37-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Бауырластарымызға сенім артайық
“Сүйіспеншілік... бәріне сенеді, еш үмітін үзбейді” (ҚОР. 1-Х. 13:4, 7).
124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық
АҢДАТПА a
1. Қазіргі адамдардың бір-біріне сенбейтіні бізді неге таңғалдырмайды?
БҮГІНДЕ Шайтанның дүниесіндегі адамдар кімге сенерлерін білмейді. Өйткені атақты бизнесмендер, саяси не діни жетекшілер үнемі олардың көңілін қалдырып, сенімін ақтамайды. Адамдар көршілеріне, достарына, тіпті өз үйінің адамдарына сенуден қалған. Алайда неге бұлай болып кеткені бізді таңғалдырмайды, себебі Киелі кітапта “соңғы күндері адамдар опасыз, жалақор, сатқын” болатыны айтылған (Тім. 2-х. 3:1—4; Қор. 2-х. 4:4). Басқаша айтқанда, адамдар осы дүниенің құдайы — Шайтанның болмысын шағылыстырып жүр, ал Шайтанға мүлдем сенім жоқ.
2. а) Біз кімге толықтай сенім артамыз? ә) Кейбіреулер не деп ойлауы мүмкін?
2 Ал біз, мәсіхшілер, Ехобаға толықтай сенім арта аламыз (Ерм. 17:7, 8). Ол достарын сүйетініне және “ешқашан тастамайтынына” сенімдіміз (Зәб. 9:10). Біз Иса Мәсіхке де сенім артамыз, өйткені ол біз үшін басын өлімге тікті (Пет. 1-х. 3:18). Сондай-ақ Киелі кітаптың даналыққа тұнған ақыл-кеңестеріне де сенім артамыз, өйткені әрқайсысымыз оның талай пайдасын көргенбіз (Тім. 2-х. 3:16, 17). Десе де кейбіреулер: “Әрине, Ехоба мен Иса да, Киелі кітап та әбден сенім артуға тұрады. Бірақ қауымдағы бауырластарға әрқашан сенім арта аламын ба?”— деп ойлайтын шығар. Ендеше, бауырластарымыз неге сенім артуға тұрарлық екенін көрейік.
БАУЫРЛАСТАРЫМЫЗ БІЗГЕ КЕРЕК
3. Сіз қандай ерекше мәртебеге иесіз? (Марқа 10:29, 30)
3 Ехоба сізді қызметшілерінен тұратын дүниежүзілік отбасына жақындатып тартты. Осындай отбасының мүшесі болып, қандай игіліктерге кенеліп жүргеніңізді ойлап көріңізші, бұл үлкен мәртебе емес пе?! (Марқа 10:29, 30 оқыңыз). Дүниенің қай бұрышына барсаңыз да, Ехобаны сіз сияқты жақсы көретін және оның талаптарын барынша ұстанатын бауырластарыңыз бар. Біз түрлі тілден, түрлі ұлттан шығып, түрлі киім кисек те, бір көргеннен-ақ бір үйдің балаларындай араласып кетеміз. Әсіресе көктегі сүйікті Әкемізді мадақтап, оған бәріміз бірге ғибадат еткенде, зор қуанышқа кенелеміз (Зәб. 133:1).
4. Біз бауырластарымызға неліктен мұқтажбыз?
4 Бүгінгі таңда бауырластармен бірлікте болғанымыз бұрын-соңды болмағандай маңызды. Өйткені олар иығымыздағы ауыртпалығымызды көтеріседі (Рим. 15:1; Ғал. 6:2). Сондай-ақ қызметімізді бәсеңдетпей, рухани мықты болып қалуға дем беріп жүреді (Сал. 1-х. 5:11; Евр. 10:23—25). Расында да, Шайтан Ібіліс пен оның зұлым дүниесіне тас қамалдай қарсы тұруға көмектесетін қауымымыз болмағанда, не етер едік?! Жақында Шайтан мен оның қол астындағы адамдар Құдайдың қызметшілеріне шабуылдайтын болады. Сол кезде жанымызда тірек болатын адал достарымыздың барына қаншалықты риза боламыз десеңізші!
5. Кейбіреулер бауырластарға неге сенбеуі мүмкін?
5 Бірақ кейбірімізге бауырластарға сену қиын болуы мүмкін. Өйткені бір бауырлас уәдесін бұзып, сенімімізді аяқасты еткен болар. Я болмаса қауымда біреу сөзімен не ісімен жанымызға терең жара салған шығар. “Аузымыз күйгендіктен”, біз басқаларға сенуден қалармыз. Олай болса, бауырластарымызға қайтадан сенім артуға не көмектесе алады?
СҮЙІСПЕНШІЛІК — СЕНУГЕ СЕБЕП
6. Сенім артуға сүйіспеншілік қалай көмектеседі? (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8)
6 Бауырластарға сенудің негізгі қозғаушы күші — сүйіспеншілік. Қорынттықтарға арналған 1-хат 13-тарауда сүйіспеншіліктің басқаларға сенім артуға және жоғалған сенімді қалпына келтіруге көмектесетін қырлары жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8 оқыңыз). Мысалы, 4-тармақта: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді”,— делінген. Ехоба тіпті оған қарсы күнә жасағанымызда да бізге шыдамдылық танытады. Ендеше, біз де ызамызды келтірген не жанымызға жара салған бауырласқа шыдамды болуымыз керек. 5-тармақта: “[Сүйіспеншілік] ашушаң да емес, кек те сақтамайды”,— делінген. Біз бауырласымыздың ренжіткен кездерін жіпке тізіп, “кейін бетіне басармын” деп кек сақтағымыз келмес еді. Уағыздаушы 7:9: “Ренжуге асықпа”,— деп есімізге салады. Шынында да, өкпе сақтап, ызаланғаннан гөрі “күн батпай тұрып ашуымызды басқанымыз” әлдеқайда жақсы емес пе?! (Ефес. 4:26).
7. Матай 7:1—5 тармақтардағы принциптер бауырластарға сенім артуға қалай көмектеседі?
7 Бауырластарға сенім артуды үйренудің тағы бір жолы — оларға Ехобаның көзімен қарау. Ехоба оларды жақсы көреді және олардың күнә-қателіктерін жіпке тізбейді. Біз де бауырластарға солай қарауымыз керек (Зәб. 130:3). Олардың кемшіліктеріне қадалмай, бойларындағы жақсы қасиеттеріне және қандай жақсылық жасай алатындарына назар аударайық (Матай 7:1—5 оқыңыз). Сүйіспеншілік “бәріне сенетіндіктен”, бауырластар жанымызды әдейі жаралағысы келмегеніне сенімді болайық (Қор. 1-х. 13:7). Бірақ бұл — көз жұмып, барлығына бірдей сенім арта беруіміз керек деген сөз емес, Ехоба бізден бұны күтпейді. Біз бауырластардың сенімді екендерін көргендіктен, оларға сенім артамыз b.
8. Бауырластарға сенуді қалай үйрене аламыз?
8 Өзгелерге сенім артып үйрену үшін уақыт пен күш қажет. Алдымен, бауырластармен жақынырақ танысудан бастаңыз. Қауым кездесулерінде оларды әңгімеге тартыңыз, қызметке шығып тұрыңыз. Сенімді екендерін көрсетуге мүмкіндік беріп, шыдамдылық танытыңыз. Енді ғана танысып жатқандықтан, алғашында оларға жеке мәселелеріңіздің бәрін айта бермейтін шығарсыз. Ал достаса келе, сезімдеріңізді ашық айта бастарсыз (Лұқа 16:10). Бірақ бауырласыңыз бір жағдайда көңіліңізді қалдырса ше? Одан күдер үзуге асықпаңыз. Бір-екі адамның әрекетіне бола барлық бауырласқа деген сеніміңізді жоғалтпаңыз. Ендеше, қазір кейбіреулерден көңілі қалса да, басқаларға сенім арта білген Ехобаның кейбір қызметшілерінің мысалдарын қарастырайық.
БАСҚАЛАРҒА СЕНЕ БІЛГЕН ЖАНДАРДЫҢ ҮЛГІСІ
9. а) Ехобаның өкілдерінің күнә-қателіктеріне қарамастан, қалайша Ханна Құдайдың шараларына сенім арта берді? ә) Ханнаның жағдайынан Ехобаның шараларына сенім артуға қатысты не үйрендіңіз? (Суретті қараңыз.)
9 Жауапты ер бауырластан көңіліңіз қалған кез болған ба? Олай болса, Ханнаның мысалын қарастырып көрейікші. Сол уақытта бас діни қызметкер Ели күллі Исраил халқын шынайы ғибадатта бастап алып жүрген беделді тұлға болған. Бірақ оның отбасының күйі мәз емес еді. Ұлдары жауапты міндеттер атқарса да, жеркенішті істер жасап, азғындықпен айналысатын. Ал Ели оларды жарытып жөнге салмайтын. Бірақ Ехоба Елиді қызметінен бірден алып тастамады. Десе де Ханна: “Ели бас діни қызметкер болып тұрғанда, киелі шатырда ғибадат етпеспін”,— деп Құдай орнатқан рухани шаралардан теріс айналып кетпеді. Ол киелі шатырда жаны езіліп, қатты күйзеліп дұға етіп тұрғанда, Ели оны мас деп ойлап қалады. Сөйтіп, жығылғанға жұдырық болып, Ханнаны айыптап тастайды (Сам. 1-ж. 1:12—16). Осындай ауыр соққыға қарамастан, Ханна Құдайға ант береді, яғни ұлды болса, оны киелі шатырда қызмет етуге бағыштайтынын айтады. Баласы кейін Елидің қарамағында қызмет етерін білсе де, Ханна осылай уәде етеді (Сам. 1-ж. 1:11). Елидің арсыз ұлдарына келсек, оларды жөнге салу керек болды. Ехоба уақыты келгенде солай етті де (Сам. 1-ж. 4:17). Ал Ханнаға Самуил деген тамаша ұл сыйлады (Сам. 1-ж. 1:17—20).
10. Сатқындық көрсе де, Дәуіт қалайша басқаларға деген сенімін жоғалтпады?
10 Сізді досыңыз сатып кеткен жағдай болған ба? Олай болса, Дәуіт патшаның оқиғасын қарастырайық. Оның адал достарының бірі Ахитопел болатын. Дәуіттің ұлы Абессалом әкесіне қарсы бас көтеріп, билікті тартып алмақ болғанда, Ахитопел Абессаломның жағына шығып кетеді. Бауыр еті баласының да, ақылшысы болған досының да өзіне тап бергені Дәуітке ауыр соққы болып тисе керек. Десе де ол “жақындарым осылай етсе, басқалардан не үміт” деп, көпке топырақ шашпады. Ол бүлікшілерге қосылмаған Хушай деген басқа бір адал жанға сенім артты. Хушай оның үмітін ақтады, тіпті ол үшін басын қатерге тікті (Сам. 2-ж. 17:1—16).
11. Набалдың бір қызметшісі басқаларға сенім артатынын қалай көрсетті?
11 Ал енді Набалдың бір қызметшісінің үлгісіне назар аударайық. Дәуіт пен оның қасындағы жігіттері Набал деген бір бай кісінің қызметшілерін қорғап жүреді. Кейінірек Дәуіт ашығып қалған жігіттерін тамақтандыру үшін, Набалдан азық-түлігінен шамасы келгенше беруді сұрайды. Набал оның осы бір қарапайым өтінішін орындамай қойғанда, Дәуіт қатты ашуланып, оның үйіндегі еркек атаулының бәрін қырып жібермек болады. Болған жағдайды Набалдың бір қызметшісі оның әйелі Әбигелге келіп жеткізеді, себебі оның өмірі енді соның қолында еді. Әбигел бір амал табатынына сенгендіктен, ол қашып кетпеді. Өйткені Әбигелдің ақылды әйел деген жақсы аты бар еді. Нәтижесінде, Әбигел батылдықпен Дәуіттің бетін қайтарып, әлгі қызметшісінің сенімін ақтады (Сам. 1-ж. 25:2—35). Өз кезегінде Әбигел де Дәуіт ашуын ақылға бағындыратынына сенді.
12. Иса шәкірттерінің қателіктеріне қарамастан, оларға қалай сенім артты?
12 Иса шәкірттерінің қателіктеріне қарамастан, оларға сенім артты (Жох. 15:15, 16). Бірде Жақып пен Жохан одан Көк Патшалығынан дәрежелі орын беруін сұрайды. Сол кезде Иса оларды: “Ехобаға дұрыс емес ниетпен қызмет етіп жүрсіңдер”,— деп айыптамады немесе екеуін елші болудан шеттетіп тастамады (Мар. 10:35—40). Кейінірек Иса тұтқынға алынған түні шәкірттерінің барлығы оны тастап, қашып кетеді (Мат. 26:56). Бірақ Иса еш үмітін үзбеді. Олардың қате-кемшіліктерін жақсы білсе де, “оларды ақырына дейін сүйді” (Жох. 13:1). Қайта тірілгеннен кейін Иса 11 адал елшісіне тіпті шәкірт дайындау ісінде жетекшілік етуді және аяулы қойларын бағып-қағуды тапсырып, үлкен істе сенім артады (Мат. 28:19, 20; Жох. 21:15—17). Кемшіліктері көп, кемелсіз адамдар болса да шәкірттері Исаның үмітін ақтады. Олардың барлығы жердегі өмірлерінің соңына дейін адал қызмет етті. Расымен де, Иса да, алдында айтылып кеткен Ханна, Дәуіт, Набалдың қызметшісі мен Әбигел де кемелсіз адамдарға сенім артуда керемет үлгі қалдырған.
БАУЫРЛАСТАРҒА ҚАЙТАДАН СЕНІМ АРТЫП ҮЙРЕНУ
13. Өзгелерге сенім артуға не нәрсе кедергі болуы мүмкін?
13 Бір бауырласқа құпияңызды сеніп айтып, кейін сол құпияңыз басқаларға тарап кеткен кез болған ба? Бұндайда төбемізден мұздай су құйып жібергендей болады. Біздің бір әйел бауырласымыз бір ақсақалмен өзінің жеке мәселесін бөліскен екен. Сөйтсе келесі күні ақсақалдың әйелі бауырласқа телефон шалып, сол мәселе бойынша жігерлендірмек болады. Бұл жағдай бауырласымыздың әлгі ақсақалға деген сенімін күйретеді. Бірақ қуанышқа орай, бауырласымыз өзге ақсақалдың көмегіне жүгініп, қауым ақсақалдарына деген жоғалған сенімін қалпына келтіреді.
14. Бір ер бауырласқа ақсақалдарға қайтадан сенім артуға не көмектесті?
14 Бір ер бауырласымыз ұзақ уақыт бойы екі ақсақалға ренжіп, сенім артпай жүреді. Кейін ол өзі құрметтейтін бір ер бауырластың “біздің жауымыз — Шайтан, бауырластар емес” деген сөзі жайлы ойлана бастайды. Бауырласымыз қарапайым да әсерлі осы шындықтың үстінен ой жүгіртіп, дұға етіп, ақырында әлгі екі ақсақалмен татуласады.
15. Кейбіреулерге қайтадан бауырластарға сенім арту үшін неге уақыт қажет? Мысал келтіріңіз.
15 Мәртебелі қызметіңізден айырылған кезіңіз болған ба? Бұл кім-кімге де ауыр тиетіні сөзсіз. Грета деген әйел бауырластың оқиғасына тоқталайықшы. Ол анасы екеуі 1930 жылдары Нацистік Германияда ісімізге тыйым салынған кезде де адалдықпен қызмет еткен. Грета “Күзет мұнарасы” журналының көшірмелерін жасайтын әрі бұл іс оған қатты ұнайтын. Бірақ ер бауырластар оның әкесі шындыққа қарсы екенін білгеннен кейін, одан сүйіп атқаратын мәртебелі ісін алып қояды. Өйткені әкесі қауымды қарсылас адамдарға сатып жібереді деп қорқады. Жығылғанға жұдырық болып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бауырластар Гретаның өзіне де, анасына да журналдарымыздың көшірмесін бермей қояды. Тіпті көшеде көрісіп қалса, олармен амандаспай өтіп кетеді. Бұның бәрі Гретаның жүрегіне терең жара салады! Тек ұзақ уақыт өте Грета сол бауырластарды кешіріп, оларға қайтадан сенім арта бастайды. Өйткені “Ехоба оларды кешірген болар, ендеше мен де оларды кешіруім керек” деген ойға келеді c.
“Біздің жауымыз — Шайтан, бауырластар емес”
16. Бауырластарға сенуге кедергі ететін нәрселерді неліктен жеңуіміз керек?
16 Грета сияқты сіздің де көңіліңіз сынып, сеніміңіз жоғалған болса, сол сеніміңізді қалпына келтіруге күш сала беріңіз. Бұған біраз уақыт керек, әрине. Бірақ кейін жемісін көргенде, әбден риза боласыз. Мынадай бір мысалды қарастырайықшы: сіз бір тамақтан уланып қалдыңыз делік. Бұдан кейін, әрине, басқа тамақтарды сақтықпен, таңдап жейтін боласыз. Алайда бір тамақтан уландым деп мүлдем тамақ ішпей қоймайсыз ғой. Сол сияқты бір бауырласқа деген сеніміміз жоғалғанда, бауырластардың бәріне күмәнданып, сенуден қалмауымыз қажет. Өйткені бәріміз де кемелсізбіз, мінсіз адам жоқ. Басқаларға қайтадан сенім артуды үйренсек, бақыттырақ боламыз және қауымдағылар да бір-біріне сенім артып үйренулеріне өз үлесімізді қосатын боламыз.
17. Бауырластарға сену неге маңызды және келесі мақала не жайлы болмақ?
17 Шайтанның дүниесінде адамдар бір-біріне сенім артпайды. Бірақ Ехобаның ұйымында барлығымыз бір-бірімізді жақсы көргендіктен, сенім артамыз. Осы сенімнің арқасында бүгінде арамызда қуаныш бар, бірлік бар. Ал болашақтағы қиындықтар кезінде бұл сенім бізге қорған болады. Егер бір бауырлас сіздің сеніміңізді ақтамай, көңіліңізді қалдырған болса, не істегеніңіз дұрыс? Жағдайға Ехобаның көзімен қарауға тырысыңыз. Киелі кітаптың ақыл-кеңестеріне құлақ асыңыз. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіңізді тереңдете беріңіз және Киелі кітаптағы кейіпкерлерден үйреніңіз. Сонда жаныңызға түскен жараңыз жазылып, бауырласқа қайта сенім арта бастайсыз. Сондай-ақ “туған бауырдан да жақын көп достар” табасыз (Нақ. с. 18:24). Алайда өзіміз де сенім артуға тұрарлық адам болғымыз келеді. Келесі мақалада бұл үшін не істеуіміз керектігін білетін боламыз.
99-ӘН Сансыз көп бауырластар
a Біз бауырластарға сенім артуымыз қажет болғанмен, бұл оңай бола бермейді. Өйткені кейде олар көңілімізді қалдырып жатады. Осындайда оларға қайтадан сенім артуға не көмектеседі? Жалпы, бауырластарға көбірек сенім артуды қалай үйренсек болады? Бұл мақалада Киелі кітаптағы кейбір принциптер мен кейбір кейіпкерлердің мысалдарын қарастырып, ой жүгіртетін боламыз.
b Киелі кітап қауымда сенім артуға тұрмайтын адамдар болуы мүмкін екенін ескертеді (Яһд. 4). Сирек жағдайларда қауымда “жалған ілімдерді таратып”, басқаларды адастыруға тырысатын жалған бауырластар да болуы мүмкін (Ел. іс. 20:30). Біз мұндай адамдарға сенбейміз де, оларды тыңдамаймыз да.
c Грета бауырлас жайлы көбірек білу үшін, 1974 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасының” (ағ.) 129—131 беттерін қараңыз.