Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел

“Сөзді жүзеге асырушы болыңдар”

“Сөзді жүзеге асырушы болыңдар”

“Тыңдаушы ғана болмай, қайта, сөзді жүзеге асырушы болыңдар” (ЖАҚ. 1:22).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бұл мақала Құдай Сөзін күнделікті оқуға және оқығандарымыз жайлы ой жүгіртіп, оны өмірде барынша қолдануға талпындырады.

1, 2. Неге Ехобаның халқы бақытты халық? (Жақып 1:22—25)

 ЕХОБА ДА, оның Ұлы Иса да біздің бақытты болғанымызды қалайды. Зәбүр 119:2-де: “Оның ескертулерін орындайтындар, оны бар жүрегімен іздейтіндер бақытты”,— делінген. Иса да бір сөзінде: “Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— деген (Лұқа 11:28).

2 Құдай халқының бақытты халық деп аталуының себебі көп, әрине. Бірақ атап өтпеске болмайтын тағы бір маңызды себебі — олар Құдай Сөзін жүйелі түрде оқып, білгендерін өмірде қолдануға тырысады (Жақып 1:22—25 оқыңыз).

3. Құдай Сөзінен оқығандарымызды өмірде қолдансақ, қандай пайдасын көреміз?

3 Егер біз “сөзді жүзеге асырушы болсақ”, мұның көп пайдасын көреміз. Ең басты пайдасы — Ехобаның ықыласына бөленеміз. Ал Ехобаның ықыласына ие болу бізді бақытты етеді (Уағ. 12:13). Тағы бір пайдасы — отбасымызбен де, қауымдағы бауырластармен де қарым-қатынасымыз жақсарады. Бұны өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз. Сондай-ақ Құдай Сөзінде айтылғандарды орындайтын болсақ, осы дүниедегі адамдар кезігетін қиындықтардың көбісін айналып өтеміз. Біз Дәуіт патшаның сөздерімен толықтай келісеміз. Ол Ехобаның заңдары, нұсқаулары мен үкімдері жайлы айта келе: “Соларды ұстанған адам зор сый алады”,— деген (Зәб. 19:7—11).

4. Сөзді жүзеге асырушы болу неге оңай емес?

4 Шыны керек, сөзді жүзеге асырушы болу оңай емес. Мына қарбалас өмірде Киелі кітапты оқып-зерттеуге уақыт табу көп күш салуды талап етеді. Бұл мақалада біз Киелі кітапты үзбей оқуға көмектесетін кеңестерді қарастырамыз. Сондай-ақ Киелі кітапты оқыған соң қалай ой жүгірту керектігін және білгендерімізді өмірде қолдану үшін не істеуіміз керектігін үйренеміз.

ҚҰДАЙ СӨЗІН ОҚУҒА АРНАЙЫ УАҚЫТ БӨЛІҢІЗ

5. Уақытымыздың көбі қайда кетеді?

5 Ехобаның халқы ретінде біздің атқаратын істеріміз бастан асады. Біз Киелі Жазбаларда айтылған міндеттерімізді атқаруға көп уақыт жұмсаймыз. Мысалы, көбіміз өзімізді, отбасымызды асырау үшін жұмыс істейміз (Тім. 1-х. 5:8). Кейбіріміз ауырып жатқан не қартайған туысымызға қараймыз. Өз-өзімізге қарап, денсаулығымызды күту де уақыт алады. Қауымдағы тапсырмаларымыз тағы бар. Бұдан бөлек, барлығымызға уағыздау ісі жүктелген. Осы істердің арасында қайнап жүріп, Киелі кітапты жүйелі түрде оқуға, оқығандарымыз жайлы ой жүгіртуге, білгендерімізді қолдануға уақытты қайдан тапсақ болады?

6. Киелі кітапты оқу басты орында тұру үшін не істей аласыз? (Суретті де қараңыз.)

6 Мәсіхшілер үшін Киелі кітапты оқу аса маңызды істердің бірі, сондықтан Киелі кітап оқу біз үшін басты орында тұру керек (Філіп. 1:10). Зәбүрдің 1-тарауында бақытты адамға қатысты: “Ол Ехобаның заңынан қуаныш табады, Оның заңын күні-түні күбірлеп оқиды”,— делінген (Зәб. 1:1, 2). Киелі кітапты бұлай оқу арнайы уақыт бөлуді талап етеді. Киелі кітапты қай уақытта оқыған тиімді? Бұл уақыт әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Бастысы, ол уақыт күніге оқуға ыңғайлы уақыт болу керек. Виктор деген бауырлас былай дейді: “Маған Киелі кітапты таңертең оқыған ұнайды. Негізі, маған таңертең тұру оңай емес. Бірақ таңғы уақытта алаңдататын нәрселер азырақ. Оның үстіне, миым тұнық болғандықтан, зейін қойып оқи аламын”. Бәлкім, сізге де таңғы уақыт ыңғайлы болатын шығар. “Мен үшін Киелі кітапты қай уақытта оқыған тиімді?” деп ойланып көріңіз.

Сіз үшін Киелі кітапты қай уақытта оқыған тиімді? Ол уақыт күніге оқуға ыңғайлы уақыт па? (6-абзацты қараңыз)


ОҚЫҒАНДАРЫҢЫЗ ЖАЙЛЫ ОЙ ЖҮГІРТІҢІЗ

7, 8. Оқығандарымыздың бар пайдасын көру үшін неден аулақ болуымыз керек? Мысал келтіріңіз.

7 Кейде біз көп мәлімет оқып, бірақ оқығанымызды сіңіріп үлгермей жатамыз. Не оқығаныңызды еске түсіре алмай жататын кезіңіз бола ма? Негізі, бәрімізде де болады. Кейде Киелі кітапты оқығанда да солай болып жатады. Бәлкім, біз күніне осынша тарау оқимын деп мақсат қойып қойған шығармыз. Бұл дұрыс та, өйткені біз мақсаттар қойып, соған ұмтылуымыз керек (Қор. 1-х. 9:26). Бірақ жай оқып шығу бұл бер жағы ғана. Құдай Сөзінің бар пайдасын көру үшін, біз оқудан бөлек тағы біраз нәрсе істеуіміз керек.

8 Мынадай мысал келтірейік. Өсімдік өсу үшін жаңбыр қажет. Бірақ жаңбыр аз уақыттың ішінде құйып жауатын болса, топырақ суды сіңіріп үлгермейді. Мұндайда жаңбырдың пайдасы шамалы. Жаңбыр сіркіреп жауып, жерге сіңіп үлгергенде ғана өсімдікке пайдасы тиеді. Біз де Киелі кітапты асығыс-үсігіс оқитын болсақ, оқығандарымызды сіңіріп үлгермейміз. Ондайда білгендеріміз есте қалмайды, өмірде де қолдана алмаймыз (Жақ. 1:24).

Ақырын жауған жаңбыр топыраққа сіңіп, өсімдікке пайдасы тиетініндей, біз де Құдай Сөзі жайлы ой жүгіртіп, өмірде қолдану үшін асықпай оқуымыз керек (8-абзацты қараңыз)


9. Киелі кітапты судыратып оқитын әдетіміз болса, не істесек болады?

9 Киелі кітапты судыратып оқып шығатыныңызды байқасаңыз, не істесеңіз болады? Асықпай оқыңыз. Оқып жатқан кезде я оқып болған соң, ой жүгіртуге тырысыңыз. Ой жүгірту, негізі, қиын емес. Егер қиын деп ойласаңыз, онда ой жүгіртуді жай ғана ойлану деп қарастырыңыз. Ой жүгіртуге, яғни ойлануға мүмкіндік болу үшін Киелі кітапты оқуға ұзағырақ уақыт бөлсеңіз болады. Я болмаса, азырақ оқып, қалған уақытты ой жүгіртуге арнаңыз. Жоғарыда айтылған Виктор былай дейді: “Мен көп оқымаймын, кейде тіпті бір-ақ тарау оқимын. Киелі кітабымды таңертең оқығанның арқасында оқығандарым жайлы күні бойы ойланып жүремін”. Киелі кітапты қалай оқысаңыз да, ең бастысы, оқығандарыңыздың бар пайдасын көретіндей қарқынмен оқыңыз (Зәб. 119:97; “ Ой жүгіртуге арналған сұрақтар” деген қоршауды қараңыз).

10. Киелі кітаптан білгендеріңізді өмірде қалай қолдануға болатынын мысалмен түсіндіріңіз. (Салоникалықтарға 1-хат 5:17, 18)

10 Киелі кітапты қай уақытта оқысаңыз да, оған қанша уақыт арнасаңыз да, ең бастысы, білгендеріңізді өмірде қолданудың жолдарын ойластырыңыз. Киелі кітаптан үзінді оқып жатқанда, “осы білгендерімді қазір және алдағы уақытта қалай қолдансам болады?” деп ойланыңыз. Мысалы, күнделікті Киелі кітабыңызды оқып жатып, Салоникалықтарға 1-хат 5:17, 18-ді (оқыңыз) оқыдыңыз делік. Осы тармақтарды оқып болған соң, сәл кідіріп, “қаншалықты жиі дұға етемін”, “дұғаларым қаншалықты терең” деп ойланыңыз. Кейін Құдайға не нәрсе үшін алғыс білдіруге болатыны жайлы ойлансаңыз болады. Бәлкім, Ехобаға нақты үш нәрсе үшін алғыс білдіруді шешерсіз. Осылай бірер минут уақыт бөлгеніңіздің өзі сізге Құдай Сөзін тыңдаушы әрі жүзеге асырушы болуға көмектеседі. Киелі кітапты күнде-күнде дәл осылай оқысаңыз, қандай пайдасын көретініңізді ойлаңызшы! Сіз күннен-күнге жақсарып, Құдай Сөзін жүзеге асырушы бола түсесіз. Киелі кітапты оқып жатқанда, өмірімізде қолданғымыз келетін нәрселер тым көп болып кетсе ше? Ондайда не істесек болады?

ҚАРАПАЙЫМ МАҚСАТТАР ҚОЙЫҢЫЗ

11. Неге кейде көңіліміз түсіп жатады? Мысал келтіріңіз.

11 Киелі кітапты оқып, білгенімді өмірде қалай қолданамын деп ойланып жатқанда, кейде көңіліміз түсіп кетеді. Неге? Мынадай жағдайды елестетейік: бүгін сіз күнделікті Киелі кітабыңызды оқып жатып, адамдарды бөліп-жармау керектігі жайлы оқисыз (Жақ. 2:1—8). Сөйтіп, адамдармен араласқанда, қай жағынан жақсаруыңыз керектігін ойланып, “мынадай-мынадай өзгерістер жасаймын” деп мақсат қоясыз. Ертесіне келесі тарауды оқып, тілімізді қадағалаудың маңыздылығы жайлы білесіз (Жақ. 3:1—12). Өзіңіздің кейде ойланбай сөйлеп қоятыныңызды байқап, осы жағынан жақсаруды ұйғарасыз. Үшінші күні осы дүниемен дос болмау жайлы оқисыз (Жақ. 4:4—12). Бұл кезде көңіл-көтеру түрін таңдауға келгенде абай болуыңыз керектігін түсінесіз. Ал төртінші күні “жақсаратын жағым тым көп, қайсыбірін істеймін” деп дал болып, көңіліңіз түсіп кетуі мүмкін.

12. Киелі кітабыңызды оқып жатқанда осал тұстарыңызды байқасаңыз, неге көңіліңіз түспеу керек? (Сілтемені де қараңыз.)

12 Жақсаратын тұстарыңыз көп екенін байқап жатсаңыз, көңіліңіз түспесін. Осал тұстарыңызды байқағаныңыз жүрегіңіздің күйі жақсы екенін көрсетеді. Кішіпейіл әрі өз-өзімен шыншыл адам Киелі кітапты өзінің жақсаратын тұстарын көру үшін оқиды a. Мынаны ұмытпайық, “жаңа болмысқа ие болу” тоқтамайтын процесс (Қол. 3:10). Еш берілмей, әрі қарай да Құдай Сөзін жүзеге асырушы болу үшін не істеуіміз керек?

13. Мақсаттар қойғанда қалай қарапайымдылық танытсақ болады? (Суретті де қараңыз.)

13 Бәрін бір дегенде қолданамын демей, қарапайымдылық танытып, бір-екі ғана мақсат қойыңыз (Нақ. с. 11:2). Мысалы, былай істесеңіз болады: алдымен, жақсарғыңыз келетін тұстарыңыздың бәрін жазып қойыңыз. Сосын бір-екеуін таңдап, солармен жұмыс істеңіз. Ал қалғанын кейінге қалдырыңыз. Бірақ сіз “қайсысынан бастағаным дұрыс” дерсіз.

Киелі кітаптан оқығандарыңыздың бәрін бір дегенде қолданамын демей, қарапайым бір-екі ғана мақсат қойыңыз (13, 14-абзацтарды қараңыз)


14. Қандай мақсаттардан бастаңыз болады?

14 Қол жеткізу оңай болатын мақсаттардан бастаңыз болады. Я болмаса “дәл қазір жақсарғаным дұрыс болар еді” деген тұстардан бастаңыз. Неден бастайтыныңызды анықтап алған соң, әдебиеттерімізді қолданып, ізденіс жасаңыз. Ол үшін “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішін” не “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралын” қолдансаңыз болады. Мақсатыңыз жайлы Ехобаға дұға етіңіз. Сол мақсатыңызға жету үшін “бойыңызда ықылас оятып, күш беруін” сұраңыз (Філіп. 2:13). Содан кейін оқып-білгендеріңізді іске асырыңыз. Бір мақсатқа қол жеткізіп алсаңыз, келесі мақсаттарға да ұмтылуға ықыласыңыз болады. Оның үстіне, өмірдің бір саласында жақсарсаңыз, басқа салаларында да өзгеріс жасау жеңілірек болады.

ҚҰДАЙ СӨЗІ СІЗГЕ “ӘСЕР ЕТСІН”

15. Осы дүниедегі Киелі кітапты оқыдым деген адамдардан Ехобаның халқы несімен ерекшеленеді? (Салоникалықтарға 1-хат 2:13)

15 Осы дүниеде кейбір адамдар Киелі кітапты талай рет оқып шыққан. Бірақ олар Киелі кітаптан оқығандарына сене ме? Білгендерін өмірде қолданып, өзгеруге тырыса ма? Олай дей алмайсың. Ал Ехобаның халқы оларға мүлдем ұқсамайды! Олар бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты Киелі кітапты “Құдай сөзі” деп мойындайды. Сондай-ақ бұл кітап өмірлеріне әсер етіп жатқаны көрініп тұру үшін барынша күш салады (Салоникалықтарға 1-хат 2:13 оқыңыз).

16. Сөзді жүзеге асырушы болу үшін не істеуіміз керек?

16 Құдай Сөзін оқып, өмірде қолдану үнемі оңай бола бермейді. Кейде оқуға уақыт таппай жатамыз, кейде асығыс-үсігіс оқып, білгендерімізді сіңіріп үлгермейміз. Жақсаратын тұстарымыз көп екенін көріп, көңіліміз де түсіп жатады. Қай жағынан қиын болмасын, Ехобаның көмегімен біз бәрін жеңеміз. Ендеше, Құдайдың көмегін қабылдап, ұмытшақ тыңдаушы емес, сөзді жүзеге асырушы болайық. Күмән жоқ, Құдай Сөзін өмірде неғұрлым көп қолданған сайын, соғұрлым бақыттырақ бола түсеміз (Жақ. 1:25).

94-ӘН Құдай Сөзі үшін ризашылық

a jw.org сайтынан “Құрдастарың не дейді? Киелі кітапты оқу” деген видеоны қараңыз.