38-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Сенімді адам екеніңізді дәлелдеңіз
“Сенімді жан құпияны сақтайды” (НАҚ. С. 11:13).
101-ӘН Бірлесе қызмет етейік
АҢДАТПА a
1. Сенімді адам қандай болады?
СЕНІМДІ адам барынша сөзінде тұрады және шындықты айтады (Зәб. 15:4). Мұндай адамға өзгелер қорықпай сенім артады. Біз де бауырластарымыздың арасында осындай атқа ие болғымыз келеді. Ендеше, олардың сеніміне ие болуға не көмектеседі?
2. Сенімді адам болуға не көмектеседі?
2 Біз ешкімді өзімізге сенім артуға мәжбүрлей алмаймыз. Сенім қандай да бір мағынада ақшаға ұқсайды. Ақша табу қиын, ал оны жарату бір пәсте. Сол сияқты, өзгелердің сеніміне ие болу да — еңбекпен келетін дүние. Біздің сенімімізге ие болған бірден-бір тұлға — Ехоба. Өйткені оның “барлық істеген істері сенім артуға тұрарлық” (Зәб. 33:4). Ехоба біздің де сенімді адам болғанымызды қалайды (Ефес. 5:1). Бұл үшін көктегі Әкелеріне еліктеп, сенімді екендерін дәлелдеген Құдайдың адал қызметшілерінің үлгілерін қарастырайық. Сондай-ақ өзгелердің сеніміне ие болуға көмектесетін бес қасиетті талқылайық.
ЕХОБАНЫҢ СЕНІМДІ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІН ҮЛГІ ЕТІҢІЗ
3, 4. Даниял сенімді адам екенін қалай дәлелдеді және оның үлгісі бізді не істеуге талпындырады?
3 Сенімді адам екенін дәлелдеген Құдайдың қызметшілерінің бірі — Даниял пайғамбар. Ол Бабылда тұтқын болып жүрсе де, “сенімді адам” деген атқа ие болған. Бірде Навуходоносор патшаның түстерін Ехобаның көмегімен жорып бергенде, оның сенімді адам деген абыройы одан сайын өседі. Ал басқа бір жағдайда оған патшаның құлағына жақпайтын жаман хабарды, яғни Ехобаның шығарған үкімін айтуға тура келген. Навуходоносор ұрда-жық мінезді, жауыз адам болғандықтан, Даниялға бұл хабарды айтуға қайсарлық керек болды (Дан. 2:12; 4:20—22, 25). Көп жыл өте Даниял адал адам екенін тағы да дәлелдеді. Ол Бабылдағы патша сарайының қабырғасында ғажайып түрде пайда болған жазудың мағынасын түсіндіріп берді (Дан. 5:5, 25—29). Даниялдың “асқан қабілетті” екенін кейінірек мидиялық Дарий патша мен оның қол астындағы уәзірлері де байқаған. Олар оны “сенімді, жұмысына ұқыпты, ешқандай заңсыздыққа бармайтын адам” деп білген (Дан. 6:3, 4). Көргеніміздей, жалған тәңірлерге табынатын адамдардың өзі Ехобаға ғибадат ететін осы кісінің сенімді адам екенін мойындаған.
4 Даниялдың үлгісі жайлы ойлана отырып, өзімізді былай деп тексеріп көрейік: “Қауымнан тыс жерде мен қандай атқа иемін? Өзгелер мені сенімді, жауапкершілігі мол адам деп біле ме?” Осы сұрақтардың үстінен ой жүгірту неліктен маңызды? Өйткені сенімді адам болсақ, Ехоба Құдайымыз мадақталады.
5. Хананияхты сенімді адам еткен не нәрсе?
5 Б. з. б. 455 жылы әмірші Нехемия Иерусалим қабырғаларын соғып біткен соң, қаланы күтіп ұстайтын сенімді ер кісілерді іздейді. Солардың бірі етіп ол бекініс басшысы Хананияхты таңдайды. Киелі кітапта: “Хананиях ең сенімді әрі басқаларға қарағанда Құдайдан көбірек қорқатын адам еді”,— делінген (Нех. 7:2). Ол Ехобаны сүйгендіктен әрі оны ренжітуден қорыққандықтан, тапсырылған кез келген істі жауапкершілікпен атқарған. Дәл осы қасиеттер бізге де сөзге тұрақты, іске берік мәсіхші болуға көмектеседі.
6. Тихик елші Пауылдың адал досы екенін қалай дәлелдеді?
6 Енді елші Пауылдың қызметтегі адал серігі болған Тихиктің үлгісін қарастырайық. Пауыл үйқамақта отырғанда Тихикке көп істе сенім артқандықтан, оны “адал қызметші” деп сипаттаған (Ефес. 6:21, 22). Пауыл оған хаттарын Ефес пен Қолос қалаларындағы бауырластарға жеткізуді ғана емес, оларды жігерлендіріп, жұбатуды да тапсырған. Тихиктің үлгісі бүгінде біздің рухани амандығымызды ойлайтын адал әрі сенімді ер бауырластарымызды еске салады (Қол. 4:7—9).
7. Қауымыңыздағы ақсақалдар мен қызмет көмекшілерінен сенімді адам болуға қатысты не үйрене аласыз?
7 Бүгінде де қауымдарымызда сенім артуға тұрарлық ақсақалдар мен қызмет көмекшілерінің барына ризамыз. Олар Даниял, Хананиях, Тихик сияқты өз қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Мысалы, біз “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуіне келгенде, бағдарламаның әрбір бөлігі тағайындалып қойғанына күмәнданбаймыз. Ал өз кезегінде, тағайындалған бауырластар тапсырмаларын жақсы дайындықпен орындап шықса, ақсақалдар риза болады. Мәселен, Киелі кітап зерттеушілерін демалыс күнгі кездесуге шақырғанда, көпшілікке арналған баяндама болмай қалмай ма екен деп уайымдамаймыз. Сондай-ақ қызметке шығарда да жауапты бауырластар қажетті әдебиеттермен қамдайтынына сенім артамыз. Әрқашан қамымызды ойлайтын сенімді ер бауырластардың барына біз Ехобаға өте ризамыз! Ал қазір қандай жағдайларда сенімді адам бола алатынымызды қарастырып көрейік.
СЫР-ҚҰПИЯҒА БЕРІК БОЛЫҢЫЗ
8. Басқалармен араласқанда неге тепе-теңдік сақтау маңызды? (Нақыл сөздер 11:13)
8 Біз бауырластарымызды жақсы көргендіктен, олардың хал-жағдайын білгіміз келеді. Десе де тепе-теңдік сақтап, олардың жеке істеріне араласып кетпеуіміз керек. І ғасырдағы кейбір мәсіхшілер “өсек тасып, өзгенің ісіне араласып, айтпау керек нәрселерді айтып жүрген” (Тім. 1-х. 5:13). Біз оларға ұқсағымыз келмейді. Мысалы, бір әйел бауырлас бізге ішіндегі сырын аманаттап тапсыратын шығар. Бұл оның денсаулығына не кезігіп жүрген бір қиындығына байланысты мәлімет болуы мүмкін. Мұндайда бауырластың өтінішін орындап, сенімін ақтағымыз келеді b (Нақыл сөздер 11:13 оқыңыз). Қазір тағы қандай жағдайларда құпиялық сақтау маңызды екенін көрейік.
9. Отбасы мүшелері сенімді адам екендерін қалай көрсетсе болады?
9 Отбасында. Отбасындағы құпияларды сыртқа тасымау — үйдегі әрбір адамның міндеті. Мысалы, күйеуі әйелінің бір қылығын қызық көретін шығар. Мұндайда ол осы қылығын басқаларға айтып, оны ұялтудан аулақ болады. Өйткені ол әйелін сүйеді және сезімін жаралағысы келмейді (Ефес. 5:33). Сондай-ақ ата-аналар жасөспірім балаларының сезімдерін ескеру керек. Олар балаларының қате-кемшіліктерін өзгелерге айтып, олардың қадірін түсірмейді (Қол. 3:21). Сыр сақтауды балалар да үйренгендері жөн. Олар үйдегілерді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын жайттарды басқаларға жаймағандары жөн (Мұс. 5-ж. 5:16). Отбасының әрбір мүшесі үйдің құпиясын үйде қалдыруды үйренсе, араларындағы бірлік пен сыйластық нығаяды.
10. Нағыз дос болуға не жатады? (Нақыл сөздер 17:17)
10 Достар арасында. Кейде жақын досымызға ішімізді ақтарып, мұң шаққымыз келеді. Бірақ кейбіреулерге ішіндегісін айту қиын болғандықтан, оған өзін жеңіп, бар күшін салу керек болады. Осылай әрең айтқан сырымыз кейін көпшіліктің аузында жүрсе, не сезінер едік? Бұл бүйірімізге пышақ сұққандай болады. Ал егер керісінше, сырымызды сақтай білсе, оған деген алғысымыз шексіз болмақ. Өйткені ол “нағыз дос” екенін көрсетті (Нақыл сөздер 17:17 оқыңыз).
11. а) Ақсақалдар мен олардың әйелдері сенімді адам екендерін қалай көрсете алады? ә) Суреттен көретініміздей, қауымда құпия мәселені қарастырып, кейін үйіне барған ақсақалдан не үйренеміз?
11 Қауымда. Құпияны сақтай алатын ақсақалдар біз үшін “желден қорғайтын сая, бассауғалайтын пана сияқты” (Ишая 32:2). Біз оларға жеке басымыздағы кез келген мәселені айта аламыз. Өйткені олардың басқа ешкімге тіс жармайтынына сенімдіміз. Өзіміз де құпия мәліметтерді білу үшін оларды қыспақтамаймыз. Осы орайда ақсақалдардың әйелдері мақтауға тұрарлық. Олар күйеулерінен сыр суыртпақтап, құпия мәліметті біліп алуға тырыспайды. Расында да, бауырластарға қатысты жеке мәліметтерді білмегені олардың өздеріне жақсы. Бұл жайында бір ақсақалдың әйелі былай дейді: “Маған күйеуімнің бақташылық сапармен барған не рухани көмек көрсеткен бауырластар жайлы жеке мәліметтерді айтпайтыны, тіпті аттарын да жасырын ұстайтыны ұнайды. Әйтпесе ешқандай көмек көрсете алмай, құр босқа уайымдап қалар едім. Білмегенімнің арқасында қауымдағылардың бәрімен бірдей емін-еркін араласа аламын. Сондай-ақ өз сезімдерім мен қиыншылықтарымды айтқанда да, күйеуім оны құпия сақтайтынына сенемін”. Дегенмен ақсақалдар мен олардың әйелдері ғана емес, өзіміз де сырға берік адам болғымыз келеді. Бұл үшін қандай бес қасиет дамыту керек екенін көрейік.
СЕНІМДІ АДАМ БОЛУ ҮШІН ҚАЖЕТ БЕС ҚАСИЕТ
12. Неге сенімді адам болуға талпындыратын бірден-бір қасиет сүйіспеншілік дей аламыз?
12 Бауырластар сенетін адам болуға талпындыратын бірден-бір қасиет — сүйіспеншілік. Иса ең басты екі заң — Ехобаны және өзгені сүю екенін айтқан (Мат. 22:37—39). Біз Ехобаны сүйгендіктен, ол сияқты сөзге берік, іске мығым болғымыз келеді. Мысалы, біз бауырластардың жеке мәселелеріне қатысты мәліметтерді құпия сақтаймыз. Біз оларды сүйгендіктен, зиян шектіретін, жанына жара салатын не қадір-қасиетін түсіретін құпия мәліметтерді ешқашан жария еткіміз келмейді (Жох. 15:12).
13. Кішіпейілділік сенімді адам болуға қалай көмектеседі?
13 Сенімді адам болуға көмектесетін тағы бір қасиет — кішіпейілділік. Кішіпейіл мәсіхші бірінші болып жаңалық ашуға асықпайды (Філіп. 2:3). Ол қандай да бір құпия мәліметке қатысты “мен бұны білемін, бірақ сендерге айта алмаймын” деп, өзгелердің алдында өзін жоғарылатпайды. Сондай-ақ кішіпейілділік Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерде кездеспейтін жеке пікірлерімізді таратуға келгенде аузымызға қақпақ болады.
14. Парықтылық сенімді адам болуға қалай көмектеседі?
14 Парықтылық бізге “үндемейтін уақытты және сөйлейтін уақытты” ажыратуға көмектеседі (Уағ. 3:7). Халықта: “Көп сөз — көмір, аз сөз — алтын”,— дейді, яғни кей жағдайларда сөйлегеннен гөрі тіс жармаған дұрыс. Міне, сондықтан да Нақыл сөздер 11:12-де: “Әр нәрсенің парқын білетін үндемейді”,— делінген. Тәжірибесі мол бір ақсақалдың үлгісін қарастырайықшы. Басқа қауымдардың ақсақалдары оны күрделі мәселелерді шешуге жиі шақырып тұрады екен. Бұл жайлы оның өз қауымындағы бір ақсақал былай деді: “Ол басқа қауымдарда айтылған құпия мәліметтерді өзгелерге ешқашан айтқан емес”. Парықты болғанының арқасында бұл ақсақал өз қауымындағы ақсақалдар кеңесінің алдында үлкен абыройға ие. Олар оның өз қауымындағы құпия мәліметтерді де құпия сақтайтынына сенімді.
15. Сенімді адам болуға шыншылдық қалай көмектеседі? Мысал келтіріңіз.
15 Сенімді адам болуға көмектесетін тағы бір қасиет — шыншылдық. Шыншыл адам әрқашан шындықты айтатындықтан, біз оған ойланбай сенім артамыз (Ефес. 4:25; Евр. 13:18). Мысалы, сіз тәлім беру қабілетіңізді жақсартқыңыз келді делік. Содан, біреуден тапсырмаңызды тыңдап, жақсартатын тұстары жайлы сұрағыңыз келеді. Сол кезде кімнің көмегіне жүгінесіз? Құлағыңызға жағатынды айтатынға ма, әлде қамыңызды ойлап, шындықты айтатын адамға барасыз ба? Бұл айтпаса да түсінікті. Киелі кітапта: “Жасырған сүйіспеншіліктен гөрі ашық әшкере артық. Досыңның жаралағаны — адалдығы”,— делінген (Нақ. с. 27:5, 6). Досыңыздың шын ойын есту расымен де оңай емес шығар, бірақ кеңесін қабылдасаңыз, алдағы уақытта көп пайдасын көресіз.
16. Нақыл сөздер 10:19 ұстамды болудың маңыздылығына қалай назар аударады?
16 Өзгелер бізге сенгенін қаласақ, ұстамдылық қасиетін таныту өте маңызды. Құпия мәлімет тіліміздің ұшында тұрғанда, ұстамдылық аузымызға құлып болады (Нақыл сөздер 10:19 оқыңыз). Әсіресе әлеуметтік желіні қолданғанда, ұстамды болу қиын болып жатады. Абай болмасақ, құпия мәліметті баршаға жария етіп қоюымыз мүмкін. Ал желіде тарап кеткен мәлімет атылған оқ сияқты, оны енді еш қадағалай алмаймыз. Ол әлгі адамға қандай кесірін тигізетінін де білмейміз. Сонымен қатар, қарсыластар бауырластардың өміріне қауіп төндіретін мәліметті білу үшін қулық-сұмдыққа барғанда да, ұстамдылық аузымызға ие болуға көмектеседі. Бұндай жағдай ісімізге тыйым салынған не шектеу қойылған елде тергелгенде орын алуы мүмкін. Сол кезде “аузыма тұмылдырық киемін” деген принципке құлақ асқанымыз абзал (Зәб. 39:1). Ендеше, отбасымыздың, достарымыздың, бауырластарымыз бен басқа да адамдардың алдында сенімді адам болайық. Ал бұл үшін бізге ұстамды болу қажет.
17. Қауымдағылар бір-біріне сенім арта түсу үшін біз қалай үлес қоса аламыз?
17 Ехоба бізді бір-бірін сүйетін әрі сенімді адамдардан тұратын халқына қосқанына дән ризамыз! Барлығымыз да бауырластар сенім арта алатын адам болуымыз керек. Сүйіспеншілік, кішіпейілділік, парықтылық, шыншылдық және ұстамдылық қасиеттерін әрқайсысымыз танытсақ, бүкіл қауым бір-біріне сенім артатын болады. Әрине, біз бір әрекеттен-ақ сенімді адам болып қалмаймыз, бұл үнемі күш салуды талап етеді. Ендеше, Құдайымыз Ехобаға еліктеп, сенімді адам екенімізді дәлелдей берейік.
123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық
a Өзгелер бізге сенім артсын десек, алдымен сенімді адам екенімізді дәлелдеуіміз керек. Осы мақалада бір-бірімізге сенім артудың қаншалықты маңызды екенін және сенімді адам болуға қандай қасиеттер көмектесетінін қарастырамыз.
b Қауымдағы бір бауырластың ауыр күнә жасағанын білсек, оны ақсақалдардан көмек сұрауға талпындыруымыз керек. Ал егер ол бұдан бас тартса, рухани бағушыларға бұл жөнінде өзіміз барып айтуымыз керек. Себебі біз Ехобаға және қауымға адал болғымыз келеді.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Құпия сақталу керек мәселені қарастырған ақсақал үйіне келген соң ол жайлы ешкімге тіс жармады.