37-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
118-ӘН “Сенімімізді нығайта көр”
Соңына дейін табанды болуға көмектесетін хат
“Алғашқы сенімділігімізді соңына дейін берік ұстанайық” (ЕВР. 3:14).
НЕГІЗГІ ОЙ
Еврейлерге арналған хаттағы кеңестер бізге осы дүниенің соңына дейін табандылық танытып, адал болып қалуға көмектеседі.
1, 2. а) Елші Пауыл Еврейлерге арналған хатын жазғанда Яһудеяда жағдай қандай еді? ә) Пауылдың хаты неге уақытылы болды?
ИЕРУСАЛИМ мен Яһудеядағы еврей мәсіхшілер Исаның өлімінен кейін қиын күндерді бастан кешті. Мәсіхшілер қауымы құрылғаны сол-ақ еді, олар қатты қуғын-сүргінге ұшырады (Ел. іс. 8:1). Ал кейін шамамен 20 жылдан соң, Мәсіхтің ізбасарлары, аштық жайлағаннан болса керек, экономикалық қиындықтардан кәдімгідей жапа шекті (Ел. іс. 11:27—30). Десе де алдағы уақытпен салыстырғанда, б. з. 61 жылдары мәсіхшілер үшін біршама тыныш уақыт еді. Сол уақытта олар елші Пауылдан хат алды. Бұл хаттың қаншалықты уақытылы болғанын мәсіхшілер кейінірек түсінді.
2 Еврейлерге жазылған хат неге уақытылы болды? Өйткені тыныш уақыт ұзаққа созылмайтын еді. Иса алдын ала айтқандай, Иерусалимнің күйрейтін уақыты таяп келе жатты. Пауыл өз хатында мәсіхшілерге сол апат кезінде табанды болып қалуға көмектесетін кеңестер жазды (Лұқа 21:20). Әрине, Пауыл да, Яһудеядағы мәсіхшілер де бұл нақты қашан болатынын білген жоқ. Десе де сол уақыт келгенше, мәсіхшілердің дайындалып, сенім, табандылық сияқты қасиеттерін шыңдап алуға мүмкіндіктері бар еді (Евр. 10:25; 12:1, 2).
3. Еврейлерге арналған хат неге бүгіндегі мәсіхшілер үшін де пайдалы?
3 Бізді еврей мәсіхшілердің басына түскен алапаттан да зор алапат күтіп тұр (Мат. 24:21; Аян 16:14, 16). Сондықтан Ехобаның Пауыл арқылы сол мәсіхшілерге берген кеңестері бізге де пайдалы. Қазір сол кеңестердің кейбіріне тоқталып өтейік.
“РУХАНИ ТОЛЫСА БЕРЕЙІК”
4. Яһуди мәсіхшілер қандай қиындықтарға тап болды? (Суретті де қараңыз.)
4 Яһуди халқынан шыққан мәсіхшілерге көп өзгерістер жасау керек болды және бұл оларға оңайға соққан жоқ. Негізі, яһудилер Ехобаның таңдап алған халқы болған. Ехобаның өкілі болған патшалар Иерусалимнен билік жүргізген. Ал ғибадатхана таза ғибадаттың орталығы болған. Барлық адал яһудилер Мұса Заңын ұстанған, сол заңдарды халыққа діни жетекшілер түсіндіріп берген. Олардың сүндеттелуге қатысты, не жеп, не жемеуге, тіпті басқа ұлт адамдарымен қалай араласуға қатысты заңдары болған. Бірақ Исаның өлімінен кейін, Мұса Заңы күшін жойып, Ехоба ғибадатханада шалынған құрбандықтарды қабылдамайтын болды. Мұса Заңын ұстанып үйреніп қалған яһуди мәсіхшілерге бұл өзгерістердің бәрін қабылдау оңай болған жоқ (Евр. 10:1, 4, 10). Тіпті толысқан мәсіхші Петірдің өзіне осы өзгерістерге бейімделу кейде қиынға соққан (Ел. іс. 10:9—14; Ғал. 2:11—14). Яһуди мәсіхшілер жаңа ілімдерді қабылдағандары үшін діни жетекшілердің нысанасына айналды.
5. Адал мәсіхшілер қандай қысым көрді?
5 Еврей мәсіхшілер екі тараптан қысым көрді. Біріншіден, яһуди діни жетекшілері оларды жолдан тайғандар деп қарастырып, қуғын-сүргін көрсетті. Екіншіден, өздерін мәсіхшіміз дей тұра, қудаланбау үшін болса керек, Мұса Заңын әрі қарай да берік ұстанып жүргендерден қысым көрді (Ғал. 6:12). Осыған қарамастан, адал мәсіхшілерге шындықты берік ұстануға не көмектесті?
6. Пауыл бір сенімдегі бауырластарын не істеуге талпындырды? (Еврейлерге 5:14—6:1)
6 Еврейлерге арналған хатында Пауыл бір сенімдегі бауырластарын Құдай Сөзін терең зерттеуге талпындырды (Еврейлерге 5:14—6:1 оқыңыз). Пауыл Еврей жазбаларын қолданып, бауырластарына мәсіхшілік жол яһуди дінінен анағұрлым үстем екенін түсіндірді a. Пауыл бауырластардың шындық жайлы білімдері молайып, түсініктері тереңдесе, олар жалған ілімдерді ажырата біліп, олардан бас тарта алатындарын, осылайша шындықты берік ұстанатындарын білген.
7. Бүгінде біз қандай жағдайға кезігудеміз?
7 Бірінші ғасырдағыдай қазір де Ехобаның әділ талаптарына қайшы келетін ой-пікірлер өте көп. Қарсыластарымыз біздің Киелі кітапқа негізделген моральдық ұстанымдарымызды сынға алып, “сендер қатыгезсіңдер, көзқарастарың тар” деп айыптайды. Осы дүниенің көзқарасы Құдайдың кемелді көзқарасынан барған сайын алыстап барады (Нақ. с. 17:15). Сол себепті біз сенімімізді әлсірететін, тіпті Ехобаны тастап кетуге итермелейтін осы дүниедегі бұрыс ой-пікірлерді көре біліп, олардан бас тартуды үйренуіміз керек (Евр. 13:9).
8. Рухани толыса беру үшін не істеуіміз керек?
8 Пауыл еврей мәсіхшілерді рухани толыса беруге шақырған. Біздің де осы кеңеске құлақ асқанымыз жөн. Ал рухани толысуға шындық жайлы білімімізді тереңдету және Ехобаның көзқарасын танытып үйрену жатады. Бұл процесс бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де жалғаса береді. Шындықта жүргенімізге қанша уақыт болмасын, бәріміз де Құдай Сөзін оқып, зерттей беруіміз керек (Зәб. 1:2). Егер жеке зерттеуге дағдылансақ, Пауыл Еврейлерге арналған хатында ерекше екпін түсірген қасиетті дамытамыз. Бұл — сенім (Евр. 11:1, 6).
“ЖАНЫМЫЗДЫ АМАН САҚТАУ ҮШІН СЕНІМГЕ ИЕ БОЛАЙЫҚ”
9. Еврей мәсіхшілерге неліктен мықты сенім қажет еді?
9 Бүкіл Яһудеяның басына түсетін апаттан аман қалу үшін еврей мәсіхшілерге мықты сенім қажет еді (Евр. 10:37—39). Иса алдын ала ескерткендей, Иерусалимді әскерлер қоршап алғанын көргенде ізбасарлары тауларға қашу керек еді. Исаның бұл ескертуі барлық мәсіхшілерге, қаладағыларға да, қаланың маңындағыларға да қатысты болды (Лұқа 21:20—24). Әдетте жау шапқанда адамдар қабырғалармен қоршалған қаладан қорғаныш іздеп, сонда тығылатын. Ал енді “тауларға қаш” деген нұсқау оларға қисынсыз болып көрінген болуы мүмкін. Осы себептен де мәсіхшілерге зор сенім қажет еді.
10. Мықты сенім мәсіхшілерге қай жағынан көмектеспек еді? (Еврейлерге 13:17)
10 Сондай-ақ еврей мәсіхшілерге Иса қауымда жетекшілік етуді тапсырған адамдарға сенім арту қажет еді. Басшылықты қолға алған бауырластар оларға тауға қашан және қалай қашуға қатысты нақты нұсқаулар берген болуы мүмкін (Еврейлерге 13:17 оқыңыз). Еврейлерге 13:17-дегі “мойынсұныңдар” деп аударылған грек сөзі адамның билігі болғаны үшін ғана айтқанын істеуді білдірмейді. Бұл сөз адамға сенім артқандықтан нұсқауына құлақ асуды білдіреді. Демек, еврей мәсіхшілерге алдағы апат келмей тұрып жетекшілікті қолға алғандарға сенім артып үйрену керек еді. Егер мәсіхшілер оларға тыныш уақытта мойынсұнып жүрсе, қиын-қыстау күндері де оларға оңай мойынсұнбақ еді.
11. Бүгіндегі мәсіхшілерге неге мықты сенім қажет?
11 Пауылдың хатын алған мәсіхшілер сияқты, бізге де зор сенім қажет. Неге? Киелі кітаптағы осы дүниенің ақыры келетіні жайлы хабарға бүгінде көбісі сенбейді, тіпті күлкі етеді (Пет. 2-х. 3:3, 4). Сондай-ақ Киелі кітапта зор алапатқа қатысты біраз жайттар айтылғанмен, бізге көп нәрсе әлі беймәлім. Сондықтан да осы дүниенің соңы дәл уақытында келетініне және Ехоба сол уақытта бізді қалдырмайтынына деген сеніміміз мықты болу керек (Абқ. 2:3).
12. Зор алапаттан аман өтуіміз не нәрсеге байланысты болады?
12 Біз Ехобаның бүгінде қолданып отырған арнасы “адал да ақылды құлға” сенім артуды үйренуіміз керек (Мат. 24:45). Кезінде еврей мәсіхшілер римдіктер келгенде нақты нұсқаулар алған болуы мүмкін дегеніміздей, бізге де зор алапат басталған кезде өмірімізді құтқаратын нақты нұсқаулар берілуі мүмкін. Сондықтан Ехобаның ұйымына жетекшілік етіп жатқан бауырластардың нұсқауларына қазірден сенім артуды үйренуіміз қажет. Егер олардың беріп жатқан нұсқауларына мойынсұнуға қазір қиналатын болсақ, зор алапат басталғанда оларға оп-оңай мойынсұнамыз деп ойламайық.
13. Еврейлерге 13:5-тегі кеңес неліктен орынды болды?
13 Тауға қашатын уақыт келгенше, еврей мәсіхшілердің “ақшақұмар болмай”, қарапайым өмір сүре бергендері маңызды еді (Еврейлерге 13:5 оқыңыз). Олардың көбісі аштық пен кедейшілік жайлаған уақытты бастан өткізген (Евр. 10:32—34). Кезінде олар сенімдері үшін біраз қиындықтарға табандылықпен төтеп берген. Десе де кейбіреулері байлық адамды кедейшіліктен, қауіп-қатерден қорғайды деп ойлай бастаған болуы мүмкін. Бірақ алда болатын апаттан ешқандай ақша да, дүние-мүлік те құтқара алмас еді. Керісінше, дүние-мүлік кедергі болуы мүмкін еді (Жақ. 5:3). Өйткені байлықты сүйетін адам “үйім, дүние-мүлкім” деп, қашпай қалып қоюы мүмкін еді.
14. Мықты сеніміміз болса, ақша мен дүние-мүлікке қалай қараймыз?
14 Осы дүниенің соңы таяп қалғанына берік сенсек, ақша мен дүние-мүлік қуудан аулақ боламыз. Зор алапатта ақшаның мүлдем құны болмайды. Адамдар “күмістерін көшеге лақтырып тастайды”, өйткені “Ехобаның қаһары лаулаған күні оларды алтындары да, күмістері де құтқармайтынын” түсінеді (Езек. 7:19). Ендеше, бар ойымыз мейлінше көп ақша жинау болмасын, қайта, қарапайым, десе де таразы басын тең ұстап өмір сүрейік. Қарапайым өмір сүруге қажетсіз қарызға кіруге азғырылғанда беріліп қалмау, сондай-ақ дүние-мүлкімізді күтіп ұстауға тым көп уақыт пен күш жұмсамау да жатады. Біз қолымызда бар дүние-мүлкіміз бен заттарымызға байланып қалудан да сақ болуымыз керек (Мат. 6:19, 24). Осы дүниенің ақыры таяп қалған уақытта не Ехобаны, не дүние-мүлкімізді таңдауға тура келіп, сеніміміз сынға алынуы мүмкін.
“ТАБАНДЫ БОЛУЛАРЫҢ ҚАЖЕТ”
15. Еврей мәсіхшілерге неге табандылық қажет еді?
15 Яһудеядағы жағдай ушығып, сенімдері сыналған кезде, еврей мәсіхшілерге табанды болу қажет болды (Евр. 10:36). Олардың көбісі біршама тыныш уақытта мәсіхшілікті қабылдағандықтан әлі қатты қуғын-сүргін көрмеген еді. Әрине, олар сенімдері үшін біршама сыналған, десе де Пауыл олардың әлі Иса сияқты өлімге дейін сыналмағандарын айтты (Евр. 12:4). Бірақ сол уақыттары мәсіхшілік кең таралып жатқаны үшін көптеген яһудилер одан сайын ашуға булығып, мәсіхшілерді жек көре түсті. Мысалы, Пауыл осы хатын жазардан бір-екі жыл бұрын Иерусалимде үлкен толқу болды. Оның қалада уағыздап жүргенін жақтырмай, 40-тан астам яһуди кісі оған қарсы сөз байласып, “Пауылды өлтіргенше нәр татсақ, бізді қарғыс атсын деп ант берісті” (Ел. іс. 22:22; 23:12—14). Осындай жеккөрушілік пен діни фанатизмге қарамастан, мәсіхшілерге әрі қарай да бірге бас қосып ғибадат ете беру, ізгі хабарды уағыздау және сенімдерін нығайта беру қажет еді.
16. Еврейлерге арналған хат бізге қуғын-сүргінге дұрыс қарауға қалай көмектеседі? (Еврейлерге 12:7)
16 Сынақтарда табанды болу үшін еврей мәсіхшілер не істеу керек еді? Пауыл олардың сынақтарға қатысты дұрыс көзқарас танытқандарын қалады. Сондықтан ол сенімнің сыналуы жөнге салынудың бір жолы екенін түсіндірді (Еврейлерге 12:7 оқыңыз). Сыналған, яғни жөнге салынған адам мәсіхшілер үшін аса қажет қасиеттерді шыңдайды. Егер еврей мәсіхшілер сынақтардың нәтижесін көбірек ойда тұтса, оларға табанды болу жеңілірек болмақ еді (Евр. 12:11).
17. Пауыл сынақтарда ненің арқасында табанды болып қалған?
17 Пауыл еврей мәсіхшілерді сынақтарда еш берілмей табанды болуға шақырған. Кім-кім, Пауылдың аузынан бұл кеңес салмақты естілді. Біріншіден, Пауылдың өзі кезінде мәсіхшілерді қудалаған, сондықтан қудалаудың қаншалықты аяусыз болатынын жақсы білген. Екіншіден, оның өзі де қуғынға ұшыраған. Мәсіхші болғаннан кейін ол сынақтың түр-түрін көрген (Қор. 2-х. 11:23—25). Сондықтан Пауыл сынақтарда табанды болу үшін не керек екенін ауыз толтырып айта алған. Ол мәсіхшілерге сынаққа ұшырағанда өздеріне емес, Ехобаға арқа сүйеудің маңыздылығын айтқан. Пауыл: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын”,— деп батыл айта алған (Евр. 13:6).
18. Болашақта бәріміз не нәрсеге кезігеміз және соған дайын болу үшін не істеуіміз керек?
18 Дәл қазіргі уақытта кейбір бауырластарымыз табандылық танытып, қуғын-сүргінге төзіп жүр. Олар үшін дұға етіп, қолдан келсе, іс жүзінде көмектесіп, оларды адалдықпен қолдай берейік (Евр. 10:33). Бірақ Киелі кітапта айтылғандай, “Мәсіх Исаның шәкірті ретінде Құдайға шын беріліп өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалады” (Тім. 2-х. 3:12). Сондықтан барлығымыз да алда болатын қиын-қыстау күндерге дайын болуымыз керек. Ендеше, әрі қарай да Ехобаға толықтай арқа сүйеп, қандай сынаққа кезіксек те, оның бізге табанды болуға көмектесетініне сенімді болайық. Белгіленген уақыт келгенде, Ехоба барлық адал қызметшілерін қиындықтардан азат етіп, құтқарады (Сал. 2-х. 1:7, 8).
19. Зор алапатқа дайын болу үшін не істеуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)
19 Пауылдың Еврейлерге арналған хаты бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді алда болатын апатқа дайындағаны сөзсіз. Пауыл бауырластарын Жазбаларды терең түсінуге, білімдерін молайтуға шақырған. Бұл оларға сенімдерін шайқалтатын ілімдерді көре біліп, олардан бас тартуға көмектеспек еді. Исаның және қауымда басшылықты қолға алған бауырластардың нұсқауларына бірден құлақ асу үшін, Пауыл мәсіхшілерді мықты сенім дамытуға талпындырған. Ол бауырластарға табанды болу үшін сынақтарға дұрыс қарап, оларды жөнге салынудың мүмкіндігі деп қарастырудың маңыздылығын түсіндірді. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы кеңестерге біз де құлақ асайық. Сонда осы дүниенің ақыры келгенге дейін адалдықтан таймай, табанды болып қаламыз (Евр. 3:14).
126-ӘН Сақ жүріп, аяғыңды нық бас
a Пауыл мәсіхшілік жолдың яһуди дінінен анағұрлым үстем екенін түсіндіру үшін, бірінші тараудың өзінде шамамен жеті рет Еврей жазбаларынан үзінді келтірген (Евр. 1:5—13).