40-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Алған бағытынан таймаған Петірдей болыңыз!
“Ием, қасыңызда болуға лайық емеспін, себебі мен күнәкар адаммын” (ЛҰҚА 5:8).
38-ӘН Құдай саған күш береді
АҢДАТПА a
1. Исаның кереметін көргенде, Петір өзін қалай сезінді?
ПЕТІР түні бойы кірпік қақпай, бар күшін салса да, бірде бір балық аулай алмады. Бір кезде Иса: “Терең жерге жүзіп барып, суға ау салыңдар”,— деді (Лұқа 5:4). Бұдан түк шықпайды деп ойласа да, Петір Иса айтқандай істеді. Теңізге ау тастағаны сол-ақ екен, ол балыққа толып, тіпті жыртыла бастады. Петір мен қасындағылар Исаның таңғажайып керемет жасағанын түсінгенде, “қатты қайран қалды”. Сонда өзін түкке тұрғысыз сезініп кетсе керек, Петір Исаға жан даусымен: “Ием, қасыңызда болуға лайық емеспін, себебі мен күнәкар адаммын”,— деді (Лұқа 5:6—9).
2. Петірдің үлгісін қарастырғанымыз бізге несімен пайдалы?
2 Петірдің өзін “күнәкар адаммын” дегені өтірік емес еді. Жазбалардан оның талай рет ағат сөйлеп, қателік жіберіп, артынан өкінгенін білеміз. Сіз де кейде Петір сияқты күй кешесіз бе? Бәлкім, қандай да бір жаман мінезіңізбен не әлсіздігіңізбен күресіп жүрген шығарсыз. Мұндайда Петірдің үлгісі сізге жұбаныш беріп, жігеріңізді қайрайды. Неге? Ойлап қарасақ, Ехоба оның қателіктері жайлы Киелі кітапқа бекер жаздырмаған (Тім. 2-х. 3:16, 17). Біз сияқты пендешілікпен күрескен Петірдің оқиғасынан көп нәрсе түйеміз. Ехоба бізден кемелділікті күтпейді. Ол біздің кемшіліктеріміз болса да, тайсалмастан алға ұмтыла бергенімізді қалайды.
3. Неліктен алған бағытымыздан таймауымыз керек?
3 Неге біз еш берілмеуіміз керек? “Тайынбаған тауды жығады, тайсалмаған жауды жығады” деген сөз бар. Осы ойды ашатын мысал келтірейік. Музыкантқа қандай да бір аспапта шебер ойнауды үйренуге көп жыл керек. Талай рет нотадан мүлт кетсе де, ол жаттыға береді. Кейін сол аспаптың құлағында ойнауды үйренеді, бірақ ара-тұра бәрібір қателесіп қалады. Дегенмен қателестім деп, өнерін тастап кетпейді ғой. Қайта, әрі қарай шыңдала береді. Тап сол сияқты, өз-өзімізді игеріп, әлсіздігімізді жеңдік деген күннің өзінде ара-тұра оны қайталап қойып жатамыз. Сонда да жақсаруға тырыса беруіміз керек. Арамызда сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ, әрине. Бірақ алған бағытымыздан таймайтын болсақ, Ехоба жақсаруымызға көмектеседі (Пет. 1-х. 5:10). Қазір Петірдің қалай тайсалмағанына назар аударайық. Петірдің кемшіліктері болса да, Иса оған жанашырлық танытқан. Осыны білгеніміз бізді де Ехобаға қызмет ете беруге талпындырады.
ПЕТІРДІҢ ӨМІРІНДЕГІ КҮЙІНІШІ МЕН СҮЙІНІШІ
4. Лұқа 5:5—10 тармақтарда айтылғандай, Петір өзі жайлы не деді, бірақ Иса оған қалай сенім білдірді?
4 Петір әлгі жағдайда өзін не үшін “күнәкар адам” дегенін, қандай күнәсі жайлы айтқанын білмейміз (Лұқа 5:5—10 оқыңыз). Мүмкін, бұған дейін ол ауыр қателіктер жасаған болар. Сондықтан өзін түкке тұрғысыз сезініп, қорқып кеткен шығар. Иса оның қорқынышын сезді. Бірақ ол Петірдің ақырына дейін адал болып қала алатынын да білді. Сондықтан: “Қорықпа!”— деп, оны нығайтып қойды. Исаның сенім білдіргені Петірге қатты әсер етті. Сөйтіп, бауыры Әндір екеуі балық аулау кәсібін тастап, Мәсіхтің соңынан ерді. Осы шешімдері үшін Ехоба оларға керемет баталар төкті! (Мар. 1:16—18).
5. Петір қорқынышын жеңіп, Исаның соңынан ергенінің қандай жемісін көрді?
5 Петір Исаға ергеннің арқасында ғажап оқиғалардың куәсі болды. Аурулардың сауыққанын, жындардың қуылғанын, тіпті өлгендердің қайта тірілгенін көрді b (Мат. 8:14—17; Мар. 5:37, 41, 42). Бұған қоса, ол Исаның болашақтағы Патшалықта қандай ұлылыққа бөленетінін де көрді. Бұл аян оның өмірінде өшпес із қалдырды (Мар. 9:1—8; Пет. 2-х. 1:16—18). Осының бәрін көретіні оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар! Петір “кертартпа ойларға берілмегенім қандай жақсы болған, әйтпесе, осылардың бәрінен құр қалар едім!” деп қуанған шығар.
6. Петір әлсіздіктерінен бірден арылды ма? Түсіндіріңіз.
6 Исаның жанында жүріп қанша нәрсені көріп-естісе де, Петір бірден әлсіздіктерінен арыла қойған жоқ. Мысалы, Иса Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға сай азап шегіп, өлуі керектігін айтқанда, Петір қарсылық білдірді (Мар. 8:31—33). Басқа елшілермен қоса, ол да “арамызда ең ұлы кім” деп қайта-қайта дауласты (Мар. 9:33, 34). Ал Иса өлер алдындағы түні Петір алды-артын ойламастан бір кісінің құлағын шауып түсірді (Жох. 18:10). Дәл сол түні ол үрейге бой алдырып, Исадан бір емес, үш рет танды (Мар. 14:66—72). Сол үшін кейін өкіріп жылады (Мат. 26:75).
7. Қайта тірілген соң, Иса Петірге қандай мүмкіндік берді?
7 Петір мұңға батып жүргенде, Иса одан теріс айналмағанын көрсетті. Қайта тірілген соң, ол Петірге сүйіспеншілігін дәлелдеуге мүмкіндік беріп, тоқты-қозыларын бағуды тапсырды (Жох. 21:15—17). Петір бұл тапсырманы орындауға бар ықыласымен келісті. Сөйтіп, Елуінші күн мейрамында Иерусалимде алғаш киелі рухпен майланғандардың арасында болды.
8. Антиохияда Петір қандай үлкен қателік жіберді?
8 Петір майланған мәсіхші болғаннан кейін де, кемшіліктері бойынан жоқ болып кетпеді. Б.з. 36 жылы сүндеттелмеген басқа ұлттық Корнел Петірдің көзінше киелі рухпен майланды. Осылай “Құдайдың ешкімді алаламайтыны”, басқа ұлт адамдарының да мәсіхшілер қауымының мүшесі бола алатыны айқын көрінді (Ел. іс. 10:34, 44, 45). Сөйтіп, бұған дейін басқа ұлт адамдарымен ешқашан тамақтанып көрмеген Петір олармен емін-еркін дастарқандас болып жүрді (Ғал. 2:12). Бір кезде яһудилер мен басқа ұлт адамдары бірге тамақтанбауы керек дейтін кейбір мәсіхшілер Антиохияға келіп қалды. Сол яһуди мәсіхшілердің көңіліне қараған болса керек, Петір басқа ұлттық бауырластарымен бірге ас ішпей қойды. Сонда Пауыл оның осы екіжүзді қылығын бәрінің көзінше бетіне басып, айыптады (Ғал. 2:13, 14). Тағы да сүрініп қалса да, Петір еш мойымай, қызмет ете берді. Оған не көмек болды?
ПЕТІР НЕНІҢ АРҚАСЫНДА АЛҒАН БАҒЫТЫНЫН ТАЙМАДЫ?
9. Жохан 6:68, 69-дан Петірдің адалдығы қалай көрінеді?
9 Петір адал болған: ешкімге де, еш нәрсеге де қарамай, Исаның соңынан ере берген. Бірде шәкірттері Исаның не дегенін түсінбей қалғанда, Петірдің адалдығы көрінді (Жохан 6:68, 69 оқыңыз). Көбісі Исаның түсіндіргенін күтпей жатып, тіпті өздері де сұрамай, одан теріс айналып кетті. Ал Петір Исаның шәкірті болып қала берді. Өйткені “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер” Исада екенін жақсы білді.
10. Иса Петірден күдер үзбегенін қалай көрсетті? (Суретті де қараңыз.)
10 Қанша сүрінсе де, Иса Петірді тастап кеткен жоқ. Исаның жердегі өмірінің соңғы түнін алайықшы. Ол Петір мен басқа елшілерінің өзін тастап кететінін білген. Сонда да ол Петірдің өз ісіне өкінетініне, соңына дейін адал болып қалатынына сенім білдірді (Лұқа 22:31, 32). Ол “рух дайын, бірақ тән әлсіз” екенін жақсы түсінген (Мар. 14:38). Сондықтан Петір оны танымаймын деп жалтарса да, Иса одан күдер үзбеді. Қайта тірілген соң, оңашада болса керек, ол Петірге көрінді (Мар. 16:7; Лұқа 24:34; Қор. 1-х. 15:5). Қылған ісі үшін жанын жегідей жеп жүрген Петір осы кездесуден кейін көңілі орнығып, рухы көтеріліп қалған шығар.
11. Иса Ехоба қамқорлайтынына Петірдің көзін қалай жеткізді?
11 Иса Петірге Ехобаның оны қамқорлайтынын көрсетті. Қайта тірілген соң ол Петір мен басқа елшілеріне тағы бір керемет жасап, олар өте көп балық ұстады (Жох. 21:4—6). Осы кереметтен Петір Ехоба оның қажеттілігін қамдап, нан-сусыз қалдырмайтынын түсінді. Сол кезде Исаның “Құдай Патшалығын. . . әрдайым бірінші орынға қойсаңдар”, қалғанын Ехоба қамдайды деген сөздері ойына келген шығар (Мат. 6:33). Содан кейін Петір балық аулау кәсібіне емес, қызметіне басымдық беруді шешті. Б.з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында ол батыл уағыздап, мыңдаған адамның шындыққа келуіне көмектесті (Ел. іс. 2:14, 37—41). Кейін оның атсалысуымен көптеген самариялықтар мен басқа ұлт адамдары Мәсіхтің соңынан ерді (Ел. іс. 8:14—17; 10:44—48). Осылайша Ехоба Петірді қолданып, әртүрлі адамдарды қауымға қосты.
ПЕТІРДЕН НЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?
12. Петірдің оқиғасынан түсінгеніміздей, кемшілігімізбен талмай күресіп жүрсек нені ұмытпауымыз қажет?
12 Ехоба бізге де ақырына дейін адал болып қалуға көмектеседі. Бірақ кейде қанымызға әбден сіңіп кеткен кемшіліктермен күресіп-күресіп, жеңе алмайтындай сезінерміз. Тіпті жағдайымыз Петірдікінен де қиын көрінер. Бірақ Ехоба бізге беріспеуге күш береді (Зәб. 94:17—19). Мысалы, шындыққа келгенге дейін көп жыл бойы бір ер бауырлас гомосексуал болған. Ол азғын өмір салтын тастап, өзгерсе де, кейде оған жаман қалаулармен күресуге тура келеді екен. Оған еш берілмеуге не көмектесуде? “Ехоба маған күш береді. Оның рухының қолдауымен тура жолда жүре алатынымды түсіндім. . . Мен Ехобаға қызмет ете алатыныма қуанамын. Ол менің кем-кетігіме қарамай, әрдайым қолдап-демеп келеді”,— дейді ол.
13. Елшілердің істері 4:13, 29, 31-де жазылған Петірдің үлгісіне қалай еліктесек болады? (Суретті де қараңыз.)
13 Көргеніміздей Петір адамдардан қорыққандықтан бір емес, бірнеше рет қателіктер жіберді. Бірақ Ехобадан күш сұрап, дұға еткеннің арқасында батыл әрекет ете алды (Елшілердің істері 4:13, 29, 31 оқыңыз). Біз де қорқынышымызды жеңе аламыз. Германиядағы нацистік режим кезінде өмір сүрген Хорст бауырластың мысалына тоқталайық. Мектепте оқып жүргенде ол қыспаққа төтеп бере алмай, бірнеше рет “Хайль Гитлер!” деп айтып қояды. Бұл үшін ата-анасы оған ұрыспапты, қайта батылдық сұрап, Ехобаға бірге дұға етіпті. Сөйтіп ақыры ата-анасының көмегімен және Ехобаға арқа сүйегенінің арқасында Хорст адалдығынан таймай, берік тұра алды. Кейінірек ол: “Ехоба мені ешқашан тастаған емес”,— деді c.
14. Сағы сынған бауырластарға бақташылар қалай көмектесе алады?
14 Ехоба мен Иса бізден күдер үзбейді. Мәсіхтен танған соң, Петір шешуші сәт алдында тұрды. Ол бәрін тастай сала ма, әлде Мәсіхтің шәкірті болып қала бере ме? Иса Петірдің “сенімі әлсіремесін” деп ол үшін Ехобаға жалбарынған болатын. Ол осылай дұға еткені жайлы Петірге айтты да, кейін оның бауырластарын нығайтатынына сенімділік білдірді (Лұқа 22:31, 32). Петір Исаның осы сөздерін есіне түсіріп, бойына қайтадан сенімділік ұялаған шығар. Біз де Петір сияқты шешуші сәт алдында тұрсақ, Ехоба бізге қамқор бақташыларын жіберуі мүмкін. Олар адал болып қала алатынымызға сендіріп, көңілімізді орнықтырады (Ефес. 4:8, 11). Көп жылдан бері ақсақал болып жүрген Пол бауырластарға осындай көмек көрсетіп келеді. Ол сағы сынған бауырластармен сөйлесіп, Ехобаның оларды алғаш рет шындыққа жақындатып тартқан кезін естеріне салады екен. Кейін Ехоба оларды айнымас сүйіспеншілігімен жақсы көретініне, олардан оңайлықпен бас тартпайтынына сендіреді екен. “Мен жігері жасыған талай бауырластың Ехобаның көмегін алып, бойларына қайтадан күш біткенін көрдім”,— дейді ол.
15. Петір мен Хорсттың оқиғасы Матай 6:33-тегі сөздерді қалай растайды?
15 Ехоба Петір мен өзге елшілерді қамқорлағандай, Патшалықты бірінші орынға қойсақ, бізді де қажетімізбен қамдайды (Мат. 6:33). Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, әлгі Хорст бауырласымыз ізашарлық қызметті бастауды ойлап жүреді. Бірақ ол өте кедей тұрғандықтан, уақытымды түгел қызметке арнасам, өзімді асырай алмай қаламын ғой деп уайымдайды. Бірақ ол Ехобаның қамқорлығына көз жеткізгісі келді. Сөйтіп, ол аудандық бақылаушының сапарында бір апта бойы бас алмай қызмет етті. Аптаның соңында аудандық бақылаушы кімнен екенін айтпай, Хорстқа конверт ұстатады. Ашса, бірнеше ай бойы алаңсыз ізашар болып қызмет етуге жететін ақша бар екен. Хорст бауырлас үшін бұл Ехоба оны қамқорлай алатынына дәлел болды. Осыдан кейін ол өмір бойы “Патшалықты бірінші орынға қойып” өтті (Малх. 3:10).
16. Петірдің үлгісі мен хаттарын қарастырғанымыз бізге неліктен пайдалы?
16 Петір “Ием қасыңызда тұруға лайық емеспін” дегенде, Иса оны тастап кетпеді. Кейін Петір соған қатты қуанған шығар. Исаның оны үйретіп тәлім бергенінің арқасында ол адал елші болып, өмірі өнегеге толы болды. Исаның берген сол тәлімінен біздің де түйіп алар сабағымыз көп. Петір осы білген-түйген ойларын өзінің қауымдарға жазған екі хатында айтып кеткен. Келесі мақалада сол хаттардағы ақыл-кеңестердің кейбірін еске түсіріп, іс жүзінде орындауды үйренеміз.
126-ӘН Сақ жүріп, аяғыңды нық бас
a Бұл мақаланың мақсаты — әлсіздіктерімен күресіп жүргендерді күресте жеңіп, алған бағытынан таймай Ехобаға адал қызмет ете алатынына сенімділік ұялату.
b Мақаладағы тармақтардың көбісі Марқа жазған ізгі хабардан алынған. Ол Петірден, яғни болған оқиғаларды өз көзімен көрген адамнан, естігенін жазған көрінеді.
c Хорст Хеншель бауырластың “Отбасымның адалдығы мені алға жетеледі” деген өмірбаянын “Ояныңдар!” (ор.) журналынан оқи аласыз (1998 жыл, 22 ақпан).
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Болған оқиғаны бейнелейтін суретте ата-анасы Хорст Хеншельмен бірге дұға етіп, адалдығынан таймауға көмектесіп жатыр.