Оқырман сауалдары
Жер бетінде кімдер қайта тіріледі және олармен не болады?
Бұл сұрақтарға Киелі кітап қалай жауап беретінін қарастырайық.
Елшілердің істері 24:15-те “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетіні” айтылған. Бұл жердегі әділдердің қатарына қайтыс болғанға дейін Құдайға мойынсұнған адамдар жатады. Олардың есімдері өмір кітабына жазылған (Малх. 3:16). Ал әділетсіздерге тірі кездерінде Ехоба жайлы білім алуға жеткілікті мүмкіндіктері болмаған адамдар жатады. Олардың есімдері өмір кітабына жазылмаған.
Елшілердің істері 24:15-тегі екі топ Жохан 5:28, 29-да да айтылады. Ол жерде Иса “жақсылық жасағандар өмір сүру үшін, ал зұлымдық жасағандар сотталу үшін тірілетінін” айтқан. Әділдер — тірі кездерінде жақсылық жасағандар. Есімдері өмір кітабына жазылғандықтан, олар өмір сүру үшін қайта тіріледі. Ал әділетсіздер — қайтыс болғанға дейін зұлымдық жасағандар. Олар сотталу үшін тіріледі. Есімдері өмір кітабына әлі жазылмағандықтан, олар сынама мерзімнен өтеді. Сол уақыт аралығында оларға Ехоба жайлы білім алуға және есімдерін өмір кітабына түсіруге мүмкіндік беріледі.
Аян 20:12, 13-тен көретініміздей, қайта тірілгендердің барлығына “шиыршықта жазылғандарға” мойынсұну керек болады. Бұл шиыршықтар — жұмақта берілетін жаңа заңдар. Оған мойынсұнбайтындар жойылады (Ишая 65:20).
Даниял 12:2-де айтылып кеткендей, өлім ұйқысында жатқандардың “кейбірі мәңгі өмір сүру үшін, ал өзгелері масқара болып, мәңгілік бойы жеккөрінішпен еске алыну” үшін оянады. Бұл тармақта қайта тірілгендерге түбінде қандай шешім шығарылатыны айтылып тұр. Демек, мыңжылдықтың соңында кейбіреулеріне “мәңгілік өмір” берілсе, басқалары “мәңгілік бойы жеккөрінішпен еске алынады”, яғни мәңгілікке жойылады (Аян 20:15; 21:3, 4).
Мынадай бір мысал қарастырайық: қайта тірілетін екі топтың адамдары өзге елде тұрғысы келетін шетелдіктерге ұқсайды. Әділдер жұмыс визасы бар немесе сол елде тұрақты тұруға арналған визасы бар адамдар сияқты. Үкімет оларға қандай да бір шамада еркіндік пен құқықтар береді. Ал әділетсіздер уақытша тұруға арналған не қонақ визасын алған адамдар сияқты. Олар сол елдің тұрақты тұрғыны болғысы келсе, соған лайықты екендерін дәлелдеу керек. Дәл сол сияқты, қайта тірілген әділетсіздер де жұмақта қала бергілері келсе, Ехобаның заңдарымен өмір сүріп, әділ екендерін дәлелдеулері керек. Жалпы, шетелдіктер алғашында жаңа елге қандай визамен келмесін, түбінде сол елдің азаматтығын алуы не депортациялануы мүмкін. Бұл олардың жүріс-тұрыстары мен танытқан көзқарастарына байланысты болады. Сол сияқты, қайта тірілген барлық адамдардың жаңа дүниеде қалу-қалмауы олардың танытқан сенімдері мен іс-әрекеттеріне байланысты болады.
Ехоба — тек сүйіспеншіліктің Құдайы емес, әділдіктің де Құдайы (Мұс. 5-ж. 32:4; Зәб. 33:5). Ол сүйіспеншілігін әділдерді де, әділетсіздерді де тірілту арқылы көрсетеді. Ехоба олардан жоғары моральдық нормаларын ұстанады деп күтеді. Ехобаны сүйетін және оның нормаларын ұстанатын адамдарға ғана жаңа дүниеде өмір сүре беруге жол беріледі.