Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Көпшілікті әділдікке жеткізу”

“Көпшілікті әділдікке жеткізу”

“Көпшілікті әділдікке жеткізетіндер жұлдыздардай мәңгі бақи жарқырайды” (ДАН. 12:3).

151-ӘН Ол шақырады

АҢДАТПА a

1. Мыңжылдық билік кезінде бізді қандай жан тебірентер сәттер күтіп тұр?

 МӘСІХТІҢ мыңжылдық билігі кезінде марқұмдар тірілетін күнді елестетіп көріңізші! Жердің әр бұрышында адамдар жылдар бойы сағына күткен жақындарымен қауышып, қуаныштан жылайтын болады. Сол уақытты Ехоба да аңсап күтіп отыр (Әйүп 14:15). Сол кезде, алдыңғы мақалада айтылғандай, есімдері өмір кітабына жазылған “әділдер” “өмір сүру үшін тіріледі” (Ел. іс. 24:15; Жох. 5:29). Бәлкім, көбіміздің жақындарымыз алғашқы болып тірілетіндердің қатарында болатын шығар b. Ал қайтыс болғанға дейін Ехоба туралы білім алуға, оған адалдық сақтап қызмет етуге жеткілікті мүмкіндігі болмаған “әділетсіздер” “сотталу үшін тіріледі”.

2, 3. а) Ишая 11:9, 10-да айтылып кеткендей, болашақта қандай дүниежүзілік білім беру бағдарламасы өтетін болады? ә) Осы мақалада не қарастырамыз?

2 Тірілетін сол адамдардың барлығына тәлім алу қажет болады (Ишая 26:9; 61:11). Сондықтан тарихта бұрын-соңды болмаған ең ауқымды білім беру бағдарламасы ұйымдастырылады (Ишая 11:9, 10 оқыңыз). Өйткені қайта тірілген әділетсіздерге Иса Мәсіх, Құдай Патшалығы, төлем құрбандығы туралы және Ехобаның есімі мен бүкіләлемдік билігіне қатысты даулы мәселе туралы білім алу керек болады. Тіпті әділдердің өздеріне Ехобаның жер мен адамзатқа қатысты ашқан жаңа түсініктерін білу керек болады. Өйткені олардың кейбірі Киелі кітап толық жазылмай тұрып ұзақ жылдар бұрын қайтыс болып кеткен. Демек, әділдерді де, әділетсіздерді де мол білім күтіп тұр.

3 Бұл мақалада біз мына сұрақтарға жауап аламыз: Дүниежүзілік білім беру бағдарламасы қалай жүреді? Адамдардың есімдері өмір кітабына біржолата түсу-түспеуі осы бағдарламаға қалай байланысты болады? Бұл сұрақтардың жауаптары бүгінде барлығымызды да қызықтыру керек. Алда көретініміздей, Даниял мен Аян кітаптарындағы кейбір пайғамбарлықтар бізге жер бетіне тірілген марқұмдармен не болатынын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Ендеше, Даниял 12:1, 2-дегі пайғамбарлықта не айтылғанынан бастайық.

“ЖЕР ҚОЙНЫНДА ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАНДАР... ОЯНАДЫ”

4, 5. Даниял 12:1-де ақырғы уақытқа қатысты не айтылады?

4 Даниял 12:1 оқыңыз. Даниял кітабында ақырғы уақытта бірінен кейін бірі болатын ерекше оқиғалар сипатталады. Мысалы, Даниял 12:1-де Микайлдың, яғни Иса Мәсіхтің “[Құдай] халқының мүддесін қорғап тұрғаны” айтылған. Пайғамбарлықтың осы бөлігі 1914 жылы Иса Құдай Патшалығының патшасы болғанда орындала бастады.

5 Сондай-ақ Даниял пайғамбар Исаның “халық пайда болғалы бері бұрын-соңды басқа түспеген қиын-қыстау уақытта” “әрекет ететінін” ашқан. Бұл “қиын-қыстау уақыт” Матай 24:21-дегі “зор алапатты” білдіреді. Демек, Иса сол қиын-қыстау уақыттың аяғында, яғни Армагеддонда Құдай халқын қорғау үшін әрекет етеді. Аян кітабынан бұл халықтың зор алапаттан өткен “ұлы жамағат” екенін білеміз (Аян 7:9, 14).

6. Ұлы жамағат зор алапаттан өткеннен кейін не болады? Түсіндіріңіз. (Жер бетінде болатын қайта тірілу жайлы көбірек білу үшін осы журналдағы “Оқырман сауалдарын” қараңыз.)

6 Даниял 12:2 оқыңыз. Ұлы жамағат қиын-қыстау уақыттан өткеннен кейін қандай жағдай орын алады? Біз бұрында бұл тармақтағы пайғамбарлық бейнелі қайта тірілуді, яғни соңғы күндерде Құдай қызметшілерінің рухани жаңғыруын білдіреді деп түсіндік c. Бірақ енді біз мұнда марқұмдардың жаңа дүниеде тура мағынада тірілуі жайлы айтылып тұр деген тұжырымға келдік. Неге дейсіз бе? Бұл тармақтағы “жер қойны” деген тіркес Әйүп 17:16-да да кездеседі әрі ол марқұмдар жатқан көрді білдіреді. Демек, Даниял 12:2-де соңғы күндер аяқталып, Армагеддон шайқасы біткеннен кейін орын алатын тура мағынадағы қайта тірілу жайлы айтылып тұр.

7. а) Марқұмдардың кейбірі қай мағынада “мәңгі өмір сүру үшін оянады”? ә) Неліктен оны “анағұрлым жақсы қайта тірілу” дейміз?

7 Ал Даниял12:2-дегі марқұмдардың “кейбірі мәңгі өмір сүру үшін оянады” деген нені білдіреді? Қайта тірілгендер Исаның мыңжылдық билігі кезінде Ехоба мен Иса туралы білім алуды жалғастырып, оларға мойынсұна берсе, біржолата мәңгілік өмірге ие болады (Жох. 17:3). Бұл бұрынғы болған қайта тірілулермен салыстырғанда “анағұрлым жақсы қайта тірілу” болмақ (Евр. 11:35). Өйткені бұрынғы уақытта тірілген адамдар кемелсіз болғандықтан қайтадан өлген.

8. Қалайша қайта тірілгендердің кейбірі “масқара болып, мәңгілік бойы жеккөрінішпен еске алынады”?

8 Дегенмен қайта тірілгендердің арасында Ехобадан білім алғысы келмейтіндер де болады. Даниял олар жайлы: “Өзгелері масқара болып, мәңгілік бойы жеккөрінішпен еске алынады”,— деп пайғамбарлық еткен. Бүлікшіл рух танытқандықтан, олардың есімдері өмір кітабына жазылмайды және мәңгілік өмірді иемденбейді. Керісінше, олар мәңгілік бойы “жеккөрінішпен еске алынады”, яғни жойылады. Демек, Даниял 12:2-де марқұмдардың қайта тірілгеннен кейінгі әрекеттеріне қарай түбінде олармен не болатыны айтылып тұр, яғни кейбіреулері мәңгі өмір сүреді, ал кейбіреулері мәңгілікке жойылады d (Аян 20:12).

“КӨПШІЛІКТІ ӘДІЛДІККЕ ЖЕТКІЗЕТІНДЕР”

9, 10. Зор алапаттан кейін тағы не болады және кімдер “аспан күмбезіндей жарқырап нұр шашады”?

9 Даниял 12:3 оқыңыз. Алдағы “қиын-қыстау уақыттан” кейін, яғни зор алапат өткен соң тағы не болады? Бұл жайлы Даниял 12:3-тен білеміз.

10 Мұнда айтылған “аспан күмбезіндей жарқырап нұр шашатындар” кімдер? Бұл сұрақтың кілтін Исаның Матай 13:43-те айтқан сөздерінен табамыз. Ол: “Әділдер сол кезде Әкелерінің Патшалығында күндей жарқырайды”,— деген. Осы сөздердің мән-мәтінінен Иса мұнда Көк Патшалығында онымен бірге қызмет ететін “Патшалықтың ұлдары” жайлы, яғни майланған бауырлары жайлы айтқанын байқаймыз (Мат. 13:38). Демек, Даниял 12:3-те майланғандар мен олардың мыңжылдық билігі кезінде атқаратын ісі жайлы айтылып тұр дей аламыз.

Иса Мәсіхпен бірге 144 000 майланған иық тіресе қызметтесіп, мыңжылдықта жүретін ағарту ісін басқаратын болады (11-абзацты қараңыз)

11, 12. 144 000 майланған мың жыл бойы қандай іс атқарады?

11 Қай мағынада майланғандар “көпшілікті әділдікке жеткізеді”? Олар Иса Мәсіхпен иық тіресе қызметтесіп, мыңжылдық билік кезінде жер бетінде жүретін ағарту ісін басқаратын болады. 144 000 майланған патшаның ғана емес, діни қызметкердің де міндетін атқарады (Аян 1:6; 5:10; 20:6). Олар “халықтарды сауықтыру” ісіне қатысады, яғни оларды бірте-бірте кемелділікке жеткізеді (Аян 22:1, 2; Езек. 47:12). Бұл істі майланғандар қуана-қуана атқаратын болады!

12 Ал әділдікке жететін “көпшілікті” кімдер құрайды? Қайта тірілгендер және Армагеддоннан өткендер мен жаңа дүниеде туылуы мүмкін балалар. Жер бетіндегі сол адамдардың бәрі мың жылдың соңында кемелді болады. Сонда, қай кезде олардың есімдері өмір кітабына қарындашпен емес, сиямен біржолата бекітіледі?

СОҢҒЫ СЫНАҚ

13, 14. Жер бетінде кемелді адамдардың бәрі мәңгі өмірді иемдену үшін не істеу керек болады?

13 Біз мынаны ұмытпағанымыз жөн: кемелділікке жеткеніміз мәңгі өмірді иемдендік дегенді білдірмейді. Мысалы, Адам мен Хауа да кемелді болған, бірақ мәңгі өмірді иемдену үшін олар алдымен Ехобаға мойынсұнатындарын көрсетулері керек еді. Өкінішке орай, олар мойынсұнбады (Рим. 5:12).

14 Мың жылдың соңында жер бетіндегі жағдай қандай болмақ? Адамдардың барлығы кемелді болады. Олар Ехобаның билігін мәңгілікке қолдай ма, әлде Адам мен Хауа сияқты кемелді бола тұра опасыздық жасай ма? Бұл қалай анықталатын болады? Қазір сол туралы білеміз.

15, 16. а) Бүкіл кемелді адамзаттың Ехобаға деген адалдығы қай кезде сыналатын болады? ә) Соңғы сынақтың нәтижесі қандай болады?

15 Шайтан мың жылға бұғауланатындықтан, сол уақытта ешкімді адастыра алмайды. Бірақ мың жылдың соңында ол босатылады. Сонда ол кемелді адамдарды адастыруға тырысып-бағады. Сол сынақта әрбір кемелді адам Ехобаның есімін құрметтеп, бүкіләлемдік билігін қолдай ма, жоқ па — соны көрсететін болады (Аян 20:7—10). Шайтан сынағанда қалай әрекет ететіндеріне қарай, олардың есімдері өмір кітабына біржолата жазылады я жазылмайды.

16 Адам мен Хауа сияқты Ехобаға бағынбауды шешетін саны белгісіз адамдар да болады. Олармен не болатыны жайлы Аян 20:15-те: “Кім өмір кітабына жазылмаған болса, ол да отты көлге тасталды”,— делінген. Демек, бүлікшілердің бәрі мәңгілікке жойылады. Ал кемелді адамзаттың көпшілігі соңғы сынақтан сүрінбей өтеді. Олардың есімдері өмір кітабына сиямен бекітіледі.

“АҚЫРҒЫ УАҚЫТТА”

17. Періште Даниял пайғамбарға біздің кезіміз жайлы не айтты? (Даниял 12:4, 8—10)

17 Болашақта бізді не деген оқиғалар күтіп тұр десеңізші! Даниял біздің кезімізге, яғни “ақырғы уақытқа” қатысты да маңызды хабар алған (Даниял 12:4, 8—10 оқыңыз; Тім. 2-х. 3:1—5). Періште оған: “Шынайы білім молая түседі”,— деді. Демек, Құдайдың халқы Даниял кітабындағы пайғамбарлықтарды тереңірек түсінбек еді. Бірақ періште ақырғы уақытта “зұлымдар зұлымдығын жасайтынын, олардың ешқайсысы бұл сөздерді ұқпайтынын” да айтты.

18. Жуырда зұлымдармен не болады?

18 Кейде бізге зұлымдар еш жазаланбай, дүниені жалпағынан басып жүргендей көрінетін шығар (Малх. 3:14, 15). Бірақ жуырда Иса серкелерді қойлардан ажыратып, үкімін жүзеге асыратын болады (Мат. 25:31—33). Зұлымдар зор алапаттан аман өтпейді де, жаңа дүниеде тірілмейді де. Олардың есімдері Малахи 3:16-да айтылған “естелік кітабына” жазылмайды.

19. Әрқайсысымызға қазір не істеу керек және неліктен? (Малахи 3:16—18)

19 Қазір әрқайсысымыз үшін зұлымдардың қатарына жатпайтынымызды дәлелдейтін кез (Малахи 3:16—18 оқыңыз). Ехоба “ерекше меншігім” деп бағалайтын адамдарды жинап жатыр. Біз солардың арасында болғымыз келеді.

Даниял мен сүйікті жандарымыздың және басқа да көптеген адамдардың жұмақта қайта “тұратындарын” көру неткен ғанибет болмақ! (20-абзацты қараңыз)

20. Даниялға қандай уәде берілді және сіз сол уәденің орындалуын неге күтіп жүрсіз?

20 Бүгінде біз қайталанбас уақытта өмір сүріп жатқанымыз рас. Дегенмен алда бізді одан да ерекше оқиғалар күтіп тұр. Жуырда зұлымдар түгелімен жойылады. Содан кейін біз Ехобаның Даниялға “күндердің соңында үлесіңді алу үшін тұрасың” деген уәдесінің орындалуына куә боламыз (Дан. 12:13). Сіз Даниял пайғамбар мен сүйікті жандарыңыз “тұратын” уақытты күтіп жүрсіз бе? Ендеше, барыңызды салып Ехобаға адалдық сақтаңыз, сонда өмір кітабынан есіміңіз өшпейді.

80-ӘН “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”

a Бұл мақалада Даниял 12:2, 3-те айтылған өте ауқымды білім беру бағдарламасына қатысты жаңа түсінікті қарастырамыз. Бұл бағдарлама қашан болатынын және оған кімдер қатысатынын да көреміз. Сондай-ақ осы ағарту ісі жер бетіндегі адамдарды мыңжылдық биліктің соңында болатын ең соңғы сынаққа қалай дайындайтынын да білеміз.

b Қайта тірілу соңғы күндері қайтыс болған адал адамдардан бастап кейінге қарай, яғни бір ұрпақтан алдыңғы ұрпаққа қарай жүруі мүмкін. Егер солай болса, әр ұрпақтың адамдары өзінен алдыңғы ұрпақтың адамдарын танып, оларды қарсы ала алады. Мысалы, Жазбаларда көктегі қайта тірілудің “өз кезегімен” болатыны айтылған. Сондықтан жердегі қайта тірілу де тәртіппен өтеді дей аламыз (Қор. 1-х. 14:33; 15:23).

c Бұл “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” кітабының 17-тарауы мен 1987 жылы 1 желтоқсанда шыққан “Күзет мұнарасының” 17—21 беттерінде айтылған түсінікке қатысты өзгеріс (ор.).

d Ал Елшілердің істері 24:15-тегі “әділдер” мен “әділетсіздер” деген және Жохан 5:29-дағы “жақсылық жасағандар” мен “зұлымдық жасағандар” деген сөздер қайта тірілген адамдардың қайтыс болғанға дейінгі іс-әрекеттеріне нұсқайды.