әйел бауырласымызға “Күзет мұнарасындағы” “Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер” деген мақала көмектескен екен *. Ол былай деп жазды: “Бұл мақала менің көзқарасымды өзгертіп жіберді. Кешіргенім өзіме жақсы екен. Мақаладан түсінгенім, кешіру деген біреудің жаман қылығын ақтауды немесе ешқандай зиян шекпегендей жүре беруді білдірмейді. Бұл адамға әрі қарай реніш сақтамай, жантыныштығын сақтауды білдіреді екен”. Біз бауырластарды кеңпейілмен кешіргенде, оларды сүйетінімізді және көктегі Әкеміз Ехобаға еліктейтінімізді көрсетеміз.

РУХАНИ ОТБАСЫҢЫЗДАҒЫ МӘРТЕБЕЛІ ОРНЫҢЫЗДЫ БАҒАЛАҢЫЗ

Жасы үлкендер де, жасы кішілер де бауырластардың қамын ойлайды (17-абзацты қараңыз) *

17. Матай 5:16-ға сай, көктегі Әкемізді қалай құрметке бөлей аламыз?

17 Бір-бірін жақсы көретін дүниежүзілік отбасының мүшесі болу — біз үшін неткен мәртебе! Біз осы отбасына мүмкіндігінше көп адам қосылып, Ехобаға ғибадат етсе екен дейміз. Сондықтан көктегі Әкеміздің және оның халқының атына кір келтіретін ештеңе жасағымыз келмейді. Қайта, жүріс-тұрысымыздың жақсы болғанын қалаймыз, ал бұлай еткеніміз ізгі хабарды адамдарға тартымды етеді (Матай 5:16 оқыңыз).

18. Бізге батыл куәлік етуге не көмектеседі?

18 Көктегі Әкемізге мойынсұнғанымыз үшін кейде бізді адамдар менсінбеуі, тіпті қудалауы мүмкін. Осындай кездері сеніміңіз жайлы айтуға қорқасыз ба? Мұндайда Әкеміз Ехоба мен оның Ұлы бізге көмектесуге асығатынын ұмытпайық. Бірде Иса шәкірттеріне былай деген: “Сендерді ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап, уайымдамаңдар. Өйткені не айтуларың керектігі сол сәтте беріледі. Осылай өздерің ғана емес, сендер арқылы Әкелеріңнің киелі рухы сөйлейді” (Мат. 10:19, 20).

19. Батыл куәлік еткен бір бауырлас жайында айтып беріңіз.

19 Оңтүстік Африкадағы Роберт бауырластың мысалына тоқталайық. Ол Киелі кітапты енді зерттей бастағанда, әскерге бармағаны үшін сотқа шақырылады. Ол мәсіхші бауырларын жақсы көргендіктен бейтараптық сақтағысы келетінін батыл түсіндіреді. Күтпеген жерден судья одан: “Ал бауырларың кім?”— деп сұрап қалады. Сонда Роберттің есіне сол күнгі тармақ — Матай 12:50-дегі сөздер түседі. Онда былай делінген: “Кім көктегі Әкемнің еркін орындаса, сол — менің бауырым, әпке-қарындасым және анам”. Роберт Киелі кітапты жақсы білмесе де, Ехоба киелі рухы арқылы оған сол сұраққа да және басқа да күтпеген сұрақтарға жауап беруге көмектесті. Әкеміз Ехоба Робертті мақтан тұтып, көктен оған қуанып қарағанында сөз жоқ! Біз де қиын жағдайда Ехобаға арқа сүйеп, батыл куәлік етсек, ол бізді де мақтан тұтады.

20. Біз не істеуге ұмтылғанымыз жөн? (Жохан 17:11, 15)

20 Бізді сүйетін көкте керемет Әкеміз және бауырластарымыз бар. Осы рухани отбасымызды кәдімгі нәрсе деп қабылдамай, бағалайық! Шайтан мен оның жағындағылар Әкеміз бізді сүймейді дегенге сендіргісі келеді және бауырластармен өзара бірлігімізді бұзуға тырысады. Бірақ ұмытпайық, Иса Ехобаға дұға айтып, бізді қорғауын және арамызда бірлік болуын сұраған (Жохан 17:11, 15 оқыңыз). Әкеміз Ехоба сол дұғаға жауап беріп жатыр. Біз Иса сияқты, Әкеміздің бізді сүйетініне және қолдайтынына ешқашан күмәнданбайық. Рухани отбасымызға одан сайын жақындай берейік!

99-ӘН Сансыз көп бауырластар

^ 5-абзац Керемет бауырластарымыздан тұратын отбасында болу — біз үшін үлкен бақыт. Арамыздағы бағалы сүйіспеншілікті жалындата беру үшін әрқайсысымыз не істесек болады? Бұл үшін Ехоба бізге қалай қараса, біз де бауырластарға солай қарауымыз керек. Сондай-ақ Исаның және бауырластардың үлгісіне еліктесек болады.

^ 16-абзац 2012 жылғы 15 қарашадағы “Күзет мұнарасының” 26—30 беттерін қараңыз.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса Гетсимани бағында жүргенде, Ехоба періштесін жіберіп, оны нығайтты.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: COVID-19 пандемиясы кезінде көп бауырлас азық-түлік дайындауға және оны жеткізуге көмектесті.

^ 61-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Түрмеде отырған бауырласты жігерлендіру үшін, анасы қызына хат жазуға көмектесіп отыр.