Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

38-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

25-ӘН Құдайдың ерекше меншігі

Исаның ескертулеріне ден қойып жүрсіз бе?

Исаның ескертулеріне ден қойып жүрсіз бе?

“Екі кісінің бірі алынып, екіншісі қалдырылып кетеді” (МАТ. 24:40).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бұл мақалада Исаның айтқан үш мысалы бізге Армагеддонның дәл алдында болатын сотқа дайын болуға қалай көмектесетінін көреміз.

1. Жақында қандай сот болады?

 БІЗ шешуші кезеңде өмір сүріп жатырмыз! Жақында Иса әрбір адамды соттайтын болады. Сол уақыттың жақын қалғаны неден көрінетінін түсіндіру үшін, Иса шәкірттеріне өзінің осында болуы мен “осы заманның аяқталып қалғанын” білдіретін “белгі” жайлы айтқан (Мат. 24:3). Бұл белгі жайында Матай 24, 25-тарауларда, Марқа 13-тарауда және Лұқа 21-тарауда айтылады.

2. Біз не жайлы қарастырамыз және бұның бізге қандай көмегі бар?

2 Иса бізге ескерту болсын деп үш мысал айтқан. Олар қойлар мен серкелер, он қыз және талант туралы мысалдар. Бұл мысалдар бізге болашақта Иса адамдарды қандай іс-әрекеттеріне қарап соттайтынын түсінуге көмектеседі. Мақаланы қарастыру барысында бұл мысалдардан қандай сабақ алатынымызды және оларды өмірде қалай қолдануымыз керектігін көреміз. Қарастыратын бірінші мысалымыз — қойлар мен серкелер жайлы мысал.

ҚОЙЛАР МЕН СЕРКЕЛЕР

3. Иса адамдарды қашан соттайды?

3 Қойлар мен серкелер жайлы мысалында Иса адамдарды ізгі хабарға құлақ асқан-аспағанына және майланған бауырларын қолдаған-қолдамағанына қарап соттайтынын түсіндірген (Мат. 25:31—46). Иса бұл сотты “зор алапаттың” соңында, яғни Армагеддонның дәл алдында жүргізетін болады (Мат. 24:21). Шопан қойларды серкелерден бөлетініндей, Иса да майланған бауырларын қолдағандар мен қолдамағандарды бір-бірінен ажыратып, бөлетін болады.

4. Ишая 11:3, 4-ке сай, Иса болашақта адамдарды әділ соттайтынына неге сенімді бола аламыз? (суретті де қараңыз.)

4 Киелі кітапта пайғамбарлық етілгендей, Ехоба тағайындаған Төреші Иса болашақта әділ үкім шығаратын болады (Ишая 11:3, 4 оқыңыз). Қазір Иса адамдардың жүріс-тұрысын, ниетін, айтқан сөздерін, сондай-ақ майланған бауырларын қаншалықты қолдап жүргенін бақылап отыр (Мат. 12:36, 37; 25:40). Иса сот жүргізгенде, майланған бауырларын кім қолдағанын және кімнің қандай еңбек атқарғанын ескереді a. Мәсіхтің майланған бауырларын қолдаудың ең басты жолы — оларға уағыз ісінде қолғабыс ету. Осы жағынан қолдау көрсетіп жүргендерді Иса “әділ” деп тауып, оларға жер бетінде “мәңгі өмір” сүруге мүмкіндік береді (Мат. 25:46; Аян 7:16, 17). Адалдық сақтаған жандарды неткен керемет сый күтіп тұр десеңізші! Зор алапат кезінде де, одан кейін де адал болып қалса, “өмір кітабында” жазулы тұрған есімдері әрі қарай да сақталады (Аян 20:15).

Иса жақында әрбір адамды соттап, қойлар мен серкелерге бөлетін болады (4-абзацты қараңыз)


5. Қойлар мен серкелер жайлы мысалдан қандай сабақ аламыз және бұл мысал кімдерге қатысты?

5 Адал болыңыз. Исаның қойлар мен серкелер жайлы мысалы бірінші кезекте жерде өмір сүруге үміттенетіндерге қатысты. Олар Мәсіхтің майланған бауырларын қолдау үшін уағыз ісіне атсалысады. Сондай-ақ олар Иса жетекшілік етуге тағайындаған адал да ақылды құлдың нұсқауларына адалдықпен мойынсұнады (Мат. 24:45). Исаның бұл мысалынан көкте өмір сүруге үміттенетіндер де сабақ алу керек. Өйткені Иса олардың да жүріс-тұрысын бақылап отыр. Сондықтан олар да адалдық таныту керек. Иса бұл топқа да арнап ескерту болатын екі мысал айтқан. Бұл мысалдар да Матай 25-тарауда жазылған. Алдымен, ақылды және ақылсыз қыздар жайлы мысалды қарастырайық.

АҚЫЛДЫ ЖӘНЕ АҚЫЛСЫЗ ҚЫЗДАР

6. Бес қыз өздерінің ақылды екендерін қалай көрсетті? (Матай 25:6—10)

6 Иса мысалында күйеужігітті қарсы алуға шыққан он қыз жайлы айтқан (Мат. 25:1—4). Олардың бәрі күйеужігітпен бірге тойға барғысы келді. Иса бұл қыздардың бесеуін “ақылды”, ал қалған бесеуін “ақылсыз” деген. Ақылды қыздар сергек әрі дайын отырды. Олар күйеужігітті қанша қажет болса, сонша уақыт, тіпті түннің бір уағына дейін күтуге дайын болды. Сондықтан олар түнде жағып отыратын майшам алған. Тіпті күйеужігіт кешіккен жағдайда керек болады деп, артық май алып алған. Соның арқасында олар шамдары сөнбей, күйеужігітті қарсы алуға дайын болды (Матай 25:6—10 оқыңыз). Сөйтіп, олар күйеужігіт келгенде, онымен бірге той болатын үйге кірді. Тура солай, майланған мәсіхшілер Мәсіх келгенге дейін адал болып, дайын болулары керек. Сонда сот кезінде күйеужігіт, яғни Иса оларды көк Патшалығына кіруге лайықты деп табады b (Аян 7:1—3). Ал ақылсыз бес қыз жайлы не деуге болады?

7. Бес ақылсыз қызбен не болды және неге?

7 Бес ақылсыз қыз күйеужігіттің келуіне дайын болмады. Олардың шамдары сөнгелі жатты, ал қастарында артық май болмады. Күйеужігіттің келіп қалғанын білгенде, олар май сатып алуға кетіп қалды. Бірақ күйеужігіт келгенше қайтып келіп үлгермеді. Ал “дайын тұрған қыздар [күйеужігітпен] бірге той болатын үйге кірді де, арттарынан есік жабылды” (Мат. 25:10). Ақылсыз қыздар қайтып келіп, тойға кірмекші болғанда, күйеужігіт оларға: “Мен сендерді танымаймын!”— деді (Мат. 25:11, 12). Бұл қыздар күйеужігітті қанша қажет болса, сонша күтуге дайын болмады. Майланғандар бұл мысалдан қандай сабақ алады?

8, 9. Он қыз жайлы мысалдан майланғандар қандай сабақ алады? (Суретті де қараңыз.)

8 Сергек әрі дайын болыңыз. Он қыз жайлы мысал пайғамбарлық емес. Иса осы дүниенің ақыры келгенше, майланғандардың жартысы дайын болып, жартысы дайын болмайтынына меңземеген. Ол майланғандар соңына дейін адал болып, дайын жүрмесе, сыйларын алмайтынын түсіндірген (Жох. 14:3, 4). Бұл өте маңызды ескерту! Үмітіміз көкте не жерде өмір сүру болсын, он қыз жайлы мысал бәрімізге де қатысты. Әрқайсымыз соңына дейін табандылық танытып, сергек әрі дайын жүруіміз керек (Мат. 24:13).

9 Иса сергек әрі дайын болудың маңыздылығын түсіндіру үшін он қыз жайлы мысал айтқаннан кейін, талант жайлы мысал айтты. Бұл мысал еңбекқор болудың маңыздылығына назар аударады.

Он қыз жайлы мысалдан бәріміз де сабақ алып, сергек әрі дайын болғанымыз, сондай-ақ соңына дейін табандылық танытқанымыз маңызды (8, 9-абзацтарды қараңыз)


ТАЛАНТ ТУРАЛЫ МЫСАЛ

10. Екі құл өздерінің адал екендерін қалай көрсетті? (Матай 25:19—23)

10 Талант жайлы мысалында Иса қожайынына адал болған екі құл мен адал болмаған бір құл жайлы айтты (Мат. 25:14—18). Қожайыны басқа елге сапарға шығарда құлдарына бірнеше талант, яғни өте қомақты ақша тастап кетеді. Екі құл бұл ақшаны айналымға салып, көбейтіп қояды. Осылай олар өздерінің адал әрі еңбекқор екендерін көрсетеді. Сөйтіп, қожайыны қайтып келгенде, олар өздеріне тапсырылған ақшаны екі есе етіп қайтарады. Осы үшін олар қожайындарының мақтауына ие болып, оның “қуанышына ортақтасады” (Матай 25:19—23 оқыңыз). Ал үшінші құл қожайыны берген ақшамен не істеді?

11. “Жалқау” құлмен не болды және неге?

11 Бір талант алған үшінші құл “жалқау” болып шықты. Ол қожайыны тапсырған ақшаны айналымға салмай, көміп тастады. Сөйтіп, қожайыны қайтып келгенде, алған ақшасының үстіне қосып беретін ештеңесі болмады. Бұл құлдың көзқарасы дұрыс емес еді. Қожайынының айтқанын істемегені үшін одан кешірім сұраудың орнына, оны жөн-жосықсыз “қатал адам” деп атады. Бұл құл қожайынының ықыласынан айырылып қалды. Бұл ғана емес, қожайыны одан талантын алып қойып, үйінен қуып шықты (Мат. 25:24, 26—30).

12. Екі адал құл кімдерді білдіреді?

12 Екі адал құл адал майланған мәсіхшілерді білдіреді. Қожайын, яғни Иса оларды “қуанышына ортақтасуға” шақырады. Олар алғашқы болып қайта тіріліп, көктегі сыйларын алады (Мат. 25:21, 23; Аян 20:5ә). Ал жалқау құлмен болған жағдай майланған мәсіхшілер үшін ескерту болып табылады. Қалайша?

13, 14. Талант жайлы мысалдан майланғандар қандай сабақ алады? (Суретті де қараңыз.)

13 Еңбекқор әрі ынталы болыңыз. Он қыз жайлы мысал сияқты, талант жайлы мысал да пайғамбарлық емес. Иса майланғандардың жалқау болып кететінін айтқысы келмеген. Ол майланғандар құлшынысын жоғалтса, олармен не болатынын түсіндірген. Егер олар жалқау болып кетсе, “шақырылғандарына және таңдап алынғандарына лайық” болмай қалады және оларға көктегі Патшалыққа кіруге рұқсат етілмейді (Пет. 2-х. 1:10).

14 Исаның он қыз және талант жайлы мысалынан анық көретініміздей, майланған мәсіхшілердің бәрі сергек әрі дайын, сондай-ақ еңбекқор әрі ынталы болу керек. Бұл мысалдардан бөлек, Иса майланғандарға қатысты тағы бір ескерту айтқан. Матай 24:40, 41-де айтылған бұл ескерту де алдыңғы екі мысал сияқты Исаның майланғандарға шығаратын соңғы шешіміне қатысты еді.

Иса майланғандардың соңына дейін еңбекқор әрі ынталы болғандарын қалайды (13, 14-абзацтарды қараңыз) d


КІМДЕР “АЛЫНАТЫН” БОЛАДЫ?

15, 16. Матай 24:40, 41-дегі сөздер майланғандардың сергек болу керектігіне қалай назар аударады?

15 Жоғарыдағы үш мысалын келтірмес бұрын, Иса егіндікте жүрген екі кісі мен қолдиірмен тартып отырған екі әйел жайлы айтты. Екі кісі де, екі әйел де бірдей жұмыс істеп отырса да, Иса олардың “бірі алынып, екіншісі қалдырылып кететінін” айтқан (Матай 24:40, 41 оқыңыз). Осы сөздерден кейін Иса ізбасарларына: “Сондықтан сергек болыңдар! Себебі Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер”,— деген (Мат. 24:42). Он қыз жайлы мысалдан кейін де Иса дәл осы сөздерді айтқан (Мат. 25:13). Бұл сөздердің бір-біріне қатысы бар ма? Бар көрінеді. Иса майланғандардың қайсысы сый алуға лайық, қайсысы лайық емес екені соңғы сәтте анық болатынын айтқан. Тек шынымен адал болған майланғандар ғана “алынатын” болады, яғни Иса оларды көктегі Патшалыққа алып кетеді (Жох. 14:3).

16 Сергек болыңыз. Егер майланған мәсіхші рухани сергектігін сақтамаса, ол “таңдап алынғандармен” бірге жинап алынбайды (Мат. 24:31). Негізі, үмітіміз қандай болмасын, бәріміз де Исаның ескертуіне құлақ асып, сергектігімізді әрі адалдығымызды сақтауымыз керек.

17. Егер Ехоба біреуді майланған етіп таңдап жатса, неге бұған таңғалмаймыз?

17 Біз Ехобаны өте жақсы білгендіктен, оның әрдайым дұрыс үкім шығаратынына сенеміз. Егер Ехоба біздің кезімізде адал қызметшілерінің біреуін майланған етіп таңдап жатса, біз бұған таңғалмаймыз c. Біз Исаның жүзімдікке он бірінші сағатта келген жұмысшылар жайлы мысалын есте ұстаймыз (Мат. 20:1—16). Егіндікке таң сәріде келгендер де, кеш түскенде келгендер де бірдей ақы алды. Тура солай, қай уақытта майланбасын, адал болып табылған майланғандардың бәрі көктегі сыйларын алатын болады.

ЕСКЕРТУЛЕРГЕ ДЕН ҚОЙЫҢЫЗ

18, 19. Иса айтқан мысалдар мен ескертулерден қандай сабақ аламыз?

18 Сонымен, біз не қарастырдық? Қойлар мен серкелер жайлы мысалдан жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер Ехобаға қазір және алдағы зор алапат кезінде адал болып қалу керектігін көрдік. Иса зор алапаттың соңында сот жүргізген кезде, адал жандарды “мәңгілік өмірді иемденуге” лайық деп табады (Мат. 25:46).

19 Сондай-ақ біз майланғандар үшін ескерту ретінде жазылған екі мысалға назар аудардық. Иса бір мысалында бес ақылды және бес ақылсыз қыз жайлы айтты. Бес ақылды қыз сергек әрі дайын болып, күйеужігітті қанша қажет болса, сонша күтті. Ал бес ақылсыз қыз дайын болған жоқ. Сондықтан күйеужігіт оларды тойға кіргізбей қойды. Біз де Иса осы дүниені жойғанға дейін қанша қажет болса, сонша күтуге дайын болуымыз керек. Ал талант жайлы мысалдан екі адал құлдың еңбекқор әрі ынталы болғанын көрдік. Екеуі қожайыны үшін көп еңбектенді және соның арқасында оның ықыласына бөленді. Ал жалқау құл, керісінше, қожайынының ықыласынан айырылып қалды. Бұдан түйетініміз, біз де осы дүниенің ақыры келгенше, Ехобаның ісінде аянбай еңбектене беруіміз керек. Ал соңында біз майланғандар “алынғандардың” қатарында болу үшін, яғни Исадан сыйларын алу үшін сергек болып қалулары керектігін көрдік. Бұл майланған бауырластар Исамен “бірге болу үшін” көкте жиналатын кездерін асыға күтуде. Армагеддон соғысынан кейін, олар Исаның қалыңдығы ретінде “Тоқтының үйлену тойына” қатысады (Сал. 2-х. 2:1; Аян 19:9).

20. Ескертулерге ден қойғандарға Ехоба не істейді?

20 Исаның үкім шығаратын уақыты жылдам жақындап келеді, бірақ бізде қорқуға себеп жоқ. Өйткені адал болып қалсақ, көктегі сүюші Әкеміз бізге “адам күшінен асқан күш” береді. Соның арқасында біз “Адам Ұлының алдында тұра аламыз”, яғни оның ықыласына ие бола аламыз (Қор. 2-х. 4:7; Лұқа 21:36). Үмітіміз қандай болмасын, бәріміз де Исаның мысалдармен жеткізген ескертулеріне ден қойсақ, Ехоба бізді ықыласына лайық деп табады. Сонда оның рақымының арқасында “өмір кітабында” жазулы тұрған есімдеріміз мәңгі сақталады (Дан. 12:1; Аян 3:5).

26-ӘН Оларға жасағандарың — маған жасағандарың

a 2024 жылғы “Күзет мұнарасының” мамыр айындағы санынан “Ехоба зор алапатта адамдарды қалай соттайды?” деген мақаланы қараңыз.

b Көбірек білу үшін 2015 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 наурыздағы санынан “Сен “сергек боласың” ба?” деген мақаланы қараңыз.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Майланған әйел бауырлас бір әйелмен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізіп отыр.