Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

37-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Самсоннан үлгі алып, Ехобаға сенім артыңыз

Самсоннан үлгі алып, Ехобаға сенім артыңыз

“Әлемнің Әміршісі Ехоба, өтінемін, мені есіңе алып,.. күш бере көрші” (БИ. 16:28).

30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым

АҢДАТПА a

1, 2. Неліктен Самсонның үлгісін қарастырған бізге пайдалы?

 САМСОН деген есімді естігенде кімді елестетесіз? Көбісі ерекше күшке ие батырды елестетіп жатады. Бірақ Самсон бір жерден қатты қателесіп, соның ауыр салдарын тартқан адам да болған. Десе де Ехоба оның қателігіне емес, сенімге толы істеріне назар аударған әрі бізге үлгі болсын деп Киелі кітапқа жаздырған.

2 Ехоба өзінің таңдаулы Исраил халқына көмектесу үшін Самсон арқылы таңғажайып істер жасаған. Ал ғасырлар өте елші Пауыл Ехобаның қозғау салуымен Самсонды сенімі мықты адамдардың қатарына жатқызған (Евр. 11:32—34). Ол қиын жағдайда да Ехобаға арқа сүйей білген. Ендеше, Самсоннан не үйренетінімізді, одан қандай жігер алатынымызды қарастырып өтейік.

САМСОН ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТҚАН

3. Самсонға қандай тапсырма берілді?

3 Самсон туылғанда, Исраилді філістірлер билеп-төстеп, халықты қанап жатты (Би. 13:1). Олардың езгісінен исраилдіктер қатты қиналып жүрді. Сондықтан оларды “філістірлерден құтқару” үшін Ехоба Самсонды таңдап алды (Би. 13:5). Бұл өте қиын тапсырма болғандықтан, Самсон оны тек Құдайдың көмегімен орындай алар еді!

Самсон Ехобаға сенім артты әрі бейімделгіш болды. Қолында не бар, сонымен Ехобаның еркін орындады. (4, 5-абзацтарды қараңыз)

4. Ехоба Самсонды філістірлердің қолынан қалай құтқарды? (Билер 15:14—16)

4 Қазір Самсонның Ехобаға қалай сенім артып, қалай оның көмегін көргенін қарастырайық. Бірде філістір әскері Самсонды ұстау үшін Лехи деген жерге келеді (бұл Яһуда өңірі болса керек). Яһуда адамдары олардан қорқып кетіп, Самсонды жау қолына бере салайық деп ұйғарады. Сөйтіп, өз халқы оны екі жаңа арқанмен мықтап байлап, філістірлерге апарады (Би. 15:9—13). Бірақ “Ехобаның рухы оған күш дарытады да”, ол арқандарды оп-оңай үзіп жібереді. Кейін “есектің жақ сүйегін тауып алып”, сонымен філістірдің 1000 сарбазын сұлатып салады! (Билер 15:14—16 оқыңыз).

5. Самсонның есектің жақ сүйегін алғаны неге оның Ехобаға сенім артқанын көрсетті?

5 О заман да, бұ заман, адам есектің жақ сүйегімен шайқаса ма екен?! Самсон неге бұлай етті? Ол қолына қандай қару алмасын, жеңісті Ехоба беретініне кәміл сенген! Сондықтан Ехобаның еркін орындау үшін қолда не бар, соны пайдаланды. Құдайға сенім артып, арқа сүйегені үшін Самсон жеңіске жетті!

6. Ехобаның ұйымындағы тапсырмаларды атқаруға келгенде, Самсоннан не үйренсек болады?

6 Кейде бізге берілген тапсырманы орындау қолымыздан келмейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ Ехоба Самсонға бергеніндей, бізге де күш береді. Тіпті “бұл істі мен қалай атқардым!?” деп, өзіміз таңғалуымыз мүмкін. Сондықтан Самсонға күш берген Ехобаға сенім артыңыз. Оған арқа сүйесеңіз, ол еркін орындауыңызға міндетті түрде көмектеседі (Нақ. с. 16:3).

7. Ехобаның басшылығын іздеудің маңыздылығын көрсететін қандай мысал бар?

7 Теократиялық құрылыс жобаларына қатысатын көптеген бауырлас Ехобаға сенім артатынын көрсетіп жүр. Қалай? Бауырластар бұрын Патшалық сарайын не басқа ғибадат орнын өздері жобалап, басынан тұрғызатын. Ал кейін Құдайдың халқының саны артқан сайын, бұл әдісті де өзгерту керек болды. Сондықтан жауапты бауырластар Ехобаның басшылығын іздеп, басқа бір әдісті қарастырды. Енді біздің ұйым дайын ғимаратты сатып алып, ішін жөндеп, өзгертіп алатын болды. Бүкіл әлем бойынша көптеген құрылыс жобаларына қатысқан Роберт бауырлас былай дейді: “Бұл әдіске үйрену алғашында кейбір бауырластарға қиын болды, өйткені олар жылдар бойы басқаша істеп үйреніп қалған еді. Сонда да бауырластар бұл жаңашылдыққа бейімделуге дайын болды, Ехобаның да бұл әдіске батасын беріп жатқаны айқын көрінді”. Бұл — Ехоба халқына өзінің еркін орындауға көмектесу үшін бағыт-бағдар беріп жатқанына мыңнан бір дәлел. Ендеше арагідік былай деп ойланайық: “Мен Ехобаға барынша сапалы қызмет ету үшін оның басшылығын іздеп, соған сай өзгерістер жасап жүрмін бе?”

САМСОН ЕХОБАНЫҢ БЕРГЕНІН ПАЙДАЛАНДЫ

8. Қатты шөлдегенде Самсон не істеді?

8 Киелі кітапта Самсонның басқа да таңғаларлық істері жазылған. Мәселен, жалаң қолымен арыстанды қақ айырғаны, Ашкелонда 30 філістірді қырып салғаны (Би. 14:5, 6, 19). Бірақ Самсон осының бәрін бір Ехобаның көмегімен істеп жүргенін түсінген. Оны қайдан білеміз? 1000 філістірді сұлатып салғаннан кейін, ол қатты шөлдегенде не істеген? Өзіне сеніп су іздеп кетпей, Ехобаға жалбарынып көмек сұраған (Би. 15:18).

9. Ехоба Самсонның өтінішіне қалай жауап берді? (Билер 15:19)

9 Ехоба Самсонның жалбарынған үнін естіп, керемет жасап, бұлақ көзін ашты. Самсон сол судан ішкенде, “бойына қайта күш бітті” (Билер 15:19 оқыңыз). Жылдар өте Самуил пайғамбар Билер кітабын жазып жатқанда, сол бұлақ әлі де болған көрінеді. Бұл бұлақ көмек сұрап жалбарынған адал қызметшілерін Ехоба ешқашан көмексіз қалдырмайтынын исраилдіктердің есіне салып тұрған.

Ехоба берген судан ішкенде, Самсонның бойына қуат бітті. Біз де рухани күш алу үшін Ехоба жасап жатқан шаралардың игілігін көргеніміз жөн. (10-абзацты қараңыз)

10. Ехобаның көмегін алуымыз үшін не істеуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)

10 Қаншалықты қабілетті, дарынды болсақ та, Ехобаның ұйымында қандай көп іс атқарсақ та, біз әрдайым Ехобаның көмегіне жүгіне беруіміз керек. Біз қарапайым болып, Ехобаға сенім артсақ қана нағыз жетістікке жететінімізді мойындауымыз керек. Самсон Ехоба берген судан ішкенде, бойына қайта күш дарыды. Тура сол сияқты біз де Ехоба қамдап отырған рухани шаралардың игілігін көрер болсақ, бойымызға күш бітеді (Мат. 11:28).

11. Ехоба беріп жатқан шаралардың толық игілігін көру үшін не істеуіміз керек? Мысал келтіріңіз.

11 Ресейде қатты қуғын көріп жүрген Алексей бауырласты алайықшы. Оған ауыр сынақта тайсалмай тұруға не көмектесіп жатыр? Ол әйелі екеуі рухани істерді дағдыға айналдырған. Алексейдің өзі былай дейді: “Мен бір күн қалдырмай Киелі кітапты оқып, үнемі жеке зерттеуге тырысамын. Сондай-ақ әйелім екеуміз әрбір күнімізді күнделікті тармақты талқылап, дұға етуден бастаймыз”. Олардың үлгісінен біз өзімізге сеніп кетпей, Ехобаға арқа сүйеуіміз керектігін үйренеміз. Ал Ехобаға арқа сүйеу дегеніміз — үнемі Киелі кітапты оқып, рухани істерден қол үзбей, сенімімізді нығайтып отыру. Сонда Ехоба біздің күш салып жатқанымызды көріп, молынан батасын береді. Самсон үшін күш-қуаттың қайнары болғанындай, бізді де нығайтады.

САМСОН МОЙЫҒАН ЖОҚ

12. Самсон қандай қателік жіберді және бұл жағдай осыған дейінгілерден несімен айрықшаланды?

12 Самсон да біз сияқты пенде болғандықтан, қателіктер жіберген. Бірде ол бұрыс әрекетінің ащы салдарын тартты. Би болып жүргеніне біраз уақыт болғанда, ол “Сөрек аңғарында тұратын Делила есімді әйелге ғашық болды” (Би. 16:4). Неге бұнысы қателік болды? Мысалы, бұған дейін ол філістірдің бір қызына үйленгісі келген еді. Бірақ бұл “філістірлерден өш алу” үшін “Ехобаның басшылығымен” болған еді. Ал кейінірек ол Газадағы бір жезөкше әйелдің үйіне тоқтады. Сол кезде Самсон Ехобаның күшімен қала қақпасын жұлып алып, басқа бір жаққа апарып тастайды. Сөйтіп, қала қорғансыз болып қалады (Би. 14:1—4; 16:1—3). Ал Делилаға келер болсақ, ол філістір емес, исраилдік қыз еді. Бұл қарым-қатынастың Ехобаның тапсырмасын орындаумен еш байланысы болған жоқ.

13. Делила қалай Самсонның басын айналдырып, орға түсірді?

13 Делила қомақты ақшаға Самсонды філістірлерге ұстап беруге келіседі. Содан ол “күшіңнің құпиясын айтшы” деп, Самсонның жанын қоймай сұрай береді. Сонда Самсонның Делилаға ес-түссіз ғашық болғаны сонша — көзі тұманданып, оның арам пиғылын байқамағаны ма?! Қалай болған күнде де, ол Делилаға бар сырын ашып қойды. Осылай Самсон сау басына сақина тілеп, біраз уақытқа күшінен де, Ехобаның ықыласынан да айырылып қалды (Би. 16:16—20).

14. Самсон Делилаға сеніп қалғанының қандай зардабын тартты?

14 Самсон Ехобаға емес, Делилаға сеніп қалғаны үшін оңбай опық жеді. Філістірлер оны тұтқындап, екі көзін ойып алды. Сөйтіп, кезінде өзі масқара қылған Газа қаласындағы түрмеден бір-ақ шығып, диірмен тасын айналдыруға жегілді. Кейін філістірлер той тойлау үшін бас қосты. Олар Самсонды қолымызға түсіріп берген — Дагон құдайы деп, оған көп құрбандық шалып жатты. Сол тойда “көңілімізді көтерсін”, мазақ қылайық деп Самсонды ортаға шығарды (Би. 16:21—25).

Філістірлерді жазалау үшін Ехоба Самсонға күш берді (15-абзацты қараңыз)

15. Самсон Ехобаға қалай қайтадан арқа сүйеді? (Билер 16:28—30) (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

15 Самсон омақаса қателессе де, еш мойыған жоқ. Ол Ехобаның філістірлерге қатысты тапсырмасын атқарудың сәтін бақты (Билер 16:28—30 оқыңыз). Сөйтіп, Ехобаға: “Філістірлерден кек алайыншы”,— деп жалбарынды. Ехоба оның жанайқайын естіп, бойына ғажайып күшін қайта дарытты. Сол кезде ол бұрын-соңды болмағандай көп філістірдің көзін құртты.

16. Самсоннан не үйренеміз?

16 Самсон қателігінің ащы зардабын тартса да, Ехобаның еркін әрі қарай орындай берді. Сіз де қателігіңіздің кесірінен түзетіліп жатсаңыз я жауапкершілігіңізден айырылып қалсаңыз, еш берілмеңіз. Ехоба сізден күдер үзбейді (Зәб. 103:8—10). Сүрініп қалсаңыз да, сіз Самсон сияқты Ехобаның еркін орындауға жарамды бола аласыз.

Самсон қателесіп қалғанына жаман болса да, мойыған жоқ. Біз де еш мойымайық. (17, 18-абзацтарды қараңыз)

17, 18. Майклдың оқиғасы сізге несімен жігер берді? (Суретті де қараңыз.)

17 Майкл есімді жас ер бауырласпен болған жағдайды қарастырайық. Ол қызмет көмекшісі әрі тұрақты ізашар болып қауымда білек сыбана қызмет етіп жүреді. Кейін бір қателік жасап қояды да, бүкіл жауапкершілігінен айырылып қалады. “Қызметімнің қызып тұрған шағында, табан астынан түкке жарамсыз болып, тығырыққа тірілгендей болдым. Әрине, Ехоба мені тастап кетті деген ой болған жоқ. Бірақ енді оған бұрынғыша жақын бола аламын ба, қауымда барымды салып қызмет ете аламын ба деп уайымдадым”,— дейді ол.

18 Бірақ Майкл кертартпа ойларға беріліп қалмады. Ол былай деді: “Мен бар күшімді Ехобамен қарым-қатынасымды жақсартуға жұмсап, шын жүректен дұға айтып, зерттеу жүргізіп, ой жүгіртіп жүрдім”. Уақыт өте келе ол қайтадан қауымда жақсатқа ие болды. Қазір ол — ақсақал әрі тұрақты ізашар. “Бауырластар, әсіресе ақсақалдар, мені қолдап, жігерімді қайрағанның арқасында Ехоба мені әлі де жақсы көретінін сезіндім. Енді мен Ехобаға қайтадан таза ар-ұжданмен қызмет ете аламын. Бастан кешірген жағдайдан түсінгенім: Ехоба шын өкінген адамның қай-қайсысын да кешіреді”,— дейді Майкл. Ендеше, мынаған сенімді болайық: қателік жасап қойсақ та, барынша түзеліп, Ехобаға арқа сүйей берсек, ол бізді әрі қарай да өз ісіне жаратып, жарылқай береді (Зәб. 86:5; Нақ. с. 28:13).

19. Самсонның оқиғасы сізді қалай нығайтты?

19 Сонымен, біз Самсонның өмірінде болған таңғажайып оқиғаларды шолып өттік. Ол үлкен қателік жіберіп қойса да, еш қайтпастан Ехобаға қызмет ете берді. Ехоба да одан теріс айналған жоқ. Оны тағы бір рет қолданып, құдіретті іс жасады. Ехоба оны сенімін серік еткен жан ретінде бағалап, Еврейлерге 11-тараудағы адал кісілердің қатарынан орын берді. Осындай мейірімді Құдайға қызмет ететініміз неткен бақыт! Әлсірегенде, ол бізге күш беруге асық. Ендеше, Ехобаға Самсон сияқты: “Мені есіңе алып, күш бере көрші”,— деп жалбарына берейік (Би. 16:28).

3-ӘН Сен бізге күш бердің, зор үміт бердің

a Самсон туралы Киелі кітапты онша білмейтін адамдардың да естуі бар. Оның оқиғасы жайлы фильмдер, қойылымдар, тіпті әндер де кездеседі. Бірақ Самсонның өмірі әншейін қызықтап оқитын ертегі емес. Сенімі зор бұл кісіден біздің алар өнегеміз көп.