Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Атыңыз “өмір кітабында” бар ма?

Атыңыз “өмір кітабында” бар ма?

“Ехобаның алдында одан қорқатындар... жайлы естелік кітабы жазылып жатты” (МАЛХ. 3:16).

61-ӘН Алға, Куәгерлер!

АҢДАТПА a

Ехоба “өмір кітабына” адамдардың есімдерін Әбілдің заманынан бері жазып келеді (1, 2-абзацтарды қараңыз)

1. Малахи 3:16-ға сай, Ехоба қандай кітап жазып жатыр?

 МЫҢДАҒАН жылдар бойы Ехоба ерекше бір кітап жазып келеді. Бұл кітап Құдайдың Әбіл деген ең алғашқы адал қызметшісінің есімінен басталады b (Лұқа 11:50, 51). Сол кезден бері бүгінгі күнге дейін Ехоба сол кітапқа миллиондаған адамдардың есімдерін жазып келеді. Бұл қандай кітап дейсіз ғой? Киелі жазбаларда ол “естелік кітабы”, “өмір кітабы” және “өмір шиыршығы” деп аталады. Бұл мақалада біз “өмір кітабы” деген атауды қолданамыз (Малахи 3:16 оқыңыз; Аян 3:5; 17:8).

2. Өмір кітабында кімдердің есімі жазылған және біздікі де жазылу үшін не істеуіміз керек?

2 Бұл кітапта Ехобаға асқан құрметпен ғибадат ететін және оның есімін бағалайтын адамдарың аттары жазылған. Оларды мәңгі өмір күтіп тұр. Иса Мәсіхтің құрбандығына сеніп, біз де Ехобамен жақын дос болсақ, сол кітапқа есіміміз жазылады (Жох. 3:16, 36). Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік — барлығымыздың есіміміз сол кітапта жазылып тұрса, біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ!

3, 4. а) Есіміміз өмір кітабында жазылып тұрғаны мәңгілік өмір сүруге кепілдік бере ме? Түсіндіріңіз. ә) Осы және келесі мақалада не қарастырамыз?

3 Есіміміз бұл кітапқа еніп қойғаны “болды, енді мәңгілік өмір біздікі” дегенді білдіре ме? Мұның жауабын Мұсаның 2-жазбасы 32:33-тегі Ехобаның Мұсаға айтқан сөздерінен көреміз. Ол жерде Ехоба: “Мен кітабымнан маған қарсы күнә жасаған адамның ғана есімін өшіремін”,— деген. Демек, сол кітаптағы есімдер өшірілуі мүмкін, өйткені Ехоба оларды алдымен, былайша айтқанда, қарындашпен жазады (Аян 3:5). Сол себепті біз барымызды салып, есіміміз сиямен бекітілгенше ұмтыла береміз.

4 Осы орайда мынадай сұрақтар туындайды: Өмір кітабында есімдері жазылғандар мен есімдері жазылмағандар жайлы Киелі кітапта не айтылады? Есімдері сол кітапқа жазылғандар мәңгілік өмірді қашан иемденеді? Ал Ехобаны танып-білуге мүмкіндігі болмай қайтыс болып кеткен адамдар ше? Олардың есімдері өмір кітабына жазылатын бола ма? Бұл сұрақтардың жауабын осы және келесі мақалада аламыз.

ӨМІР КІТАБЫНДА КІМДЕРДІҢ АТТАРЫ БАР?

5, 6. а) Філіпіліктер 4:3-ке сай, өмір кітабында кімдердің есімдері жазылған? ә) Олардың есімдері қашан бекітіледі?

5 Өмір кітабына кімдердің есімдері жазылған, ал кімдердікі жазылмаған? Бұл сұраққа жауап беру үшін қазір бес түрлі топтағы адамдар жайлы қарастыратын боламыз.

6 Бірінші топты Исамен бірге көкте билік етуге таңдалғандар құрайды. Олардың есімдері өмір кітабына жазылған ба? Иә. Елші Пауылдың Філіпідегі “адал серіктестеріне” жазған сөздеріне сай, Исамен бірге билік етуге таңдалған майланғандардың есімдері өмір кітабында жазылып тұр (Філіпіліктерге 4:3 оқыңыз). Бірақ есімдері сол кітапта қалу үшін, олар адалдықтарын сақтау керек. Өлер алдында не зор алапаттың алдында шешуші белгілерін алған соң, олардың есімдері сол кітапқа біржолата бекітілетін болады (Аян 7:3).

7. Аян 7:16, 17-ден көретініміздей, басқа қойлардан тұратын ұлы жамағаттың есімдері өмір кітабына қашан бекітіледі?

7 Екінші топты басқа қойлардан тұратын ұлы жамағат құрайды. Олардың есімдері өмір кітабына жазылған ба? Иә. Армагеддоннан өткеннен кейін де олардың есімдері сол кітапта қала бере ме? Иә (Аян 7:14). Иса қой тәрізді осы адамдардың “мәңгілік өмірді иемденетінін” айтқан (Мат. 25:46). Бірақ олар Армагеддоннан кейін мәңгілік өмірді бірден иемденбейді. Есімізде болса, олардың есімдері қарындашпен жазылған, әлі бекітілмеген. Иса мыңжылдық билігі кезінде “олардың бағушысы болып, өмір суының бұлақтарына жетелейді”. Сол кезде Исаға еріп, соңғы сынақта да Ехобаға адал болып қалғандардың есімдері өмір кітабына бекітіледі (Аян 7:16, 17 оқыңыз).

8. Кімдердің есімі өмір кітабына жазылмаған және оларды не күтіп тұр?

8 Үшінші топ — серкелер, яғни Армагеддонда жойылатындар. Өмір кітабында олардың есімдері жоқ. Иса олардың “мәңгілікке жойылатынын” айтқан (Мат. 25:46). Елші Пауыл да: “Олар жазаланады да, мәңгіге жойылады”,— деген (Сал. 2-х. 1:9; Пет. 2-х. 2:9). Бұл сөздер киелі рухқа қарсы әдейі күнә жасаған бұрынғы замандағы және біздің заманымыздағы адамдарға да қатысты. Оларды да мәңгілік өмір емес, мәңгілік жойылу күтіп тұр. Құдай бұл адамдарды тірілтпесі анық (Мат. 12:32; Мар. 3:28, 29; Евр. 6:4—6). Қазір жер бетінде қайта тірілетін екі топтың адамдарына жіті тоқталайық.

ҚАЙТА ТІРІЛЕТІНДЕР

9. Елшілердің істері 24:15-те қайта тірілетін қандай екі топ жайлы айтылған және олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?

9 Киелі кітапта қайта тірілетін екі топ адам жайлы айтылады. Олар — мәңгі өмір сүруге үміті бар “әділдер” және “әділетсіздер” (Елшілердің істері 24:15 оқыңыз). “Әділдер” — тірі кезінде Ехобаға адал қызмет еткен адамдар. Ал “әділетсіздер” — тірі кезінде Ехобаға қызмет етпеген адамдар. Осы екі топтың қайта тірілетініне қарап, олардың есімдері өмір кітабында бар деп айта аламыз ба? Бұның жауабын білу үшін әр топқа жеке-жеке тоқталайық.

10. “Әділдер” не үшін тіріледі және олардың кейбіреулері қандай мәртебеге ие болады? (Жер бетінде болатын қайта тірілу жайлы көбірек білу үшін осы журналдағы “Оқырман сауалдарын” қараңыз.)

10 Төртінші топты “әділдер” құрайды. Қайтыс болмас бұрын, олардың есімдері өмір кітабына жазылған. Өлгеннен соң, олардың есімі сол кітаптан өшіріліп тасталды ма? Жоқ. Өйткені Ехобаның жадында олар әлі де “тірі”. “Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы. Өйткені ол үшін бәрі тірі” (Лұқа 20:38). Демек, әділдер жер бетіне қайта тірілгенде олардың есімдері өмір кітабында “қарындашпен” болса да жазылып тұрады (Лұқа 14:14). Солардың арасындағы кейбіреулері “бүкіл жержүзіне әміршілер” болып қызмет ететін болады (Зәб. 45:16).

11. Есімдері өмір кітабына жазылу үшін, “әділетсіздерге” не істеу керек болады?

11 Ең соңғы бесінші топқа “әділетсіздер” жатады. Олар Ехобаның заң-талаптарын білмегеннен болар, тірі кездерінде әділ өмір сүрмеген. Сондықтан олардың есімдері өмір кітабына жазылмаған. Бұл адамдар енді келмеске кетті дегенді білдіре ме? Жоқ. Құдай оларды тірілтіп, есімдерін өмір кітабына жаздыруға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа дүниеде қайта тірілетін “әділетсіздердің” барлығына үлкен көмек қажет болады. Олардың кейбірі өлгенге дейін өте жаман, сұмдық істермен айналысқандықтан, енді Ехобаның әділ талаптары бойынша өмір сүруді үйренулері керек. Сондықтан Құдай Патшалығы адамзат тарихында болмаған ең ауқымды ағарту ісін жүргізеді.

12. а) Әділетсіздерге кім білім беріп, үйретеді? ә) Алған білімдеріне сай әрекет етпегендермен не болады?

12 Кімдер әділетсіздерге білім беріп, үйрететін болады? Ұлы жамағат пен қайта тірілген әділдер. Әділетсіздердің есімдері өмір кітабына жазылу үшін, оларға Ехобамен жақын қарым-қатынас дамытып, өмірлерін оған бағыштау керек болады. Иса Мәсіх пен майланғандар көктен оларға назар аударып, білгендерін қаншалықты қолданып жатқандарын мұқият бақылайды (Аян 20:4). Ал көмекті қабылдамағандар, мейлі жастары жүзде болса да, жер бетінен құрып-жоғалады (Ишая 65:20). Ехоба мен Иса адамның жүрегін де, ойын да көре алатындықтан, жаңа дүниеде ешкімнің зияндық жасауына жол бермейді (Ишая 11:9; 60:18; 65:25; Жох. 2:25).

ӨМІР СҮРУ ҮШІН ЖӘНЕ СОТТАЛУ ҮШІН ТІРІЛУ

13, 14. а) Бұрында Исаның Жохан 5:29-дағы сөздерін қалай түсінгенбіз? ә) Бұл тармақта нені ескергеніміз жөн?

13 Жер бетінде қайта тірілу болатынын Иса да айтқан. Ол: “Қабірдегілердің бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр, сонда олар қабірден шығады. Жақсылық жасағандар өмір сүру үшін, ал зұлымдық жасағандар сотталу үшін тіріледі”,— деген (Жох. 5:28, 29). Бұл сөздер нені білдіреді?

14 Бұрында біз Иса бұл жерде адамдардың қайта тірілгеннен кейінгі істерін айтып тұр деп түсінетінбіз, яғни тірілгендердің кейбіреулері жақсылық жасаса, өзгелері зұлымдық жасайды деп ойладық. Бірақ Исаның сөздеріне назар аударсақ, ол қабірден шыққандар жақсылық жасайды не зұлымдық жасайды деп келер шақта айтпаған. Керісінше, ол “жақсылық жасағандар” және “зұлымдық жасағандар” деп өткен шақта айтқан. Демек, бұл сөздер олардың бұрында, қайтыс болғанға дейін, жасаған іс-әрекеттеріне нұсқайды. Тармақты осылай түсінгеніміз әлдеқайда ақылға қонымды, солай емес пе? Оның үстіне, жаңа дүниеде ешкімнің зұлымдық жасауына жол берілмейді. Бұл да әділетсіздердің зұлым істері — өлгенге дейінгі әрекеттері екенін дәлелдеп тұр. Ал Исаның “өмір сүру үшін тіріледі” және “сотталу үшін тіріледі” деген сөздерін қалай түсінуіміз керек?

15. “Өмір сүру үшін” кімдер тіріледі және ненің негізінде тіріледі?

15 Қайтыс болғанға дейін жақсылық жасаған әділдер “өмір сүру үшін қайта тіріледі”. Себебі олардың есімдері өмір кітабына жазылып қойған. Демек, Жохан 5:29-дағы “жақсылық жасағандар” және Елшілердің істері 24:15-тегі “әділдер” бір адамдарға нұсқайды. Бұл түсінік Римдіктерге 6:7-де айтылған сөздермен үйлеседі. Онда: “Өлген адам күнәсінан арылады”,— делінген. Демек, әділдер қайтыс болғанда өздерінің күнәларын өтеп қояды, бірақ олардың адалдықтары Ехобаның жадында қалады (Евр. 6:10). Әрине, есімдері өмір кітабында қала беру үшін, олар тірілгеннен кейін де адалдықтарын сақтай берулері керек.

16. “Сотталу үшін тірілу” деген нені білдіреді?

16 Ал қайтыс болмай тұрып зұлымдық жасаған адамдар жөнінде не деуге болады? Олардың да өлгенде күнәлары өтелген. Бірақ тірі кездерінде Ехобаға қызмет етіп, оған адалдық сақтамағандықтан, олардың есімдері өмір кітабына жазылмаған. Сондықтан “зұлымдық жасағандардың” тірілуі мен Елшілердің істері 24:15-тегі “әділетсіздердің” тірілуі деп бір нәрсені айтып тұр дей аламыз. “Сотталу үшін тірілетіндерге” осылар жатады c. Олар қай мағынада сотталады? Жаңа дүниеде олардың есімдері өмір кітабына жазылуға лайық па, жоқ па — сол тексеріледі (Лұқа 22:30). Бұл сынама мерзіміне біраз уақыт кетеді. Әділетсіздер бұрынғы жаман өмір салттарынан бас тартып, Ехобаға өздерін бағыштаса ғана есімдері өмір кітабына түсіріледі.

17, 18. Қайта тірілгендердің бәрі не істеу керек болады және Аян 20:12, 13-тегі “істер” қандай істерді білдіреді?

17 Өлгенге дейін әділ не әділетсіз болсын — тірілгендердің барлығына мыңжылдық билік кезінде ашылатын жаңа шиыршықтардағы заңдарға бағыну керек болады. Елші Жохан бұған қатысты мынадай аян алған: “Тақ алдында өлген адамдардың — ұлығы бар, кішігі бар — тұрғанын көрдім. Шиыршықтар ашылды. Сосын тағы бір шиыршық ашылды, бұл — өмір шиыршығы. Сол шиыршықтарда жазылғандарға сай, өлгендер істеріне қарай сотталды” (Аян 20:12, 13).

18 Сонда, тірілгендер қай “істеріне” қарай сотталады? Өлгенге дейінгі жасаған істеріне қарай ма? Жоқ. Өйткені бұрынғы күнәларынан олар өлген кезде арылып қойды. Ендеше, “істеріне қарай сотталды” деген бұрынғы өмірлерінде жасаған істерін білдірмейді. Бұл олардың жаңа дүниедегі алған білімдеріне сай әрекет ете ма, жоқ па — сол істеріне нұсқайды. Тіпті Нұх, Самуил, Дәуіт және Даниял сияқты адал пайғамбарлардың өздері Иса Мәсіх жайлы білім алып, оның төлем құрбандығына сенулері керек болады. Ендеше, әділетсіздерге одан да көп білім алып, сенім дамыту керек болады!

19. Білім алып, сенім дамытудан бас тартқан адамдармен түбінде не болмақ?

19 Білім алып, сенім дамытудан бас тартқан адамдармен түбінде не болмақ? Аян 20:15-те: “Кім өмір кітабына жазылмаған болса, ол да отты көлге тасталды”,— делінген. Иә, олар мәңгілікке жойылады. Ендеше, есіміміз өмір кітабына жазылып, онда бекітілуі қаншалықты маңызды десеңізші!

Ер бауырлас мыңжылдықта болатын ең ауқымды білім беру бағдарламасына атсалысып жатыр (20-абзацты қараңыз)

20. Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде қандай бір ерекше іс атқарылмақ? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

20 Исаның мыңжылдық билігі кезінде бізді көңіл толқытарлық, қызықты уақыт күтіп тұр! Сол кезде жер бетінде ешқашан болмаған ең ауқымды ағарту ісі жүреді. Сол уақытта қайта тірілген әділдер мен әділетсіздер сынама мерзімнен өтеді (Ишая 26:9; Ел. іс. 17:31). Ал ағарту ісіне келетін болсақ, ол қалай жүретін болады? Бұл сұраққа келесі мақалада жауап алып, бұл шараның қаншалықты бағалы екеніне назар аударамыз.

147-ӘН Уәде етілген жұмақ

a Жохан 5:28, 29-дағы “өмір сүру үшін” және “сотталу үшін” тірілетіндерге қатысты түсінігіміз өзгерді. Осы мақалада бұл сөздер нені білдіретінін және осы екі топқа кімдер жататынын қарастырамыз.

b Өмір кітабы “дүниенің негізі қаланғаннан бері” жазылып келеді (Мат. 25:34; Аян 17:8). “Дүние” деп Құдай күнәлары өтелуге лайық деп есептейтін адамдарды айтып отырмыз. Демек, Әбіл есімдері өмір кітабына жазылған әділ адамдардың ең алғашқысы болды дей аламыз.

c Бұған дейін біз мұндағы “сотталу” деген сөз үкімге кесілу, айыпталу деген жағымсыз мағынаны білдіреді деп келдік. Рас, бұл сөз сондай мағына беретін де шығар. Бірақ бұл мәнмәтінде Иса “сотталу” деген сөзді кеңірек мағынада, яғни сынама мерзімнен өту, тексерістен өту деген мағынада қолданса керек. Грек тіліндегі Киелі кітаптың бір сөздігінде бұл сөз “жүріс-тұрысын бақылау” деп те түсіндірілген.