Оқырман сауалдары
“Мезгілінен бұрын туылғандай болдым” деп елші Пауыл нені айтқысы келген? (Қорынттықтарға 1-хат 15:8)
Қорынттықтарға 1-хат 15:8-де Пауыл: “Соңынан, мезгілінен бұрын туылғандай болған маған да көрінді”,— деген. Бұған дейін біз Пауыл мұнда Исаның көктегі салтанатын аян арқылы көргені жайлы айтса керек деп түсіндіріп келдік. Былайша айтқанда, Пауыл көктегі рухани әлемге мезгілінен бұрын қайта тірілгендей болды, өйткені майланғандар үшін көкке қайта тірілуге тек ғасырлар өте жол ашылған еді деп түсіндік. Бірақ тармақты зерттей келе, осыған қатысты түсінігімізді өзгерту керек деп шештік.
Бұл тармақта Пауыл мәсіхшілікке бет бұрған кезіне нұсқап тұрғаны рас. Ал ”мезгілінен бұрын туылғандай болдым” дегені нені білдіруі мүмкін? Қазір кейбір ойларды көрейік.
Пауылдың мәсіхшілікке бет бұруы кенеттен болды әрі оған ауыр соқты. Мезгілінен бұрын туылу — кенеттен болатын жайт. Саул (кейін Пауыл деп аталды) Дамаскідегі мәсіхшілерді қудалаймын деп бара жатқанда, жолда аян алып, қайта тірілген Мәсіхті көремін деп ойлаған жоқ. Пауылдың мәсіхшілікке бет бұруы өзіне ғана емес, Дамаскідегі бауырластар үшін де күтпеген жағдай болды. Сондай-ақ мәсіхшілікке бет бұру оған ауыр соқты, тіпті біраз уақытқа оның көзі көрмей қалды (Ел. іс. 9:1—9, 17—19).
Пауылдың мәсіхшілікке бет бұруы “беймезгіл шақта” болды. “Мезгілінен бұрын туылу” деген грек сөзі “беймезгіл уақытта туылу” деп те аударыла береді. “Иерусалимдік Киелі кітапта” бұл тармақ былай деп берілген: “Мен ешкім ойламаған уақытта туылғандай болдым” (“The Jerusalem Bible”). Пауыл мәсіхші болған шақта Иса көкке оралып қойған еді. Ал осы тармақтың алдында айтылып кеткен тармақтардағы мәсіхшілердің барлығы қайта тірілген Исаны көкке кетпей тұрып көріп қойған еді (Қор. 1-х. 15:4—8). Былайша айтқанда, елші Пауыл қайта тірілген Исаны ел қатарлы көрмеген еді. Бірақ Иса оған “беймезгіл шақта”, яғни ешкім ойламаған кезде көрінді.
Пауыл өзін төмен санағандықтан, осылай десе керек. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, Пауыл мұнда өзіне мін тағып, таптап тұрғандай. Бұл рас болса, демек, Пауыл өзін елші болуға лайықсыз санаған. Оның кейінгі тармақтарда айтқан сөздері осы оймен үйлеседі. “Мен елшілердің ең кішісімін, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі Құдай қауымын қудаладым. Бірақ Құдайдың рақымымен осындай дәрежеге ие болдым”,— деді ол (Қор. 1-х. 15:9, 10).
Қорытындылай кетсек, Пауыл бұл жерде Исаның өзіне кенеттен көрінгенін, ешкім күтпеген шақта мәсіхшілікке бет бұрғанын және осы керемет аянды алуға өзін лайықсыз санағаны жайлы айтса керек. Қай ойға меңзесе де, Пауыл өзімен болған бұл оқиғаны қымбат санаған. Соның арқасында Исаның қайта тірілгеніне оның толықтай көзі жеткен. Ол Исаның қайта тірілуі жайлы уағыздағанда осы оқиғаға көп рет сүйенгенінде дау жоқ (Ел. іс. 22:6—11; 26:13—18).