Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

38-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жастар, алдағы өмірлерің қандай болады?

Жастар, алдағы өмірлерің қандай болады?

“Парықтылық сені қорғайды” (НАҚ. С. 2:11).

135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”

АҢДАТПА a

1. Жоғас, Ұзиях, Жосияның қандай ортақ қиындығы болды?

 ЕЛЕСТЕТІП көрші, сен — жас баласың, сені бүкіл Құдай халқына патша етіп қойды! Қолыңдағы күш пен билікті қалай қолданасың? Ежелде кейбір ер кісілер бозбала шағында Яһуда еліне патша болып тағайындалған. Мысалы, Жоғас небәрі 7 жасында, Ұзиях 16 жасында, ал Жосия 8 жасында патша болды. Олар бұл істі қалай атқарамын деп қатты уайымдаған шығар! Бірақ Ехоба мен қасындағы адамдар оларды көмексіз қалдырған жоқ.

2. Жоғас, Ұзиях, Жосияның мысалдарын неге қарастырғалы жатырмыз?

2 Біз осы үшеуі сияқты патша не патшайым болмасақ та, олардың өмірінен құнды сабақ ала аламыз. Олар дұрыс та, бұрыс та шешімдер қабылдаған. Солардың өмірін қарастыра отырып, біз жақсы ортаның, кішіпейіл болып қалудың және Ехобаны іздей берудің қаншалықты маңызды екенін білеміз.

ЖАҚСЫ ДОСТАР ТАП

Жақсы достардың ақылын тыңдап, Жоғастың жақсысынан үйрене аласың (3, 7-абзацтарды қара) c

3. Жоғас Еходайдың тәлім-тәрбиесін қалай қабылдады?

3 Жоғастың жақсысынан үйрен. Жоғас патша жас кезінде жақсы шешімдер қабылдаған. Өзінің әкесі жоқ болса да, ол бас діни қызметкер Еходайдың тәлім-тәрбиесін тыңдап өскен. Еходай Жоғасқа өз баласындай қарап, Ехоба туралы үйреткен. Соның арқасында Жоғас таза ғибадатты алға жылжытып, Ехобаға қызмет еткен. Ол тіпті Ехобаның ғибадатханасын қайта қалпына келтіруді қолға алған (Шеж. 2-ж. 24:1, 2, 4, 13, 14).

4. Ехобаның өсиеттерін қазынадай бағаласақ, қандай пайдасын көреміз? (Нақыл сөздер 2:1, 10—12)

4 Егер ата-анаң не басқа біреу саған Ехоба жайлы, оның өсиеттері жайлы үйретіп жүрсе, бұны бағалағаның жөн, өйткені бұл — қымбат сый (Нақыл сөздер 2:1, 10—12 оқы). Ата-анаң саған әртүрлі жолмен тәлім беруі мүмкін. Мысалы, Катяның әкесі мектепке барар жолда қызымен күнделікті тармақты талқылайды екен. Катя былай дейді: “Осылай әңгімелескеннің арқасында мен сол күні туындаған жағдайларда дұрыс әрекет ете аламын”. Ал егер ата-анаңның Киелі кітапқа негіздеп қойған талаптары еркіндігіңді шектеп жатқандай көрінсе ше? Ата-анаңның тілін алуға не көмек болуы мүмкін? Мысалы, Анастасияның ата-анасы ережелерді не үшін орнатқанын түсіндіріп береді екен. “Мен ата-анам қатал болғандықтан емес, мені сүйгендіктен, қорғағысы келгендіктен шектеулер қоятынын түсіндім”,— дейді ол.

5. Сенің әрекеттерің ата-анаң мен Ехобаға қалай әсер етеді? (Нақыл сөздер 22:6; 23:15, 24, 25)

5 Жазбалардан берген кеңесін қолданар болсаң, ата-анаңды қуантасың. Ал ең бастысы, Ехобаны қуантасың және онымен достығың нығая береді (Нақыл сөздер 22:6; 23: 15, 24, 25 оқы). Жоғастың жас кезінен үлгі алғаның саған барлық жағынан пайдалы екенімен келісесің бе?

6. Жоғас кімдерді тыңдап кетті және бұл неге әкеп соқты? (Шежірелер 2-жазба 24:17, 18)

6 Жоғастың жаманынан жирен. Еходай көз жұмған соң, Жоғас жаман ортамен араласып, Ехобаны сүймейтін Яһуда бекзадаларына еріп кетті (Шежірелер 2-жазба 24:17, 18 оқы). Басын пәлеге ұшырататын сол кісілерден аулақ болудың орнына, солардың айтқанымен жүрді (Нақ. с. 1:10). Ал өзінің жақын туысы Зәкәрия келіп жөнге салғанда, Жоғас оны тыңдаудың орнына өлтіртіп тастады (Шеж. 2-ж. 24:20, 21; Мат. 23:35). Неткен сорақылық, неткен ессіздік! Жоғас жастайынан өмірін тәп-тәуір бастап келе жатқан еді. Бірақ кейін Ехобаның жолынан тайып кетті, тіпті қолын қанға малыды! Ақыр аяғында ол өз қызметшілерінің қолынан өлді (Шеж. 2-ж. 24:22—25). Әттең, ол Ехоба мен оны сүйетін адамдарды тыңдағанда ғой, өмірі бұлай аяқталмас еді! Жоғастың қателігін қайталамас үшін не істесең болады?

7. Достарды қалай таңдау керек? (Суретті де қара.)

7 Жоғастың оқиғасынан не түйдік? Біз өзімізге жақсы ықпал ететін адамдармен достасуымыз керек, яғни Ехобаны жақсы көретін, оның көңілінен шыққысы келетін адамдармен. Бірақ досты тек өз қатарластарымыздан іздеуіміз керек деп ойламайық. Мәселен, Жоғастың досы Еходай одан анағұрлым үлкен болған. Достарың жайлы былай деп ойланып көрсең болады: “Олармен араласқанда Ехобаға деген сенімім өсе ме? Олар мені Ехобаның нормаларымен өмір сүруге талпындыра ма? Ехоба жайлы және оның керемет шындықтары жайлы айта ма? Құдайдың нормаларын құрметтеп, ұстана ма? Қате бағыт алып бара жатсам, құлағыма жағатын сөзді айта ма, әлде батыл түзете ме?” (Нақ. с. 27:5, 6, 17). Турасын айтар болсақ, Ехобаны сүймейтін достардың саған керегі жоқ. Ал Ехобаны сүйетін достарыңнан еш айырылма, өйткені олардың саған берері мол (Нақ. с. 13:20).

8. Әлеуметтік желіні пайдаланғанда, нені ескерген жөн?

8 Әлеуметтік желі — отбасымыздан, достарымыздан хабар алып тұруға таптырмас құрал. Бірақ бүгінде оны көбісі не сатып алғанын, не істеп, не қойғанын көрсетіп, жұртты таңғалдыру үшін пайдаланады. Сен де әлеуметтік желіні пайдалансаң, былай ойланып көр: “Мен өзгелерге өзімді көрсетіп, таңғалдырғым келе ме? Сурет не видео салғандағы мақсатым өзгелерді жігерлендіру ме, әлде өзіме назар аудару ма? Желідегі адамдардың көзқарасы, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы маған кері ықпал етіп жатқан жоқ па?” Басқарушы кеңестің мүшесі болған Нейтан Норрдың айтқан жақсы бір кеңесі бар: “Жұртқа жағамын деп әуре болмай-ақ қой. Түбінде бәрібір ешкімге жақпайсың. Қайта, Ехобаға жағуға тырыс. Сонда оны жақсы көретін адамдардың да көңілінен шығасың”.

КІШІПЕЙІЛДІЛІКТЕН АЙНЫМА

9. Ехобаның қолдауымен Ұзиях не істеді? (Шежірелер 2-жазба 26:1—5)

9 Ұзияхтың жақсысынан үйрен. Ұзиях жас кезінде кішіпейіл болған. Ол “шынайы Құдайдан қорқуды үйренген”. 68 жылдық өмірінің басым бөлігінде Ехоба оған жар болып жүрді (Шежірелер 2-жазба 26:1—5 оқыңыз). Ұзиях көп дұшпандарын ойсырата жеңіп, Исраилдің қорғаныс күшін нығайтты (Шеж. 2-ж. 26:6—15). Ехобаның қолдауымен ол осыншама көп іс атқарғанына қуанса керек (Уағ. 3:12, 13).

10. Ұзияхтың өмірі қалай аяқталды?

10 Ұзияхтың жаманынан жирен. Ұзиях қол астындағылар айтқанын екі етпей орындайтынына үйреніп қалған еді. Сондықтан ол “маған қалағанымның бәрін істеуге болады” деп ойлап кеткен шығар. Сөйтіп, ол патшаларға рұқсат етілмесе де, еркінсіп ғибадатханаға кіріп, хош иісті затты түтетпек болды (Шеж. 2-ж. 26:16—18). Жоғарғы діни қызметкер Азариях оны тоқтатпақ болғанда, ол ашуланып, ызаға булықты. Өкінішке қарай, ол қасықтап жинаған абыройын шелектеп төгіп, адалдығынан аттап кетті. Ехоба оны жазалап, алапеске шалдықтырды (Шеж. 2-ж. 26:19—21). Ол кішіпейіл болып қала бергенде ғой, осындай мүшкіл халге душар болмас еді!

Жетістіктерімізге мақтанбай, Ехобаға ризашылық білдірейік (11-абзацты қара) d

11. Біздің кішіпейілділігіміз неден көрінеді? (Суретті де қара.)

11 Ұзиях дүркіреп тұрған шағында, барлық жетістігі Ехобадан екенін ұмытып кетті. Осыдан сабақ алып, өмірімізде не қызметімізде алған баталардың барлығы Ехобаның арқасында екенін естен шығармайық. Жетістіктерімізге мақтанбай, Ехобаға ризашылық білдірейік b (Қор. 1-х. 4:7). Біз кішіпейіл болып, кемелсіз екенімізді, қателіктер жіберетінімізді мойындауымыз қажет. Жасы 60-тардағы бір ер бауырлас былай дейді: “Мен әлдеқандай болып, өзім туралы көп ойламауды үйрендім. Өзгелер қателігімді байқап, түзетіп жатса, көңіліме алмаймын. Қайта, жақсарып, алға ұмтыла беремін”. Расымен де, Ехобаның алдында қастерлі қорқынышымыз болса және өзімізді кіші тұтсақ, өміріміз көркейе түседі (Нақ. с. 22:4).

ЕХОБАНЫ ІЗДЕЙ БЕР

12. Жосия жас кезінде Ехобаны қалай іздеді? (Шежірелер 2-жазба 34:1—3)

12 Жосияның жақсысынан үйрен. Жосия жасөспірім шағында Ехобаны іздей бастады. Ол Ехоба жайлы білім алып, еркін орындағысы келді. Бірақ бұл оған оңай болған жоқ: өзі жап-жас патша еді, ал елде жалған ғибадат күшіне мініп тұрды. Бірақ ол таза ғибадат үшін батыл күресті! 20-ға толмай жатып-ақ ол елдегі пұтқа табынушылықты жоя бастады (Шежірелер 2-жазба 34:1—3 оқыңыз).

13. Ехобаға бағышталғаның өміріңе қалай әсер етеді?

13 Уылжыған жас болсаң да, Жосия сияқты сен де Ехобаны іздеп, оның көркем қасиеттері жайлы біле аласың. Бұл сені үлкен қадам жасап, Ехобаға бағышталуға талпындырады. Бағышталған соң өмірің қалай өзгереді? 14 жасында шомылдыру рәсімінен өткен Лука былай дейді: “Енді менің өмірдегі басты мақсатым — Ехобаға қызмет ету және оны қуанту” (Мар. 12:30). Сен де осылай етуді қаласаң, алда сені зор баталар күтіп тұр!

14. Жосияға еліктеп жүрген жастарды мысалға келтір.

14 Ехобаның жас қызметшілерінің адалдығы қалай сыналып жатыр? 12 жасында шомылдыру рәсімінен өткен Йоханды алайық. Сыныптастары оған вейпті, яғни электронды темекіні “шегіп көр” деп қоймай ұсына береді екен. Оларға беріліп қалмас үшін Йохан не істейді? Ол вейпті шексем, денсаулығымды құртамын, Ехобамен қарым-қатынасым да бұзылады деп ойланады екен. 14 жасында шомылдыру рәсімінен өткен Рахила да мектептегі қиындықтарға қалай төтеп беретінін айтып берді. “Мен кез келген нәрсені рухани тақырыппен байланыстыруға тырысамын. Мысалы, тарих пәнін оқығанда Киелі кітаптағы оқиғаларды, пайғамбарлықтарды есіме аламын. Мектепте біреумен сөйлесіп қалсам, оған қандай тармақ оқып берсем екен деп ойланамын”,— дейді ол. Аяулы жастар, сендердің жағдайларың Жосиянікінен өзгеше болса да, оның даналығы мен адалдығына еліктей аласыңдар. Жастайларыңнан қиындықтан өтіп үйренсеңдер, ересек өмірге дайын боласыңдар.

15. Жосияға Ехобаға адал қызмет етуге не көмектесті? (Шежірелер 2-жазба 34:14, 18—21)

15 Есейген соң Жосия патша ғибадатханаға жөндеу жұмыстарын жасатты. Сол жұмыстардың барысында “Мұса арқылы берілген Ехобаның Заң кітабы” табылды. Жосия патша сондағы сөздерді естігенде, бірден әрекетке кірісті (Шежірелер 2-жазба 34:14, 18—21 оқыңыз). Ал сен ше, Киелі кітапты күнде-күнде оқығың келе ме? Соған тырысып жүрген болсаң, қалай болып жатыр? Өзіңе пайдалы болатын тармақтарды бір жерге жинап жүрсің бе? Бағана сөзі келтірілген Лука бір дәптер арнап, қызықты ойларды жазып жүреді екен. Сен де өзіңе ұнайтын тармақтар мен ойларды түртіп алып жүрсең, кейін оны есіңе түсіру оңай болады. Киелі кітапты тереңірек біліп, сүйіп оқыған сайын, Ехобаға қызмет етуге деген ықыласың арта түседі. Киелі жазбалар Жосияны талпындырғанындай, сені де әрекетке талпындырсын.

16. Жосия неден мүлт кетті және біз оның қателігінен қандай сабақ аламыз?

16 Жосияның жаманынан жирен. 39-ға келгенде Жосия Ехобадан ақыл сұрамай, өз бетінше әрекет етті. Осының кесірінен тіпті өмірінен айырылып қалды (Шеж. 2-ж. 35:20—25). Бұдан маңызды сабақ аламыз: қанша жаста болсақ та, Киелі кітапты қашаннан бері зерттеп жүрсек те, Ехобаны әрі қарай да іздей беруіміз керек. Ал Ехобаны іздеу деген оның ақыл-кеңесіне жүгініп, Сөзін зерттеп, толысқан бауырластардың айтқанын тыңдауды білдіреді. Сонда сан соқтыратын қателіктерден аулақ болып, қуанышты өмір кешеміз (Жақ. 1:25).

БОЛАШАҒЫҢНЫҢ ЖАРҚЫН БОЛУЫ ӨЗ ҚОЛЫҢДА

17. Үш патшаның оқиғасынан қандай түйін жасаймыз?

17 Жастық шақ — керемет мүмкіндіктерге толы кез. Жоғас, Ұзиях, Жосия патшалардың оқиғаларынан жастар дұрыс шешім қабылдап, Ехобаға ұнамды жолмен жүре алатындарын көрдік. Рас, бұл патшалар кейіннен қателесіп, соның зардабын тартты. Бірақ жастар олардың тек жақсысынан үйреніп, қателіктерін қайталамаса, бақытты ғұмыр кеше алады.

Дәуіт жастайынан Ехобаға жақындады. Осылай Ехобаның ықыласына бөленіп, жақсы өмір кешті (18-абзацты қара)

18. Бақытты ғұмыр кеше алатыныңа Киелі кітапта қандай мысалдар бар? (Суретті де қара.)

18 Жазбаларда жас кезінде Ехобамен достасып, ықыласына бөленіп, өмір бойы баянды ғұмыр кешкен жастардың үлгілері де бар. Солардың бірі — Дәуіт. Ол бозбала шағынан Ехобамен дос болып, кейін адал патша болды. Рас, оның қателескен кездері де болды. Бірақ Ехоба оны, жалпы алғанда, өзіне адал адам деп тапты (Пат. 1-ж. 3:6; 9:4, 5; 14:8). Оның өмірін, қалдырған өнегесін зерттесең, бұл саған Ехобаға адал болуға талпыныс береді. Марқа, Тімөте жайлы да зерттеуді мақсат етсең болады. Олар жастайынан Ехобаға қызмет етіп, соңына дейін адалдықтарынан таймаған. Осылай өздерін де, Ехобаны да қуанышқа бөлеген.

19. Сен қандай өмір кешесің?

19 Болашағыңның қандай болатыны қазір не істеп жатқаныңа байланысты. Егер өз ақылыңа емес, Ехобаға сенім артсаң, ол сені әрдайым дұрыс жолға бағыттайды (Нақ. с. 20:24). Сонда алдағы өмірің нағыз бақытты өмір болады. Есіңде болсын, Ехоба үшін істеп жатқандарыңды ол қатты бағалайды. Осындай мейірімді Әкемізге қызмет етуден артық өмір жолы бар ма?!

144-ӘН Зор сыйға назар тігейік

a Жастар, Ехоба сендерге дұрыс әрекет етіп, онымен достықтарыңды сақтап қалу кейде қиын екенін біледі. Оған ұнамды шешім қабылдауды қалай үйренсеңдер болады? Бұл үшін бозбала шағында таққа отырған үш Яһуда патшасы жайлы және олардан қандай сабақ алатынымызды қарастырамыз.

b jw.org сайтындағы “Әлеуметтік желіде танымал болу соншалықты маңызды ма?” деген мақаладан “Білдіртпей мақтану” атты қоршауды қара.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Толысқан әйел бауырлас жас қыз бауырласқа ақылын айтып жатыр.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Конгресте сұхбат берер алдында қыз бауырлас Ехобаға сенім артып, кейін бар мадақты оған жолдап жатыр.