39-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Жұмсақтығыңызбен мықты болыңыз
“Иеміздің құлы жанжалдаспау керек. Ол бәріне мейірбан. . . болу керек” (ТІМ. 2-Х. 2:24).
120-ӘН Мәсіх сияқты жұмсақ болыңдар
АҢДАТПА a
1. Жұмыста не оқу орнында бізге қандай сұрақтар қойып қалуы мүмкін?
ӘРІПТЕСІҢІЗ я сыныптасыңыз сізге сеніміңіз жайлы сұрақтар қоя бастаса, не сезінесіз? Көбіміз біршама қобалжып қалатынымыз рас. Бірақ осындай сұрақтың арқасында біз адамның ой-пікірін, наным-сенімін біліп, оған жақсы куәлік бере аламыз. Ал кей жағдайларда адамдар бізге қарсы шығып, дауласқысы келіп сұрақтар қоюы мүмкін. Біз бұған таңғалмаймыз, себебі Ехоба куәгерлері туралы көбісі қауесет сөздерді естіп алған (Ел. іс. 28:22). Оның үстіне, бәріміз білетіндей, “соңғы күндері” адамдар “ымыраға келмейтін”, тіпті “бұзақы” болып кеткен (Тім. 2-х. 3:1, 3).
2. Неліктен жұмсақтық қасиетін танытқан жақсы?
2 Адам сеніміңізге бола сізбен айтысқысы келіп тұрғандай көрінсе, қалай әдептен озбай, сыпайылық сақтай аласыз? Мұндайда сізге жұмсақтық қасиеті көмек болады. Жұмсақ адам өзгелер қитығына тигенде немесе қалай жауап берерін білмегенде, ашуға берілмей сабыр сақтайды (Нақ. с. 16:32). Бірақ жұмсақ болу әр кезде оңай бола бермейді. Жұмсақтық қасиетін қалай дамыта аласыз? Адам сеніміңіз жайлы сөз таластырғысы келсе, қалай жұмсақ жауап бере аласыз? Ал ата-ана болсаңыз, балаңызға сенімін қорғағанда жұмсақ сөйлеуді қалай үйрете аласыз? Келіңіздер, жауабын білейік.
ЖҰМСАҚ БОЛУДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНЕ АЛАМЫЗ?
3. Жұмсақтық неліктен әлсіздіктің емес, мықтылықтың белгісі? (Тімөтеге 2-хат 2:24, 25)
3 Жұмсақтық — әлсіздіктің емес, күштіліктің белгісі. Арандататын жағдайда өз-өзін ұстап, сабыр сақтау үшін адамның рухы мықты болу керек. Жұмсақтық “киелі рухтың жемісіне” кіреді (Ғал. 5:22, 23). “Жұмсақтық” деп аударылған грек сөзі қолға үйретілген асау атқа қатысты да қолданылған. Асау ат жуасығанымен, оның күші ешқайда да кетпейді ғой. Сол сияқты біз де жұмсақ болуды үйренсек, мықты бола түсеміз. Бірақ бұл қасиетті өз күшімізбен дамыта алмаймыз. Біз Ехобадан киелі рух сұрап, осы көркем қасиетті дамытуға көмектесуін өтінуіміз керек. Көп бауырлас жұмсақ болуды үйреніп, жанжалдасқысы келген адамдарға мейіріммен жауап бере алған. Соның арқасында сырттан бақылап тұрған адамдар Куәгерлер жайлы жақсы пікірде қалған (Тімөтеге 2-хат 2:24, 25 оқыңыз). Ендеше жұмсақ болуды қалай үйренсек болады?
4. Ысқақтың жұмсақтығынан не үйренеміз?
4 Киелі кітапта жұмсақ болудың маңыздылығын көрсететін оқиғалар көп. Мысалы, Ысқақты алайық. Ол отбасымен філістірлердің Герар қаласында тып-тыныш өмір сүріп жатқанда, філістірлер оны көре алмай, әкесі қаздырған құдықтардың бәрін топырақпен көміп тастайды. Сол кезде ол құқығын алға тартып, ерегісіп жатпады. Отбасын алып, басқа жаққа көшіп кетті де, сол жақтан өзіне құдық қазып алды (Мұс. 1-ж. 26:12—18). Бірақ әлгі філістірлер бұл құдық та біздікі деп шықты. Бұл кезде де Ысқақ татулық сақтады (Мұс. 1-ж. 26:19—25). Філістірлер ұрыс-жанжал шақырып тұрса да, ненің арқасында Ысқақ жұмсақтығынан айнымады? Ол жұмсақ болуды ымырашыл әкесі мен “биязы да жұмсақ” мінезді анасынан үйренді (Пет. 1-х. 3:4—6; Мұс. 1-ж. 21:22—34).
5. Ата-аналар балаларына жұмсақтықтың маңыздылығын үйрете алатынына мысал келтіріңіз.
5 Ата-аналар, сіздер де балаларыңыздың бойына жұмсақтық қасиетін сіңіре аласыздар. Бұған он жеті жасар Максенстің мысалы дәлел. Ол мектепте және қызметте қызба адамдармен жиі ұшырасатын. Сондықтан ата-анасы көп күш салып, оған жұмсақ болуды үйретеді. “Тиісіп тұрған адамға ашуланып, жұдырығыңды жұмсай салу оп-оңай. Бірақ ашуға берілмей, өз-өзіңді ұстай білу тек рухы мықты адамның ғана қолынан келеді. Біз осыны ұлымыздың санасына барынша құюға тырыстық”,— дейді ата-анасы. Осылай Максенс жұмсақтыққа үйренді.
6. Жұмсақтық қасиетін жетілдіре беруге дұға қалай көмектеседі?
6 Адам ашуымызға тиіп жатса, айталық Құдайдың есіміне, Киелі кітапқа тіл тигізсе, не істейміз? Бұл кісіге жұмсақ жауап берейінші деп Ехобадан киелі рух пен даналық сұрасақ болады. Ал кейін ойлана келе “ол кісіге одан да жұмсақ жауап беруге болар еді” деген тұжырымға келсек ше? Онда Ехобаға тағы дұға етіп, “келесі жолы жақсырақ жауап беру үшін не істесем болады” деп ойланыңыз. Сонда Ехоба сізге киелі рухымен күш беріп, ашуыңызды тізгіндеуге және жұмсақтығыңыздан айнымауға көмектеседі.
7. Белгілі бір жазба орындарын жаттап алғанымыз ұстамды болуға қалай көмектеседі? (Нақыл сөздер 15:1, 18)
7 Осындай шиеленісті жағдайларда бізге аңдап сөйлеуге Киелі кітаптағы тармақтар көмектеседі. Ал оны есімізге түсіретін — киелі рух (Жох. 14:26). Мысалы, Нақыл сөздер кітабында биязы жауап беруге көмектесетін көп принциптер бар (Нақыл сөздер 15:1, 18 оқыңыз). Сондай-ақ онда байыппен сөйлеп, сабыр сақтаудың пайдасы жайлы да айтылады (Нақ. с. 10:19; 17:27; 21:23; 25:15).
ЖҰМСАҚ БОЛУ ҮШІН ТЕРЕҢ ТҮСІНІК ҚАЖЕТ
8. Адамның сұрағының астарында жатқан нәрсе жайлы неге ойланған дұрыс?
8 Терең түсініктің де пайдасы зор (Нақ. с. 19:11). Адам сенімімізді дауға салып жатқанда, осы қасиет биязы жауап беруге көмектеседі. Неге? Өйткені кейде адамның қойған сұрағы айсбергтің ұшы іспетті. Айсбергтің басым бөлігі судың астында жатқанындай, біз де адамның сол сұрағының астарында жатқан түпкі ойын, уайымы мен ниетін көрмей тұрған болуымыз мүмкін. Осыны түсіне білгеніміз абзал (Нақ. с. 16:23).
9. Гедеон ефремдіктерге қалай түсінікпен қарап, жұмсақтық танытты?
9 Гедеонның қалай терең түсінік танытқанын қарастырайықшы. Бірде ефремдіктер оған келіп, дұшпандарымызбен шайқасуға неге бізді ертпедің деп шу шығарады. Олардың байбалам салып келуінің түпкі себебі не болды екен? Бәлкім, олар намысы тапталғандай сезінген шығар? Не болса да, Гедеон олардың сезімдерін түсінуге тырысып, жұмсақ жауап берді. Сонда әлгілердің ашуы су сепкендей басыла қалды (Би. 8:1—3).
10. Сеніміңізді сынға алған адамға дұрыс жауап беруге сізге не көмектеседі? (Петірдің 1-хаты 3:15)
10 Бірге оқитын не жұмыс істейтін адам бізге Киелі кітап талаптарына сай өмір сүретінімізге қатысты сын айтуы мүмкін. Сол кезде сенімімізді қорғаумен қатар, адамның пікірін де құрметтей білуіміз керек (Петірдің 1-хаты 3:15 оқыңыз). Оның сұрағын “маған тиіскісі не айыптағысы келіп тұр” деп емес, қайта, оны не мазалайтынын, оған не маңызды екенін білудің мүмкіндігі деп қабылдаңыз. Мейлі, түпкі ниеті қандай болса да, оған ілтипатпен, жұмсақ жауап беріңіз. Сонда ол артынан ойланып, пікірін өзгертуі мүмкін. Тіпті адам мысқылдап я дөрекі сөйлеп тұрса да, оған жұмсақ қалпымыздан айнымай жауап берейік (Рим. 12:17).
11, 12. а) Қиын сұраққа жауап бермес бұрын нені ескергеніміз жөн? (Суретті де қараңыз.) ә) Адамның сұрақ қойғаны жақсы әңгімеге ұласуы мүмкін бе? Мысал келтіріңіз.
11 Айталық, әріптесіңіз сізге келіп: “Осы сен неге туған күн тойламайсың?”— деп сұрайды. Ойланып көрейікші, бұл сұрағының астарында не жатуы мүмкін? Мүмкін, ол “Куәгерлер мүлдем көңіл көтермей ме?” деп ойлап тұрған шығар. Я болмаса сіздің бөлектенгеніңіз ұжымның көңіл-күйіне кері әсер етеді деп уайымдайтын шығар. Сондықтан оның үнемі әріптестерінің қамын ойлап жүретініне ризашылық білдірсеңіз болады. Сіз де ұжымның ойнап-күліп жұмыс істегенін қалайтыныңызды айтып, көңілін орнықтырып қойсаңыз болатын шығар. Бәлкім, осыдан кейін оған Киелі кітаптан туған күн туралы емін-еркін айтып бере аларсыз.
12 Көптің талқысына түскен мәселелерге келгенде де, осы әдісті қолдансақ болады. Мысалы, сыныптасың саған “Ехоба куәгерлерінің гомосексуализмге деген көзқарасы дұрыс емес” деп наразылық білдіретін шығар. Оның бұлай ойлауына не себеп болуы мүмкін? Ол Ехоба куәгерлерінің гомосексуализмге қатысты көзқарасын дұрыс түсінбейтін шығар. Немесе осындай өмір салтын таңдаған досы я жақын туысы бар шығар. Сондай жолды таңдаған адамдарды Куәгерлер жек көреді деп ойлап қалған болар. Осыны ескере отырып, оған Ехоба куәгерлері барлық адамды сүйетінін және әркімнің таңдау еркіндігін құрметтейтінін айтып сендірсең болады b (Пет. 1-х. 2:17). Содан соң, мүмкіндік туып жатса, Киелі кітаптағы моральдық нормаларды ұстанудың пайдасы жайлы түсіндіріп берерсің.
13. Құдайға сенуді ақымақтық санайтын адамға қалай көмектессең болады?
13 Адам бізбен еш келіспей, пікірінде қатып тұрса, “түсіндім, демек, ол мынаған сенеді” деп сыртынан тон пішуге асықпайық (Тит. 3:2). Мысалы, сыныптасың саған “Құдайға сену ақымақтық” десе, бұл оның эволюцияға сенетінін, сол жайлы бәрін білетінін білдіре ме? Бұлай болмауы да мүмкін. Ол жай ғана көпшіліктің айтатынын қайталай салған шығар. Сондықтан бірден онымен ғылым жайлы сөз таластырып кетпей, кейін өзі ойланып жүретін бір-екі ой тастап қойсаң болады. Мәселен, оған jw.org сайтынан жаратылыс жайлы видео не мақала жіберерсің. Соларды көрген соң ол осы тақырыпта сөйлескісі келетін шығар. Құрметпен жауап бергеніңнің арқасында оның тіпті Киелі кітапқа деген қызығушылығы оянуы мүмкін.
14. Нил jw.org сайтын қалай тиімді пайдаланды?
14 Нил есімді жасөспірім бауырласымыз Ехоба куәгерлері туралы жаңсақ пікірді жоққа шығару үшін сайтымызды пайдаланған екен. Ол былай дейді: “Бір сыныптасым маған “сен ғылым мен айғақтарға емес, қайдағы бір ойдан шығарылған кітапқа сенесің” деп айта берді”. Сенімін түсіндіріп беруге мұрша бермегендіктен, Нил оған jw.org сайтындағы “Ғылым және Киелі кітап” деген санатты көрсетеді. Кейіннен Нилдің байқауынша, әлгі бала сайттағы мәліметті оқып шыққан көрінеді. Өйткені ол тіршіліктің пайда болуы жайлы әңгімеге тартыла бастаған. Сіз де осындай нәтижеге қол жеткізе аласыз.
ОТБАСЫҢЫЗБЕН ЖАТТЫҒЫҢЫЗ
15. Ата-аналар балаларына мектепте сенімдері сынға алынғанда, жұмсақ жауап беруді қалай үйретсе болады?
15 Ата-аналар, балаларыңызға мектепте сенімдері сынға алынғанда жұмсақ жауап беруге үйретсеңіздер болады (Жақ. 3:13). Кейбір ата-аналар отбасылық ғибадат кезінде алдын ала дайындалуды тиімді деп тапқан. Олар мектепте қозғалуы мүмкін тақырыптарды талқылап, сондай жағдайда қалай жұмсақ, жағымды мәнерде жауап беруге болатынын ойластырып, жаттығып көреді. (“ Отбасыңызбен жаттығыңыз” деген қоршауды қараңыз).
16, 17. Алдын ала жаттыққаны жастарға сенімін түсіндіруге қалай көмектеседі?
16 Алдын ала жаттыққанының арқасында мәсіхші өз сенімінің дұрыстығына көзі жетіп, оны өзгелерге қисынды етіп түсіндіріп бере алады. jw.org сайтының “Жастардың сауалдары” бөлігінде осы орайда көмек болатын жұмыс парақтары бар. Оны толтырғанда жас бауырлас өзінің наным-сенімдеріне толықтай көз жеткізіп, оны өзгеге өз сөзімен түсіндіріп беруді үйренеді. Осы бірқатар мақалаларды отбасы болып қарастырсақ, бәріміз де сенімімізді жұмсақ әрі сыпайы түрде қорғауды үйренеміз.
17 Мэтью есімді жас бауырласымыз осылай жаттығудың көп пайдасын көрген. Отбасылық ғибадатта ол ата-анасымен мектепте сұрап қалуы мүмкін тақырыптар жайлы ізденіс жасайды екен. “Біз мектепте қандай жағдай болып қалуы мүмкін екенін елестетіп, соған сай ізденіс жасаймыз. Кейін жауап беріп жаттығамыз. Қандай да бір нәрсеге не үшін сенетінімді анық біліп тұрсам, өзімді сенімді ұстап, адамға жұмсақ жауап бере аламын”,— дейді Мэтью.
18. Қолостықтарға 4:6-ға сай, нені ұмытпауымыз қажет?
18 Адамға тек қисынды дәлелдер келтіріп қойғанның өзі жеткіліксіз. Біз ілтипатпен, жұмсақ сөйлеуді де ұмытпауымыз керек (Қолостықтарға 4:6 оқыңыз). Біреуге сенімімізді түсіндіріп беруді доп лақтыруға ұқсатсақ болады. Допты бар күшімізбен лақтырсақ, адам оны қаға алмай қалуы мүмкін. Ал ақырын ғана берсек, ол оны қағып алып, бізге қайта лақтыра алады. Тура солай, адамға сенімімізді жұмсақ тілмен түсіндірсек, ол бізге құлақ қойып тыңдап, әңгімеміз жалғасуы мүмкін. Ал егер адам бізбен сөз таластырып, өзінікін дәлелдеп, сенімімізді мазақ қылып тұрса, онымен әрі қарай сөйлесудің қажеті жоқ (Нақ. с. 26:4). Мұндай адамдар бірен-саран болмаса, негізінен көбісі тыңдауға бейім келеді.
19. Сеніміңізді қорғап сөйлегенде, неліктен жұмсақ болғыңыз келеді?
19 Көріп отырғанымыздай, жұмсақтық өте құнды, керек қасиет. Әрқайсысымыз соны дамытуды мақсат етейік. Адам бізге қандай да бір қитұрқы сұрақ қойып, я негізсіз сынап-мінеп жатса, оған жұмсақ жауап беру үшін Ехобадан күш сұрайық. Көзқарасы басқа адамға жұмсақтық танытсақ, әңгіме дау-жанжалға ұласып кетпейді. Адам сіздің жауабыңыздан кейін тіпті Куәгерлер жайлы, Киелі кітаптағы шындық жайлы ойын өзгертуі мүмкін. Ендеше, сенімімізді әрдайым “жұмсақтықпен әрі зор құрметпен” қорғауға дайын жүрейік (Пет. 1-х. 3:15). Сонда жұмсақтығымызбен мықты боламыз!
88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын
a Бұл мақалада өзгелер сенімімізге қатысты сұрақ қойғанда не дауласқысы келгенде жұмсақтықпен жауап беруге көмектесетін кеңестер бар.
b 2016 жылғы “Ояныңдар!” журналының №4 санындағы “Киелі кітапта гомосексуализмге қатысты не айтылған?” деген мақалада пайдалы кеңестер бар.
c jw.org сайтындағы “Жастардың сауалдары” және “Ехоба куәгерлері жөнінде жиі қойылатын сұрақтар” деген мақалалар топтамасынан пайдалы кеңестер таба аласыз.