Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

125-ӘН “Мейірімділер бақытты!”

Беруден келетін зор қуанышты сіз де сезініңіз

Беруден келетін зор қуанышты сіз де сезініңіз

“Алғаннан гөрі берген бақытты” (ЕЛ. ІС. 20:35).

НЕГІЗГІ ОЙ

Беруден келетін қуанышты сақтап қалудың, тіпті арттырудың жолдарын қарастырамыз.

1, 2. Неге Ехоба бізді алғаннан гөрі бергеннен көбірек қуаныш алатындай етіп жаратқан?

 ЕХОБА адамдарды алғаннан гөрі бергеннен көбірек қуаныш алатындай етіп жаратқан (Ел. іс. 20:35). Әрине, бұл біз алғаннан қуаныш сезінбейміз деген сөз емес. Өйткені біреуден сыйлық алғанда кәдімгідей қуанып қаламыз. Десе де біз берген кезде әлдеқайда бақыттырақ боламыз. Негізі, Ехобаның бізді осылай жаратқаны өзіміз үшін пайдалы. Неге олай дейміз?

2 Ехоба бізді бергеннен қуаныш сезінетіндей етіп жаратқанының арқасында өз бақытымызға өзіміз ықпал ете аламыз. Егер басқаларға берудің мүмкіндігін іздеп, жомарттық танытар болсақ, өз қуанышымызды еселейміз. Расында да, біз қалай керемет жаратылғанбыз десеңізші! (Зәб. 139:14).

3. Неге Киелі кітапта Ехоба “бақытты Құдай” деп аталған?

3 Жазбаларға сай, берудің қуаныш сыйлайтынын ескерсек, Ехобаның не үшін “бақытты Құдай” деп аталғаны бізді таңғалдырмайды (Тім. 1-х. 1:11). Ехоба — ең бірінші болып берген және бәрінен де көп беретін Тұлға. Елші Пауыл айтқандай, “оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз” (Ел. іс. 17:28). Расымен де, “игі де кемелді сыйдың бәрі” Ехобадан келеді (Жақ. 1:17).

4. Бақыттырақ болу үшін не істей аламыз?

4 Бәріміз де бергеннен келетін қуанышты көбірек сезінгіміз келеді. Ол үшін Ехобаның жомарттығына еліктейік (Ефес. 5:1). Осы мақалада біз Ехобаға еліктеудің жолдарын қарастырамыз. Сондай-ақ өзгелер берегендігімізді бағаламайтындай көрінген жағдайларда не істеуге болатынын талқылаймыз. Айтылатын кеңестер бізге беруден келетін қуанышты сақтап қалуға, тіпті оны еселеуге көмектеседі.

ЕХОБАНЫҢ ЖОМАРТТЫҒЫНА ЕЛІКТЕҢІЗ

5. Ехоба бізді не нәрсемен қамдайды?

5 Ехоба бізге әртүрлі жолдармен жомарттық танытады. Солардың бір-екеуіне тоқталайық. Мысалы, Ехоба бізге керек-жарағымызды береді. Әрине, біз барлық кезде шалқып өмір сүрмейтін шығармыз, бірақ көбімізде қажетіміздің бәрі бар. Ехобаның арқасында жейтін тамағымыз, киетін киіміміз, тұратын және ұйықтайтын жеріміз бар (Зәб. 4:8; Мат. 6:31—33; Тім. 1-х. 6:6—8). Ехоба бізге бұларды міндетті болғандықтан ғана бере ме? Әрине, жоқ. Онда біздің қамымызды жасауға оны не талпындырады?

6. Матай 6:25, 26-дан не түйеміз?

6 Ехобаның қажетімізді қамдайтын себебі — ол бізді жақсы көреді. Исаның Матай 6:25, 26-да (оқыңыз) айтқан сөздерін қарастырайық. Иса құстарды мысалға келтіріп: “Олар егін екпейді, орып, қамбаға жинамайды”,— деді. Ал артынан: “Көктегі Әкелерің оларды асырайды”,— деп қосты. Ал кейін: “Сендер олардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!”— деген сұрақ қойды. Исаның бұл сөздерінен не түйеміз? Ехоба үшін оның адал қызметшілері жан-жануарлардан әлдеқайда бағалы. Егер Ехоба жануарлардың қамын жасаса, біздің қамымызды тіптен жасайды емес пе?! Өз отбасын жақсы көретін әке іспетті, Ехоба қамымызды бізді сүйгендіктен жасайды (Зәб. 145:16; Мат. 6:32).

7. Ехобаның жомарттығына еліктеудің бір жолы қандай? (Суретті де қараңыз.)

7 Біз де Ехобаға еліктеп, бауырластарымызды сүйгендіктен оларға қолда барымызды бере аламыз. Мысал үшін, сіз тамаққа не киімге мұқтаж болып жүрген бауырласты білетін шығарсыз. Сол бауырласқа қажетін беру үшін Ехоба сізді қолдануы мүмкін. Ехобаның халқы апат кезінде жомарттықпен көмек көрсететін адамдар ретінде танымал. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде Куәгерлер мұқтаж бауырластарға азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажетті заттар беріп, көмектесті. Көптеген бауырластарымыз дүниежүзілік іске дарқан көңілмен садақа жасады. Сол садақалар апат кезінде дүниежүзіндегі бауырластарға көмектесуге керемет мүмкіндік берді. Бұл бауырластарымыздың бәрі Еврейлерге 13:16-дағы сөздерге құлақ асты. Онда: “Жақсылық істеуді және өзгелермен қолда барларыңмен бөлісуді ұмытпаңдар. Өйткені мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды”,— делінген.

Ехобаның жомарттығына бәріміз де еліктей аламыз (7-абзацты қараңыз)


8. Ехобаның берген күші бізге қалай көмектеседі? (Філіпіліктерге 2:13)

8 Ехоба бізге күш береді. Ехоба өзінің шексіз күш-қуатын адал қызметшілерімен қуана-қуана бөліседі (Філіпіліктерге 2:13 оқыңыз). Ехобаға дұға етіп, азғырылуға беріліп қалмауға не қиын шақта табанды болып қалуға күш берші деп сұраған кезіңіз болған ба? Тіпті бүгінгі күнге жететін күш берші деп дұға еткен кезіміз де болған шығар. Ехоба осындай дұғаларымызға жауап беріп, күш берген кезде, елші Пауылдың айтқан сөздерімен толықтай келіскен шығармыз. Ол: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деген (Філіп. 4:13).

9. Күшін жомарттықпен беретін Ехобаға қалай еліктей аламыз? (Суретті де қараңыз.)

9 Кемелсіз болсақ та, күшін жомарттықпен бөлісетін Ехобаға еліктей аламыз. Біз тура мағынада күшімізден өзгелерге бөліп бере алмаймыз, әрине. Бірақ күш-қуатымызды басқалардың қамы үшін қолдана аламыз. Мысалы, қарт не сырқат бауырластарымыздың “барып кел, шауып келіне” жарап немесе үй тірліктерін тындыруға көмектесе аламыз. Сондай-ақ жағдайымыз келіп жатса, Патшалық сарайының тазалау не жөндеу жұмыстарына атсалыса аламыз. Күшімізді осылай жұмсар болсақ, Ехобаға ғибадат етіп жүргендерге зор пайдамыз тиеді.

Күшімізді өзгелердің қамы үшін қолдана аламыз (9-абзацты қараңыз)


10. Сөздің күш-құдіретін пайдаланып, бауырластарымызды қалай нығайтсақ болады?

10 Ұмытпаңыз, сөздің де күш-құдіреті бар. Ойыңызда “мына адамды мақтасам, жігерленіп қалар еді” деген біреу бар ма? Я болмаса, жұбанышқа мұқтаж болып жүрген бауырласты білерсіз. Неге сол бауырластарға көңіл бөліп, жігерлі сөздер айтпасқа? Сол адамға барып қайтыңыз, телефон соғыңыз, я болмаса ашық хат не хабарлама жазыңыз. Бұл үшін сөзге шешен болуым керек деп ойламаңыз. Шын жүректен шыққан қарапайым бір-екі ауыз сөздің өзі бауырласыңызға Ехобаға адалдық сақтауға не қиын шақта өзін сәл де болса жақсы сезінуге көмектесуі мүмкін (Нақ. с. 12:25; Ефес. 4:29).

11. Ехоба өзінің даналығын өзгелерге қалай береді?

11 Ехоба бізге даналық береді. Шәкірт Жақып былай деп жазған: “Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса, жомарттықпен әрі еш жазғырмай бере салатын Құдайдан сұрай берсін” (Жақ. 1:5). Осы сөздерден көретініміздей, Ехоба даналығын өзгелерден қызғанбайды, керісінше, жомарттықпен бөліседі. Тағы бір назар аударатын жайт — Ехоба даналық бергенде, “еш жазғырмай бере салады”. Ехоба біздің одан бағыт-бағдар сұрағанда, өзімізді кінәлі, жазықты сезінгенімізді ешқашан қаламайды. Қайта, одан даналық сұрай берсек екен дейді (Нақ. с. 2:1—6).

12. Даналығымызды өзгелермен бөлісудің қандай жолдары бар?

12 Біз де Ехобаға еліктеп, өзімізде бар даналықты өзгелермен бөлісе аламыз (Зәб. 32:8). Білген-түйгендерімізді өзгелермен бөлісудің жолдары көп. Мысалы, біз қызметте жаңадан жариялаушы болғандарды үйретеміз. Ақсақалдар қызмет көмекшілері мен шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарға қауымдағы тапсырмаларын қалай атқару керектігін шыдамдылықпен үйретеді. Ал ұйымның ғимараттарын соғатын не жөндеу жұмыстарын атқаратын бауырластар тәжірибесі аздау бауырластарды үйретеді.

13. Өзгелерді үйреткенде, Ехобаның жомарттығына қалай еліктесек болады?

13 Өзгелерді үйретіп жүргендер Ехоба өз даналығын жомарттықпен беретінін ұмытпай, одан үлгі алса болады. Біз алған білімімізді, жинаған тәжірибемізді өзгелермен шын көңілден бөліскеніміз дұрыс. “Үйреніп алған соң, менің орнымды басып алады” деп қорқып, білгендерімізді жасырып қалмаймыз. Я болмаса “Мені ешкім үйреткен жоқ. Ол да өзі үйреніп алсын” деген ойдан да аулақпыз. Бұндай көзқарас Ехобаның халқының арасында болмау керек. Бауырластармен өзімізде бар даналықты бөлісу былай тұрсын, біз олар үшін “жанымызды беруге дайын болуымыз” керек (Сал. 1-х. 2:8). Біз олардың да “өзгелерге тәлім беруге қабілетті болғанын” қалаймыз (Тім. 2-х. 2:1, 2). Осылай біз біреулерді үйретеміз, олар басқаларды үйретеді, нәтижесінде беруден келетін бақытты бәріміз сезінеміз.

ЖАҚСЫЛЫҒЫМЫЗДЫ БАҒАЛАМАЙ ЖАТҚАНДАЙ КӨРІНГЕНДЕ

14. Жасаған жақсылығымызды әдетте көбісі қалай қабылдайды?

14 Әдетте біз адамдарға бір нәрсе беріп, бір нәрсе жасаған кезде, олар ризашылық білдіріп жатады. Әсіресе бауырластарымыз өте ризашыл келеді. Олар жомарттығымызды бағалайтындарын көрсетіп, рақмет айтып хат жазады не басқа да жолдармен ризашылықтарын білдіреді (Қол. 3:15). Жасаған жақсылығымызға осылай ризашылық білдіріп жатса, одан сайын қуанамыз.

15. Кейбіреулер ризашылық білдірмей жатса, нені есте ұстауымыз керек?

15 Өкінішке қарай, бәрі бірдей ризашылық білдірмеуі мүмкін. Адамға уақытымызды, күшімізді, қаражатымызды жұмсап, жақсылық жасағанда, артынан “ол менің істегенімді бағалады ма екен” деп уайымдап қалатын кезіміз болады. Сондай кездері қуанышымызды жоғалтпай, көңілімізді түсірмеуге не көмектеседі? Негізгі тармағымыз Елшілердің істері 20:35-тегі сөздерді ұмытпаңыз. Біздің бақытымыз беруден келеді, адамның қалай қабылдағанынан емес. Адам бағаламай жатқандай көрінсе де, біз беруден қуаныш ала аламыз, бұл өз қолымызда. Қазір соған толығырақ тоқталайық.

16. Жақсылық жасағанда нені ұмытпауымыз керек?

16 Ехобаға еліктеп жатқаныңызды ұмытпаңыз. Адамдар бағаласа да, бағаламаса да, Ехоба игі сыйларын бәріне бірдей беріп жатыр (Мат. 5:43—48). Ол “ештеңе дәметпестен” беретіндер “зор сый алатынын” уәде еткен (Лұқа 6:35). Бұл тармақтағы “ештеңе” деген сөз ризашылық білдіруді де қамтиды. Адамдар алғыс білдірсін-білдірмесін, Ехоба “қуанышпен беретіндерге” жақсылығының қарымтасын қайтарады (Нақ. с. 19:17; Қор. 2-х. 9:7).

17. Жақсылық жасағанда дұрыс көзқарас сақтауға не көмектеседі? (Лұқа 14:12—14)

17 Біреуге жақсылық жасағанда көзқарасымыз дұрыс болу үшін Лұқа 14:12—14 тармақтардағы (оқыңыз) маңызды принципті есте ұстасақ болады. Әрине, жақсылығымызды қайтара алатын адамға қонақжайлылық танытып, игі істер жасауда тұрған ештеңе жоқ. Алайда қайтарады деген ниетпен адамдарға жақсылық жасап жүргенімізді байқасақ, онда Исаның айтқан сөзіне ден қойғанымыз жөн. Бізді шақыруға мүмкіндігі жоқ адамдарды қонаққа шақырайық. Сонда Ехобаға еліктеп жатқанымыздан қуаныш аламыз. Өзгелер жақсылығымызға ризашылық білдірмеген кезде де осындай көзқарас танытсақ, қуанышымызды жоғалтпаймыз.

18. Өзгелерге түсінікпен қарауға бізге не көмектеседі?

18 Адам жайлы жаман ойлауға асықпаңыз (Қор. 1-х. 13:7). Егер біреу сізге ризашылық білдірмесе, былай деп ойланып көріңіз: “Ол шынымен де ризашылық білдірмейтін адам ба, әлде ол жай ғана рақмет айтуды ұмытып кетті ме?” Бәлкім, ол адамның жақсылығымызды біз күткендей қабылдап, біз күткендей ризашылық білдірмегенінің басқа да себептері бар шығар. Мысалы, біреулер іштей қатты риза болғанмен, мұнысын айтуға қысылады. Ал егер адам бұрын өзгелерге көмектесіп, ал қазір оған жағдайы келмей жатқан болса, өзгелердің көмегін қабылдауға ыңғайсыздануы мүмкін. Қандай жағдай болмасын, бауырластарды жақсы көрсек, оларға түсінікпен қараймыз және әрі қарай да беруден қуаныш ала береміз (Ефес. 4:2).

19, 20. Жақсылық жасағанда неге шыдамды болғанымыз дұрыс? (Суретті де қараңыз.)

19 Шыдамды болыңыз. Дана патша Сүлеймен береген болуға қатысты былай деп жазған: “Наныңды суға ағыз, себебі көп күннен кейін оны қайта табасың” (Уағ. 11:1). Осы сөздерден көрінетіндей, жасаған жақсылығымыз үшін алғысты “көп күннен кейін” ғана естуіміз мүмкін. Осы ойды растайтын бір оқиғаны қарастырайық.

20 Көп жылдар бұрын бір аудандық бақылаушының әйелі енді шомылдыру рәсімінен өткен әйел бауырласқа кішігірім хат жазып, адал болып қалуға талпындырған. Әлгі әйел бауырлас сол хатқа сегіз жылдан кейін ғана жауап берген. Ол хатында былай деп жазды: “Саған хат жазбай тұра алмадым. Сенің хатың маған жылдар бойы қалай көмектесіп келгенін сен білмейтін де шығарсың. . . Жазған жылы сөздеріңе рақмет. Келтірген тармағың жүрегіме қатты әсер етті. Ол әрдайым санамда жаңғырып тұрды” a. Қандай қиындықтарға кезіккенін айтып берген соң, ол тағы былай деп жазды: “Кейде қатты шаршап кеткен кездері қолымды бір сілтеп, бәрін тастап кете салғым келетін, тіпті шындықты да. Бірақ мені сен жазған тармақ қана ұстап тұрды. Маған еш берілмей, алға қарай ұмтыла беруге күш берді. Осы сегіз жыл бойы маған бәрінен де қатты көмектескен — сол сен жазған тармақ болды”. “Көп күннен кейін” ғана осындай хат алған аудандық бақылаушының әйелі не сезінгенін елестетіп көріңізші! Біздің жағдайымызда да жасаған жақсылығымыз үшін адам ризашылығын ұзақ уақыттан кейін білдіруі мүмкін.

Жасаған жақсылығымыз үшін адам ұзақ уақыттан кейін ризашылық білдіруі мүмкін (20-абзацты қараңыз) b


21. Ехобаға еліктеп, әрі қарай да жомарт болуға не себепті бекіндіңіз?

21 Қарастырғанымыздай, Ехоба бізді ерекше қабілетпен жаратқан. Алу бізді қуанышқа бөлейді, бірақ өзгелерге беру бізге одан да көп қуаныш сыйлайды. Бауырластарымызға көмектескенде, біз қанағат сезініп, қуанышты боламыз. Олардың ризашылық білдіргені де бізді қуанышқа бөлейді. Адам бізге алғыс білдірсін-білдірмесін, дұрыс нәрсені жасап жатқанымыздың өзі бізді қуантады. Өзгелерге қанша көп бердім деген күнде де ұмытпаңыз, “Ехоба сізге одан да көп беріп” жатыр (Шеж. 2-ж. 25:9). Біз ешқашан Ехобадан асып түсе алмаймыз! Қарымтаңызды Ехобаның өзінен алатыныңызды есте ұстаңыз. Бұдан асқан қуаныш бар ма?! Ендеше, жомарт Құдайымыз Ехобаға әрі қарай да еліктей берейік.

17-ӘН “Қалаймын”

a Хатта әйел бауырлас Жоханның 2-хаты 8-тармақты келтірген. Онда: “Еңбегіміз зая кетпей, сыйды толықтай алуларың үшін, өздеріңе сақ болыңдар”,— делінген.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген бұл суретте аудандық бақылаушының әйелі жігерлендіретін хат жазып жатыр. Жылдар өте ол жазған хаты үшін ризашылыққа толы хат алды.