Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

41-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Петірдің хаттарындағы құнды сабақтар

Петірдің хаттарындағы құнды сабақтар

“Бұларды ұдайы естеріңе салып отырмақпын” (ПЕТ. 2-Х. 1:12).

127-ӘН Қандай адам болуым керек?

АҢДАТПА a

1. Петірдің өмірі соңына таяп қалғанда, Ехоба оған қандай тапсырма берді?

 ПЕТІР көп жыл бойы Ехобаға адал қызмет етті. Ол Исамен бірге жүріп уағыздады, басқа ұлттарға уағыздау ісіне бастама берді, кейінірек басқарушы кеңестің мүшесі болды. Ал өмірінің соңына қарай Ехоба оған тағы бір тапсырма берді. Б.з. 62—64 жылдары ол рухтың жетелеуімен “Петірдің 1-хаты және 2-хаты” деп аталатын кітаптарды жазды. Петір өзі дүниеден өтіп кеткен соң да, бауырластар оның хаттарының пайдасын көре бергенін қалады (Пет. 2-х. 1:12—15).

2. Петірдің хаттары неге дәл керек кезде жазылды?

2 Петір осы хаттарын жазып жатқан кезде бауырластардың басынан “әртүрлі сынақтар” өтіп жатты (Пет. 1-х. 1:6). Зұлым пиғылды адамдар қауымға жалған ілімдерін насихаттап, бауырластарды арам істерге еліктіріп жүрді (Пет. 2-х. 2:1, 2, 14). Оған қоса, Иерусалимдегі мәсіхшілер үшін “барлық нәрсенің соңы таяп қалған” еді, яғни алда Рим әскері келіп, Иерусалим мен ғибадатхананы жоймақ еді (Пет. 1-х. 4:7). Петірдің хаттарының арқасында бауырластар көріп жүрген қиындықтарына төтеп беріп, алда болатындарына дайын бола алатын b.

3. Петірдің хаттарын қарастырғанымыз неге маңызды?

3 Петір екі хатын І ғасырдағы мәсіхшілерге арнап жазса да, Ехоба оларды өзінің Сөзіне қосып қойды. Демек, ондағы ойлардың біз үшін де маңызы зор (Рим. 15:4). І ғасырдағыдай, біз де азғындық ашық насихатталатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бізге де Ехобаға адал қызмет ету оңай емес. І ғасырдағы мәсіхшілер Иерусалимнің күйреуінің алдында тұрса, біз бүкіл дүние жойылатын алапаттың алдында тұрмыз. Ендеше оның хаттарында біз үшін де өте маңызды ескертулер бар. Ондағы ойлар бізге Ехобаның күнін шыдаммен күтуге, пендеден қорықпауға және бір-бірімізді барынша сүюге талпындырады. Ақсақалдар да жақсы бағушы болуға көмектесетін ойлар таба алады.

ШЫДАММЕН КҮТЕ БЕРІҢІЗ

4. Петірдің 2-хаты 3: 3, 4-те айтылғандай, сеніміміз неден шайқалуы мүмкін?

4 Айналамыздағы адамдардың көбісі Киелі кітаптың пайғамбарлықтарына сенбейді. Шындыққа қарсы кейбір адамдар “заманның ақыры келеді деп жүргендеріңе қанша жыл болды, келетін түрі жоқ қой” деп келеке-мазақ қылып жатады. Осы дүниенің соңы ешқашан келмейді дейтіндер де бар (Петірдің 2-хаты 3:3, 4 оқыңыз). Қызметте я жұмыста, тіпті өз үйімізде осындай сөздерді ести берсек, біздің де сеніміміз шайқалып қалуы мүмкін. Қуанышқа орай, Петір бізге не көмектесетінін айтып кеткен.

5. Осы дүниенің соңын дұрыс көзқараспен күтуге не көмектеседі? (Петірдің 2-хаты 3:8, 9)

5 Бәлкім, кейбіреулер: “Ехоба Құдай қашан әрекет етеді? Мына зұлым дүниені жоюға асықпайды ғой!”— дейтін шығар. Бірақ Петір бізді дұрыс көзқарас сақтауға шақырады. Ол Ехобаның уақытқа деген көзқарасы біздікінен мүлдем өзгеше екенін айтқан (Петірдің 2-хаты 3:8, 9 оқыңыз). Ол үшін мың жыл бір күндей. Сондай-ақ Ехоба — шыдамды Құдай, ол ешкімнің де жойылғанын қаламайды. Бірақ оның белгілеген күні мен сағаты келгенде, осы дүние міндетті түрде жойылады. Ал біз қалған уақытты тиімді пайдаланып, барлық ұлт адамдарына ізгі хабарды жеткізе берейік.

6. Ехобаның күнін есте “мықтап ұстау” үшін не істесек болады? (Петірдің 2-хаты 3:11, 12)

6 Петір бізді Ехобаның күнін есте “мықтап ұстауға” шақырған (Петірдің 2-хаты 3:11, 12 оқыңыз). Бұл үшін, мүмкін болса, күн сайын болашақтағы баталар жайлы ойлануымыз керек. Жұмақтың көкірек керіп тыныстайтын мөлдір таза ауасын, нәрлі тағамды сүйсініп жеп жатқаныңызды, қайта тірілген жақындарыңызбен қауышып жатқаныңызды және ежелде өмір сүрген адамдарға пайғамбарлықтардың қалай орындалғанын түсіндіріп отырғаныңызды көз алдыңызға елестетіңіз. Осы жайында үнемі ойланып жүрсек, жаңа дүниені шыдаммен күте береміз. Қай уақытта өмір сүріп жатқанымызға да мұқият боламыз. Болашағымыздың қандай болатынын “алдын ала білгендіктен”, біз “жаңсақ ойларды” үгіттеушілерге алданып қалмаймыз (Пет. 2-х. 3:17).

ПЕНДЕДЕН ҚОРЫҚПАУДЫ ҮЙРЕНЕ АЛАСЫЗ

7. Адамнан қорықсақ, бұл бізге қалай әсер етуі мүмкін?

7 Ехобаның күнін есте мықтап ұстайтындықтан, біз өзгелерге ізгі хабарды айтқымыз келеді. Бірақ кейде адаммен сөйлесуге батылымыз жетпей жатады. Өйткені “адам мен туралы не ойлап қалады” немесе “маған жаман бірдеңе істесе ше” деп қорқатын шығармыз. Петір де кезінде үрейге бой алдырып қойған. Иса сотталып жатқан түні ол оның шәкірті екенін, тіпті танитынын да мойындамай қойды (Мат. 26:69—75). Бірақ Петір түбінде адамдардан қорықпауды үйреніп, тіпті сеніммен былай деді: “Олар қорқатын нәрседен қорықпаңдар да, абыржымаңдар да” (Пет. 1-х. 3:14). Петірдің сөздері бойымызға сенімділік ұялатады. Демек, біз де қорқынышымызды жеңе аламыз.

8. Адамнан қорықпауды қалай үйрене аламыз? (Петірдің 1-хаты 3:15)

8 Адамдардан қорқып қалмауға не көмектеседі? Петірдің: “Жүректеріңде Мәсіхті Иеміз деп қастерлеңдер”,— деген сөздері (Петірдің 1-хаты 3:15 оқыңыз). Бұлай ету үшін Иеміз әрі Патшамыз Исаның дәрежесі мен билігі қандай зор екенін ойлауымыз керек. Мүмкіндік туып тұрған сәтте ізгі хабарды айтуға жүрексініп я қобалжып тұрсаңыз, Патшаңызды есіңізге алыңыз. Оның көкте билік етіп отырғанын, қасында сан жетпес періштелердің тұрғанын көз алдыңызға келтіріңіз. Оған “көк пен жердегі барлық билік берілгенін”, ол “осы заман аяқталғанша, әр күні сізбен бірге” болатынын ұмытпаңыз (Мат. 28:18—20). Петір бізге сенімімізді қорғауға “әрдайым дайын” жүруге кеңес берген. Мысалы, сіз жұмыста, мектепте я басқа жерде куәлік бергіңіз келер ме еді? Онда қай кезде уағыздайтыныңызды және не айтатыныңызды алдын ала ойластырып алыңыз. Ехобаға сенім артып, одан батылдық сұраңыз, ол сізге қорқынышты жеңуге көмектеседі (Ел. іс. 4:29).

“БІР-БІРІҢДІ БАРЫНША СҮЙІҢДЕР”

Петір Пауылды тыңдап, түзелді. Өзінің екі хатында да ол бауырластарды сүюді үйретіп кетті (9-абзацты қараңыз)

9. Бір жағдайда қалай Петір сүйіспеншілік танытпады? (Суретті де қараңыз.)

9 Бірден болмаса да, Петір бауырластарын сүюді үйренді. Ол Исаның: “Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер”,— дегенін өз құлағымен естіген болатын (Жох. 13:34). Бірақ кейін ол яһуди мәсіхшілерден сескеніп, басқа ұлттық бауырластарымен бірге тамақ ішпей қойды. Пауыл оның мұнысы екіжүзділік болғанын айтты (Ғал. 2:11—14). Сонда Петір оның түзеткеніне ден қойып, сабақ алды. Жазған екі хатында да ол бауырластарды сүйемін деп қана қоймай, соны іспен дәлелдеудің маңыздылығын айтып кетті.

10. Бауырластарға “шынайы сүйіспеншілік” таныту үшін не істеу керек? Түсіндіріңіз. (Петірдің 1-хаты 1:22)

10 Петір бауырластарымызға “шынайы сүйіспеншілік” таныту керектігін айтқан (Петірдің 1-хаты 1:22 оқыңыз). Ал мұндай сүйіспеншілік таныту үшін біз “шындыққа мойынсұнуымыз” қажет. Шындыққа жататын ілімдердің бірі — “Құдайдың ешкімді алаламайтындығы” (Ел. іс. 10: 34, 35). Егер біз қауымдағы бауырластарды таңдап жақсы көретін болсақ, Исаның “бір-біріңді сүйіңдер” деген өсиетін орындап жүрміз деп айта алмаймыз. Әрине, жанымызға ерекше жақын тартатын бауырластар да болады, Исада да солай болған (Жох. 13:23; 20:2). Бірақ Петір қауымдағылардың бәріне де бауырластық сүйіспеншілік танытуға күш салуымыз керектігін ескерткен. Сонда әркім өзін бір отбасының мүшесіндей сезінеді (Пет. 1-х. 2:17).

11. “Барынша жақсы көру” деген нені білдіреді?

11 Петір: “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”,— деп кеңес берген. “Барынша” деген сөз жүрегімізді мейлінше кеңейтіп, жақсы көру қиын болып тұрған адамды да сол жүрегімізге сыйғызуды білдіреді. Мысалы, бір бауырлас көңілімізге тиіп кетті делік. Сол кезде бірден “ә десе, мә деп”, өш алғымыз келер. Бірақ кек алу Құдайға ұнамайтынын Петір көкейіне түйіп алды (Жох. 18:10, 11). Сондықтан ол: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар, тіл тигізгендерді ғайбаттамаңдар, қайта, ақ батамен жауап беріңдер”,— деп жазған (Пет. 1-х. 3:9). Ендеше, тіпті бір бауырлас өкпелетсе де, оны барынша жақсы көріп, мейірімділік танытып, түсінікпен қарай білейік.

12. а) Бауырласымызды барынша сүйсек, тағы не істейміз? ә) “Аса бағалы бірлігімізді сақтайық” бейнеролигінен өзіңізге қандай сабақ алдыңыз?

12 Бірінші хатында Петір бауырластарды барынша сүйсек, бір-екеуін ғана емес, “көптеген күнәні” жаба алатынымызды айтқан (Пет. 1-х. 4:8). Бәлкім, осы кезде Петір бірнеше жыл бұрын Исаның берген кешірімділік сабағы есіне түскен болар. Сол кезде ол “бауырласымды жеті рет кешірсем, менен асқан мейірімді адам жоқ” деп ойлаған шығар. Бірақ Иса “жеті емес, жетпіс жеті ретке дейін”, яғни шексіз кешіре беру керектігін үйретті (Мат. 18:21, 22). Егер қайта-қайта кешіре беру сізге қиын болса, еш мойымаңыз! Ехобаның кемелсіз қызметшілерінің барлығына да бұл қиын боп жатады. Ең бастысы, жүрегіңіздегі реніштен арылып, бауырласыңызбен татуласуға қолыңыздан келгенше әрекет қыла беріңіз c.

АҚСАҚАЛДАР, ОТАРДЫ ҚАМҚОРЛАҢЫЗДАР

13. Қауымды бағу неге оңай емес?

13 Петір Исаның “қозыларымды бақ” деген сөздерін ешқашан ұмытпаған шығар (Жох. 21:16). Ақсақал болсаңыз, бұл сөздердің сізге де қатысты екенін жақсы түсінесіз. Бірақ уақыттың тапшылығынан бұл маңызды істі атқару кейде оңай емес. Өйткені ақсақалдардың ісі бастан асады: ең алдымен, олар отбасыларын асырап, оларға көңіл бөліп, рухани қамдарын жасау керек; олар белсене уағыздайды, сондай-ақ қауым мен конгрестерде тапсырмаларды дайындап, орындап шығуға көп күш салады; кейбір ақсақалдар ауруханалармен байланыс комитеттерінде және жергілікті жобалау және құрылыс бөлімінде қызмет етеді.

Тірлігі көп болса да, қамқор ақсақалдар Құдайдың отарын жан-тәнімен бағады (14, 15-абзацтарды қараңыз)

14. Ақсақалдарға отарды бағуға не көмектеседі? (Петірдің 1-хаты 5:1—4)

14 Петір өзге ақсақалдарды да Құдайдың отарын бағуға шақырған (Петірдің 1-хаты 5:1—4 оқыңыз). Қымбатты ақсақал, сіз де бауырластарды жақсы көресіз, оларды қамқорлағыңыз келеді. Бірақ кейде мұрныңыздан шаншылып, әбден қажығандықтан, міндетіңізді ойдағыдай атқармай жүргендей сезінерсіз. Мұндайда не істесеңіз болады? Не уайымдап, не сезініп жүргеніңіздің бәрін Ехобаға айтыңыз. Петір: “Кім қызмет етсе, Құдайдың күшіне сүйеніп қызмет етсін”,— деп жазған (Пет. 1-х. 4:11). Бауырластарымыздың кезігіп жүрген қиындықтары бұл дүниеде шешілмеуі мүмкін. Бірақ ұмытпаңыз, “бас бағушы” — Иса Мәсіх, ол бауырластарыңыз үшін сіздің қолыңыздан келмейтін нәрсені істей алады. Кейбір нәрселерді ол қазір-ақ істеп жатыр, ал кейбірін болашақта қолға алады. Құдайдың сізден бар күтетіні — бауырластарыңызды жақсы көріп, оларды қамқорлағаныңыз әрі оларға “үлгі-өнеге болғаныңыз”.

15. Бір ақсақал отарды қалай қамқорлап жүр? (Суретті де қараңыз.)

15 Көп жылдан бері ақсақал болып жүрген Уильям бағу ісінің маңыздылығына тоқталып кетті. COVID-19 пандемиясы басталғанда, ол өзге ақсақалдармен келісіп, топтарындағы әрбір жариялаушымен апта сайын хабарласып тұруды шешеді. Бұның себебін ол былай деп түсіндірді: “Көп бауырластар үйлерінде оқшауланып қалғандықтан, жаман ойларға тез-ақ беріліп кетуі мүмкін еді”. Уильям бауырластардың қандай қиындығы бар екенін және не нәрсеге мұқтаж екенін анықтау үшін оларды мұқият тыңдайды екен. Кейін сайтымыздан сол бауырластарға көмек болады-ау деген әдебиеттер мен видеоларды іздейді. Уильям тағы былай деп қосты: “Қазір бағу ісіне ерекше мән беретін кез. Біз адамдарды Ехобамен таныстырып, шындыққа әкелуге көп күш саламыз. Бауырластарымызға шындықта қалуға көмектесу үшін де соншалықты көп күш салуымыз керек”.

ЕХОБА ТӘЛІМІҢІЗДІ АҚЫРЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗСІН

16. Петірдің хаттарынан білгенімізді қалай іске асыра аламыз?

16 Бұл мақалада біз Петірдің жазған хаттарындағы сабақ болар бірнеше ойға ғана тоқталдық. Талқылау барысында қандай да бір тұстарыңызды жақсартуды ойлаған шығарсыз. Мысалы, жаңа дүниедегі баталар жайлы көбірек ой жүгірткіңіз келер. Жұмыста, мектепте не басқа жағдайда қорықпай куәлік беруге мақсат қоярсыз. Бауырластарымды барынша жақсы көретінімді қалай көрсете аламын деп ойлаған боларсыз. Ал ақсақал болсаңыз, Ехобаның отарын бар ынтаңызбен бағып-қамқорлауға бекінген шығарсыз. Өзіңізді шыншылдықпен тексере келе, кемшіліктеріңізді байқасаңыз, көңіліңіз түспесін. Ізгі Иеміз Исаның көмегімен сіз жақсара аласыз (Пет. 1-х. 2:3). Петірдің мына сөздері сізге жігер болсын: “Құдайдың өзі тәлімдеріңді ақырына дейін жеткізіп, сендерді нығайтып, күшейтеді, негіздеріңді берік етеді” (Пет. 1-х. 5:10).

17. Еш беріспей, Ехобаның үйреткендерін қабылдай берсек, не нәрсеге қол жеткіземіз?

17 Бір кездері Петір өзін Құдай Ұлының қасында тұруға лайықсыз сезінген еді (Лұқа 5:8). Бірақ Ехобаның және Исаның қолдауымен еш берілмей, Мәсіхтің соңынан ере берді. Соның арқасында ол “Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік Патшалығына” кірді (Пет. 2-х. 1:11). Петір үшін бұдан асқан сый жоқ шығар! Сіз де Петір сияқты алған бағытыңыздан таймай, Ехобаның үйреткенін қабылдай берсеңіз, мәңгілік өмір сыйын аласыз. “Сеніміңіз үшін сый ретінде жаныңыз құтқарылатын” болады (Пет. 1-х. 1:9).

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

a Бұл мақалада Петірдің хаттарындағы ойлар бізге қиындыққа төзуге қалай көмектесетінін талқылаймыз. Сондай-ақ ақсақалдарға отарды бағуға қатысты пайдалы кеңестер де айтылады.

b Палестинадағы мәсіхшілер Петірдің екі хатын да Иерусалимге б.з. 66 жылы жасалған алғашқы шабуылдан бұрын алған көрінеді.

c jw.org сайтынан “Аса бағалы бірлігімізді сақтайық” бейнеролигін көріп шығыңыз.